Оқулық Алматы, 014 Əож 159. (075. 8) Кбж 88. 37 я 73 б 24


Жоғары психикалық қызметтер жайлы ілім



бет35/146
Дата13.10.2022
өлшемі0,87 Mb.
#42890
түріОқулық
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   146

Жоғары психикалық қызметтер жайлы ілім


Л. С. Выготский адамның психикалық дамуының ерекшелігі оның өмірінің барысында мəдени, əлеуметтік жоғары психикалық қызметтердің қалыптасуына байланысты деп есептеген. Жоғары психикалық қызметтер адамға тумысынан берілген табиғи қызметтерге қарама-қайшы.


Л. С. Выготскийдің жоғары психикалық қызметтер жайлы ілімі жоғары психикалық қызметтердің жанамаланған сипаты, ерек- ше құрылымы жəне шығу тегі жайлы екі болжамға негізделеді. Жоғары психикалық қызметтер əлеуметтік-тарихи дамудың өнімі болып табылады. Олар адамның тіршілік əрекетінің сипатына бай- ланысты жəне еңбек іс-əрекетінің негізінде қалыптасады. Жоғары психикалық қызметтердің құрылымын жанамалайтын белгілер мен мəндер еңбек құралдары іспеттес адамның психикалық іс- əрекетінің құралдары болып табылады. Выготский тарихи даму ба- рысында адам мінез-құлқының амал-тəсілдерін өзгертеді, табиғи нышандары мен қызметтерін түрлендіреді, мінез-құлықтың жаңа мəдени формаларын жасап, құрастырады деп есептеген. Нақты əлеуметтік мəнге ие белгілер: тіл, математикалық белгілер, мнемотехникалық құралдар психологиялық құралдар болып та-
былады. Жоғары психикалық қызметтер құрылымы бойынша (əлеуметтік белгілер мен мəндермен жанамаланған) əрі шығу тегі бойынша (басқа адамдармен қарым-қатынас жəне ынтымақтастық үдерісінде ғана туындайды) «екіжақты əлеуметтік» сипаттамасы- мен ерекшелінеді.
Л. С. Выготский жоғары психикалық қызметтер табиғи қызметтерден құрылымы, қасиеттері жəне шығу тегі бойынша ерекшеленеді деп есептеген.
Құрылымы бойынша жоғары психикалық қызметтер табиғи қызметтерден жанамаланғандығымен, яғни мəдени құралдар – белгілер мен мəндерді қолдануға негізделуімен ерекшеленеді. Мəндер өз кезегінде жинақталған қоғамдық тəжірибені анықтаса, белгілер адамның санасын өңдейтін өзіндік психологиялық құрал болып табылады. Сол себепті сананың дамуы белгілері мен мəндердің жүйесін меңгеру үдерісін білдіреді. Жоғары психикалық қызметтердің негізгі міндеті – белгілердің көмегімен адамның мінез-құлқын, қоршаған əлеммен қатынастарын іштей реттеу. Соның негізінде адамның іс-əрекеті парасатты жəне ниетті болып қалыптасып, саналы мақсатқа лайық əрекет етуге ұласады. Жоғары жəне табиғи психикалық қызметтерді анықтайтын қасиеттер – ырықтылық, саналылық жəне жүйелілік тікелей жоғары психикалық қызметтердің ерекше құрылымынан алына- ды.
Ы р ы қ т ы л ы қ мақсатты ұстануды жəне оған қол жеткізу құралдарының болуын білдіреді. Л. С. Выготскийдің ырықтылық мəселесіне қатысты жаңалығы – мақсатқа қол жеткізу құралдарына баса назар аударуында. Сəйкес құралдарсыз мақсатты жүзеге асы- ру бағыттылығының өзі ырықтылықты білдірмейді. Егер мақсат болып, құрал болмаса, мінез-құлық ырықты болмайды.
С а н а л ы л ы қ – мəн арқылы анықталады, өйткені тілде (сөйлеуде) көрініс табатын дүниенің барлығы саналы. Л. С. Выгот- ский мəн міндеттеген жалпылаудың құрылымы сананың мағыналы құрылысын анықтайды деп жорамалдап, тілді (сөйлеуді) адам са- насы дамуының маңызды факторы ретінде қарастырады.
Сана құрылысының ж ү й е л і л і г і мəндерді жалпылаудың ортақ құрылымымен шартталған жоғары психикалық қызметтердің бірлігі ретінде зерттеушімен сананың жүйелі жəне мағыналы құрылысы жайындағы ілімінде жете баяндалған.
Жоғары жəне табиғи психикалық қызметтердің шығу тегінің əртектілігі олардың маңызды айырмашылығы болып табылады. Табиғи психикалық қызметтерге қарағанда, жоғары психикалық қызметтер олардың дамуы туралы заңда анықталған дамудың ерекше жолын өтеді.
