Өзбекстан Республикасы Жоғарғы жəне Орта арнаулы бiлiмдендiру министрлiгi



Pdf көрінісі
бет3/8
Дата03.03.2017
өлшемі0,68 Mb.
#6754
1   2   3   4   5   6   7   8

Пайдаланылған əдебиеттер: 
 
1. Р.Бердiбаев. Биiк парыз. 
2. Р.Бердiбаев. Қазақ тарихи романы. 
3. М.Қаратаев. Ғылыми-зерттеу еңбектерi. 
4. З.Ақышев. Жаяу Мұса. 
5. Ж.Молдағалиев. Таза бұлақ. 
6. Ə.Дербiсалин. Ыбырай Алтынсарин. 
7. А.Жұбанов. Замана бұлбұлдары. 
  
СƏКЕН ЖҮНIСОВТЫҢ «АҚАН СЕРI» РОМАНЫНЫҢ  
ИДЕЯЛЫҚ КӨРКЕМДIГI 
Жоспары: 
1. С.Жүнiсов туралы бiрер сөз. 
2. «Ақан серi» трил огиясының тақырыбы. 
3. Романдағы тартыс. 
4. Романдағы образдар жүйесi. 
5. Шығарманың көркемдiк бiтiмi. 
Қазақ    əдебиетiндегi  тарихи-биографиялық  шығармалардың  бiрi-
дарынды    жазушы  Сəкен  Жүнiсовтың  «Ақан  серi»  атты  романы.  С.Жүнiсов 
есiмi  оқушы  жұртшылыққа  бiрнеше  прозалық  жинағы, «Жапандағы  жалғыз 
үй»  романы  жəне  «Ажар  мен  ажал»  пьесасы  арқылы  таныс.  Бұл  аталған 
туындылар  қазақ  əдебиетiне  қаламы  жүйрiк,  творчестволық  қабiлетi  айқын 
жазушының  келгенiн  əйгiлеген  болатын.  Əсiресе, «Жапандағы  жалғыз  үй» 
романы  автордың  ғана  емес,  бүкiл  қазақ    əдебиетiнiң  елеулi,  мəндi 
шығармаларының  бiрi  ретiнде  қабылданған. «Ажар  мен  ажал»  оның 
əдебиеттiң  ең  қиын  саласы  саналатын-драматургияда  да  жақсы  мүмкiндiгiн 

 34
байқатқан  едi.  С.Жүнiсов  өз  күшiн  тарихи  роман  жанрында  да  таразыға 
салып, талап қылғанын көремiз. 
«Ақан  серi»  романына  тоқталудан  бұрын  осы  тақырып  төңiрегiнде 
ертелi-кеш  жазылған  шығармалар  жайына  да  аз-кем  кiдiргенiмiз  жөн. 
Қазақтың классикалық əн-өнерiнiң асқар таудай биiк тұлғаларының бiрi, əрi 
керемет  ғазалдар  жазған  шайыр  Ақан  серi  Қорамсаұлының  өмiрi  мен  өнер 
жолы  талай  суреткердi  қызықтырып  келген.  Отызыншы  жылдарда  iрi  ақын 
Ілияс  Жансүгiров  Ақан  өмiрiнiң  аса  бiр  маңызды  тұсынан  «Құлагер» 
дастанын  жазды.  Онда  Құлагердей  дүлдүлдiң  дүлей  қастандық  құрбаны 
болуы суреттеледі, Ақанның іштей күйініп қасірет  шегуі  баяндалады.       Ол  
осы    тұрғыдан  бiрегей  бiтiмдi  дастандардың  бiрi.  Осы  дастан  оқиғалары 
негiзiнде  «Құлагер»  фильмi  түсiрiлгенiнен  де  жұртшылық  хабардар.  Ақан 
серi  өмiрiнiң  тағы  бiр  кезеңнiң  əйгiлi  драматургымыз  Ғабит  Мүсiрепов 
«Ақын  трагедиясы»  пьесасында  бейнеленгенi  белгiлi. «Құлагер»  дастаны 
секiлдi  бұл  пьеса  да  қазақ  драматургиясының  қымбат  мүлкiнiң  бiрiне 
айналып отыр. Аталған тақырыпта күш сынап, қарымын байқап көрген өзге 
де  қаламгерлердi  бiлемiз.  Солардың  iшiнен  төрт  құбылысы  тең  дерлiк 
шығарма Тəкен Əлiмқұловтың «Көк қаршыға» əңгiмесi. Бұл айтылғандардан 
Ақан серi өмiрi мен өнегесi бiрталай сөз зергерлерін    ынтық етiп, шабытқа 
бөлегенi  көрiнедi.  Ақан  серiнiң  ақындық  ерекшелiгi  мен  қазақ  поэзиясына 
қосқан  үлесi  Əбдiлда  Тəжiбаевтың  зерттеу  еңбегiнде  əдiл  бағасын  алған. 
Тамылжыған  əсем  əндерi  қазақ  елiнiң  бүкiл  атырабына  əйгiлi,  талай  жанға 
сұлулық,  пəктiк, iңкəрлiк  сабағын  дарытқан  Ақан  есiмi  тарихымыздағы  ең 
нұрлы, қымбатты есiмдердiң бiрiне айналған. 
Əнiмен,  өлеңiмен  өзiне  өшпес  ескерткiш  орнатқан,  көптеген 
шығармалардың  түп  қазық  тақырыбына  айналған  Ақан  серi  өмiрiнiң  жалпы 
желiсi  жұртшылыққа  жақсы  мəлiм  болатыны  осыдан.  Бұның  өзi  ол  туралы 
жаңа  шығарма  жазу  мiндетiн  ауырлата  түсетiн,  бұл  тақырыпта  iзденушiге 
қосалқы  мiндет  нəрсе.  Ақан  серi  жайынан  роман  жазған  Сəкен  Жүнiсов 
алдында  да  осындай  асулар  тұрғаны  мəлiм.  Ендеше  жазушы  мұндай  талап 

