Лопе де Веганың «Қой қайнары» («Фуэнте Овехуна», 1612-1613)
пьесасы тарихи қаһармандық және саяси-әлеуметтік тақырыптағы драмаларының ішіндегі ең көрнектісі. Драмада баяндалатын негізгі пікір өз дәуірінің маңызды саяси мәселесі – залым байларға қарсы халықтың белсенді қарсылығын көрсету және күреске үндеуі болып табылады. Испан гуманистері сияқты Лопе де король өкіметінің мемлекет бірлігін нығайту үшін жүргізген ұмтылыстарына қарсылық көрсеткен феодалдардың әрекетіне сын көзбен қарайды. Жазушы драмада Фердинанд пен Изабелла билік жүргізген кезеңдегі оқиғаны суреттейді. Феодалдар озбырлығынан құтылу үшін шаруалардың қалыптаса бастаған (ХV ғасырдың екінші жартысы) орталықтандырылған өкіметтен жәрдем күтуі табиғи жағдай екендігін Лопе дұрыс түсініп, оны өз шығармасында анық көрсетіп берді.
1476 жылы Фуэнте Овехуна қыстағында феодалдық озбырлыққа қарсы көтерілген шаруалар көтерілісі ХV ғасырда Испанияда болған көтерілістердің ең үлкені еді. Лопе де Вега «Қой қайнары» драмасын жазуда халық қозғалыстары туралы хикаялармен қатар, Франсиско Радестің «Хроникасынан» да пайдаланды.
Калатавра серілік орденінің командоры Фернан Гомес де Гусман өзіне бағынышты Фуэнте Овехуна қыстағында жасап, шаруаларға қатты зұлымдық көрсетеді. Қыстақтағы әйел-қыздарды қорлайды, шаруаларды жазықсыз жазалайды. Қыстақ ақсақалының бойжеткен қызы Лауренсияны зорлап алып кетуге ұмтылады. Бірақ қызды сүйген шаруа жігіт Фрондосо ерлік әрекеттерімен оны қорғауға дайын тұрады. Командордың құралын қолға түсірген жігіт Лауренсияны тұтқыннан құтқарады. Фрондосоның адал махаббаты қыздың да ғашықтық сезімін оятады. Оның «кім шынайы сүйген болса, оны қорқыныш жеңе алмайды» деген сөздері Лауренсияның жүрегінен терең орын алады.
Мемлекет бірлігін ыдырату мақсатында Сьюдад Реалға қарсы соғыс ашқан және масқаралықпен жеңіліске ұшырап қыстаққа қайтқан командор Лауренсия мен Фрондосоның тойының үстінен шығып, тойға келгендерді қуа бастайды. Қыз бен жігіттің әкелерін балағаттайды. Фрондосоны қамаққа отырғызып, қызды зорлықпен алып кетеді. Шаруалар залымның бұл әрекеттеріне ызалары келгенімен, ашық қарсылық көрсетуге қорқады. Осы кезде намысы тапталып, қорланған Лауренсия келіп, өз қызын жендет қолына тапсырып, оның қорлануына жол берген, залымнан кек
алмаған әкесі мен ағаларын «қозыны қасқырға алдырған қорқақ шопандарға» теңейді. «Сендер – қойсыңдар, сол үшін сендерге Қой қайнарында жасау өте қолайлы» деп, өз қыздары мен әйелдерінің тағдырын озбырлар қолына тапсырған шаруаларды да айыптайды.
«Олай болса, енді әйел-қыздардың өздері қолдарына қару алып, тапталған намыстарының кегін өздері алады», дейді. Намыс буған Лауренсияның әкесі Эстебан күреске дайын екендігін айтады. Оған басқа шаруалар да қосылады. Барлық халық қаруланып, командор сарайына басып кіріп, командорды жазалап, өлтіреді. Фрондосоны зынданнан құтқарады. Командордың аман қалған қызметкері Флорес жасырын король құзырына барып, Қой қайнары қыстағының халқы көтеріліске шығып, өз синьорын жауыздықпен өлтірді, деген хабарды жеткізеді. Король қыстаққа өз шенеунігін жіберіп, қылмыскерлерді анықтап, оларды жазаға тарт деп бұйырады. Тергеуші қыстақ адамдарын шақырып, командор Фернан Гоместі өлтірген қылмыскерді анықтау мақсатында сұрақ алады. Бірақ
«Командорды кім өлтірді?» деген сұраққа олар: «Қой қайнары өлтірді», «Айыпты кім?» десе, олар «Айыпты Қой қайнары» деп жауап қайтарады. Ақыры тергеуші нақты қылмыскерді таба алмай сарайға қайтады. Сондықтан король «жасалған қылмыстың ауырлығына» қарамастан, тергеуді тоқтады, шаруалардың
«күнасын» кешіруге мәжбүр болады. Қой қайнары қыстағын өз қол астына алады.
Шығармада жазушы испан монархиясының екіжүзділігін әшкерелеп, шаруалардың байларға қарсы көтерілісін қолдайды.