Байланысты: 5025406487917 Омыртқасыздар зоологиясы. 1-кітап by Дәуітбаева К.Ә. (z-lib.org) (1)
Сезім мүшелері жақсы жетілген және әр түрлі. Өрмекшілердің педипальпаларындағы ретімен орналасқан түктері механикалық әсерлерді қабылдайды. Ауа тербелістерін сезетін арнайы түктер - трихоботриялар педипальпаларында, аяқтарында және дененің жоғарғы жағында, ал химиялық өзгерістерді сезетін және иіс сезу қызметін атқаратын лира тәрізді мүшелері кутикулада шағын саңылаулар түрінде орналасқан. Олардың түбіндегі жарғақшаларын нерв талшықтары торлап жатады.
Көздері қарапайым, баскеуденің дорзальды жағында әдетте бірнеше - 12, 8, 6, ал кейде 2 көзі болады. Құршаяндардың жұп ірі көздері баскеуденің ортанғы бөлігінде, ал 2-5 жұп көздері бүйірінде орналасқан. Өрмекшілердің 8 көздері 2 доға түрінде орналасқан, алдыңғы доғаның ортаңғы көздері басқаларына қарағанда ірілеу келеді. Құршаяндар бір-бірін 2-3 см, ал кейбір өрмекшілер 20-30 см қашықтықтан көре алады.
Өрмекшітәрізділердің улы және усыз бездері гиподерма клеткаларынан дамыған.
Улы бездері өрмекшілерде, құршаяндарда, кейбір жалған құршаяндарда және кенелерде болады. Өрмекшілерде олар хелицералардың түп жағында орналасып, сыртқа хелицера тырнағының ұшында ашылады. Құршаяндарда улы бездері құйрығының ең соңғы бөлігінде орналасып, сыртқа арнайы иненің ұшына ашылады.
Өрмек бездері тек өрмекшілер отрядының өкілдерінде ғана бар, олар құрсағының төменгі жағында орналасып, сыртқа өрмек сүйелдерінің төбесінде ашылады. Кресті өрмекшінің (Araneus diadematus) үш жұп өрмек сүйелдері бар (121-сурет). Өрмек бездерінің пішіні әр түрлі: алмұрт, түтік, ампула, бұтақты ағаш тәрізді. Олардан бөлінген сұйық зат ауада тез қатады да, өрмек жібіне айналады. Бұларды өрмекшілер тор құру, ұстап алған жемтігін орап тастау, жұмыртқа пілдесін жасау үшін қолданады.
сурет. Өрмекшінің жүру аяғы және өрмек сүйелдері: А - жүру аяғы; 1 - сан, 2 - тізе, 3
- сирақ, 4 - табанның негізгі буыны, 5 - табанның соңғы буыны, 6 - тырнақшалар; Б - өрмекшінің өрмек сүйелдері; 1 - бірінші жұбы, 2 - артқы жұбы, 3 - ішкі жұбы, 4 - аналь тесігі, 5 - стигма