Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



Pdf көрінісі
бет2/133
Дата17.10.2023
өлшемі2,71 Mb.
#117362
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   133
І – Б Ө Л І М. 
Грек әдебиеті.
1-тарау. 
Архаикалық кезең (Б.З.Б. VIII-VII Ғ.Ғ.)
Грек жазба әдебиетiнiң бiзге дейiнгi жеткен ең көне мұралары 
– «Илиада» мен «Одиссея» дастандары. Осы шығармаларды 
оқи отырып, бұлардың авторы саналатын Гомерден бұрын грек 
елiнде басқа да ақындар болды ма екен дейтiн ойлардың туатыны 
ақиқат. Бұл сұрақтың жауабын алдымен осы дастандардың өзiнен 
iздеу керек. Әрине «Илиада» мен «Одиссея» сияқты үздiк көркем 
туындылардың өзi ұзақ уақытты қамтитын әдеби үрдiстiң жалғасы, 
жемiсi екендiгi ешқандай дәлелдi қажет етпейдi. «Одиссея» 
поэмасында ерлiк, батырлық жайында жыр айтып, жиналған жұртты 
шаттыққа бөлеген Демодок секiлдi тамаша жыршы-рапсодтарды 
кездестiремiз. Мүмкiн, бұлардың жырларында Гомерден алдын 
өмiр сүрген ақындардың өнер дәстүрi сақталған шығар!.. Мұнан 
өзге Платон, Геродот сияқты данышпандар мен осы дәуiрдiң 
кейбiр жазушылары Гомерден алдын Орфей есiмдi өте талантты 
ақын болғандығын айтады. Бiрақ бұл ақынның ғажайып жырлары 
туралы аңыздардан басқа ауыз тұщытар ешқандай жазба деректер 
сақталмаған. Аңыздарда айтылғандарға жүгiнсек, Орфейдiң тамаша 
жырлары тiптi, жыртқыш аңдардың өзiн де тамсандырған, өзендердiң 
ағысын тоқтатып, тау мен тасты, ағаштарды да тебiренткен; бiрде 
ақын сүйген жарының iзiнен о дүниеге де аттанып, өзiнiң мұңды 
өлеңiмен аруақтарды да жылатыпты-мыс.
Грек халқы арасында кең таралған аңыздарда Орфейден өзге 
тағы да бiрнеше ақынның есiмi аталады. Олар: Муза, Эвмолп, 
Тамир, Олен және т.б. Барлық халықтың әдебиеті сияқты грек жазба 
әдебиетi де ауыз әдебиетi негiзiнде қалыптасқан. 
Тарихта грек фольклорынан өте көп ескерткiштер сақталып 
қалған. Олар негiзiнен, ертегiлер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар және 
өлеңдер.
Ұжымдық шығармашылық қауымдық құрылыс кезеңiнде 
дүниеге келдi. Бұл шығармаларда осы қоғам адамдарының табиғат 


