Оқулық Алматы, 012 ƏОЖ


 Қарасөзді көркем шығармалары



Pdf көрінісі
бет56/140
Дата16.06.2022
өлшемі3,28 Mb.
#36961
түріОқулық
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   140
Байланысты:
Әбдиманұлы-Ө.-ХХ-ғасыр-басынд.-қазақ-әдебиеті-Оқулық-2012ж

6.4 Қарасөзді көркем шығармалары
Ш. Құдайбердиев өлең өлкесінде ғана еңбек етіп қоймай, қазақ 
прозасына да едəуір үлес қосты. Қазақ əдебиетінде бұрын по-
эзия, дастан, поэма, өлең басым болса, ХХ ғасырдың басында 
шын мəнінде көркем проза пайда болып, жедел дамығаны аян. 
Міне, осы процеске Шəкəрімнің прозалық туындылары - тарихи, 
ғылыми, философиялық шығармалары, шежіренама “Түрік, қазақ, 
қырғыз һəм ханлар шежіресі”, “Мұсылмандық шарты” трактаты, 
“Бəйшешек бақшасы” əңгімелер топтамасы, “Қайғылы роман” деп 
атаған шығармасы, “Мəңгі сөздер” атта афоризмдер топтамасы, 
“Шын бақтың айнасы”, “Мен жетпіс екі жасқа келгенше” жəне т.б. 
толғамдары қосылады. Бұлардың əр қайсысында өзіндік идеялық-
көркемдік салмақ бар. Бірде адам болмысын, тағдырын жан-жақты 
суреттеуге тырысуы, бірде күнделікті өмір құбылыстарының 
кейбір көріністері, сыр-сипаттары арқылы толғамды ой жүйеленуі 
кездеседі. 
Ш. Құдайбердиевтің баспа бетін көрген əңгімелері көп емес. 
Бірнешеуі кейін ақталған соң ғана газет-журнал беттерінде жа-
рияланды. Шəкəрімнің көлемді шығармасы “Əділ мен Марияға” 
қарағанда, əңгімелері шығыстық мазмұнда, халық ауыз əдебиетінің 
үлгісімен ғибраттық-дидактикалық сарында жазылған. Бұлар – иде-


173 
ясы мен мазмұны үндес, бір қолдан шыққан дүниелер. Шəкəрімнің 
қай əңгімесін алсақ та өзіндік бір ерекшелік – шағын ғана оқиға, аз 
сөзден ғибраттық үлгі алатын қорытынды жасап отыруы. Бұл – аңыз-
əңгімелерге, шешендік сөздерге тəн қасиет. Асылы, авторлық аңыз-
əңгімелер, шешендік сөздер, ғибраттық əңгімелер ауыз əдебиеті мен 
жазба əдебиеттің табиғи байланысын көрсетеді. 
Шəкəрімнің əңгімелерінен біз осындай қасиеттерді таба аламыз. 
Бұл – жазушыға əлдеқалай келген құбылыс емес, туған халқының 
даналығы мен дарындылығынан жұғысты болған қасиет. Мұндағы 
негізгі өзек – халық даналығы біздің ата мұра, асыл қазынамыз. 
Онда халқымыздың ерлігі мен еңбегі, ақылы мен арманы, тұрмысы 
мен салты, мəрттігі мен жомарттығы, ақниеті мен адалдығы, сөз 
өнерінің құдіреті бар. 
Шəкəрімнің көркем прозасы – суреткер ретіндегі мол мұрасының 
бір саласы. Қара сөзді шығармаларының ішінде көлемі жағынан да, 
көтерген мəселесі жағынан да ауқымдысы “Əділ мен Мария” ро-
маны. Автор шығармасын “Қайғылы роман” деп те атаған. Ақын 
бұл қайғылы романды 1925 жылы май айында, Шыңғыс тауының 
сыртындағы Шақпақта алпыс жеті жасында жазған. Романда ескі 
қазақ ауылының 1910 жылдардағы өмір тұрмысы, сол кездегі 
əлеуметтік теңсіздік суреттері, сүйгеніне қосылса да зорлық пен 
əділетсіздіктің құрбаны болған əйел тағдыры шыншылдықпен 
суреттеледі. Шығарманың бас кейіпкерлері – Əділ мен Мария 
арасындағы оқиға өмірде болған. Шəкəрімнің көрсетуі бойынша 
оқиға 1910-1911 жылдары Шыңғыстауда өткен. 
Роман алғаш рет “Жұлдыз” журналының 1988 жылғы №11 са-
нында ғалым Тұрсын Жұртбаевтың алғы сөзімен жарияланды. Жа-
рияланым қолжазбадан тікелей көшірілген. Аталған шығарманың 
жанры хақында Т. Жұртбаев былай деп жазады: “Шəкəрімнің “Əділ 
мен Мариядан” бұрын да қара сөзге ден қойғаны белгілі. “Қайғылы 
роман” деп айдар тағуы бұдан сəл бұрынырақ жарияланған М. Əуе-
зовтің “Еңлік-Кебегіндегі” “Қайғылы халды” – трагедияны ойға 
оралтады. “Роман” деген сөздің жанама мағынасы – оқшау оқиға, 
хикая. Кейін келе əдеби жанрдың толыққанды баламасына айнал-
ды”.
Романның идеялық нысанасы мен əлеуметтік астарына келетін 
болсақ, Шəкəрім “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек” поэмалары 
секілді мұнда да қазақ қоғамындағы əйел теңсіздігін, махаббат 
еркіндігі жолындағы күресті арқау еткен.