Жоғары психикалық қызметтердің дамуы туралы заң сананың шығу тегін анықтайды. Л. С. Выготский бойынша, кез келген жоғары психикалық қызмет алғашында ұжымдық, əлеуметтік іс-əрекет, интрапсихикалық қызмет ретінде; екінші рет, жеке- дара əрекет, бала ойлауының ішкі тəсілі жəне интрапсихикалық қызмет ретінде екі рет айқындалады. Баланың ересекпен ынтымақтастығы, жалпы қарым-қатынас жоғары психикалық қызметтердің қалыптасуының негізін құрайды. Іс-əрекеттің психикалық формалары алғаш рет ерекше үлгіде адамдардың арасындағы қатынастарды туындап, өзара əрекеттестік үдерісін ұйымдастырудың арнайы құралдарын қолданумен сипатталады.
Психикалық қызметтер адамға тумысынан берілмейді,өздігінен туындамайды, тек адамдардың арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастың ерекше жағдайында ғана орын алады. Нəтижесінде олар психикалық құрылымдарға айналады. Интери- оризация үдерісін қарапайым мысал арқылы түсіндіруге болады. Бала психикасы дамуының бастапқы мезеті – нəрестелік шақта кез келген жағдаят ересекке тəуелді болады. Баланың барлық қажеттіліктері ересек арқылы жəне оның бала белсенділігінің кез келген түріне енуі арқылы қанағаттандырылады. Қарым-қатынас үдерісінде ересек адам ол үдеріскке қатыстырылатын заттардың мəніне икемделіп-еніп, сөйлеу тілін қолданады. Осылайша, бала дамуының бастапқыда əлеуметтік жағдаяты – бұл объективті түрде жоғары психикалық қызметтер орын алатын жағдаят бо- лып табылады. Баланың қауқарсыздығынан оның белсенділігінің барлық түрлері ересекпен жанамаланады. Жоғары психикалық қызметтер қалыптасуының бастапқы кезеңінде объективті түрде ынтымақтастықта белгі кездескенімен, субъективті түрде бала үшін олардың еш мəні болмайды. Ересекпен ынтымақтастық болмаған жағдайда белгі мен мəн бала үшін жасырын болып қала берер еді. Сонымен, алғашында белгі объективті түрде ынтымақтастықтың құрылымында кездеседі, ересек үшін баланың іс-əрекетін ұйымдастыру құралы ретінде анықталады, ал
бала үшін белгі біріккен іс-əрекет шарттарының бірі ғана болып табылады.
Интериоризация үдерісінің екінші кезеңінде бала белгіге бағдарлана бастайды. Мəселен, ересек баланы киіндіргенде
«Қолыңды бер», «Аяғыңды бер» деп айтса, бала аяғын созғанда, ересек мейіріммен: «Жоқ, мен қолыңды бер деп айттым» деп тіл қатады. Бала еріксіз белгінің мəніне назар аудара бастайды. Со- нымен, бала алдымен белгіге, кейін оның мəніне назар аударады.
Келесі кезеңде бала ересектің мінез-құлқын реттеу үшін белгіні оның өзіне бағыттайды. Бала белгіні ересектің назарын аудару үшін жəне оның мінез-құлқына ықпал ету мақсатында белсенді қолдана бастағанда, жоғары психикалық қызметтер құрылымының оның өзінің мінез-құлқында объективтелгенімен, олар əлі интериоризацияланған жоқ. Мəселен, бала болмайтын нəрсені алайын дегенде сіз: «Тиіспе!» деп бар түр-əлпетіңізбен ол затты алуға болмайтынын көрсетесіз. Ол тілдік белгінің мəніне бағдарланып, бағынады. Қайсыбір мезетте ол сіз бір істі орын- дап жатқанда: саусағын шошайтып: «Тиіспе!» деп, өзіңізге «ақыл айтады». Бұл бала белгіні серіктесінің мінез-құлқын реттеу үшін қолданғанымен, бірақ өзінің мінез-құлқын реттей алмайтын өтпелі кезең болып табылады.
Жоғары психикалық қызметтер құрылымының қалыптасуы- ның келесі кезеңінде бала белгіні өзінің мінез-құлқын реттеу үшін қолдана бастайды. Мəселен, балаға ойыншығын жинау сұралғанда, ол тапсырманы орындайды. Ата-анасы баланы: «Жарайсың!» деп мақтайды. Келесі жолы ол ойыншықтарын жинағысы келмегенде, өз-өзіне қолдау көрсетіп:
«Жина! Жина» деп демеп қояды. Осы тұста жоғары психикалық қызметтер баланың іс-əрекетінде жай объективтелініп қана қоймай, психологиялық жаңа құрылымға айналады: белгі баланың мінез-құлқын реттеуші қызметін атқарып, жанамалана- ды, саналылық қасиетіне ие болады.
Л. С. Выготский жоғары психикалық қызметтер дамуының екі жолын көрсетеді (11-сызба). Біріншісі – психикалық қызметтердің интериоризациялануы болса, екіншісі – мəндердің дамуы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   146




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет