Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кезектегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады.
Романның идеясы
«Бақытсыз Жамал» романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет-ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы.
“Бақытсыз Жамал” романы туралы алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынов:
“Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның “Бақытсыз Жамал” деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты”, - деді.
Роман өз мезгілінің күрделі әлеуметтік-қоғамдық мәселесін көтерген, махаббат бостандығын жыр еткен, жанрлық тұрғыдан қазақ әдебиеті үшін жаңалық болған “Бақытсыз Жамал” прозалық туындысы жиырма бес жастағы Міржақып Дулатов ұлттық рухани тарихында терең із қалдырды, бірінші романшы атанды.