174
Шəкəрімнің “Əділ мен Мариясында” сюжет басталмас бұрын 
оқиға өтетін ортаның көркем табиғаты суреттеледі. Шəкəрім 
шығармасындағы бір ерекшелік – табиғаттың көркем суретін тамса-
на баяндауы емес, бірден Кəрі Шыңғыстауға қайырылып, лирикалық 
кейіпкердің монологы арқылы Шыңғыстауға жанды бейне ретінде 
психологиялық мінездеме жасауы. “Кəрі Шыңғыстау, Адам жер-
ге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Көне көзі кəрі 
Шыңғыстауда талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, 
жүрегі жанып суалғаны да болды, талай-талай жас жүрек мұратына 
да жетті, неше түрлі ел дəурен сүріп, аң аулап мал да бақты, талай-
талай сабаздың қаны судай да ақты”. Осыншама оқиғаға куəгер 
Шыңғыстауды бір кез автор жазғырғандай да болады. Нешеме адам-
дарды “бауырында көміп жатқанда ..түк көрмегендей-ақ маңқиып 
тұра бересің-ау”, – дейді налып. Бұл автордың оқушыны тағы да бір 
үлкен құрбандыққа куə болатынына дайындаған, алдын ала жасалған 
жасырын ишарасы сияқты. Өйткені, Кəрі Шыңғыстау “біресе рахат, 
біресе бейнет көріп, аз күн арпалысып өтетіндерің келіңдер” деп 
шақырып тұрады емес пе? Автор оқушыны шығарманың экспози-
циясы арқылы-ақ кездесер келеңсіз жайға алдын ала дайындайды, 
болашақта баяндалар қайғылы оқиғамен таныстырады. Романдағы 
кейіптеу осы жерден шорт кесіледі де, көктемгі жайма-шуақ кезеңде 
мал ащылатамыз деп көшкен елдің əдемі, қарбалас суреті беріледі. 
Романдағы негізгі кейіпкердің бірі Əділ – жалғыз шешесі ғана 
бар кедей жігіт, қолында бар азын-аулақ малымен күн көріп отырған 
қарапайым жанұя. Мария болса əкесі мен шешесі қайтыс болып, 
аға-жеңгесіне қарап қалған он бес, он алтылардағы жас қыз. Əлі 
ештеңеден хабарсыз, бейкүнə жан. Құда түсіп, қалың мал беріп, ата-
стырып қойған Марияны Əділдің қолына ұстатып тұрып, тілектес 
жеңге Зылиха: “Əжем марқұм өлерінде маған тапсырып кетіп еді. 
Еркем мен екеуіңнің қызығыңды көрсем арманым жоқ деуші еді. 
Міне, аман-есен қалыңдығыңды қолыңа бердім”, – дейді. 
Əділ мен Мария махаббаты жайын автор кəрі Шыңғыстауға тіл 
қата отырып баяндайды. “Сен көрген жоқсың, дəл олар бұрнағы 
жылы Зылиха түскен тойда кез болып, бір-бірін ұнатысқан. 
Марияның нұрлы қара көзі Əділдің жас жүрегіне қанжардай 
қадалса, Марияның жас жүрегі лүпілдеп, салқын термен жібіген”, 
– деп сыр шертеді. Кəрі Шыңғыстауды сөйлету арқылы қапысыз 
көңілмен тілеулес болып отырған лирикалық кейіпкер қай кезде де 
Шыңғыстауға қайта айналып соғып, онымен əрдайым сырласып 


