Оқу құралы жоғары оқу орындарының қазақ тілін үйренуші студенттеріне арналған. Тілдік материалдарды беруде тіл үйренушілердің жалпы білім беретін мектептен қазақ тілін үйреніп келгені ескерілген
Оқу құралы жоғары оқу орындарының қазақ тілін үйренуші студенттеріне арналған. Тілдік материалдарды беруде тіл үйренушілердің жалпы білім беретін мектептен қазақ тілін үйреніп келгені ескерілген.
Оқу құралының басты мақсаты - тіл үйренушінің сөздік қорын байыту, әлеуметтік-саяси лексиканы меңгерту, кез келген ортада өз ойын еркін айта білуге үйрету. Сондықтан ұсынылып отырған оқу құралында тіл үйретудің халықаралық стандарты негізге алына отырып, мемлекеттік тілді меңгерту көзделінген. Еңбекте тіл үйретудің халықаралық стандарты бойынша белгіленген алты деңгейдің А1, А2, В1, В2 бөлімдері қамтылған.В1,В2 деңгейлеріне арналған сабақтарда жоғары оқу орындарына арналған қазақ тілінің типтік оқу бағдарламасына сәйкес әр саланы қамтитын өзекті лексикалық тақырыптар(елтану, табиғат, денсаулық, экология, қоғамдағы өзгерістер, білім беру,жастар т.б.) топтастырылған, олар тіл үйренушіні өз пікірін айтуға, пікір-таласқа қатыса білуге үйретеді. Оқу құралындағы коммуникативтік тапсырмалар сөйлеу әрекетінің түрлеріне (оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым) сай құрастырылып, қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыруға бейімдейді.
Тілді үйретудегі басты құрал мәтін екені белгілі.Оқулықтағы мәтіндер әр түрлі мамандықтарға арналған оқулықтардан, баспасөз материалдарынан, интернет сайттарынан ықшамдалынып алынды.Мәтін бойынша кешенді жұмыс істеу студенттің тілді терең меңгеруіне жан-жақты мүмкіндік береді. Сонымен қатар тілдің грамматикалық , синтаксистік құрылымын да мәтіндегі сөйлемдердің құрылу ерекшеліктері арқылы меңгереді.
Оқу құралында бірнеше авторлардың сабақтары топтастырылғандықтан әр сабақтағы тапсырмалар түрлері де, мақсаты да әр түрлі болып келеді. Кредиттік технология бойынша оқытуда студенттердің өз бетінше көбірек жұмыс істеуі негізгі бағыт болғандықтан, мәтін бойынша дайын сөздіктер, грамматикалық тақырыптар бойынша түсініктемелер берілмеген.
Сабақ тақырыбы, материалдары студенттің есінде сақталып қалуы үшін тақырыптарға байланысты берілген суреттер интернет сайттарынан алынды.
Оқу құралында тіл үйренушіні қазақ тілінің тіл байлығымен терең таныстыра отыру мақсатында нақыл сөздер,мақал-мәтелдер берілген. Нақыл сөздер,мақал-мәтелдерден тілдің бүкіл байлығы мен нақышы көрініп, олардың үлкен рухани азық берері даусыз.Сонымен қатар студентті алдын-ала дайындықсыз (спонтандық) бірден өз ойын айтып қалатындай әр түрлі жағдаяттарға байланысты тапсырмалар да ойластырылды. Ұсынылып отырған оқу құралындағы сабақтар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану, география, заң, философия және саясаттану, экономика және бизнес факультеттерінде жүргізіліп, сынақтан өтті.
Оқу құралы жайында оқушылардың, қолданушылардың білдіретін ұсыныс-пікірлері болса, қуана қабылдаймыз.