Бала дамуының екінші кезеңі 1-6 ай аралығын қамтиды. Нəрестенің ересекпен тікелей эмоциялы немесе жағдаяттық-жеке қарым-қатынасы оның осы кезеңдегі жетекші əрі негізгі іс-əрекеті болып табылады. Алғашқы жарты жылда балада ересекпен қарым-қатынасында мінез-құлықтың күрделі формасы, сөйлеген ересектің бет əлпетіне деген аффективті-жағымды, мимикалық- соматикалық реакциясы – «жандану кешені»қалыптасады.
Ол төмендегідей компоненттерден құралады:
баланың қоршаған ортадан ересек адамды бөліп алуы (тына қалуы), сөйлеген ересектің бет əлпетіне тоқтап, оған құлақ салып, назар аудару;
ересекпен ым (күлімсіреуі) жəне ерекше дыбыс (айқайлауы,
уілдеуі, былдырлауы) арқылы жүзеге асатын қарым-қатынасы;
ересекті белсенді түрде қарым-қатынасқа тарту (денесінің,
аяқ-қолдарының қозғалысы);
Осы компоненттердің барлығы нəрестенің мінез-құлқында кешенді түрде бір уақытта байқалады. Жандану кешені 2,5 ай шамасында қалыптасып, 4 айға дейін қарқыны ұлғая береді. Осы кезеңнен кейін ол ыдырай бастайды да, оның жеке компоненттері салыстырмалы түрде тəуелсіздікке ие болып, бала мінез-құлқының жаңа формалары туындайды. Жандану кешенінің даму заңдылықтары бойынша қарым-қатынасты ор- нату бастамашылдығы ересектен балаға біртіндеп көше бастай- ды. Алтыншы айда жандану кешені баланың ересекпен қарым- қатынасының неғұрлым күрделі түрлерімен алмасады.
М. И. Лисина баланың қарым-қатынасқа мұқтаж болуының төмендегідей белгілерін көрсетеді:
ересекті тануға бағыттылықты анықтайтын наза мен қызығушылық;
баланың бағасын қамтитын ересекке бағытталған эмоциялы көріністер;
ересекке бағытталған бастамашыл əрекеттер;
ересекке қатысты сезімталдық.
Бала өмірінің алғашқы жылының бірінші жартысын оның ере- секпен эмоциялы қарым-қатынасының кезеңі деп атауға болады.
Нəрестелердің қарым-қатынасын дəлелдейтін көптеген белгілер бар:
ересектің көз жанарына қарау;
ересектің əрекетіне күлімсіреу;
өз бетінше күлімсіреу жəне қозғалыс арқылы жандану;
ересектің қатынасына жауап беру.
Баланың ересекпен осы кезеңдегі қарым-қатынасы əлі де болса заттармен жəне мазмұнды іс-əрекетпен жанамаланбай- ды. Нəрестенің ересекпен жағдаяттық-жеке қарым-қатынасы оның ересектің көңілін қажет етеді. Бұл қатынас экспрессивті- мимикалық құралдармен, яғни жандану кешенінің құралдарымен анықталады.
Қарым-қатынастың бұл формасы еш мазмұнсыз болғанымен, баланың дамуында үлкен рөл атқарады. Бұл кезеңде тұлғаның едəуір терең негізі, яғни баланың өзін-өзі ажыратуы жəне сана- сезімінің алғашқы формасы қалыптасады.
Сонымен бірге алғашқы жарты жылдықтың соңына қарай баланың жақын ересектермен аффективті-жеке байланыстары қалыптасады. 2-3 айдан бастап бала қолпаштау мен ескертулерге əсер ете бастайды. 3 айға қарай ересектермен таңдаулы араласа бастайды.
Жағдаяттық-жеке қарым-қатынас нəрестенің қоршаған заттарға қатысты танымдық белсенділігінің қалыптасуына, затты ұстауға бағытталған əрекеттердің пайда болуына ықпал етеді.
Баланың заттық іс-əрекеті бағдарланушы-зерттеуші жəне практикалық əрекеттерінен байқалады.