 35
үддесiнен қалай шыға алған, оның романының өзiндiк ажар мен бағасы неде 
деген мəселеге де жауап iздеу орынды. 
Оқушы  бұл  шығармадан  Ақан  өмiрi  мен  заманына  байланысты  көп 
мағлұматқа  қанығады.  Ақынның  Ақтоқтымен  махаббатына,  Құлагерге 
байланысты  оқиғалар  бұрыннан  қанықты  делiнгенiмен,  бұларға  қатысты 
бiрсыпыра  тосын  жайлар,  адамдар  араласады.  Сонымен  қатар,  автордың 
тұңғыш  рет  өзi  тапқан  «тыңдары»  да  бар.  Мəселен,  Ақан  серiнiң  мiнез 
ерекшелiгiн ашатын Ұрқияға үйлену оқиғасы, осы мəселе төңiрегiндегi дау-
таластар тiзбегi көркем əдебиетте iлкi айтылғанын байқаймыз.  
Шығарманың  орталық  тұлғасы-Ақан  көп  жақсы  қасиеттерiмен  оқушы 
есiнде  қалады.  Оның  аңшылық  пен  серiлiк  сейiл-сайраны  тартымды 
əңгiмеленген,  Ақан  мен  Ақтоқты  арасындағы  сүйiспеншiлiк  табиғи,  сенiмдi 
ашылған. 
Құдiреттi əншi, алғыр ақын, айтыс сөзде дұшпанын қырғи тiлiмен қиып 
түсетiн,  жамандық  атаулыны  өшпестей  таңбалай  бiлетiн,  ақыл,  жүрек 
қалауымен  ғана  өмiр  кешудi  аңсаған,  достыққа,  шапағатқа  жүрегi  ашық 
Ақан,  шынында,  ортасынан  бойы  биiк  тұрған  парасат  иесi.  Өнер  мен 
дарынды  керек  етпейтiн  мансапқор,  дүние-қоңыз  айнымалы,  азғын  əкiмдер 
үшiн  Ақан  iстерi  елден  шыққан  ерсiлiк  болып  көрiнсе,  қарапайым,  момын 
халыққа  оның  əнi  мен  сөзi  майдай  жағады.  Бiрақ  ол  заманында  шындық, 
əдiлдiк деген «қос жетiм» ешкiмнен төрелiк сұрап бара алмайтын едi, халық 
бұқарасының  алып  күшi  тiзгiндеулi,  матаулы  болатын.  Ақан  серiнiң 
əндерiнде  өмiрге  құштарлық,  махаббат  iңкəрлiгi  мен  ұлы  өкiнiш,  шерлi 
сарындар  қатар  өрiлiп  отыратыны  да  осыдан  болса  керек.  Роман  бойында 
Ақанның  өмiрiнде  iз  қалдырған  үлкен  iстер,  мiнез  дараланып  көрiнерлiктей 
шытырмандар  аз  айтылмайды,  соның  бəрiнде  де  Ақанның  асыл  бейнесi, iрi 
адамдық  бейнесi  елес  берiп  отырады. «Сырымбет», «Үш  тоты», «Құлагер» 
сынды 
əндер 
тарихы 
романның 
үш 
бөлiмiндегi 
оқиғалардың, 
байланыстардың философиялық, эмоциялық астарын ашуға көмектеседi. 