11
жайлы алғашқы сәби түсiнiктерi көрiнiс тапқан. Табиғаттың 
найзағай, жер сiлкiнiсi, боран, су тасқыны, өрт, Ай мен Күннiң 
тұтылуы секілді қорқынышты құбылыстарының ортасында өмiр 
сүрген көне дәуiр адамы, осы құбылыстардың сырын түсiнбедi. 
Сондықтан табиғаттағы әр заттың өзiнiң иесi, әр түрлi жын-перiлер, 
басқа да тылсым күшке ие мақлұқтар болады деп ойлаған. Олар 
туралы түрлi дiни хикаяттар туғызған. 
Мiне, осындай қиялдан пайда болған хикаяларды – мифтер, 
олардың жиынтығын мифология деп атаймыз. Ғажайып поэтикалық 
шеберлiкпен жаратылған мифологиялық хикаялар грек ауыз 
әдебиетiнде өте мол. Бұл мифтер көне дәуiр адамының табиғат 
құбылыстары алдындағы әлсiздiгi нәтижесінде туғанымен, М. 
Горькийдiң пiкiрiнше олардың «…мақсаты - ежелгi еңбекшiлердiң 
өз еңбектерiн жеңiлдетуi, оның өнiмділігін арттыру, төрт аяқты және 
екi аяқты дұшпандарға қарсы қарулануы… табиғаттың адам үшiн 
қауiптi болған құбылыстарына әсер ету армандарынан, тiлегiнен 
туған»[5,693]. 
М. Горький осы жолдардың жоғарысында көне замандарда 
адамдардың аспанға ұшуды армандағанын, бұл тiлектер Фаэтон, 
Дедал мен Икар аңыздарында өзiнiң көрiнiсiн тапқандығын айта 
келiп, адамның қайсарлығы мен ерлiгiн, табиғат күштерiн бағындыру 
мақсатын шабыттандыра түсетiн көне мифтердiң маңызы өте зор 
болғандығын ерекше атап көрсетедi. 
Грек мифологиясының мыңдаған жылдық тарихы бар. Осы ұзақ 
мерзiмде қоғамдық сананың өсуiмен бiрге мифтер де өзгердi, жаңа 
мазмұнға ие болды.
«Қазіргі ғылым көне грек мифологиясының дамуын үш кезеңге 
бөледі. Олар – хтон (грек тіл. – Жер) немесе Олимпке дейінгі кезең, 
классикалық немесе Олимп кезеңі және бертінгі немесе героикалық 
кезең.
Бірінші, хтон кезеңіндегі мифтік ұғым бойынша бүкіл әлемнің, 
барлық тіршіліктің негізі әрі анасы – асыраушы Ұлы Жер-Ана. 
Мифология бойынша жер тіршілік иесі және оның барлық тіршілік 
белгілері бар. Олар қоршаған ортадан, адамның өзінің қимыл-
әрекеттерінен, мінез-құлықтарынан көрініс береді. Бұл кезеңдердегі 
мифологияның басты кейіпкерлері – медуза, химера, гидра т.б.
Классикалық немесе Олимп кезеңі патриархатқа өтумен, 
алғашқы мемлекеттердің пайда болуымен ерекшеленеді. Бұл 


12
тұтастай мифологияның жаңа арнаға өтуіне жол ашты. Табиғат 
құбылыстарымен шендестірілген құбыжық құдайлар орнына 
адамға қайырымды құдайлар бейнелері пайда бола бастайды. 
Жаңа құдайлар әлемнің, қоғамның және адамның тұтастығы 
үшін күрескерлер болып суреттелді. Олардың барлығы әлемнің 
тең ортасы деп танылған Олимп тауына топтастырылды. Осы 
орталықты айнала қоршаған космос кеңістігі ұғымы қалыптасты. 
Бұдан шет жатқан, бұрынғы және бір ізге түсірілмеген дүние, жоқ 
болмыс Хаос деген түсінік орнықты.
Олимп кезеңінің алғашқы мифтері жаңа құдайлардың ескі 
құдайлармен күресін баяндайды. Бұл күресте құдайлардың үлкені 
Зевс титандарды, циклоптарды, Хаостың өзге құбыжықтарын 
жеңіп, оларды жердің түпсіз тереңіне – Тартарға қуып салып, 
әлемді қайта жасайды. Ұлы Ана-Жер бейнесі енді Гера, Афродита, 
Артемида, Афина сияқты жасампаз әйел құдайлардың бейнесіне 
ауысады. Мифология бойынша Гера Зевстің әйелі, ал қалған үшеуі 
қыздары. Теңіз құдайы Посейдон мен жер асты дүниесінің құдайы 
Аид Зевстің ағалары болып келеді.
Бертінгі немесе героикалық кезеңде әлеуметтік қатынастарда 
қайшылықтардың күшейе түсуімен полистер арасындағы 
бәсекелестіктерге байланысты бұқараның құдайларға сенімдері 
шайқала бастайды. Халықта құдайлар қанша күшті болмасын, 
Зевстің өзі де, оның сүйікті ұлы Геракл де қанша ерлік жасамасын, 
олардың бәрі – құдайлар да, адамдар да ақыр-соңында тағдырға 
тәуелді деген түсінік орныға бастағаны аңғарылады. Осыған қарай 
грек пантеонының жартылай құдай, жартылай адам қаһармандары 
да халыққа қаталдық танытады. Жасаған күнәлары үшін немесе 
айтқан кеңестерін орындамағаны үшін қатаң жазалайды. Мәселен, 
Троя соғысына қатысты адамдар, соның ішінде жеңілгендері де, 
жеңгендері де қатаң жазаланады» [6,29].
Әлемнiң мiне, осы он екi әмiршiсi және басқа да құдайлар 
нектар iшiп, алтын табақтарға салынған амврозия тағамын жеп, 
сұлу перiлердiң биi мен әнiне мас болып, Олимп тауының шыңына
орналасқан қалаларда мәңгiлік өмiр сүредi. 
Сұлулық, құдіреттiлiк және мәңгiлiк - барлық құдайларға 
тән қасиеттер. Бiрақ жай пенделердің бойындағы кейбір мінездер
оларға да жат емес. Маскүнемдiк, атаққұмарлық алдында олар 
әлсiз. Болмашы нәрсеге ашуланып ренжу, дау-жанжал шығару - 