175 
отырады. Лирикалық кейіпкер қаншама жылы шыраймен бүйрегі 
бұрып, өз кейіпкеріне жанашырлық жасап отырса да, Əділ мен 
Марияның адал махаббаттарына қарсы шығар қара ниеттестер та-
былады. Олар: Шешенбаймен жасасқан серттің үдесінен шығу жо-
лында талай зорлық-зомбылыққа барған болыс баласы Еркімбек пен 
оған көмектесуші, малы мен атағына қызығып Марияны, астыртын 
сатушы кіші аға жеңгесі Үсен мен Жəмилə.
Шəкəрім романында бірден көзге ұратын тағы бір ерекшелік 
Мария тұлғасына байланысты. Мария – көркем шығармада бол-
сын, өмірде болсын өз сүймегеніне, кəрі немесе жас балаға қалың 
малға сатылып, еріксіз қосақталған жан емес. ХХ ғасыр бас кезінде 
жазылған көптеген көркем шығармалар мазмұнына үңілсек – біз 
тек малға сатылған, сүйгеніне қосыла алмай, өмірі жылаумен өткен 
қазақ қыздарын кездестіреміз. Мысалы: “Шұғаның белгісіндегі” 
Шұға, “Қамар сұлудағы” Қамар, “Мұңлы Мариямдағы” Мариям т.б.
Əділ мен Мария – бір-бірін құлай сүйген, ата-ананың келісімін 
алған, шын жүрекпен табысқан жандар. Басқа шығармалардағы 
қазақ қыздарындай еріксіз беріп отырған ешкім жоқ, немесе екеуі бір-
біріне тең еместей, бірі байдың қызы, бірі – кедейдің ұлы емес. Енді 
бір бақытты болса екеуі бақытты болуы керек еді. Бірақ олар да шын 
бақытқа жете алмайды. Өйткені, бақытсыздық дəстүр-салттан, əдет-
ғұрыптан ғана емес, əлеуметтік теңсіздіктен де. Шəкəрімше Əділ 
мен Марияның арасындағы трагедиялық хал əлеуметтік теңдіктің 
жоқтығынан туындайды. Шəкəрімнің бұл шығармасындағы қол 
жеткізген көркемдік жетістігі – теңсіздіктің əлеуметтік негізін шы-
найы ашып көрсете білуі. Мүмкін бұған шығарманың бертінде жа-
зылуы да əсер еткен шығар. 
Шəкəрім шығармасына басты арқау болып – қоғам өмірі, 
əлеуметтік тұрмыс ахуалы тартылатынын көреміз. Романдағы ба-
сты тартыс адам мен адам арасындағы қатынастан емес, адам мен 
қоғам арасындағы қайшылықты қатынастан туындайды. Автордың 
қоғамдық қатынасқа деген өзіндік көзқарасы махаббат жолында 
құрбан болған Əділ мен Марияның қайғылы жайын ашып көрсетуде 
ғана аңғарылып қоймайды, кəрі Шыңғысқа тіл қатқан тебіренісінен 
де көрініс табады. “Беліңнен асқан елдің ойын білдің бе? Олар 
жайлаудың жасыл шалғынына бауырын төсеп, мөлдір бұлағынан 
су ішіп рахаттанғысы келсе, кейбіреулер байлық, бақыттылықпен 
баса көктеп, жарқырап тұрған үмітін өшіріп, талқандағысы келеді. 
Жарлы-жалқыбайлар аз күн болса да аққа тойып, табиғаттың 