 36
Шығармада  қызғылықты  тұлғалар  қатары  бар.  Ақанның  арманда 
айрылған  ғашығы-Ақтоқты,  сүйген  жары-Ұрқия,  серiлiк  дəуiрiнiң  серiгi-
Қадиша  дара  пiшiндi,  дала  гүлiндей  көрiктi,  жанды  бейнелер.  Ал  Ақанның 
анасы-Жаңыл тұлғасы жазушының соны табыстарының бiрi десе де болады. 
Ақылды, əдептi, алғыр ана Жаңыл Ақанның қамқоры ғана емес, оның мерейi 
үстем  болуын  бəрiнен  де  жоғары  санайтын  жүрегi  жылы,  ойы  нұрлы  жан. 
Қазақ  жуаны  Сүлейменнiң,  оның  əйелi  мен  қызының  мiнез  ерекшелiгi  аз 
айтылса да, айнымай сурет болып түскен. Роман көлемiндегi елеулi тұлғалар 
легiнде  адуын  мiнез,  адал  жанды  Əлiбек  батыр,  паңдығы,  ойсыздығы 
ұштасып  жатқан  Нұрмағанбет,  даланың  тежеусiз  өскен  бəлеқор  байы 
Батыраш, ойы терең , билiгi кемел, сөзi сараман Саққұлақ би бейнелерiн атау 
керек.  Орыс  адамдарынан  ояз  бастығының  əйелi  Анна  Ивановна  бiрсыпыра 
дараланып елестейдi. 
Сəкен  Жүнiсов  шығармасының  тiлi – негiзiнен  жатық,  жарасымды  тiл. 
Автор  адам  мен  табиғат  құбылыстарын  дəл  суреттей  бiледі.  Жазушының 
халықтық  тiл  байлығының  меруертiн  еркiн  игерiп,  шығармасында  еселеп 
қолдана бiлгендiгiн көремiз. Егер роман тiлiне сын айту қажет болса, бiз сол 
тiлдiң  тапшылығын,  немесе  əрсiздiгiн  емес,  қайта  кейде  ысыраппен 
жұмсалатынын  айтар  едік.  Шығармада  қай  сөздiң  орнында  тұрмауы  қандай 
мiн  болса,  басы  артық  əшекей  тiркестер  де  негiзгi  ойды  көмескiлейдi, 
əдемiлiктiң  қадiрiн  кетiредi.  Мəселен, «Бар  əлемге,  бар  ғаламға  атың  таныс 
жарық ай» деген шалқыма тiркестегi «бар ғаламға» алғашқы ойды қайталау 
ғана. 
Қазiргi  қазақ  əдебиетi – жақсы  үлгiлi  шығармалары  бар,  арғы-бергi 
дəуiрдiң  мол  оқиғалары,  көп  адамары  суреттелген  үлкен  көркемдiк  əлем. 
Мұндай  əдебиетке  тың  ой,  сом  сурет,  тұлға  қосу  суреткерден 
талғампаздықты,  бiлiмдарлықты  керек  етедi. «Ақан  серi»  романының 
төгiлген  ажарлы  тiлiне,  бiрталай  образдарына  сүйсiне  отырып,  жазушының 
дарынына, iзденiсiне ризалық бiлдiруге болады. Дей тұрғанмен, жазушының 
кей  тұстарда  бұрынғы  шығармаларда  кездескен  сарындары  қайталауын 

 37
құптауға болмайды.. Бұл арада тақырып ұқсастығын айтып отырған жоқпыз, 
Ақансерiнiң  Ақтоқтыға,  Құлагерге  қатысты  əмбеге  аян  оқиғаларын  орайын 
тауып  тауып  əңгiмелеуге  де  болатынын  айтып  отырмыз.  Бiрақ  кейбiр 
ситуациялар  мен  тұлғалар  əдебиетiмiзде  бұрынннан  белгiлі  нұсқаларды 
қайтадан есiмiзге салады. Ақтоқтының əкесi Бақтыбайдың мiнезі мен сөздері 
бiрде  Ғ.Мүсiрепов  пьесысындағы  Қоңқайға,  бiрде  С.Көбеев  романындағы 
Итбайға  жақындап  тұруы,  өтiрiкшi,  əңгiмешiл  Су  Құсайынның  «Қан  мен 
тердегi»  Судыр  Ахметтi  қайталағандай  көрiнуi,  кедейлер  өкiлi  Жайық 
қарттың «Абайдағы» Дəркембайша сөйлеуi шығарманың шоқтығын көтеруге 
көмектепспейдi. Тiлi де, қиялы да бай, бiлiмдi, көздеген нысанасын «алып та, 
шалып та жығуға» қауқары келетiн автордың өз мүмкiндiгiне сəйкес əрдайым 
жаңа шыңдарға өрлегенiн қалар едiк. 
«Ақан  серiнiң»  көркемдiкке,  поэзияға  толы  тұстарын  да  атап  өтуге 
болады. Бiрiншi бөлiмдегi елден мал қоймаған даланың тағы, көкжал арланы 
Бiршектiң  жыртқыштығын  бейнелеген  беттер  автордың  суреткерлiк 
шалымын  қапысыз  танытады.  Романда  терең  монологтар,  өткiр  диалогтар, 
дəл  табиғат  суреттері  аз  емес.  Ақан  серiнiң  аузымен  берiлетiн  шабытты, 
шешен, ақ өлеңдер шығарма кеудесiне таққан танадай əсер қалдырады. 
Шығарманың  тiлiне  байланысты  ескертпемiздiң  бiрi-сөздердi  сəйкес 
қолдану  мəселесi.  Əр  дəуiр  қаһарманы  өз  кезiне  үйлесiмдi  ойлауы,  сөйлеуi 
аса  маңызды  шарт  «Ақан  серiнiң»  қаһармандары  кейде  қазiргi  заман 
адамдарының тiлiмен сөйлейдi. Бұған бiрнеше мысал келтiрейiк` «Қала бердi, 
алты алашқа өзiнiң билiгi мен қоса «Жиырма бес», «Тоқсан бес» сияқты əсем 
əндерiмен  мəлiм  Зiлғараның  Əлiбегiнiң  аулы  əннен  үрiкпейтiн  шығар, 
шошымайтын  шығар  деп  едiм»-дейдi  Ақан  бiрде.  Осындағы  «өзiнiң  билiгi 
мен қоса əсем əндерiмен мəлiм деген тiркестер» деген Ақан заманының емес, 
бүгiнгiнiң  сөз  саптауына  ұқсаңқырайды.  Сондай-ақ  «оған  алдын  ала  шара 
қолдану  керек», «қызды  алып  қашқан  Ақан  ғана  емес,  оған  ерiп  кеткен 
қалыңдық та жазықты», «ендеше Ұрқия ұзатылатын күйеулерден ғана емес, 

