Үшінші тип. Жыныстың анықталуының бұл типі бірінші рет тошала (крыжовник) көбелегінде ашылды. Бұл тип кейінірек құстарда (тауықтар, түйе тауықтар т.б.), кейбір балықтарда, қос мекенділерде және гүлді өсімдіктерде табылды. Бұл типте гетерогаметалы жыныс - аналықтары, гомогаметалы жыныс - аталықтары болады; Мұнда гетерогаметалы аналықтарының жыныс хромосомаларын басқаша белгілеу қабылданған: Х-хромосоманың орнына Z, ал, У-хромосоманың орнына W өріптері қолданылады. Бұл тип бойынша жыныстың анықталуының екі тәсілі белгілі: а) ZW-аналықтары, ZZ-аталықтары; б) ZO-аналықтары, ZZ-аталықтары.
Бұл жағдайларда жыныстың анықталу сызба жобасының бірінші және екінші типтерден көп айырмашылығы жоқ.
I
Р ♀ ZW х ♂ ZZ
Гаметалары ♀ Z, W ♂ Z
Ғ1 ♀ 1ZW : ♂ 1ZZ
II
Р ♀ ZO х ♂ ZZ
Гаметалары ♀ Z, O ♂ Z
Ғ1 ♀ 1ZO : ♂ 1ZZ
Жынысты анықтаудың - гаплодиплоидея деп аталатын тағы бір типі белгілі. Мұны жынысты анықтаудың төртінші типіне жатқызуға болады. Ол араларда және құмырсқаларда кеңінен тараған. Бұл ағзаларда жыныс хромосомалары болмайды. Мысалы, бал аралардың аналықтары диплоидты, ал аталықтары (трутендер) гаплоидты болады. Ұрықтанған жұмыртқалардан аналық дарабастар, ал ұрықтанбаған жұмыртқалардан партеногенез жолымен трутендер өсіп дамиды. Сперматогенез үдерісі кезінде трутендердің хромосомаларының саны редукцияға ұшырамайды. Хромосомалардың гаплоидты саны трутендердің соматикалық жасушаларында сақталып, олар жыныс жасушаларын береді. Ұрпақ беруге қабілетсіз жасушалар өздерінің жеке дамуы кезінде хромосомалардың диплоидты санын қайтадан қалпына келтіреді.
Келесі түйінді сөздер мен ұғымдардың мағынасын ашыңыз: жыныс хромосомалары, гомогаметалы жыныс, гетерогаметалы жыныс, жынысты анықтаудың бірінші типі, екінші тип, үшінші тип, гаплодиплоидея.
Бақылау сұрақтары:
Жыныс хромосомалары дегеніміз не?
Гомогаметалы жынысқа анықтама бер.
Гетерогаметалы жынысты түсіндір.
Жынысты анықтаудың бірінші типіне сипаттама бер.
Жынысты анықтаудың екінші типіне мысал келтір.
Жынысты анықтаудың үшінші типінде қандай ерекшелік бар?
Гаплодиплоидея деген не?
Достарыңызбен бөлісу: |