Қорытынды Қорыта айтқанда, ауызша есептеу математика сабағында өте тиімді. Сабақта оқушылардың ойлау қабілетін дамытады, есеп шығарғанда орындайтын амалдарды ойша шешіп алуға дағдыландыра отырып, шапшаң тез есептеуге сонымен қатар логикалық ойлаудың дамуына жол ашады.
Жоғарыда айтылып өткендей оқыту процесінде бір-бірімен тығыз байланысты оқулықтардың, көрнекі құралдардың және оқытудың техникалық құралдарының тұтас жиынтығы пайдаланылады. Олардың ішінде ең маңыздылардың бірі — әр сыныпқа арналып жеке-жеке басылатын «Дидактикалық материалдар». «Дидактикалық материалдар» ең алдымен курс бойынша орындалатын жаттығулар мен сабақтарда орындалатын әр түрлі жұмыстарды ұйымдастыруда мұғалімге елеулі көмек көрсетеді. Сонымен бірге, сабақ үстінде топтық немесе жеке-дара жұмыстар орындағанда, үлгерімі төмен немесе жақсы оқитын оқушылармен жеке жұмыс жүргізгенде, бақылау жұмысын ұйымдастырғанда; сондай-ақ оқушылардың әр алуан категорияларымен жұмыс істегенде «дидактикалық материалдар» кеңінен пайдаланылады.Оқушылар сабақта, ойын үстінде, ойлау, өлшеу, есептеу, табу, зерттеу жұмыстарымен шұғылданады.
Оларды ұштап, жетілдіріп отыру мұғалімнің міндеті деп білеміз. Бастауыш сыныптарда математика пәнін оқытуда баланың ой-өрісін дамытып, бағдарламада өтілген негізгі материалдарды практикада қолдана білуіне, оқушылардың сабаққа деген ынта-ықыласын арттыруына, өткен материалды өз мәнінде толық игеруіне мүмкіндік жасайтын тәсілдердің ішінде дидактикалық ойынның мәні зор. Сабақта өтілген метериалға сәйкес дұрыс жүргізілген дидактикалық ойындар оқушылардың сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттырып, тақырыпты дұрыс меңгеруіне ықпал тигізеді.
Математика – ұлы ғылым, адам ақылының ең бір асыл қабілеттерінің тамаша жемісі. Шәкірттерді білім нәрімен сусындататын, өмірдің асулары мен шыңдарына қажымай-талмай шығуына алғашқы жол нұсқаушысы – ұстазы.
Оқушылардың ұлы ғылым саласынан сапалы білім алуы тікелей мұғалімге байланысты. Яғни, мұғалімнің сабақ барысында оқушыларға білім беру мақсатымен жүргізілетін жұмыс түрлеріне. Бұл жұмыс түрлері әр сабақта қолданылып отырса оқушының білім сапасының ойдағыдай деңгейде нәтиже беретініне үлкен үміт артуымызға болады. Бастауыш сыныпта математикадан оқушылардың білім деңгейін арттырудың жолдарын қарастырдық. Онда ауызша есептеуге үйрету тәсілдеріне; өз бетімен жұмыс істеу машықтарын қалыптастыруға; көрнекі құралдарды пайдалану жүйесіне; дидактикалық материалдарды орынды ретпен қолдануға тоқталып өттік. Осылардың барлығы оқушы санасына жеткізе білу мұғалімнің профессионалдық шеберлігімен, іскерлігімен тікелей байланысты, «ана — өмір тұтқасы» болса, «ұстаз – мектеп тұтқасы» десек артық айтпаймыз.