176
төлеусіз берген бағының арқасында тыраңдап, рахаттанғысы 
келетін. Бірақ, жарлыны жалдаған байлар айран, қымызын аямаған 
кісімсіп: “Бəлем, тұра тұр. Пішен мен егін уақыты келсін ащы 
теріңді алармын, деп жымыңдап жүр”. Міне, осылайша жазушы 
жарлы-жалқыбайлардан өзінің ғана емес, табиғаттың тегін берген 
байлығын қызғанған, олардың адал еңбегінің ақысын жеп жүрген 
байларды ашық сынайды. Бұл – Шəкəрім терең таным арқылы қол 
жеткізген ұтымды көркемдік шешім. 
Заманға сай əрекет етуші кейіпкерлердің өздеріне лайық мінез 
ерекшелігін ғана емес, ішкі əлемін, ой-өрісін, бүкіл бітім-болмысын 
ашуға Шəкəрім өте шебер. Болыс баласы Еркімбек сөзі мен ісі өзіне 
лайық бейне, бірде өр, бірде шолжың, бірде қара күш иесі, бірде 
жымысқы зұлымдықты ұйымдастырушы да жасаушы. “Сен қыз 
көрсең-ақ, шіркіннің сұлуы-ай, – деп таң қалатынсың”, – дейді, 
сұлу қыздың хабарын жеткізуші Шешенбайға онша-мұншаны 
менсіне бермейтін Еркімбек “Шын маған лайық сұлу көрдің бе?” 
– дейді тағы да пысықтай түсіп. Бұл сөздерден Еркінбектің бүкіл 
болмысы мен мұндалап тұр. Оның сөзінен сұлудың ішінде маған 
лайықтысы бар ма деген кеудемсоқтық, маған кім қызын бермеуші 
еді деген мал мен билік буына піскен астамшылдық сезіліп тұрған 
жоқ па?! Еркімбек ісі – тым менменшіл, не істеймін, қалай істеймін 
десем де ерік өзімде деген адамның ісі. Əйтпесе оның Марияға 
шын ғашықтығы туралы романда ешбір белгі жоқ. Ол өте айла-
кер, жымысқы жан, керек жерінде қолпаштаудан да тартынбайды. 
“Ай, қарағым-ай, Шешенбай десе, Шешенбайсың-ау” – деп арқаға 
қағады міндеті өткен жасы үлкен жолдасын. Өзінен үлкен адамға 
“қарағым” деп кісімсінуінде арамдығын ішке тыққан айлакерлік жа-
тыр. Үсен келгенде, оны ыңғайы келсе қайнаға етпек Еркімбек тұра 
жүгіріп, атын ұстап амандасып үйге кіргізеді. Шəкəрім кейіпкерінің 
сөзінен ғана емес, іс-қимылы, əрекеті арқылы-ақ оның табиғатына 
тəн жымысқылығын танытады. 
Романның басты бір жетістігі – кейіпкерлерінің өзіне ғана 
тəн тілі барлығы. Бұл ерекшелікті Шешенбай, Үсен, Серікбай, 
Байжандардың арасындағы диалогқа қарап аңғаруға болады. 
Бірақ кейіпкерлердің ерекшелігін айқындайтын сыртқы тұлғасын, 
портретін жасауда Шəкəрім нақтылай түспейді. Бұдан бұрынғы 
шығармаларында портреттік суреттер жасауға барған Шəкəрім 
“Əділ мен Марияға” келгенде кібіртіктеп қалады. Табиғат жаратқан 
сұлулығына байланысты тағдыр тəлкегіне ұшыраған Марияның 


177 
тек жіңішке дауысты, қасынан асып тұратын кекілі бар, нұрлы қара 
көзді екенін ғана айтып, түр-түсін, бітім-болмысын, киім киісін 
мүлде белгісіз күйде қалдырады. 
Портрет – жалпы кейіпкер болмысын, көркем шығарманың 
сапалық белгісін танытатын бір бөлшегі ретіндегі көркемдік мəнге 
ие суреттеу тəсілі. Сондықтан, біз бұны Шəкəрім романындағы 
үлкен бір жетіспеушілік деп білеміз. Өйткені, оқушының көз алдын-
да сөзі мен қимылы анық, бірақ түр-түсі бұлыңғыр, адамдар тұман 
ішінде көлбеңдеп жүргендей əсер қалдырады. Шынайы портреттің 
жасалмауы себепті де автор оқиға өзгеруіне, əртүрлі психологиялық 
жағдайларға байланысты кейіпкерлерінің бет пішінінің құбылу 
сəттерін де сипаттауды шет қалдырған.
Жалпы романдағы негізгі тұғыр – қоғам өмірі, əлеуметтік тұрмыс. 
Автор шығарманы оқиға мен тартысқа құра отырып, дəуір сырын, 
ондағы адамдар мінез-құлқын тəуір ашады. Оқиғаның өрбуі арқылы 
адамдар психологиясының өзгерісі де өз орнын тапқан. Шығармада 
бір-бірінен жалғасын тапқан желілі сюжет, қиюласқан құрылым бар. 
Роман оқиғасы өзара байланысып, бір-бірімен үзілмес желілік тау-
ып отырады. Дəлірек айтқанда, бір себепке байланысты екінші бір 
жағдай туып, оның ширатылуынан оқиға өрби түсіп, оқиға барған 
сайын шиеленісіп, кейіпкерлер басына кейде қайғы орнап, кейде 
əлдақандай бір үміт сəулесі елестеп, ол біресе өшіп, біресе қайта 
жанып оқырманды үнемі алға тартып, қызықтырып отырады.
Роман сюжетіндегі шиеленіс Еркімбектің Үсенмен тіл табысуы-
нан бастап ары қарай ширыға түседі. Еркімбек тарапынан бір рет 
құтылған Мария Əділге қосылып, оқиға аяқталғандай да болады. 
Бірақ, бұл уақытша ғана шешім еді, ақырында Əділ мен Марияның 
құрбан болуымен бітеді. Шəкəрім романы революция жеңісін хабар-
лаумен аяқталып, автор Еркімбек сияқты қанды қол жауыздардың 
енді сазайын тартатынына оқушының көзін жеткізгендей етіп сер-
гек түйінін жасайды. 
Романда композициялық тұтастықтың берік орын алуына бір 
жағынан автордың үнемі кəрі Шыңғыстауға айналып соғып, сырла-
сып отыруы да əсер еткен. Осылайша суреттеу тəсілімен Шəкəрім 
қаламынан өзгеше бір образ жасалып шыққан. Кəрі Шыңғыстау 
жай жансыз табиғатты емес, бəріне куəгер, көзі көреген тарих-
ты елестетеді. Автор Шыңғыстауға тіл қату арқылы өткен тарих-
ты жаңғыртып, оған өз сезімін, көзқарасын, ой-тілегін қатыстыра 
суреттейді. Бір таңғаларлығы романдағы жанды бейнелердің 
12–853