 38
сол  сыбағалы  жазадан  қашпады  да», «өздерiң  ырымшыл  ғана  емес, 
бiлгiрсiңдер ғой…» деген сөйлемдерде де, қазiргi тiлге тəн белгiлер басым. 
 Тарихи  романдардың  қиындығының  бiрi-тарихи  дəуiрде  жасаған  түрлi 
адамдардың  нақ  өзiне  тəн  тiлiн  тауып  айтқыза  бiлуiнде.Ақан  серiнiң  əр 
кездегi  сөздерi  мен  iстерi  мінезiне,  тұлғасына  жарасымды.  Оның  қазақ 
қауымының  қайшылығын  мiрдiң  оғындай  өткiр  тiлмен  əшкере  ететiн, 
əрқайсысы  нақылдай  қанатты  сөздерiне  сенемiз  де  сүйсiнемiз.  Дегенмен, 
Ақанның  аузына  салатын  сөздi  алдымен  екшеп,  талғай  түсу  керек  те. 
Ақанның бiрiншi кездескен адамға қыздар туралы: «Əй, бауырым ай. Көбiнiң 
дəмiн  татып  жүрмiз  ғой,  су  татыған  жүзiнен,  бал  татитын  бiрi  артық»  деп 
ақтарыла  сарқып  сөйлеуi  келiсiп  тұрған  жоқ.  Немесе,  ақынның  орыс 
чиновнигiнiң  əйелiне: « қазақ  ескерткiш  қалдырғаннан  гөрi  бар  байлықты 
қолма  қол  iшiп  жегендi  артық  көретiн  халық»  деуi  де  iрi  өнер  саңылағы, 
азамат айтар сөз деу қиын. Тарихқа, өткенге деген мұндай бiржақты бағалар 
бiзде  аз  айтылмаған.  Бiрақ  мұнда  тереңдiк  те,  шын  ақиқат  та  жоқ.  Қазiргi 
дəуiрде жазушылар қоғамдық дамудың, ғылымның жетiстiктерiн есепке ала, 
зердесiне  ұстай  отыруы  шарт.  Шығыстың  мəңгiлік  мəнiн  жоймайтын 
əдебиетi  мен  мəдениетiн  терең  қабылдаған,  қазақ  тарихынан  ұққаны  мол 
Ақанға өз халқы туралы əлгiндей жаттанды сөздердi айтқызу артық.  
Жалпы  алғанда,  С.Жүнiсовтың  «Ақан  серi»  романы  оқушы  қызығып 
оқырлықтай, көп мағлұмат бере алатын, тiлi көркем, тұлғалары қызғылықты 
шығарма, автордың творчестволық сапарындағы көп iзденiстің жемiсi. «Ақан 
серi»-ұлы композитор, əрi ақынға жасалған татымды ескерткiш.    
Пайдаланылған əдебиеттер` 
1. С.Жүнiсов. Ақан серi романы. 
2. Р.Бердiбаев. Қазақ тарихи романы. 
3. М.Атымов. Қазақ романының поэзиясы. 
4. Ш.Елеукенов. Заман парасаты. 
5. Ж.Дəдебаев. Тарихи роман жəне көркемдiк шешiм. 
 

 39
ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИННIҢ «КӨШПЕНДIЛЕР» РОМАН-
ТРИЛОГИЯСЫ, ОНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЖƏНЕ ИДЕЯЛЫҚ 
ЕРЕКШЕЛIКТЕРI 
Жоспары: 
1. І.Есенберлин-тарихи романшы. 
2. «Көшпендiлер» трилогиясындағы тарихи кезең.  
3. «Алмас  қылыш»-қазақ  хандығының,  мемлекетiнiң  құрылуы  туралы 
туынды. 
4. «Жанталас» романындағы дəуiр шындығы. 
5. «Қаһар»-тарихи романның үздiк үлгiсi. 
Тарихқа  деген  көзқарастан  адамның  бiлiмдiлiгi  мен  надандық  парқы 
ажыратылады деп ертедегi даналар бекер ескертпеген болса керек.  
«Алмас  қылыш»  романы-тарихтың  аса  қызық  та  ғибратты  бiр  дəуiрiн 
көркемдiкпен  танытуға  көмектесе  алатын  пайдалы  кiтап.  Шығарманы  дəл 
осылай  бағалаған  филология  ғылымының  докторы  Мырзабек  Дүйсеновтың 
«Қазақ  əдебиетi»  газетiнде  жарияланған  мақаласын  жəне  басқа  көптеген 
авторлардың  жылы  лебiзiн  құптай  отырып,  бiз  өзiмiздiң  талғамдарымызды 
айтуды жөн көремiз. Бiздiңше, І.Есенберлиннiң «Алмас қылыш» романының 
жұртшылық үшiн ең маңызды жерi-өзге мамандар түгiл тарихшылардың өзi 
де  əлi  күнге  дейiн  жете  зерттеп  болмаған  кезең  –ХУ  ғасыр  оқиғаларын 
роман-хроника  түрiнде  тұңғыш  рет  жүйелi  өрiп,  аса  көп  керектi  мағлұмат 
бере алатындығында. 
Қалың оқушы бұл кезге дейiн XV ғасырда Жəнiбек пен Керей бастаған 
қазақ рулары Сарысу, Шу, Талас өзендерiнiң алқабында, Мойынқұм бойында 
алғаш рет қазақ хандығын құрды деген қысқа деректен өзгенi бiле бермейтiн. 
«Алмасы  қылыш»  тарих  кiтаптарында  жазылған  сараң  тұжырымның 
тасасында қаншама хикмет жатқанын нақтылы оқиғалардың хронологиялық 
iзiне  түсе  отырып,  кеңiнен  баян  етедi.  Бұл  шығарманың  «сүйегi»  түрлi 
кiтаптар,  қолжазбалар,  шежiрелер  арасында  шашырап  жатқан  анық 

 40
фактiлерден 
құралғандықтан 
жəне 
оқиғалардың 
жылнамасы 
сақталғандықтан, мұны роман-хроника деп атаған абзал. 
Романда  Дештi  Қыпшақтың  қаһарлы  ханы  Əбiлқайырдың  қарауында 
келген қазақ руларының жеке қазақ хандығы қол астына топталу процесi бұл 
құбылыстың себебi мен салдары, бiр жағы Əбiлқайыр, екiншi жағы Жəнiбек, 
Керейлердiң  тақ  пен  тəж  үшiн  таласы,  өздерiнiң  мансаптары  үшiн  халық 
бұқарасын  пайдалану  тəсiлдерi,  хан  арасындағы  шытырман  қайшылықтар, 
алдау мен зорлықтар тiзбегi романның екi бөлiмiнде толық баяндалған.  
Кiтаптың  бiрiншi  бөлiмi  Əбiлқайыр  ұлысының  екiге  бөлiнуi  жағдайын 
көрсетуге  арналса,  екiншi  бөлiмi  жаңа  қонысты  мекен  еткен  қазақ 
хандығының  iшкi-тысқы  жауларымен  кескiлескен  күрес  үстiнде  шынығып, 
ширау  процесi,  бұл  жолдағы  қыруар  кедергiлер  мен  қиындықтар 
көрсетiлген.Бұл  романда  желi  тартып  жатқан  басты  идея-қазақ  руларының 
бiрлесу,  бiр  хандық  шеңберiнде  ынтымақ  құру  идеясы.  Жазушы  тарихи 
фактiлерге  берiк  сүйене  отырып,  мұндай  бiрлiктiң  аса  қатал  өмiр  сынында 
өлiм  мен  өмiр  кезек  алмасқан,  аласапыран  ауыр  жағдайда  жүзеге  асқанын, 
қазақтың  жеке  хандығын  орнатқан  күштер,  кiмдер  сатылғыш,  дүниеқоңыз 
дұшпандар  кiм  екенiн  тайға  таңба  басқандай  тiзiп  бередi.  Өз  халқы 
тарихының  көп  мəселелерiнен  бихабар  оқушы  үшiн  мұндай  мағлұмат  аса 
зəру.  Бұл  айтылғандар  «Алмас  қылыштың»  танытқыштық  мəнi  зор  екенiн 
дəлелдей түссе керек. 
Романда орталық қаһармандар ретiнде хан, сұлтандар жүретiнi рас. Бiрақ 
бұған  қарап  ел  билеушiлерi  бiрыңғай  дəрiптелген  деуге  əсте  болмайды. 
Қаһарманның  бойындағы  қасиетiн  iрiлеп  көрсету-оны  мадақтау  болып 
саналмайтынын  əрбiр  сауатты  оқушы  білсе  керек.  Шығармада  неғұрлым 
айқындалып  шыққан  тұлға  Əбiлқайырды  алсақ,  автор  оның  ерлiгiн  де, 
қулығын  да,  қаталдығын  да  қалдырмай  айтып,  күллi  қайшылығын  ашады. 
Сондай-ақ,  Жəнiбек  Мұхаммед  Шайбани,  Бұрындық  мiнездерi  де 
диалектикалық ақиғатымен берiлген. Автор белгiлi бiр қаһарманды не əдейi 
жақсы  көрсету,  не  нақақ  қаралау  мақсатын  көздемей,  оқиға  мен  мiнездiң 

 41
обьективтiк ағысын қаз-қалпында көрсетедi. Бүкiл Дештi Қыпшақты билеген 
Əбiлқайыр бiр жағынан, айлакер, ақылды, арынды ел басшысы болса, екiншi 
жағынан  өз  мақсаты  жолында  ешбiр  арамдық,  азғындықтан  тайынбайтын 
қанды  қол,  мейрiмсiз.  Өзге  қаһармандар  бойынан  да  бейнелердiң  жан-
жақтылығын  көремiз.  Демек, «хандарды  дəрiптеген»  делiнетiн  қанқу  сөздер 
көркем  шығарманың  табиғатын  елемеуден  туған  көрiнiс.  Патша,  хан 
атаулыны  тек  жамандап,  тiлдеп  көрсету  керек  дейтiн  бiр  жақты  тұрпайы 
ұғымның  ғылыммен,  көркемдiк  шындықпен  қатысы  жоқтығы  əлдеқашан 
дəлелденген. 
«Алмас қылыш» романында халықтың тарихтағы шешушi ролi көрiнген 
деп  санаймыз.  Кiтапта  тап  қайшылығы,  халықтың  тарихи  орны  айтылмаған 
деген айып та терiс. Əрбiр мəселеге тарихилық принциппен қарайтын болсақ, 
сонау XV ғасыр оқиғаларынан XX ғасырға тəн анық таптық күрес суреттерiн 
iздеуге  бола  бермейтiнiн  түсiнер  едiк. «Алмас  қылышта»  тап  тартысы  емес, 
хандар,  билеушiлер  арасындағы  тартыс  шындыққа  орай  алғы  кезекке 
шыққан.  Соның  өзiнде  автор  оқиғалар  мен  тұлғаларды  талдауға,  бағалауға 
таптық  тұрғыдан  келген.  Ең  маңыздысы-суреткердiң  дүниетанымы  мен 
критерийi таптық болуында ғой. Бұл мəселенiң бiр жағы. Онан соң романда 
езiлген тап адамдарының iсi де, күнi де бiрсыпыра байқатылғанын көрмеуге 
болмайды. Əбiлқайыр хан нақақтан жазалаған кедей жылқышы Орақты қалай 
ұмытамыз
?  Бұл  өте  үлкен  идеялық  жүк  көтерiп  тұрған  тұлға.  Орақ  тұлғасы 
романның  көп  жерлерiнде  қайталап  елес  берiп  отырады.  Орақты  қолдайтын 
кедей Қаптағай батыр ше!. Асан қайғының Бердiбек пен Əбiлқайырға арнап 
айтылған əрi нақыл, əрi қатал сын сөздерiнде нағыз халық өкiлдерiнiң талабы 
жатыр  ғой.  Дана  жырау  Асанның  Қазтуған  мен  Қотан  айтысына  төрелiгi  де 
халықтық сана нышаны. Кiтаптың екiншi бөлiмiнде бұл əйгiлi жыраулар тағы 
да  үлкен  елдiк  əңгiме  үстiнен  көрiнедi.  Жазушының  халық  ролiн  төтелеп 
ескертiп  отыратын  орайы  кiтаптың  өн  бойында  кездеседi.  Бiрiншi  бөлiмнiң 
эпилогында  бұл  мəселе  аса  елеулi  сездiрiлген.  Əбiлқайырдың  Моғолстанға 

 42
көшкен  Керей  мен  Жəнiбек  елiн  шабамын  деген  екпiнiн  қарауындағы 
халықтың наразылығы су сепкендей басады. 
Романның  кейбiр  көрнектi  кейiпкерлерiнiң  есімдерін  iлгерiде  атадық. 
Мұнда халықтың жақсы қасиеттерiн бойына дарытқан Қобыланды, Қазтуған, 
Қотан, Саян, Орақ секiлдi ұнамды бейнелер қатары бар. Бұлардың əрқайсысы 
өз  орнында  мəндi,  қызғылықты. «Алмасы  қылыш»  тек  мазмұнымен  ғана 
емес,  формалық  iзденiстермен  де  маңызды  шығарма.  Автор,  мəселен, 
Əбiлқайыр əулетiнiң əрiден келе жатқан үстемдiгiн, содырлы-сойқан iстерiн 
ретроспективтiк  əдiспен,  өткендi  шолу  ретiмен  мəлiмдейдi.  Жүздеген 
жылдарға  созылған  Шыңғыс  хан  үрiм-бұтағының  озбырлық  саясатын, 
тынымсыз  талас-тартысын  қайта  елестету  үшiн  дəл  осындай  тəсiл  оңтайлы 
келген. 
Ілияс Есенберлиннiң «Қаһар» (1969ж) атты романы қазақ əдебиетiнде 
тарихи  тақырыпты  игеру  тереңдеп  келе  жатқанын  əйгiлейтiн  шығарманың 
бiрi.  Мұнда  өткен  ғасырдың 30-40 жылдарындағы  Кенесары  Қасымов 
бастаған  қозғалыстың,  сол  оқиғаға  қатысты  түрлi  топтардың,  адамдардың 
жай-күйi  əңгiмеленедi.  Автор  сөз  болып  отырған  заманның  əлеуметтiк, 
экономикалық,  саяси  ақуалын,  қозғалыстың  себебi  мен  салдарын  зерттей 
келiп,  солардың  диалектикалық  көркем  шындығын  көрсетудi  мақсат  еткен. 
«Қаһарды»  оқып  шыққанда  жазушы,  жалпы  алғанда,  жұртқа  белгiлi  тарихи 
оқиғалардың  хронологиялық  iзімен  жүрiп  отырғандығын  аңғарамыз. 
Сонымен  қатар,  мұнда  көркем  шығармаға  ғана  хас  көп  əсерлi  ақиқаттарды-
адамдардың күйiнiш-сүйiнiшiн, арманы мен өкiнiшiн, ықыласы мен мұратын, 
кейiпкерлер тарихы мен тағдырын табамыз. 
«Қаһарда» патша отаршылдарының қысымына наразы елдiң қозғалысы, 
халықтың  осындай  серпiнiн  пайдаланып,  қазақ  даласында  тəуелсiз  хандық 
орнатуды  мақсет  еткен  Кенесарының  кектескен  сұлтандар  мен  патшалық 
бекiнiстерiне  шабуыл  жасап,  ата-бабасынан  мирас  болып  келе  жатқан  билiк 
пен  бедел  үшiн  жанталасып  күресуi,  патша  өкiлдерiмен  тiл  табуға,  мансап 
иелеуге  тырысуы,  монархистiк  талабы  өтпеген  жерде  сойқан  iстерге  баруы, 

 43
бұл  жолда  халықтың  тағдырымен  есептеспеген  қаталдығы,  мұның  соңына 
ерген  елдiң  күйзелiске  ұшырауы,  сарсаңға,  азапқа  түсуi,  Кенесары 
дұшпандарының  ұйымдасқан  iс-əрекетi,  сан  алуан  адам  мiнездерi 
көрсетiлген.  Автор  тарихи  адамдардың  талай  тайталас  күрестерiн  нақтылы 
көрсету  арқылы  үлкен  шындыққа - Қазақстанның  тағдыры  Россиямен 
ынтымаққа, бiрлiкке байланысты екенiне бұлтартпай сендiредi. Шығарманың 
түпкi терең идеясы осы деп бiлемiз. «Қаһар» романында Кенесарының жəне 
оның  сенiмдi  серiктерi-ру  басыларының,  батырлардың  өмiрi  мен  iс-əрекетi 
мол шындығымен көрiнген. Əсiресе, Кенесары тұлғасы анықтыққа жеткенiн 
атап  айту  керек.  Суреткер  кейiпкер  басындағы  шытырманды  ашып  көрсете 
алған. Халықтың патшалыққа қарсы күресiн өзiнiң мансабы үшiн пайдалана 
бiлген,  хандық  тағы  үшiн  қандай  құрбандықтан  да  тайынбайтын 
Кенесарының  қайшылықты  келбетi  көрiнген.  Оның  барлық  қайраты  мен 
қабiлетi осы мүддесiне жұмсалғанын бiлемiз.  
Автор Кенесарының жеке басындағы ерлiк пен парасатты бiрнеше жерде 
көрнектендiрiп  аңғартады.  Ол  Саржан,  мен  Есенкелдiнiң  құшбегi  Бегдербек 
қолынан қапыда мерт болғанын есітiп «Ташкенттi шабу керек» деген Қасым 
төренiң  тiлегiн  iштей  қабылдай  тұрса  да,  соғысқа  шығуға  ертерек  екенiн 
түсiнiп,  жоспарды  кейiнге  қалдырады.  Ақмола  бекiнiсiн  алғанда  көрсеткен 
ерлiгi,  баласы  Садықтың  батылдығын  сынаған  тұсы,  өзiне  ерген  баһадыр 
ерлердiң  бiрi-Байтабының  көңiлiн  риза  ету  үшiн,  Наурызбайдың  қолындағы 
құсты аттырып, билiк айтуы сияқты тұстар бұған дəлел. 
Патшаның  əскерімен  соғысып,  оны  жеңе  алмайтынын  анық  біле  тұра, 
Кенесары  күресті  тоқтатпай,  соңына  ерген  елді  азапқа,  үмітсіз  сергелдеңге 
душар  етуі,  азып-тоздыруы  айқын  суреттелген.  Кенесары  бастаған 
көтерілістің  белгілі  батырлары:  Ағыбайдың,  Иманның,  Басықараның, 
Жанайдардың, Бұқарбайдың ерлік эпизодтары да айтылып отырған. 
Романда  Россия  патшалығының  əр  дəрежедегі  өкілдерінің  де  бейнелері 
бар.  Солардың  ішінде  əсіресе,  Қоңырқұлжа  Құдаймендеұлының  халыққа 
қаны  қас  мейрімсіздігі  мен  мансап  үшін  арын  сататын  армзалығы  анық 

