Тақырыбы: Мәдени өсімдіктердің генетикалық коллекциясымен және шағылыстырудың әдістерімен танысу.
Мақсаты: Шағылыстырудағы қажетті дақылдардың сорттарының ерекшеліктерімен шағылыстырудың технологиясын көрсету.
Құрал-жабдықтар: Өсімдіктердің сорттары, қайшы, тамшуыр, пышақ, қысқыш, аласа орындықтар, мақта, жұмсақ сым, қазық, этикетка, шағылыстыру журналы.
Тапсырмалар: 1. Егілетін дақылдардың әртүрлі сорттарының нақты белгілерімен танысу, олардың өсіп-өну, даму фазаларымен танысу, шағылысуға алынатын өсімдіктер белгілерінің генетикалық картасымен танысу, өсімдіктерді шағылыстыруға дайындау.
2. Шағылыстыруға алынатын өсімдіктердің (5-10) гүлінен аталығын айырып, аналығы пісіп жетілген кезде оларды тозаңдандыру.
3. Изоляторды дайындау.
Генетикалық қолданылатын негізгі әдіс – генетикалық анализ, оның ең бастысы гибридологиялық әдіс болып табылады. Генетикалық коллекция – мутациялық өзгерістерінің коллекциясы. Мұнда бір түрге жататын дақылдардың бір-бірінен айрықша белгілері арқылы айқындалатын формалары болады. Сонымен қоса селекция үшін керекті белгілері бар организмдермен қатар практикаға ешбір пайдасы жоқ белгілері бар мутантты формалары да болады.
Генетикалық участкеде шағылыстыруға пайдаланылатын өсімдіктердің (мысалы, бидай, арпа, сұлы, жүгері, бұршақ) коллекциясымен студенттер зертханалық сабақтарда танысып, олардың хромосомалары санын, олардың генетикалық картасын біліп, геннің атын, хромосомадағы орнын, қандай белгілерді бақылайтынын, кейбір белгілердің тұқым қуалау қасиетіне генетикалық анализ жасай білуге үйрету керек. И.А.Захаровтың “Генетические карты высших организмов” деген оқулығын пайдалану керек. Сонымен генетикалық коллекцияны бір түрге жататын дақылдың алуан түрлілігінің жиынтығы деп есептеуге болады.
Шағылыстырудың әдістерімен таныстыру Студенттер гибридологиялық анализ жүргізу кезінде, мынадай ережелерді ескеруі қажет:
1. Шағылыстыруға алынатын аталық және аналық организмдер баламалы (қарама-қарсы) белгілерімен ажыратылуы тиіс. Мысалы, тұқымның түсі – сары, жасыл; тегіс, бұдыр; өсімдіктің бойы – биік, аласа.
2. Осындай белгілердің тұрақтылығын (өзгермейтінін) білу үшін аталық, аналық организмдерге 2-3 ұрпақ бойына анализ жүргізуді қажет етеді.
3. Әрбір ұрпақ буданын тұқым қуалайтын белгілері бойынша есепке алу керек. Гибридологиялық анализ әдетте, шағылыстырулар жүйесінен тұрады. Оған бірінші ұрпақ алу, бірінші ұрпақ будандарын өзара шағылыстырудан екінші ұрпақ алу және қайталап шағылыстыру, талдаушы шағылыстыру жатады. Талдаушы шағылыстыру бірінші ұрпақтың буданын рецессивтік формамен шағылыстыру. Ол белгілердің тұқым қуалау сипатын зерттеу кезінде генетикалық карталар жасау үшін селекциялық мақсаттар үшін пайдаланылады, зерттелуші особьтардың генотипін (гомо немесе гетерозиготалығын) анықтау үшін үлгі әдіс ретінде қолданылады.