КІРЕБЕРІС-ҰЛУ АҒЗАСЫ Адамда да барлық омыртқалылардағыдай кіреберіс-ұлу ағзасы жақсы жетілген есту
және дене тепе-теңдігін сақтау қызметін атқарады.
Кіреберіс-ұлу ағзасы (organum vestibulocochleare) сыртқы, ортаңғы және ішкі
құлақтан тұрады.
СЫРТҚЫ ҚҰЛАҚ Сыртқы құлақ (auris externa) құлақ қалқаны мен сыртқы есту жолынан тұрады.
Құлақ қалқаны (auricula) иілген жұп құрылым, бедері бойынша сопақшаға жақын, екі
жағынан жұқа тері қабатымен қапталған шеміршекті табақша түрінде болады. Адамның
құлақ қалқанының сыртқы жиегі шиыршық (helix); шиыршықтың алдындағы құрылым
қайық (scapha); қайықты алдынан шектейтін шиыршық алды (antehelix); сыртқы есту
жолын алдынан шектейтін кішігірім төмпе - бүртік (tragus); құлақ қалқанының шеміршек
болмайтын төменгі бөлігі - сырғалық (lobus auriculae).
Адамның құлақ бұлшықеттері рудименттелгендіктен құлақ қалқанының қозғалысы
өте аз немесе мүлдем қозғалмайды.
Сыртқы есту жолы (meatus acusticus externus) құлақ қалқанының иілген бетінің
сыртқы есту тесігімен (porus acusticus extenus) басталатын терең бөлігі болып табылады.
Сыртқы есту жолы ұзындығы 24 мм шамасында, кішігірім бұрыш жасап иілетін, алға
және төмен ашылатын түтік. Оның сүйекті (үштен екі бөлігі) және шеміршекті (үштен бір
бөлігі) бөліктерін ажыратады. Есту жолының шеміршегі құлақ қалқанының иілген
жалғасы болып табылады. Ал сүйекті бөлігі самай сүйектің дабыл және қабыршақты
бөліктерінен түзілген. Оның ішкі жиегінде дабылдық тілік (incisura tympanica) болады.
Сыртқы есту жолы қасындағы тіндермен тығыз бітісетін, кейбірі құлық бөлетін тер
бездері болатын терімен жабылған.
ОРТАҢҒЫ ҚҰЛАҚ Ортаңғы құлақ (auris media) есту ағзасының самай сүйек тереңінде, оның
қабыршақты, тасты және дабыл бөліктерінің қосылған жерінде орналасатын күрделі
дыбыс өткізетін бөлігі болып табылады. Ортаңғы құлаққа дабыл қуысы, дабыл жарғағы,
есту сүйекшелері және есту түтігі жатады.