178
бірде-бірінен кездестірмейтін психологиялық əсерді осы Кəрі 
Шыңғыстау образынан табамыз. Шəкəрімнің талант құдіретін 
көркемдік тұрғыдан алғанда, романға ерекше салмақ артып тұрған 
осы бір Кəрі Шыңғыстау образынан-ақ тануға болады. Əсіресе, 
оның Шыңғыстаумен арадағы сезімді ой-толғаныс тұстарынан 
психологиялық тебіреністер мен философиялық толғамдар ерекше 
көзге түсіп, шығарма мəнін арттыра түседі. Қазақ Шəкəрім бастаған 
адам мен табиғаттың тілдесуінен өмір шындығының өзгеше бір си-
патты көркемдік шындығын тудыру тəсілін қырғыз Шыңғыс биік 
көркемдік тəсілге айналдырған жоқ па?! “Ана – жер ана” – соның 
нақты айғағы. 
Жазушы табиғат суретін де өте көркем, жанды күйде əдемі 
береді, көзжауын алар келісті пейзаж жасайды. “Амал жұлдызының 
орта шенінде қайтпас қара желдің дауылы соғып, қардың суын сай-
сайдан сарқыратып, соққан жел, аққан суы жан-жануарларға рахат 
болса, бір жағынан ұшқан қаңбақ, аққан дөңбек сияқты тамыр-
сыз, көмексіздің есін шығарып сандалтып апарып бірге құлағалы 
тұрған жарға тығып, бірін құдыққа салды, жайқалған жасыл шөп 
жалбыраған жапырақ пен гүлдер қар астында қалып қайғылы ақ 
бүркеніш жамылып жорғалаған жыландай, жорға мінген жастардай 
жылмаңдап аққан мөлдір сулар, міне – жан-жануарлар қуанышқа 
кенелген кез”. Шəкəрім романында табиғат суреті жалаң алынып, 
жансыз сурет күйінде қалмайды. Шəкəрім пейзажды сюжет желісіне 
кіріктірумен қатар, оның өзгерісіне психологиялық əсер туғызатын 
құрал ретінде де шебер қолданған. Табиғат кейіпкер жанымен аста-
сып жатады.
Əділ көңілі алып-ұшып, құрбы-құрдастарымен мəз-мейрам бо-
лып отыр. Өйткені, ол сүйгенімен кездесу қамында. Күн жылы-
нып, қыстың құрсауынан құтылған кедей-кепшікпен еркіндікке, 
қызыққа кенелген жас балалардың қуанышы бір бөлек. Табиғаттың 
көңілді көрінісі əрбір адамның ішкі қуанышына өзінше үн қосып 
тұр. Майдың 15-і күні Əділдің келетінін білген Марияның психоло-
гиясын автор: “осы іңірде туған толық ай дəл Марияның қысылып 
ұялғанындай қып-қызыл болып туды”, – деп суреттейді.
Қазан туған соң қара дауыл соғып, сарғайған жапырақтарды, 
жайқалған селеулерді ұшырып, ағайынан алыс жерге амалсыз кет-
кен жолаушыдай-ақ қаңғытып ала кетсе, адам тудырған қара дау-
ыл – Еркімбек айласы сарғайған жапырақ – Əділді қиянға айдатып 
кете барады. Сол кезде Шыңғыс жақтан қайғылы қара бұлт шығып, 


