Оңтүстік Қазақстан XIX ғасырдың бірінші жартысында 19 ғ-дың 1-жартысында Ұлы Жүзге қараған оңт. аудандарды Қоқан хандығы басып алды. Әулие-Ата (Тараз), Сайрам, Шымкент, Түркістанды мекендеген Ұлы Жүз рулары 1821 ж. қоқан үстемдігіне қарсы бас көтерді. Олар Шымкент пен Сайрамды бағындырғанымен күші басым қоқан әскерлеріне төтеп бере алмады. Қоқан хандығынан қысым көрген Ұлы Жүз қазақтары біртіндеп Ресейдің қол астына өте бастады. 1837 — 47 ж. Ұлы Жүз қазақтарының бір бөлігі Кенесеры Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті қолдаса, келесі тобы оның жасақтарының озбырлығына қарсы шығып, қырғыздармен болған шайқастан кетіп қалды. Осыдан кейін-ақ патшалық Ресей Ұлы Жүз қазақтары аумағындағы экспанциясын күшейтті.
Хиуа мен Қоқан экспансиисы Ұлы жүз қазақтарының Орта Азия мемлекеттерімен күресі 19-ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңізіне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малдарын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап кетіп тұрды. Осындай зорлық–зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасты. Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды.
Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап; Ырғызды қыстаған. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болды. И. В. Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қаласының бектері Отыншы, Cушымен бірігіп Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын Құрман би араша түсуді өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады.
1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан соң Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алды. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтіргені үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жіберді. 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады.
Жанқожа Қоқан хандығының Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған және Қосқорған сияқты әскери бекіністеріне де шабуыл жасады. Ол Кенесары Қасымұлының әскери жасақтарымен белсенді байланыс жасап тұрды. 1845 жылы Жанқожа батыр Кенесары ханның өтініші бойынша Созақ әскери бекінісін басып алуға қатысты. Кейінірек Жанқожа батырдың Қоқан хандығымен көп жылға созылған тартысты оқиғалары басталды. Қоқандықтар 1851 жылы қазақтардың көп малын күшпен айдап алып кетті. Жанқожа батыр Ақмешітке дейін жорық жасады, қоқандықтардың әскери жасағын талқандады, Қосқорған бекініс-қамалын басып алды. Жергілікті қазақтар Қоқан езгісінен азат етілді. 1845 жылды көктемінде Хиуа хандығы Сыр бойындағы қираған бекіністерін қалпына келтіру үшін 200 жасақ аттандырады. Жанқожаның жігіттері олармен ұрыс салып, кері қайтарады. 1847 жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді.
Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастап, қазақ сұлтандары Жанғазы Шерғазиев пен Елікей (Ермұхамед) Қасымов қоштаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазымен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады.
.