24 – лекция. 1 сағат.
Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына ену жөніндегі іс-шаралары
1. Қазақстан Республикасының шекара аймақтарындағы халықаралық экономикалық ынтымақтастығы.
2. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жағдайына байланысты мәселелер.
1. Қазақстан Республикасының шекара аймақтарындағы халықаралық экономикалық ынтымақтастығы.
Қазақстан-Ресей қатынастарында шекаралас өңірлердің ынтымақтастығы ерекше рөл атқарады. Бұған мемлекеттер басшыларының қатысуымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан шекаралас өңірлер басшыларының форумы жаңаша серпін алғанын атап өткен жөн. Бұл форумдарда екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты аса өзекті мәселермен қатар, табиғатты пайдаланудың біртұтас стандарттарын қолдану, трансшекаралық өзендер мен су қоймаларына, басқа да табиғи ресурстарды бірлесіп пайдалануға байланысты мәселелер талқыланып келеді. Қазақстан мен Ресей – ежелден шекаралас орналасқан елдер. Шекаралас жатқан өңірдердің бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасағаны екі мемлекетке де пайдалы. Оның негізі берік қаланды деуге әбден болады. Ресей Федерациясының 12 субъектісі Қазақстанның 7 облысымен іргелес, шекаралас жатыр. 89 ресейлік аймақтың 76-сы бүгінде Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстар жасайды. Қазақстандық-ресейлік сауданың 70 пайызға жуығы осы шекаралас өңірлердегі өзара ынтымақтастықтың үлесіне тиеді.
Енді екі елдің шекаралас өңірлері басшылары форумының дүниеге келу жайына тоқталайық. Бұл идеяны алғаш ұсынған ресейлік губернатор Л.Полежаев болатын. Оның шекаралық қатынас проблемалары жөніндегі ресейлік-қазақстандық кездесулер өткізу идеясы 1993 ж. басында Ресей Үкіметінен қолдау тапты. Сөйтіп, сол жылдың наурызында Омбы қаласында мемлекет басшыларының осы мәселеге байланысты алғашқа кеңесі өтті. Кейін, 2003 жылғы 17 сәуірде Омбы қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттерінің жоғары деңгейдегі кездесуі болып, ел басшылары Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстар басшыларының форумына қатысқан еді.
Ресейдің сол кездегі президенті В.Путин бірінші форумды ашардағы сөзінде: «Бүгін біздің шекаралас өңірлердегі байланыстарымыз интеграциялық үдерістердің шын мәніндегі локомотиві болғанын атап өткім келеді», - деген еді. Сол форумда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар келісімдерге қол қойған болатын. Қол қойылған құжаттардың ішінде халықаралық автокөлік қатынасы, Ертіс өзенінде кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы, денсаулық қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы, тағы басқа да келісімдер бар.
Одан кейінгі форум мемлекет басшыларының қатысуымен 2005 ж. 15-17 мамырында Челябі қаласында өтті. Бұл жиын аясында Қазақстан мен Ресей президенттері кездесіп, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекараларынан өту тәртібі туралы, сондай-ақ шаруашылық-экономикалық және саяси ынтымақтастық жөніндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының кезекті ІІІ форумы 2006 жылғы қазанда Орал қаласында өтті. Бірлескен баспасөз мәслихатында шекаралас өңірлердің ынтымақтастығы үлкен рөл атқаратындығына тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «Біздің елдердің тауар айналымында шекаралас өңірлер басшыларының форумы үлкен рөл атқарады. Өткен жылы, сондай-ақ 2003 жылы Омбыда, 2005 жылы Челябіде қол жеткізілген уағдаластықтардың барлығы қазіргі кезде табысты жүзеге асырылуды. Бұған бүгін қол қойылған біздің елдеріміздің шекаралас аумақтарындағы тұрғындардың Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекараларынан өту тәртібі туралы үкіметаралық келісім куә болады», - деп атап өткен еді.
Орал қаласында өткен жиында да екіжақты қатынастарды тереңдетуге бағытталған құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Орынбор газ өңдеу зауыты базасында қоғамдық шаруашылық құру ынтымақтастығы туралы келісім, бірлесіп бақылау жасайтын Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекараларынан автокөлік өткізу бекеттерінің құрылысы туралы келісім. Осы форумда тараптар сондай-ақ Ақтау және Махачкалаға Астрахань су-көлік жолы арқылы тікелей халықаралық темір жол-паром қатынасын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Ал шекаралас өңірлер басшыларының ІҮ форумы 2007 жылдың 4 қазанында Новосібірде өтті. Форум аясында теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, 2008-2010 жылдарға арналған экономикалық, 2007-2010 жылдарға арналған гуманитарлық ынтымақтастық және 2008-2011 жылдарға арналған Қазақстан мен Ресей шекаралас өңірлерінің ынтымақтастығы бағдарламаларына қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан Даму банкі мен Ресей Сыртқыэкономбанкі арасындағы шекаралас өңірлер ынтымақтастығы туралы және Новосібір облысы әкімшілігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер дүниеге келді.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасында экономиканың әр саласы бойынша тығыз қатынас орнаған. Мысалы, Қазақстанның көмірсутегі шикізаттары әлемдік рынокқа Ресейдің магистральды құбырлары арқылы тасымалдануда, мұнай-газ өндірістері бірлесіп жаңартылуда. Сондай-ақ Астана мен Мәскеу Каспий теңізінің қайраңын бөлу мәселесін оңды шешіп алды. Бүгінде көрші екі мемлекет КТК-ның негізгі акционерлері болып табылады. Ал Қазақстан Еуропа Одағы елдеріне мұнай экспорттау көлемі жағынан Ресей мен Норвегиядан кейінгі үшінші орынға көтерілді. Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық автожол құрылысы мен коммуникация салаларында да қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей аумақтары арқылы Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен жалғастыратын жоба бойынша сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Трансазиялық темір жол магистралінің өзегі болып табылатын Еуразия транзиттік дәлізін дамыту шаралары қолға аынуда.
Осының барлығы Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі, жемісі. Оның ішінде шекаралас өңірлерде жарасым тауып келе жатқан қарым-қатынастың орны бөлек (ЕҚ, 20.09.2008).
2008 жылғы 22 қыркүйекте Ақтөбеде ҚР ПРезиденті Н.Назарбаевтың және Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевтің қатысуымен екі елдің шекаралас өңірлері басшыларының Ү форумы болып өтті. Бұл форум бұған дейін болып өткен осы тектес жиындарға қарағанда, қозғалған тақырып ауқымы жағынан да, оған қатысушылар құрамы тұрғысынан да аса кең болды. Форум тақырыбы – «Жоғары технологиялар саласында шекаралас өңіраралық ынтымақтастықты дамыту» деп аталады. Бұл форум – инновациялық интеграциялануға арналды. Ал форум жұмысына Ресейдің Қазақстанмен шекаралас 12 облысының губернаторы, Қазақстанның Ресеймен шекаралас 7 облысының әкімі, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының басшылары, Татарстан президенті мен Свердлов облысының губернаторы, Астана, Алматы қалаларының және Қарағанды облысының әкімдері, сондай-ақ екі елдің бірқатар мемлекеттік органдарының жетекшілері мен бизнес топтардың өкілдері қатысты. Екі елдің шекаралық өңірлері басшыларының кездесуін ұйымдастыру Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығының айқын дәлелі. Мұның өзі екі жақты қарым-қатынастың ұзақ мерзімді сипатын аңғартады.
Ү форумға бұрын қатыспаған Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының, Свердлов облысының, Ингушетия, Татарстанның басшылары қатысты.
Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықта сауда-экономикалық байланыстардың мәні зор, маңызы ерекше. Өйткені, Ресей Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі болып табылады. Оны мынадан көруге болады: бүгінде Қазақстанның сыртқы саудадағы жалпы үлесінің 18 пайыздан астамын Қазақстан-Ресей арасындағы екіжақты тауар айналымы құрайды. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 16,3 млрд. АҚШ долларына жеткен болса, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылында ол 9,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Міне, бұл жарты жыл ішінде елдер арасындағы өзара тауар айналымы 31,1 пайызға артқанын білдіреді (ЕҚ, 20.09.2008).
Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Үстіміздегі жылғы 7 айдағы тауар айналымы 12 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 32 пайызға артық.
Форумда Ресей Президенті Д. Медведев сөз сөйлеп, екі елдің өзара ынтымақтастығына жоғары баға берді. Форумның белсенділігі уақыт өткен сайын артуда, оған қатысушылар құрамы кеңейіп келеді, деді Ресей басшысы. Форумға бизнес өкілдері де, қоғамдық ұйымдар да қызығушылық танытып отыр. Бұл біздің саяси-экономикалық және гуманитарлық байланыстарымыздың жоғары деңгейге жеткенін білдіреді. Әлемдегі орын алған қаржылық дағдарыс салдарынан азық-түлік, табиғи ресурстардың бағасы өсіп барады. Осы мәселені біздің елдердің шекаралас өңір басшыларының бірлесе отырып шешуіне мүмкіндіктер бар. Осылай деген Ресей Президенті форум жұмысына табыстар тіледі.
Форум аясында тауар өндірушілердің «Өңірлердегі жоғары технологиялар: шекаралық ынтымақтастық» деген тақырыпта көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қатысушыларға «Қазақстанның инновациялық технологиялары» және «Ресейдің нанотехнологиялары» атты экспозициялар ұсынылды. Бұлардан бөлек «Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің инвестициялық мүмкіндіктері» деген тақырыпта бизнес-форум өткізілді. Бизнес-форумның мақсаты – ресейлік әріптестерді Қазақстанның және оның шекаралас өңірлерінің инвестициялық мүмкіндіктерімен, Қазақстанда даму институттарына, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына, тағы басқаларға инвестициялық қолдау көрсету тетіктерімен таныстыру болып табылады (ЕҚ, 20.09.2008).
Ақтөбедегі форум аясында екі елдің тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жоғары технологиялық - өңірлерге. Шекарадағы ынтымақтастық» атты көрме ашылып, онда инновациялық жобалар қатысушыларға таныстырылды. Көрмеге Қазақстанның сегіз облысы тауарларын қойды. «Қазақстанның инновациялық технологиялары» бөлімін «Қазына», «Самұрық», «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы», «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамдары мен Ақпараттық технологиялар паркі таныстырды. Мұнда сондай-ақ Ресейдің 16 өңірінің өкілдері өз өнімдері мен тауарларын қойды. Оның ішінде, Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары, Свердлов облысы, Татар Республикасы және «Ресей нанотехнологиялар корпорациясының» үлкен экспозициясы бар. Көрмеге қатысушы 200-ге жуық субъектілер келушілердің назарына көпшілігі алдыңғы қатарлы технологиялар болып табылатын өнімдердің 150-ден астам макеттері мен үлгілерін қойды.
Форум қорытындысында екі елдің ынтымақтастығын тереңдетуді көздейтін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың ішінде, ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге толықтырулар мен өзгерістер енгізу хаттамасына, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті, «Қазақстан темір жолы» АҚ және РФ Федералды кеден қызметі, «Ресей темір жолы» ААҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Батыс Қазақстан облысы мен Астрахань облысы арасындағы шекаралық, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге және тағы да басқа құжаттарға (барлығы 8 құжатқа («Хабар» телехабарынан)) қол қойылды (ЕҚ, 23.09.2008).
Достарыңызбен бөлісу: |