179 
қара дауыл болып, қарлы жаңбыр жауа бастайды. Бір қаңбақты жел 
ұшырып, дедектетіп апарып құдыққа салады, Əділ де абақтыға 
түседі. Əсіресе, романның соңғы жағында “…дəл сол кезде күн ба-
тып кетіп, шапақтың шашақты шарбы бұлтындағы күннің қызыл 
нұры дəл Əділ мен Марияның жарасынан сорғалаған қандай қып-
қызыл болып тараулана бастады” деп, шендестіре суреттейді, міне 
Шəкəрім шеберлігінің сыры осында.
Сондай-ақ, Шəкəрім шығармасын оқи отырып, сол кездегі 
халықтың тұрмыс-тіршілігін, əдет-ғұрпын, этнографиясын, салт-
дəстүрін, қоршаған орта табиғатын тануымызға болады. Шəкəрім 
романында қазақ халқына тəн əдет-ғұрыптар мен салт-дəстүрлерді, 
этнографиялық мəліметтерді мол да ұтымды, оқиғаға байланысты-
ра пайдалана білген. Əсіресе, қазақ жастарының жастық өмірінде 
кездесетін салтқа қатысты этнографиялық көріністер, жастардың 
кездесуі, танысуы, сүйіспеншілігі нақты суреттелген. 
Кез келген шығарманың көркемдік табысы қаламгер бейнеле-
ген дүниенің болмысты шындыққа жақындығына, автордың тілі 
мен өзіндік толғамына, дүние танымына, ой-өрісіне, көркемдік 
мұратына, идеялық бағдарына тікелей байланысты екендігі белгілі. 
Көркем əдебиеттің мəйегі, ұйтқысы жанды тірі адам десек, əдепкі 
өмірдегі тəрізді шынайы шығармада шындыққа сай емес ой-
дан жасалған сенімсіз образ болмаса керек. Шындықты өмірдегі 
сияқты көркем шығармада да табиғат, өмір өрістері кең орын ала-
тын болса, ол адамның күнделікті тіршілігіне, жүріс-тұрысы, тіпті 
қимыл-қозғалысына тікелей қатысты. Біз Шəкəрімнің романынан 
осыған сай айшықты суреттеулерді молынан кездестіріп, ХХ ғасыр 
басындағы қазақ тұрмысынан құнды деректер аламыз.
Қорыта келгенде, Шəкəрім Құдайбердиевтің “Əділ мен Мария” 
атты прозалық шығармасы – ұлттық əдебиетімізді байытқан, өз 
заманының шындығын дəл, шынайы жеткізе білген, біздің əдебиет 
тарихымыздан өзіне лайық орын алуға тиіс, көркем шығармалардың 
бірі.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ əдебиеті тарихында ірі 
тұлғалардың бірі – Шəкəрім екендігі талассыз. Ол – тікелей Абайдан 
тəлім алып, ісін алға апарушы, ұлы ақынның сөз өнеріндегі жалғасы. 
Шəкəрім шығармашылығы жан-жақтылығымен ерекшеленеді. 
Өлеңдері, поэмалары, повесі, əңгімелері, аудармалары, мақалалары, 
қара сөздері – Шəкəрім қалдырған өлмес туындылар. 
Ш. Құдайбердиевтің өмірі, мол əдеби мұрасының мазмұны мен 


180
жанрлық түрлері, бағыт-бағдарлары мен əдіс-өрнектері тірі кезінде 
де, кейін де зиялылар назарында болған. Бірақ, ұзақ жылдар бойы 
жеке басқа табынушылық салдарынан халық еншісіне айнала 
алмаған Шəкəрім шығармалары зерттелмей, өз бағасын ала алмай 
келген-ді. 
Кейінгі кезде Шəкəрім шығармашылығына қатысты біраз 
ғылыми зерттеулер дүниеге келді. Қашанда ұлы жанның жарығы өз 
айналасынан алысқа түсері белгілі. Сондықтан да ұлы ақынның, сөз 
зергерінің, ғұлама ғалымның еңбектері сан ұрпақ өкілін өзіне тар-
тып, қызықтыра бермек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   140




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет