Қорытынды
Қазіргі таңда білім тұлға, қоғам және мемлекет дамуының басты стратегиялық ресурсы ретінде қарастырылады. Заманауи жағдайлардағы оның мақсаты – шығармашылыққа, өзгермелі заман жағдайында өз тағдырын өзі шешуге қабілетті әлеуметтік құзыретті тұлға қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев әйелдер қоғамының өкілдерімен кездесуінде: «бізге ойшыл, жауапты, елін сүйетін азаматтар қажет. Мұның барлығы тек тәрбиемен беріледі... Тәрбие беру ісінде мектеп ата-ана жауапкершілігі жөнінде айтады, ата-ана мектепке сілтейді. Дұрысында, тәрбие үшін барлық жауапкершілік жүгі отбасына да, мектепке те жүктелуге тиіс. Мұғалімнің рөлін білімді тек қана «таратушы» деңгейіне түсіруге болмайды. Бізге мүлде басқа педагогика керек», − деп атап көрсетті.
Мектептің тәрбиелік әлеуетін күшейту, әрбір білім алушының дара психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуін қамтамасыз ету – заманауи мектептің жетекші басымдықтары ретінде көрсетілген. Патриоттық, мораль және адамгершілік нормалары, ұлтаралық келісім және толеранттылық, дене бітімі және рухани даму, заң сыйлаушылық сияқты құндылықтар, меншік түріне байланыссыз, барлық білім беру мекемелері қалыптастыруы тиіс.
Авторлар осы әдістемелік құралда оқушылардың функционалдық сауаттылығы мәселелерінің әдіснамасын анықтады. Анықталған әдіснама негізінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бойынша мектеп және отбасы әрекеттестігінің мазмұны ашылды. Осы бағыттағы назар аударуға тұрарлық және қызығушылық тудырып отырған шетелдік тәжірибелер құралдың екінші бөлімінде талданған.
Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мақсатындағы мектеп және отбасы әрекеттестігі бойынша Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарында да нақты жұмыстар атқарылды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру бойынша мектеп және отбасы әрекеттестігінің талдауы мен республикадағы бар тәжірибелерді зерттеу қазіргі таңда педагогтар ата-анамен байланыстың мазмұны, түрлері мен әдістерін жеткілікті дәрежеде толық меңгермегенін көрсетті.
Сондықтан бұл жұмыс білім алушылардың функционалдық сауаттылығының ғылыми-теориялық базасын пайымдауға, осы бағыттағы отбасы және мектептің әрекеттестігінің жаңа формалары мен әдістерін айқындауға және әдістемелік негіздеуге бағытталғандықтан, педагогтар мен ата-аналарға практикалық көмек болады.
Достарыңызбен бөлісу: |