Нуржігіт Алтынбеков
338
Өйткені әрбір халық өз тілінің негізінде өзіне тән дүниесезім мен дүниетанымын
қалыптастырады. Олай болса, жер бетінде өз тілінің негізінде қанша халық өмір сүріп
жатса, соншалықты дүниесезім, дүниетаным, философия болады.
Әрине, жер бетіндегі адамзатты қоршаған орта - бір, табиғатың барлық
заңдылықтары да - бір, оларды зерттейтін ғылымдағы жетістіктер де барлық
халықтарға ортақ. Айталық, неміс физикасы, американ биологиясы, орыс химиясы
т.с.с. жоқ. Ал философияға келер болсақ, мұндағы жағдай басқаша. Өйткені ол
толығынан ғьілым емес, ол - метафизика, оның қойған сұрақтарын бірде-бір
жаратылыстану ғылым шеше алмайды, өйткені ол сұрақтар «физиканың ар
жағында» жатыр. Сондықтан әр халық оларға өзінше жауап береді. Сол себепті біз
«неміс», «орыс», «қазақ философиясы» т.с.с. деп аузымызды толтырып айта аламыз.
Екінші үлкен мәселе - қазақ философиясының дүниежүзілік философиядағы
алатын орны қандай, жалпы алғанда, оның сол өз орны бар ма? Біздің философиялық
ой-өрістің шеңберінде қалыптасқан қандай рухани құндылықтарды біз мақтан етіп,
басқа халықтарға ұсына аламыз? Ал бұл сұрақтар бізді отандық философияның
differencia specifica, яғни өзіне тән ерекшеліктерін іздеп табуға ұмтылдырады.
Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшеліктері, әрине, ол өмір
сүрген табиғаттың, соған бейімделіп қалыптасқан шаруашылық формалары, өмір
салтының жүйелерімен тығыз байланысты болса керек. Оған уақытында Ш.Уәлиханов
та көңіл аударған болатын. Расында да, қазақ елі Бразилия, я болмаса Франция емес.
Жоғарыда айтылған тұрғыдан бұл мәселеге көз жіберсек, онда біздің ата-
бабаларымыз таңдап алып, өз Отанына айналдырған жерлер мал өсіруге лайықты,
табиғаты қатал, суға тапшы, сонымен қатар өрісі кең, малдың соңында көшіп-қонуға
мол мүмкіншілігі бар кеңістікте орналасқан болатын. Ал табиғаты жұмсақ, суы мол
жерлерде (мысалы, Сыр-Дария, Шу өзендерінің т.с.с. бойларында) халық жерге
тұрақтанып, егін егіп, қолөнерін дамытып, қалалар тұрғызды. Оған мысал ретінде
«Жібек жолы» бойында орналасқан Орта ғасырдағы қалаларды айтуға болады (Отырар,
Жүйнек, Мерке, Құлан, Талғар, Алматы т.с.с.).
|