2 Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудағы мектеп және отбасының өзара іс-әрекетінің мазмұны
Білім беру нәтижелері оқушыларды мектепте оқыту процесінің соңғы өнімі болып табылады және білім алушы тұлғасындағы сапалы өзгерістерді дәлелдейді, оның мінез-құлқында, әлеуметтік ортамен өзара іс-әрекет етуінде көрініс табады.
Білім беру нәтижесін көрсету деңгейінің бірі – функционалдық сауаттылық, ол тұлғаның білім, білік және дағдылар негізінде әлеуметтік қатынастар жүйесінде қалыпты қызмет ету, нақты мәдени ортаға барынша жылдам бейімделу қабілеті ретінде анықталады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтарындағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Білім жүйесі тек білім ғана емес, сонымен қатар, оны әлеуметтік бейімделуде қолдану білігін беруі тиіс», − деп атап көрсетілген. Осыған орай, Мемлекет басшысы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын одан ары дамыту қажеттілігін атап өтті [3].
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту процесін мазмұндық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі
2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» қамтиды [1].
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту қазіргі 11 жылдық сияқты 12 жылдық мектептің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын жаңарту шеңберінде білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалады.
Бұл ретте функционалдық сауаттылықты дамыту нәтижесі білім алушылардың жастарға алған білімдерін практикалық жағдайларда тиімді және әлеуметтік бейімделу процесінде сәтті пайдалануға мүмкіндік беретін негізгі құзыреттіліктер жүйесін меңгеруі болып табылады. Негізгі құзыреттілік − бұл мемлекеттің орта мектепті бітіруші тұлғаның сапасына МЖБС-да және оқу бағдарламаларында көрсетілген білім беру нәтижелері түрінде қоятын талаптары.
Орта мектепті бітірушінің мынадай негізгі құзыреттіліктері белгіленген:
Басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті);
Ақпараттық (өзіндік танымдық қызметке қабілеті немесе өмір бойы білім ала білуі);
Коммуникативтік (қазақ, орыс және ағылшын (шет) тілдерінде ауызша, жазбаша және нәтижелі қарым-қатынас жасауға қабілеті);
Әлеуметтік (әлеуметтік өзара іс-қимыл жасауға қабілеті);
Тұлғалық (өзіндік іске асыру, өзін-өзі жетілдіру, өмірлік және кәсіби өзін-өзі анықтау, төзімді болу қабілеті);
Азаматтық (қазақстандық сана-сезім мен мәдени ұқсастық негізінде өзінің Отаны үшін жауапкершілікті сезіну қабілеті);
Технологиялық (тиімді пайдалану деңгейінде технологияларды, оның ішінде ғылыми, сандық технологияларды пайдалану қабілеті).
Негізгі құзыреттіліктен басқа жекелеген пәндік салалар шеңберінде пәндік құзыреттілік: оқу пәні шеңберінде меңгерілген ерекше білім, іскерлік, дағды ерекшеленеді.
Негізгі және пәндік құзыреттіліктің білім берудің нәтижесі ретінде нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы және уақыты анықталған болуы қажет.
Оқу бағдарламалары, сондай-ақ, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуға және негізгі, пәндік құзыреттіліктерге қол жеткізуге бағытталады.
Жоғарыда көрсетілгендей, функционалдық сауаттылық терминіне деген ықыластың артуы, математика және жаратылыстану бойынша білім нәтижелері TIMSS (Third International Mathematic sand Science Study) және оқушыларды бағалау бағдарламасы PISA шеңберінде жүргізілген халықаралық зерттеулердің жетістіктерімен үйлестірілген. 2009 жылғы, Қазақстан қатысқан PISA нәтижелерінің талдауы көрсеткендей, зерттеу оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтауға емес, оқушылардың алған білімі мен білігін күнделікті жағдайларда қолдану қабілетін бағалауға бағытталған. Қазақстандағы функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бойынша білім беру жүйесіндегі жағдайдың талдауы төмендегіні көрсетті.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында мектеп оқушылары білім нәтижелерінің мазмұны мен бағасын анықтайтын институттар: Ұлттық білім академиясы, «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Ұлттық білім беру статистикасы және бағалау орталығы, аймақтардағы білім саласын бақылау департаменттері дамыды. Оқушылар жетістіктерін бағалаудың TIMSS, PISA халықаралық зерттемелеріне қатысу тәжірибесі жинақталды. TIMSS – 2007 халықаралық зерттемесінде жоғары нәтижелерге қол жеткізілді.
Құзыреттілік білім моделін жүзеге асыруға бағдарланған 12 жылдық білім беру стандарты әзірленуде. Білім берудің ұлттық құндылықтары мен мақсаттары базалық құзыреттер, өмірлік рөлдер түрінде құрастырылған:.
– мейірімді адам;
– бауырмал отбасы мүшесі;
– шығармашыл дара тұлға;
жауапкершілікті азамат;
салауатты және кемелденуші тұлға.
Базалық құзыреттер тұлғаның басты қасиеттерін сипаттайды және білім алушылардың қоғамдағы өз орнын табуға, өзін әлемнің бір бөлігі ретінде сезінуге жағдай жасайды. Олар бағдар ретінде әр адамның өз өмірін құруға, қоғамдағы тіршілікке өзек болады, сондай-ақ орта білімнің жасампаздық рөлін күшейтуге негіз болады.
Жалпы мақсат орта білім берудің мақсаттары арқылы нақтыланады. Орта білім берудің мақсаты – білім алушылардың танымдық қабілеттерінің дамуына, алған білімін кез-келген оқу және өмірлік жағдаяттарда шығармашылықпен пайдалануына, өзін-өзі дамыту мен өзіндік басқаруға дайындауға мүмкіндік беруді қамтамасыз ету.
Түйінді құзыреттер білім алушылардың адамгершілік және этикалық нормаларға қайшы келмейтін жетістікті шешім қабылдау үшін танымдық және практикалық біліктері мен дағдыларын кіріктіруге дайындығын байқататын білім салалары аралығындағы қабілеттер болып табылады. Түйінді құзыреттер адамның адамгершілік құндылықтары мен ынталарын қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік және мінез-құлықтық әрекеттерінің дамуына алғышарт болады, әрбір білім салалары бойынша күтілетін нәтижелерді анықтауға қызмет етеді.
Түйінді құзыреттерге:
– ақпараттық құзырет;
– коммуникативтік құзырет;
– проблемалардың шешімін табу құзыреттері жатады.
Қазақстанда мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту іс-әрекетіндегі басты бағыттар ретінде келесілер анықталған:
Нормативтік құқықтық база.
Ғылыми зерттеулер.
Ұлттық стандарт, оқу бағдарламалары.
Оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендер.
Оқытудың технологиялары.
Білім жетістіктерінің нәтижелерін бағалау.
Мұғалімдерді даярлау және біліктілігін арттыру.
Ақпараттық орта.
Имидждік жобалар.
Достарыңызбен бөлісу: |