13
олардың өмірінде жиі кездесетін жағдай. Мәселен, Гераның қыңыр 
мінезінен әбден шаршаған Зевс, оны Жер мен Көктің ортасына 
керіп қойып, найзағаймен үш күн, үш түн қамшылайды. Анасын 
қорғамақшы болып ұмтылған Гефесті Олимп тауынан басынан 
жерге қарай лақтырып жібереді. Сорлы Гефестің аяғы сынып, 
мәңгілік ақсақ болып қалады. Жалпы, құдайлар адам нәсіліне 
анда-санда жәрдем қолын созып тұрғанымен, көбінше олардың 
қайғысын елемейді, тіпті жамандықтар жасайды. Бірде Зевс 
адамзатты жазаламақ болғанында, одан қуғын көрген титандардың 
бірі Прометей бұл апатты тоқтатады. Ол адамдарға Олимп тауынан 
ұрланған отты сыйға тартып, адамзат өмірін жеңілдетеді. Адамға 
істеген осы жақсылығы үшін Зевс Прометейді аяусыз жазалайды. 
Мұндай оқиғалар құдайлар арасында жиі ұшырасады дедік. 
Зевстің өзі де әкесіне қарсы жүргізген қанды соғыстар нәтижесінде 
Олимп тағына қол жеткізді. Гректер өз қаһармандарының бейнесін 
қоғамның ақсүйектер тобы өкілдерінен алғандығына байланысты 
оларды залым және мейрімсіз етіп көрсетеді.
Құдайларды адам бейнесінде суреттеу мифологияны өмір 
шындығына жақындастыра түседі. Грек мифологиясының байлығы, 
образдарының көркемдігі бүкіл адамзат тарихында оқырманның 
жүрегін жаулап алып, өзіне тәнті етіп келді. «Грек мифологиясы 
грек мәдениетінің тек мол қазынасы ғана емес, сонымен бірге оның 
негізгі іргетасы да болды»[7,225].
Шындығында да осынша ұзақ уақыттан бері қарай өмір сүрген 
жыршылар, ақындар және жазушылар осы қайнар бұлақтардан 
сусындап, шабыт алып отырған; ұлы суретшілер, мүсіншілер 
өз туындыларында негізінен осы «қазына» аңыздарын шынайы 
образдарға көшірді, оларды жырға айналдырды. «Иллиада» мен 
«Одиссея» дастандарының сюжеті де осы жырлардан алынды.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. «Антикалық әдебиет» терминінің мәнін түсіндіріңіз.
2. Ежелгі дәуір әдебиетін ең көне, тұңғыш еуропалық әдебиет 
дейтін себебіміз не?
3. Грек әдебиетінің архаикалық кезеңі қайсы ғасырларды 
қамтиды ?
4. Грек мифологиясының тарихы жайлы не білесіз ? 


14


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   133




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет