Мен туғанда, әкем елуді еңсеріп қалған кісі екен. Әжем жарықтық әкемді балаларымның ішіндегі еті тірісі осы болды деп отырар еді. Әкем өз бетінше талпынып жүріп ескіше сауатын ашып алыпты. Содан өле-өлгенше өз бетінше оқып-тоқыған адам. Ол есеп-қисапты тәуір білетін. Тіпті орыс алфавитін де ежіктеп шығара беруші еді. Жас күнінде ағаш ұста болыпты, етікші де атаныпты, тәуіпшілдігі де бар екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген. Біздің елде одан өткен зергер ұста болмаған. Жігіт күнінде қыз-келіншектің көңілін аулау амалымен үйренген зергерлік өнерін әкем қартайғанда тастамаған. Мұнда ол соққан сақина-білезікті салып жүрген көзі тірі кемпірлер бар. Ал, ол кемпірлер бір кезде уылжыған жас еді ғой.
Әкем өз жанынан өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа да түсіп жүріпті. Ескі ақын-жыраулардың термелерін, қиссаларын жақсы көріп тыңдайтын. Бірақ жатқа айта алмаушы еді.
Момыш әкем ат жалын тартып мініп, бозбала халге жеткенде, Имаш бабам шаруа билігін соның қолына беріпті. Ауылдағы келін-кепшікті бір шыбықпен айдайтын адуынды Қызтумас әжемнің өзі де:
- Момыштан сұраңдар, Момыш біледі, - деп отырады екен.
Ағайын-туған арасындағы алыс-беріс, көші-қон мәселесі, ас-той, дау-дамай - бәрі-бәрі Момыштың араласуынсыз шешілмеген. Әлдеқалай ол жол жүріп кетсе, сапардан қайтып келгенше тірлікті соған қаратып, жолын күтіп отыратын болған. Имаш бабамның көзінің тірісінің өзінде біздің шағын ауылды - Момыш ауылы дейді екен. Шаруамыз шап-шағын еді. Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді-енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Ешкімді жалдамаған, ешкімге жалданбаған.