 44
таңбаланған.  Жеке  өмірінде  азғындықтың  шегіне  жеткен  бұл  адам  Омбы 
генрал губернаторының сеніміне ие болып, көп елді күшпен, айламен ұстап 
тұрған.  Қоңырқұлжаларда  халық  қамы,  обал-сауап  деген  болмайды. 
Қарнының  тоқтығы,  киімінің  жылтырақтығы,  нəпсіқұмарлық,  биік  мансап – 
олардың  ең  шырқау  нысанасы.  Осы  үшін  олар  елдің  бас  көтерер  адамын 
қаралап  ұстап  береді,  лауазым  үшін  халық  мүддесін  сатып,  кез  келген 
опасыздыққа  барады.  Жазушы  патша  үкіметінің  өзіне  тірек  еткен  əкімінің 
жексұрын,  жиынтық  типін  жасай  алған.  Қоңырқұлжаның  əйелі  Зейнеп, 
баласы Шыңғыстың қылықтары да олардың сырын аша түседі. 
«Қаһар»  романында  тарихи  шындық,  қаһармандар  келбетi  нанымды 
мүсiнделгені  туралы  берiлген  бағаға  қосылуға  болады.  Мұнда  халықтың 
азаттық жолындағы күресiн, ересен ерлiгiн бейнелейтiн жарқын беттер мол. 
Автор  бiр  жағынан  бостандықты  аңсаған,  бiрақ  оған  жетуге  жағдайы  жоқ 
халықтың  басындағы  трагедияны  таныстыра  алған.  Шындығында  да,  бұл 
жерден, еркiндiктен айрылған қазақ елiнiң стихиялық бұлқынысы, аласұрып 
айбат  шегуi,  тұяқ  серпуi  туралы  хикая.  Шығарманың  бас  қаһарманы-халық. 
Қозғалысқа  күш  берген,  оны  ондаған  жыл  бойында  қазақ  жерiнде  қаһарлы 
күшке,  бастиондық  алаңына  айналдырған  құдiрет  те  сол-халық.  Кенесары-
буырқанған  халық  қайратын  өз  мақсатына  пайдалануды  көздеген, 
Қазақстанды  оңашалауды  аңсаған  жан.  Бiрақ  тарих  дөңгелегiн  керу  бұруға 
болмайтын  едi.  Россияның  күшi  жалғыз  Кенесары  емес,  ондаған  хандардың 
да ниетiн жүзеге асырмайтын кезеңге жеткен. Қозғалыстың қанды қырғынды 
бастаушылардың басын жұтумен бiтуi сондықтан. 
Қазақ  тарихындағы  iрi  қозғалыстың  iшкi  тетiктерiн  саралап  көрсетiп, 
сарқып  айта  бiлуi,  көптеген  кейiпкерлердiң  жанды  тұлғасын  жасауы-
жазушының  творчестволық  батылдығын, iзденгiштiгiн  сипаттайды.  Бұл 
роман  қазақ  əдебиетiнде  тарихи  тақырыпты  меңгеру  жолындағы  ұнамды 
құбылыс.  Атап  көрсетерлiк  бiр  нəрсе - автор  қазақ  даласында  орыс 
мəдениетiнiң  дəмiн  татып,  Россияшыл  бағытта  өсiп  келе  жатқан  күштердiң 
бар  екенiн  де  жүйелi  əңгiме  еткен.  Жас  жiгiт  Есiркеген  ойлары  жас  буын 

 45
қауымның  аңсарын  аңғартады.  Жалпы  алғанда,  І.Есенберлиннiң  «Қаһар» 
романы  бұл  кезге  дейiн  əдебиетте  жеткiлiктi  айтылмаған  тарихи  оқиғаның 
iшкi сырына тереңдеп бару ниетiнен туған, халықтың азаттық үшiн басталған 
қозғалысының аяғы Кенесарының монархистiк күресiне ұласып, трагедиямен 
тынуы,  қазақ  жерiн  ондаған  жылдар  бойында  дүрлiктiрген  қанды  оқиға 
жайында  хикая.  Мұның  өзi  тарихи  тақырыпты  игеру  əдебиетiмiздiң 
тартымды да тұрақты тенденциясына айналып келе жатқандығын бiлдiредi. 
Кейбiр  шығармаларды  талдау  мен  бағалауға  едəуiр  қиындық  əкеледi. 
Мұның  себебi  олардың  құрылысы,  жалпы  бiтiмi,  оқиғалар  жүйесi, 
кейiпкерлер қатары мүлде тосындықтан, айрықша өзгелiктен секiлдi.  
Осындай  шығармалар  тобына  жазушы  Ілияс  Есенберлиннiң 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет