Белгісіз шығармалары немесе
Шымкенттегі жылдар
1926 жылдың июнінде Жүсіпбек Шымкент қаласына
ауысып, ондағы Сырдария губерниялық Қазақ педтехни-
кумы мен ауыл шаруашылық техникумына оқытушы бо-
лып қызметке тұрады /311/. Негізгі жұмыс орны педтехни-
кум болған. Үйткені, архив құжаттарының көрсетуінше,
қаламгер Шымкенттегі Қазпедтехникумның 1926 жылғы
2-июніндегі №2442 арнайы шақыртуы бойынша келіп, №74
бұйрықпен қызметке кіріскен /312/.
Сол жылдары педтехникум директоры С.Садықбеков,
ауыл шаруашылық техникумының директоры Ә.Ерімбетов
болыпты/313/. Жүсіпбек Аймауытұлы техникумдармен
қатар аймақтық курстарға да дәріс оқыған көрінеді/314/.
Ресми түрде 1920 жылдың 20-сентябрінде ашылған
Сырдария педагогикалық техникумын 1925/26 оқу жы-
лында 9 адам бітірген екен/315/. Сол кездегі директоры
Е.Садықбеков пен оқу бөлімінің меңгерушісі А.Шемелевтің
1925/26 оқу жылына арнап губерниялық оқу бөліміне бер-
ген ұзақ есебінде техникумның материалдық жағдайы
тәуір еместігі, 10-12 мың сомға жөндеу жұмысы жүргізілуі
керектігі, оқытушылардың еңбекақысы төмен екендігі,
сол себепті косымша жұмыс іздеуге мәжбүр болатыны,
курсанттарға азық-түлік, киім-кешек жетіспейтіні айты-
лады /316/.
Осы есептен мынадай жолдарды оқуға болады: «2)
Драма үйірмесі жетісіне бір рет, бейсембі сайын кешкі
7-ден жұмыс істейді. Үйірме жұмысы: мәнерлеп оқу, ән
салу, декламация, әңгіме айту, инсценировка. Орталық
жұмысшылар клубында 2 рет тегін спектакль, концерт
қойылды. Оның бірі Қазан оқиғасын мерекелеуге орай
159
қолға алынған. «Рәбиға» пьесасы қойылды және үлкен та-
быспен өтті. Қойылым пьесаның авторы Аймауытовтың
өзінің (техникум оқытушысы) тікелей жетекшілігімен бол-
ды».
Міне, осы сөйлемдерді оқи отырып, Жүсекеңнің қайда
жүрсе де, әдебиеттен, баспасөзден, өнерден қол үзбейтін
қажырлы, қуатты жан болғанын тағы бір рет аңдауға бо-
лады. Сондай-ақ оның осындай пьесаларының жер-жерде
қойылып жүргенін де еске алған жөн. Мәселен, 1927 жылы
Қызылордадағы «мемлекет театрында бүгін, пебралдың І7-
і, бейсембі күні Жүсіпбектің «Шерниязы» қойылады. Бе-
лет күндізгі сағат 4-тен кейін сатыла бастайды. Ойын дәл
кешкі сағат 8-де басталады. Тиатр басқармасы» /317/ деп
жазады 12500 данамен тараған «Еңбекші қазақ» газеті.
Техникумда үш үйірме болса /316/, драма үйірмесін
Жүсіпбек жүргізгенін байқадық, ал үрлемелі музыка
оркестрін құруға мұрындық болған музыка үйірмесіне
А.Посейпал жетекшілік етсе керек. Оны «Бардың жоғы
болмайық» деген мақаласында Аймауытұлының өзі былай
деп жазады: «Ондай аспапты тарта білетін, үйренген қазақ
жастары жоқ па? Қайда?! Шымкентте, қазақ техникумінде.
Мұнда үш-төрт жылдан бері соңына түсіп, үйреніп шыққан
қазақтың балалары бар... Бұларды үйретуші кім десеңіз,
Антон Антоныш Посейпал деген шеқаслабак жұртының
азаматы. Оның тартпайтын аспабы жоқ, жазбайтын ән-күйі
жоқ... Затаевичтің жазған ән-күйлерін әркестрге тартқызып
жүр. Өзі музыкеге берілген, жаны да музыке, адамшылығы
да зор жігіт. Затаевичтен соңғы бір мақтаулы еңбектің ері
– осы» /318/.
Әріптесі жөнінде көсемсөзші ағынан жарылып,
мақтаулы пікір айтып қана қоймайды, «Посейпалды да
қазақ театрына алдырып ап, күй мектебі, ең болмаса
160
үйірмесі (кружогі) ашылатын болса, соған үйретуші, бас-
шы қылу керек деймін» /318/ деп ұтымды ұсыныс жасай-
ды. Бұл арада қазақ мәдениетін жоғары сатыға көтеруге
жастайынан ұмтылған Жүсіпбектің театр үшін үрлемелі
оркестрдің де керек екендігін айтып, құлаққағыс қылуды
ұмытпағанына сүйсінуге болады.
Бұл жылдары (1927–1929) оның сонымен қатар
«Оқытушылар мен кәсіпшілер қозғалысы», «Жаңа әліпті
тез үйрету жолы», «Жаңа әліпби қозғалысы», «Қазақстан
ағарту қызметкерлерінің III съезіне», «Құтты болсын»,
«Тілшілер не жазу керек» және т.с.с. бірқатар мақалалары
жарық көрген.
Шымкенттегі педтехникумда сабақ берген он жеті
оқытушының үшеуі ғана қазақ екенін, соның бірі
Жүсіпбек Аймауытұлы болғанын айта кеткен артық бол-
мас /319/. Июнь айында қызметке алынған ол Сырдария
губерниялық оқу бөлімінің 1926 жылғы 16-сентябрьдегі
№96 бұйрығы бойынша жаңа оқу жылында жұмысқа
кіріседі/320/. Білікті педагог өз бойындағы білім мен
тәжірибені шәкірттерімен бөлісіп, техникумдағы
қызметіне де жауапты қараған. Мәселен, 1927/28 оқу
жылында қазақ тілі мен әдебиетінен және Мемлекеттік
оқу кеңесінің (ГУС) бағдарламасы бойынша қазақ тілі
әдісінен дәріс оқыған Аймауытұлының жылдық оқу
сағаты 316 болыпты. Оның 33-ін сырқаты бойынша
өткізе алмағаны болмаса, сабағына еш кешікпеген /321/.
1928/29 оқу жылында 648 сағаты болған екен /322/.
1927/28 оқу жылында Жоспарлау комиссиясының
қаулысы негізінде педтехникумның директоры болып
Ж.Нұрбеков тағайындалады /323/. Бұл жігіт – 1927 жылы
Ташкенттегі Қазақ институтын бітірген, мұғалімдік стажы
үш жыл ғана болған, ВКП(б) мүшелігіне өткен, Жүсіпбектің
161
өзінің шәкірті екен /324/. Мұны мысалға келтіріп отырған
себебіміз – совет өкіметінің қырағы басшылары мен арнау-
лы мекемелерінің бір кезде Алаш Орда баспасөзінде қызмет
еткен қазақ зиялыларына жоғары лауазымды қызмет
бермегеніне оқырманның көзін тағы бір мәрте жеткізу.
Бірқатар зерттеулерде Аймауытұлының Сырдария пед-
техникумына директор болған деген жаңсақ мәлімет бар
/325/, архив құжаттары оны теріске шығарып отыр.
Жүсекең 1926–1928 жылдары Шымкентте тұрып
жатқанда сол шаһарда оқып жүрген көкөрім қазақ бала-
лары оның қасынан табылады екен. «Ол жас қауым үшін
өте сүйкімді жан болды» деп еске алады кейін, 1988 жылы
қарт ақын Әбділда Тәжібаев. Бауыржан Момышұлы екеуі
бозбала күндерінде Мұратбаев атындағы интернат-
та қатар тәрбиеленген екен, сол жылдары Жүсіпбектің
көзін көрген жастардың бірі – осы кісілер. «Техникумнан
босаған кезінде Аймауытов біздің оқушыларға да соғып,
кездесіп, істеп жатқан істерін айтып тұратын. Жүсіпбек
– әңгіме, очерк жазуда да оқшау көзге түскендердің
бірі. Он саусағынан өнері тамған, домбыраның неше
түрлі шешендерін жасаған, көк салылап саптамалы етік
тігетін, күміспен, жезбен әшекейлеп ер-тұрман жасайтын
Жүсіпбек жастарға бұл өнерлерін де көрсетіп отыратын»
деп жазады Ә.Тәжібаев «Есімдегілер» деген кітабында
(Алматы, «Жазушы» баспасы, 1993 жыл).
1928 жылдың 21-апрелінде педтехникум оқытушысы
Жүсіпбек Аймауытұлы Оқу комиссариатының Ғылыми-
әдістемелік кеңесіне өзі жасап, жүйелеген, «Ана
тілі әдістемесінің қысқаша конспектісін» жолдайды.
Конспектінің басындағы қысқа ғана түсініктемеде ол
өз қолымен орыс тілінде былай деп жазған: «Сіздердің
11.04.28 ж. жазылған №2274 ұсыныстарыңызға орай (Гу-
162
бОНО арқылы 14.04.28 ж. қолыма тиді) бір жеті уақыт
ішінде маған тапсырылған «Ана тілінің оқыту әдісі»
тақырыбында қысқаша конспектіні асыға жолдап отыр-
мын. Баспасөзге лайық қолжазбамды биылғы 15-майға
дейін жіберуге тырысамын. Бұл конспектіні бағыт-бағдар
ретінде тануларыңызды сұраймын» /326/.
Осы үзіндіден қаламгердің өзіне сеніп тапсырылған іске
аса жауапты қарайтынына тағы куә боламыз. Оның ана тілі
әдістемесіне арналып орысша жазылған осы конспектісіне
Оқу комиссары О.Жандосов пен оның ғылыми қызметкері
Т.Шонанов бірқыдыру ескертпелер келтіріп, бағдарламаға
сай жазылса деген тілектерін білдіріпті /327/. Жүсекеңнің
осы тақырыпқа кейін тоқталып, ерекше пікірлер келтіріп
жазған «Ана тілінің оқыту әдісі» деген ғылыми-зерттеу
еңбегі бұдан кейін біраз уақыт өткен соң «Жаңа мектеп»
журналында жарық көреді /328/.
Шымкентте де ол өзінің шығармашылық күш-қуатын
толық байқатты. Мұнда оның әйгілі «Ақбілек» романы жа-
зылды /329/, /330/. Жалпы, осы 1927-28 жылдары қаламгер
бұдан басқа да әлденеше көркем шығарма жазыпты.
Осы орайда біз еліміздің Орталық мемлекеттік
архивінде сақталған, 81-қордың 1-тізіміндегі 1394-істен
алынған құнды мәліметтерді келтірмекпіз, үйткен
себебіміз, мұнда Жүсіпбек Аймауытұлының осы күнге
шейін белгісіз болып келген көркем шығармалары атала-
ды. Құжаттардан рет-ретімен үзінділер алған жөн шығар.
Әуелгісі: «14.04.1928 ж. №2319 қатынас қағаз. Сейфул-
лин жолдасқа. Сізге Аймауытовтың «Қол дорба» және
«Оянған Асан» атты қолжазбаларын жолдай отырып,
Ғылыми-әдістемелік кеңес (НМС) олардың балаларға
жарайтындығы, қай жасқа лайық екені жонінде жазба-
ша пікір беруіңізді сұрайды... Оқу комиссариатындағы
163
НМС ғылыми қызметкері Шонанов» /331/. Сол күні дәл
осындай мәтіндегі, осы мекеменің Т.Шонанұлының қолы
қойылған қатынас қағазы «Ауыл тілі» газетінде істейтін
Б.Майлинге де жолданыпты. Онда да Ж.Аймауытұлының
балаларға арналған «Түлкі, қасқыр, түйе» және «Екі
еріншек» атты қолжазбаларына жазбаша пікір білдіру
сұралған /332/. Міне, осы аталған қолжазбалар жеке жинақ
болып шықпаған, баспасөз бетінде жарық көрмеген және
олардың кейінгі тағдыры да жұмбақ күйде, белгісіз бо-
лып отыр. Жүсекеңнің сондай шығармаларының тағы бірі
«Мәскеу мен Қырымға жолаушылық» деп аталады.
Оны бізге көрсеткен құжаттың мазмұнын сол күйінде,
түпнұсқадағы орыс тілінде оқыған дұрыс деп тауып,
оқушы назарына ұсынамыз: «5.05.1928г. №2119. Чимкент.
Педтехникум. Тов. Аймаутову. Научно-методический со-
вет (НМС) протоколом №9 от 4.04.28г. решил издать по
плану 1928г. Вашу рукопись «Путешествие в Москву и
Крым» с тем, чтобы Вы пополнили часть, описывающую
Москву и по возможности сократили часть о Крыме в ин-
тересах пропорциональности части и дачи более полного
представления о революционно-культурном центре – Мо-
скве. В частности у Вас отсутствует описание Музея рево-
люции в Москве, современной техники и жизни в крупных
организациях и учреждениях. НМС просит переработать в
указанном направлении рукопись и срочно выслать НМС
для отпечатания. Председатель НМС Сайдалин, научный
сотрудник Шонанов» /333/.
Осы құжаттан біз жазушының тағдыры белгісіз тағы бір
шығармасын білдік және оны оқи отырып, сол кезеңдегі
совет цензурасының бас бұрғызбайтын қатал екенін де
аңғаруға болады. Әрбір шығармаға большевиктік идео-
логия тарапынан қарап, қатаң сүзгіге алған өкіметтің тар
164
құрсауында бауырын жазып бір көсіліп шаба алмаған,
алаңсыз отырып бір жаза алмаған қайран Жүсекең...
Алаш Ордаға қатысы бар-ау деген азаматтарды көгендеп
әкеткен 29-дың қызыл репрессиясына ілікпей тұрып-ақ
соңғы жылдарда жазған шығармалары жоғалып кеткен
Жүсіпбек Аймауытұлының ұлт руханиятына бергенінен
берері көп болған қалам иесі болғанын жан дүниеңізбен
сезесіз.
Жазушының балаларға арналған «Көк өгіз» деген
кітапшасы сақталған /334/. Мұнымен бірге бір баспа табақ
көлемінде «Кемпір мен шал» ертегісі 1928 жылы баспаға
берілгенін, басуға рұқсат етілгенін анықтадым /335/, ал енді
оның кітап болып шыққан-шықпағаны белгісіз. Смағұл
Сәдуақасовқа берген анкеталық жауабында қаламгер
жоғарыда айтылған «Мәскеу мен Қырымға жолаушылық»,
«Көк өгіз», «Шал мен кемпір» кітаптарымен қатар
«Ақбілек» романын, «Үш қыз» ертегісін, «Дәмелі» романын
(аударма), «Өрбике» жинағын (К.Берковичтің 6 әңгімесі),
«Бақылаушы» (Гогольдің «Ревизорынан» тәржіма) пьеса-
сын баспаға бергенін айтады /14/. Өкінішке қарай, бұлардың
бәрі өз заманында кітап болып шықпағанын тағы бір ескер-
те кеткім келеді.
1928 жылдың октябрь айында Аймауытұлы педтех-
никумдағы оқытушылық қызметінен өз еркімен босап, сол
кездегі ел астанасы Қызылордаға ауысады. Оны дәлелдейтін
құжатты толық келтірген жөн деп білеміз: «Қазақ Оқу ко-
миссариатына. Сырдария педтехникумінде қазақ тілі,
қазақ әдебиеті және ГУС бағдарламасының (қазақ тілінде)
оқытушысы болып соңғы уақытқа шейін Аймауытов істеп
еді. Оның Қызылордаға кетуімен педтехникум оқытушысыз
қалды. Ауыстыратын адам жоқ. Жағдай өте қиын. Бұл пән
бойынша оқытушының жоқтығы қызыл педагогтерді даяр-
165
лауда кесірін тигізбей қоймайды. Сондықтан жоғарыдағы
пәндерді өзіне ала алатын қазақ мұғалімін іссапармен
жіберулеріңізді өтініп сұраймыз. Партияға мүше болса,
дұрыс болар еді. Аймақтық Оқу бөлімінің меңгерушісі
Құлжанов. 31-октябрь, 1928 жыл /336/. Педтехникум-
нен Жүсекеңнің не себепті кеткені белгісіз, десе де, осы
құжаттан-ақ оның педагогика саласындағы зәру маманның
бірі болғанына тағы бір көз жеткізуге болады.
Арада алты ай өткен соң Совет империясының
большевиктік жазалау мекемелерінің «қырағылығы»
нәтижесінде, отқа май құятын Голощекиннің Қазақ ре-
спубликасында жасаған саяси террорының дүмпуімен
ұлы суреткер, қазақтың классик жазушысы Жүсіпбек
Аймауытұлы 1929 жылдың 14-майында Қызылорда
қаласында тұтқындалып, Мәскеудің Бутырка түрмесінде
1930 жылдың 21-апрелінде атылып кетеді... /337.Б.64/.
(Осы жерде НКВД басшысы Ежовтың 1921 жылы Семей
совдепінде қызмет еткенін, сол кезден Жүсіпбекті білетінін
еске түсірген артық болмас...).
166
Жүсіпбектің 1925 жылы КИНО-да сабақ бергені және ұлы
Бектұрдың Үлгілі мектепте оқығаны жөніндегі куәліктер
167
Ж.Аймауытұлын 1924 жылдың 11-октябрінде
Қазақ ағарту институтына ана тілінің оқытушысы етіп
тағайындау туралы бұйрық
(ӨР ОМА, 372-қор, 1-т, 61-іс, №20)
168
Жүсіпбектің Мұғалімдер семинариясында
оқып жүргендегі табелі
(ҚР ОМА, 503-қор, 1-т, 22-іс, 176-бет)
169
Шымкент Қазпедтехникумінде толтырған жеке іс парағы
(ОҚ ОМА, 147-қор, 1-т, 33-іс)
170
Шымкент Қазпедтехникумінде толтырған жеке іс парағы
(ОҚ ОМА, 147-қор, 1-т, 33-іс)
171
«Ақ жол» газетінің халық ағарту институтына
Жүсіпбекті «Ақ жол» тілшілері конференциясына
қатысуға босатуды сұраған хаты
(ӨР ОМА, 372-қор, 1-т, 67-іс, 81-бет)
172
Жүсіпбек Аймауытұлының ұлы Бектұр ақсақал және
Нұржан Қуантайұлы
173
ІІІ бөлім
көсемсөз шығАрмАлАрының
жАнрлық, фОрмАлық және
стильдІк ерекшелІктерІ
Қазақ көсемсөзінде очерк жанрын
қалыптастырушының бірі
Көсемсөзші шығармашылығының кез келген коғамдық-
саяси және әлеуметтік дүниеге барынша қоян-қолтық
араласып, мүмкіндігінше өзекті мәселелерді терең
қарастыруға тырысатыны мәлім. Көсемсөздің бірқатар
белгілі зерттеушілері терминнің өзін әрқалай негізде
қарастыра келіп, публицистиканы әдебиеттің бір туын-
дысы және шығармашылықтың бір түрі ретінде жеке
зерттеуді ұсынатыны да рас/338.Б.55/. Бұл тарапта те-
оретик В.Здоровеганың «Тар мағынасында алатұғын
болсақ, публицистиканың өзі – айқындалған әрі өзіне
тән ерекшеліктері және ішкі заңдылықтары бар әдеби
шығармашылықтың өзгеше түрі»/339.Б.14./ деп баға беруі
де публицистика саласының жеке ғана талданып, сарала-
нып қана қоймай, ауқымы әдебиеттен алыс кетпейтіндігін
аңғартса керек.
Кестелі сөздің шебері Жүсіпбек Аймауытұлының
қазақтың прозасына «Ақбілек», «Қартқожа», «Күнікейдің
жазығы» іспетті өзгеше бітімді, өрнегі мол, кесек туынды-
лар беруімен қатар, қаламы жүйрік көсемсөзші ретінде өз
174
тұсында жұртқа кеңінен танымал болған. Және бұл рет-
те Жүсіпбектің көсемсөз мұраларын оның шоқтығы биік
әдеби шығармаларынан бөлектеу мүмкін емес екеніне
назар аударған жөн. Мәселен, оның «Елес», «Әнші»,
«Жаңабайдың жанындагы трагедие», «Жидебайдың баян-
дамасы» және тағы сол тәрізді 1924–1925 жылдары жазылған
әңгімелерінің өзінен көсемсөздің лебін сезесіз. Осы кезеңде
«Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Қазақ тілі» газеттерінде,
«Жас қазақ», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан»,
«Әйел теңдігі» журналдарында және басқа да басылым-
дарда әңгімелерімен бірге көсемсөз дүниелері көптеп жа-
рияланып тұрған. Оны сол кезде (1925 жылы) «Лениншіл
жас» журналы редакторының орынбасары болып жаңадан
қызметке келген жас Б.Кенжебаев та кейін: «Тегі, ол кезде
Жүсіпбектің түрлі мәселелер жөнінде жазған мақалалары,
түрлі тақырыпты сөз ететін очерктері мен әңгімелері газет-
журналдарда тіпті көп шығатын еді»/340/ деп растайды.
Көсемсөз мұрасын зерттей отыра, Аймауытұлының
сол жылдары әсіресе очерк жанрына, соның ішінде
портреттік очерктерге жиі қалам тартқандығын аңдадық.
«Ақ жол» газетінде жарық көрген «Қойшы Тастамақ»,
«Жидебайдың баяндамасы», «Қырсықты Сүлей» сияқты
көркем очерктерінен қаламгердің шығармашылық
қуатының бір қарымын байқауға болады.
«Очерк төңірегіндегі айтыс әлі күнге тоқталған жоқ,
ол келешекте де жалғасы беруі мүмкін...» /341/ деген
пікірді де естен шығармай отырып, «Очерк дегеніміз
– заманындағы құбылыстар логикалық, рационалдық
және эмоционалдық-бейнелеу тәсілдерінің біртұтас жо-
лымен адам немесе қоғамдық өмір концепциясының
белгілі бір негізінде шешілетін көркем публицистикалық
жанр» /342.Б.191/ деген тұжырымға сүйенсек, Жүсіпбектің
көркем публицистикалық очерктері XX ғасырдың 20–29
175
жылдар аралығындағы қазақ өмірінің, заман келбетінің
қоғамдық, әлеуметтік сыпатын айқындап, дәл бере
алғандығын атап өтуге тиіспіз. Әсіресе қалың елдің за-
ман ыңғайын, дәуір лебін сезіп, әлеуметтік өзгерістерден
бейтарап қалмауын ойлап, жаңашылдыққа, сауаттылыққа
ұмтылуы – очерктердің басты нысаны.
«Портреттік очеркте көбіне-көп бір адамның образы
жасалатындығын»/342.Б.193/ ескерсек, мәселен, «Қойшы
Тастамақ» очеркінде автор басты кейіпкер – Тастамақтың
образын беллетристикалық сыпатта жан-жақты көрсете
алған. Тастамақ образы арқылы очеркші «әлеуметтік
теңдікті» ұран қылып көтерген совет өкіметінің алғашқы
жылдарында еңбегін жалдап күн көрген жалшылардың
бойкүйездіктен арылып, өз бетінше өмір сүруге қолы
жеткендігін көрсеткен... Әсілі, мұндай образдар Жүсіпбектің
көсемсөз немесе көркем шығармаларында аз ұшыраспайды.
«Тастамақ қой баққалы 40 жылдан асқан шығар. Қазір
жасы 70-ке таянды» деп басталады шағын очерк. Автор
қойшы шалдың жалшылықта өткен өмірін жаза келіп, одан
әрі былай жалғастырады:
«Бір жыл әпрел ішінде белуардан қар жауып, он
шақты күн жатып алып, мал жаман жұтаған. Сол жұтта
Тастамақтың қойы тып-типыл болды. Жалғыз Тастамақ
емес, елдің бәрі шығындалды. Алдында екі жүзден артық
қой қалған жоқ. Тастамақтан екі ұл, үш қыз туып еді.
Байдың ұлының желбас балаларымен өсіп, олар да нақұрыс,
жалқау, жаман болды. Тастамақты асырамақ түгілі, өздері
жанын сақтай алмай қаңғып кетті»/41.Б.175/.
Ақыры жоқшылыққа ұшыраған Тастамақтың екі ба-
ласы кәсіп қуып, өзі Дәндебай ауылының қойын бағуға
жалданғаны, кемпірінің өлгені әңгіме болады. Кәрі
қойшының мінезін көсемсөзші айрықша сыпаттайды:
«Бірақ Тастамақ малды иесіз жіберуге шыдамайды. Мал-
176
мен бірге туып, бірге өскен малшы болмаса, ауылда бір күн
жүре алмайды. Атқа мінбей Тастамақ қой соңынан жаяу
аяңдайды. Тасаң ашуы басылмай, айтқанға көнбейтінін
ауыл біледі. Сондықтан жазықты кісі жалынады, жалпая-
ды.
Тасаң қойға жаяу кеткенде атын жетектеп Сәрсенбай ар-
тынан барады. Төбенің басына отырып-отырып бір кезде
Тасаң атқа мінеді. Тастамақтың күндегісі – осы».
Очерк соңында еріксіз жоқшылық қамытын ки-
ген Тастамақ қойшының қой бағып жүріп, Алтынбай
жазығынан келе жатқан Жұман ұстаға жолыққаны айты-
лады. Жұман оған «жылқы жылы Есім бір биемді өлтіріп,
бермей кетіп еді, соған арыз беріп келем» дейді. Тастамақ
мұны естіп Есімде өзінің де ақысы бар екенін, бес жыл
қойын бағып, жарытымды ақы алмағанын айтады. Қазіргі
сот әділ екендігін естіп, Тастамақ та барып арыз береді,
сүйтіп, үш күннен кейін бір тайынша, бес қой өндіріп ала-
ды. Көсемсөзшінің бұл очеркте ел ішіндегі, әлі де бол-
са, қалмай келе жатқан қараңғылықтан, заңға жүгінбей
бос жүре беретін бойкүйездіктен арылуға шақыратыны
аңғарылады.
«Жидебайдың
баяндамасы»
атты
/41.Б.106-113/
көлемдірек шығармасында жұмысшы болуға барған,
сауаттылыққа талпынған қазақ жігітінің образын жасай-
ды. Қырдағы елден шыққан, әлеумет ісіне араласпаған
Жидебайдың қала шығып, ел көріп, жұмысшы болып,
әр түрлі жиылыстарға қатысып, белсенділік көрсетуін
очеркші нанымды етіп, шебер баяндайды. Жұмысшы
қазақтың образын жасаған алғашқы туындылардың
қатарында «Жидебайдың баяндамасы» очеркі ерекше орын
алатындығын да айта кеткен ләзім.
«Бір-біріне ұқсамайтын очерктің екі шеберін: Глеб
Успенский мен Ги де Мопассанды еске түсіріп көрелік.
177
И.С.Тургенов жазған «Аңшының хаттары» да форма-
сы жағынан очерк екенін көрсете кету керек болар»/343/
деп жазған М.Горький сөзіне зер салатұғын болсақ,
«Жидебайдың баяндамасы» да әңгімеден гөрі портреттік
очеркке анағұрлым жақынырақ екендігін аңдауға болады.
Очерктің өзінің негізгі аспектісіне сай екендігін көсемсөз
зерттеушісі Б.В.Стрельцовтың: «...прозашы тип жасайды,
оны кез-келген әлеуметтік топтың типтік әлпеті жөнінде
жалпы көрінісін индивид ретінде қалыптастыру жолымен
жасайды. Ал очеркші болса, өзінің әлеуметтік ортасының
негізгі типтік әлпетін көрсете алатын жеке адамды өмірдің
өзінен іздейді» /342.Б.194/ деп айтқан түйіні де дәлелдей
алады.
Мұнда да автор әуелі негізгі кейіпкерін таныстыру-
мен бастайды. Мұнда да беллетристика мәнері, баяндау
тәсілі алдыңғы бетке шыққаны бірден көзге түседі. Тіпті
Жидебайдың өзін суреттеуден бұрын оның ата тегінен
бері тартып, арғы бабасы Текебайдан тараған ауылдың
тұрмыс-тіршілігін, күн көрісін, әл-ауқатын, мінездерінің
ерекшелігін сыпаттайды. Оның бәрін баяндамай-ақ
«жолсоқты қылып шабарман атын ұстап мініп кететін, ау-
ылнайлар тайыншасын қуып кететін. ...Текебай ауылының
еркектері байлардың, болыстардың ауылына барып, ел
адамдарына ісі түсіп көрген емес. Баруға шаруасы да жоқ,
бір жағынан бата алмайды, қорынады, қорғалайды. Үйткені
шабарманы мынадай әпербақан болған соң болыстары
«пірғауын» деп есептейтін...» деген жолдарды мысалға
келтіргеннен-ақ Текебай ауылының ұсқынын көруге бола-
ды.
Бас кейіпкер туралы көсемсөз иесі былай деп жазады: «...
Жидебайдың жасы қырықты алқымдатып жүрсе де, білімі,
пікірі, аңқаулылығы, қорқақтығы 5 жастағы баланың аз-
ақ алдында еді. Саясат жағынан білетіні – шабарман, ау-
178
ылнай, болыс, одан арғыға миы жетпейтін». «Қойшы
Тастамақ» очергіндегідей емес, бұл шығармасында автор
басты образдың мінез-құлқын, характерлік ерекшелігін
жан-жақты, толымды суреттейді. Және характерлік сы-
патын айқындайтын нақты детальдар келтіру үшін ав-
тор өзінің шығармашылығындағы ерекшеліктердің бірі
– жылы юморға жүгінуден де қашпайды. Қаламгердің
қазақтың асыл сүйегіне біткен әзіл-қалжыңын
шығармаларына орынды келтіруі, қисынды кіргізуі –
оның өзіне тән үлкен шеберлігі екенін айтқан ләзім. Мы-
салы, Жидебайдың сауатсыздығын былай сыпаттайды:
«Білімі жөніндегі білетіні «құлхуалла», оның өзін де тілі
келмей «құл-қуалда ақет, алдағы құс қамет, бай дәулет
жап-жақын» деп өзінше бірдеңені былдырақтатын».
Оның үйленгенін де автор жылы юмормен баяндайды: «...
Өзінше қалыңдық ойнаған. Оның қалай адам сияқтанып
сөйлескенін де, қалыңдығымен қалай жуысқанын да
адам білмейді. Ол туралы Жидебайдың да, өзгелердің де
мағлұматы жоқ еді.»
Осындай аңғалдау, қорғаншақтау болып өскен момын
Жидебай «ауылнай совет» Көпжасарға орынбасар болып
сайланады. Орынбасар деген аты болмаса, жуас Жидебай
ел сөзіне араласуға, жұрт басқаруға бел шешіп, білек сы-
бана кірісуге батпайды. Сүйтіп жүріп, ауылнай жоқта бір
күн сайлау болып, оны басқаруға Жидебай шақырылып,
баяндама жасауға келгенде оның мұндайға ебі жоқ
екендігі байқалып қалады:
«– Кәне, жолдас! Баяндама жасайсыз! Шақырғанда неге
келмейсіз? Осындай қызмет бола ма екен? – деп мұрт зекіп
ұрысты.
...Жидебай дірілдеп, тәлтіректеп, көзі жыпылықтай
береді. Жұрт күтіп отыр. Дыбыс жоқ. Жидебай сілейіп тұр.
Аузына сөз келмеді. Жүрегі аузына тығылды. Аузын ашса,
179
бәрі бас салып ұстап алатындай көреді. Жидебай тұрып-
тұрып, әлден уақытта аузы кемсеңдеп, бет аузы тыржиып:
– Ағайлар-ау! Мен не жаздым?! – деп отыра кетті. Жұрт
ду күлді»/130/.
Осылай, баяндама жасауға да батылы бармаған бас
кейіпкер күндердің күнінде зауыт орналасқан қалаға жол
шегеді. Мақсаты – осы зауытта жұмыскер болып істейтін
бөлесін сағалап жұмысқа орналасу. Өзі ұста Жидебай бұл
жерден екі қолға бір жұмыс табылар деп үміттеніп келеді.
Зауытты көргендегі оның басына келген ойды қаламгер
былайша келтіреді: «Митыңды қара, митыңды! Сонау
митыңдарды қалай істеп, қалай орнатты десеңші! Орыс
иттің өзі бәлекет-ау! Соның басына шығарам деп жүргенде
біреуі құлап өлмей ме екен? Бәлекеттердің аяғына киіп
алатыны бар-ау деймін. Ділгірам ағашының басына
корықпастан өрмелеп шығып кетеді ғой. Басы айналмайды-
ау шіркіндердің! Өзіміз қазірет марқұмның тамын
соққанда кісі бойы қол ұсыным жерден зәреміз қалмаушы
еді... Тегінде бұлардың білетін бір дуасы бар шығар...
«Құлқуалда» емес қой. Там соққанда құлқуалданы айтсақ
та, көзіміз қарауыта берді ғой...» /41.Б.106-111/.
Зауытта ұста болып жұмыс істей жүріп Жидебай көп
нәрсеге көзі ашылады. Өзі сияқты жұмыскерлермен бірге
жиылысқа барып, топқа кіруді, сөз сөйлеуді үйренеді. Ең
бастысы – газеттің не екенін көреді. Үлкендер оқитын мек-
тепке кіріп, хат таниды. Оның қара танығанын, әріптердің
басын қосып оқығанын да көсемсөзші жеңіл әзілмен
суреттейді. Нанымды жеткізеді. Соңында жиылысқа кіріп,
ел ісіне араласып, ысылған, көзі ашық Жидебайдың баян-
дама жасағаны сөз болады.
Аймауытұлының «Қойшы Тастамақ» пен «Жидебайдың
баяндамасы», сондай-ақ «Өзгермесе бұ не?» /41.Б.142-145/,
«Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды»
180
/41.Б.137-139/, «Оралдан пойыз өткенде» /41.Б.161-163/ тәрізді
очерктері – ортақ тақырыптың аясына сыятын бір үндес, бір
сарындас туындылар. Олардың айтар ойы, сілтер бағыты
бір ғана тоқтамға келеді: жаңа өмірге аяқ басып, әлеуметтік
теңдікке ұмтылу, сауаттылыққа бет бұру, еңбекке иек арту,
т.с.с.
Бұл очерктерде оқырманды әуелден баурап алатын,
жалықтырмай, еппен жетелеп отыратын, оқушы қауымды
қызықтырып, еліктіріп әкететін әлденеше эпизод кездеседі.
Бірақ оларға автор көп үңіліп, кеңінен тоқтала бермейді,
детальдарға нақты түсінік айтып жатпайды, оның орнына
белгілі бір сыпатты штрихтер келтіріп, сюжеттік желісін
үзбей жетелеп отырады.
Осы бір шағындау очерктері газет бетіне арналып
жазылғандықтан және газет көлемі шектеу қоятындықтан
шығармаларында көп дерек, мол айғаққа жүгінбейді. Әйтсе
де, Жүсіпбектің осы тұрпатты очерктері жинақы, толым-
ды жазылғандықтан қазақ публицистикасындағы алғашқы
очерктердің бір үлгісі деп атап айтуға болады. Әсіресе
Аймауытұлы портреттік очерктер жазуда өзгеше қолтаңба
қалдырған. «Жидебайдың баяндамасы», «Өзгермесе бұ
не?», «Қойшы Тастамақ» және «Нағима» /41.Б.168-173/
атты портреттік очерктерінде адам мінезінің жеке бір
ерекшелігін көрсете отырып, оқиға барысында іс-әрекетін
нақтылай түсу әдісін Жүсекең мол қолданады.
«Очерктік шығармашылықтың табиғаты мынада:
портреттік және проблемалық очерктерде бөліп тастай-
тын айқын шекара болмайды. Белгілі бір әлеуметтік
топтың типтік өкілінің портретін жасай отырып,
халықтық идеал үшін, ақиқат пен әділдіктің үстем бо-
луы үшін және... әр түрлі қоғамдық топтарға біріккен
адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас үшін өзінің
кейіпкерін күресте алдыңғы қатарға шығаруға міндетті»
181
/342.Б.199/ деген теориялық тұжырымға жүгінетін
болсақ, Жүсіпбек Аймауытұлының 20-жылдарда
жазылған очерктері аталған талаптардың қай-қайсына
болсын сай келетінін байқай аламыз. Жүсіпбек сияқты
оқырман жұрттың ілтипатына ілінген көсемсөзшілер
1920–1925 жылдар аралығында саусақпен санарлық қана
болғанын еске алсақ, публицистің көркем очерк сияқты
үлкен шеберлікті талап ететін, күрделі жанрда жаңа
сүрлеу салғанына көз жеткізуге болады.
«Өзгермесе бұ не?» /41.Б.142-145/ деп аталатын очеркі
де – жоғарыдағы шығармалармен тақырыптас, сабақтас
көркем туынды. Мұнда да жуанның әлімжеттігін көрген
аз ағайынды, жалғызілікті Соқпақбай деген адамның
төңкеріске дейінгі ауыр тұрмысы, қиын халі әңгіме болып,
аяғында он екі жыл өткен соң Сембай сияқты ұлы «ме-
лейсей болып шапқылап, байлардан көлік, азық жинап»,
өзі «шалқиып отырып, «копкин» шәй ішуге» қол жеткені
айтылады. Бұл да жинақы, бас-аяғы біртұтас, тартым-
ды тілмен жазылған шағын портреттік очерк. Осы ретте
оның қаламынан туған очерктердегі Жидебай, Соқпақбай-
Сембай, Тастамақ, Нағима, Қызылбике сияқты образдар
азды-көпті, бар қасиетімен қалың қазақ оқушысының ал-
дына тартылып, автор жаңа заманда ел ішінде бір оянудың
бар екенін, өзгерістер заманының келе жатқанын аңдатады.
Көсемсөзші «Соп-соп» деп аталатын тағы бір портреттік
очеркте өзінің өзгеше қолтаңбасын тағы бір танытады.
Жалпы, «көркем әдебиеттегі сияқты публицистиканың
образды құралдарының жүйесінде көркемдік деталь,
айқындау штрихтері аса маңызды роль атқарады. Бұлардың
көмегімен автор белгілі бір суретті, оқиғаны, адам бейнесін
нанымды етіп қалыптастыруға тырысады»/339.Б.101/.
Жүсіпбектің де публицистиканың осы іспеттес образды
құралдарын үйлесімді қолданғанын аңғару қиын емес.
182
Мәселен, бас кейіпкер – Құлтуманы бірінші тараушада
бірінші жақтан сөйлетеді. Ал екінші тарауша тек диалогтан
құрылған. Үшінші – соңғы тараушасында монолог пен ди-
алогты сабақтастыра қатар қолданып, ықшам очеркті өте
қызғылықты етіп аяқтаған.
Бірінші тараушада Құлтуманың монологынан оның
көңіл-күйін, сезім буырқанысын дәл байқай аламыз: «Соп-
соп, соп! Өй, иттің малы! Қарашы! Бораздамен бір дұрыс
жүрмейді! Мал иесіне тартады деген ып-рас қой, көрмейсің
бе қасақысын?.. Соба, о-соба! Енді былай қарай қиғаштады.
Тым болмаса өгіздің басын жетектейтін бала да бермейді.
Балаға артық ақы кетеді деп жаны шығып барады.
Табаныңан таусылып, жасыңа жетпей қартайып салпаңдап
жүргенің... Сатып алған құлыңнан жаман ақырады. Бұл
бай антұрғанда биттей мейірім болсайшы...» /41.Б.176-178/.
«Соп-соп!
– Таста соп-соп-ты! – дейді әлдекім».
Бұл «әлдекім» – белгісіз, лирикалық кейіпкер
Құлтумаға қуанышты жаңалық жеткізеді. Шағын диалог-
тан ұққанымыз: «төңкерісшілер тобы келіп, кедейлерді жи-
нап, топ құрып жатқандығы, орыстың да, қазақтың да бай-
ларын өкіртіп жерін, малын кедейге әперіп жатқандығы...»
Үшінші тараушадағы Құлтуманың монологынан
оның көңіл-күйінің өзгергендігін бірден байқауға бола-
ды; «Соп-соп! Өй, мың болғыр! Жарықтығым осы көк өгіз
ғой көсегемді көгертетін. Бүгін аман болса, талай жердің
қыртысын қопарам ғой!... Бозторғай шырылдап, жер
құлпырып, тамылжып тұрғанын көрмейсің бе?
Соп, жарықтығым, соп!»
Өзінің меншікті көк өгізімен жер жыртып жүрген
Құлтуманың көңілі көтеріңкі, даусы жарқын. Табиғаттың да
пейілі кеңейіп, «күншығыстан самал есіп, қып-қызыл алтын
күн шығып келе жатқандығын» көреміз. Автор кейіпкердің
183
сезім пернесі, көңіл ауанымен бірге айнала ортаның да
құлпырып, жайнап кеткенін астастыра жеткізеді. Бұл да
Жүсіпбек дарынының бір қырын, көсемсөзші шеберлігінің
бір артықшылығын аңғартса керек.
«Соп-соп!» – өзінің сонылығымен, жаңа формадағы
бір қырымен ерекшеленген очерк. Публицистика тео-
риясын зерттеуші В.Здоровеганың «публицист кейіннен
ойлаудың өзгеше стереотипіне айнала бастайтын дәл,
образдық мінездерді қалыптастырады» /339.Б.93/ деген
сөзін еске түсірсек, оның осы секілді образдары өзінің
тұстастары мен өзінен кейінгі көсемсөзшілерге де әсер
еткендігін аңғаруға болады. Тіпті Б.Майлиннің кейінірек
жазылған әйгілі «Ыбыраймысың? Ыбыраймын» атты ди-
алогты өлеңі «Соп-соп!» очеркімен формалық жағынан
да, кейіпкерді даралау әдісімен де үндесіп жатқандығын
аңғару қиынға түспес.
Ендігі бір өзгеше көсемсөз шығармасы «Оралдан пой-
ыз өткенде» /41.Б.161-163/ деп аталады. Бұның жанрын
тану жеңілге соқпаса керек, десе де, ондағы образды сөз
жүйесінің ерекше көзге түсіп, өзінің тұрақты белгісін
көрсететінін байқадық. «Факт, эпизод, оқиға сөздің суреті
арқылы ашылатын, бөлек кейіптегі ақпаратты жанр сурет-
теме» /41.С76/ деп аталатын болса, көсемсөзшінің «Оралдан
пойыз өткенде» атты дүниесі өзге жанрлардан гөрі суретте-
меге аса жақын екендігін аңдадық. Суреттемеде кестелі сөз
өрнектерін, сәтті теңеуді, қанық бояуды көре аламыз:
«Пойызда газет оқып жатыр едім...
– Түу-у!.. Мынаның тамашасын-ай!.. – деді біреу.
Терезеге қарасам – Орал екен!» – деп басталатын жол-
дардан кейін автордың Орал тауының бітімін, қалың ор-
манын, ну тоғайын, оның пойыздан қарағандағы ерекше
көрінісін тамсана отырып суреттеп жазғанын алдыңғы
планға шығарсақ, табиғат құбылыстарының бейнелі
184
желісіне орай шығарманы натуралдық суреттеме деп айта
аламыз /342.Б.80/. Мысалы, сөз зергері жүйрік поездың тау
қойнауына кіріп бара жатқандығын былайша кестелейді:
«...Кірген сайын асқарлар басын аспанға созады. Анадай
көрінген алыптар заматта зорлап алдыңа келеді. Аузын
ашып, бауырына басып жұтып қоятындай көрінеді. Жұта
алмайды. Жіптіктей жолмен жыланша бұраңдап, әр жерден
бір шаң беріп, сағатына 40 шақырымды артына лақтырып
өжет пойыз сыпылдап өте шығады...» /41.Б. 161-163/.
Ол уақытта қазақ даласына шойын жол салынып,
поездың келуі айрықша оқиға болғаны белгілі. Осыған
орай ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ әдебиетінде,
ел аузында айтылып жүргендей, пойызға «қара айғыр»,
«отарба», «шайтан арба» және т.с.с. аттар қойып өлең-
жырға қосқандардың болғаны да мәлім. Аймауытұлы
поезға ат қоймайды, айдар тақпайды, оған бұл керек емес.
Оған пойыздың іс-қимылы, жылдам жүрісі керек, поезд
жүрісімен астасқан оның ішіндегі жолаушының көңіл
әсері керек. Автордың бөлек танымын мына бір жолдардан
тануға болады: «...Заңғарды жүлгелеп пойыз тар аңғарға
сүңгіп барады. Міне, Сақмардың алып қашқан бойлауық,
салқын өзені. Сақмардың кемеріне мінбелеп, суға төніп,
пойыз зымырап келеді». Немесе: «...Құдай қысқандай тар
жермен қысылып, «сират көпірінен» өткендей елбелек-
теп пойыз келеді. Үстіңнен тау құлайтын тәрізді, астыңда
Сақмар суы жұтатын тәрізді, әлденедей қорқыныш сезген-
дей боласың. Жырынды пойыз бірін де елең қылмайды: та-
уды жарып, тасты бұзып, ой мен қырды көктей өтіп, жол-
сыздан жол салып, үкідей ұшады». Немесе: «...Мұрнынан
түтін атып, аузынан жалын шашып, өзіндей он азбанды
ойдан қырға сүйретіп алып қара келеді».
Жүйрік пойыздың ішінен көріп отырған сыртқы
көріністерді қаламгер тартымды суреттейді. Кейіпкер
185
бейнесі көрінбейді, оқиға барысы баяндалмайды,
керісінше, «арасынан ине өтпестей иін тірескен жыныс
орманның тұтасқан жасыл бастары», «қолдың саласын-
дай сандықтанып тұрған өрім-өрім ақ қайың», «басы-
на көз жеткісіз көкпең-көк қия тас», «арыстандай тулаған
Сақмардың асау суы» көз алдыңа келеді.
Қазақтың бай тілін еркінше сапырып, жарасымды
пайдаланған Жүсіпбек суреткердің керемет теңеулері,
өзгеше сөз өрнектері оның асқан дарындылығын та-
нытса керек. Мұндай пейзаждар «Ақбілек» романы мен
«Күнікейдің жазығы» повесінде мол ұшырасатындығы
белгілі. Ал «Оралдан пойыз өткенде» суреттемесінен
мына сияқты теңеулерді келтірсек те, аздық етпес: «Міне,
бір домалақ таудың төбесінен етегіне шейін ұстарамен бір
сыпырып қалғандай ағашын отап тастапты». Мұнымен
бірге: «жолақтың бетінен домалаған, отаудай дөңбектер»,
«...судай тегіс, дастарқандай жазық жасыл беткей...» деген
теңеулері табиғат келбетін кісінің көз алдына әкелу үшін
ұтымды қолданылғанын айту керек.
Суреттемені оқи отырып, өзгеше бір үмітті, жаңа заман
әкеле жатқан жаңалық лебін сезесіз. «Қоңыр шолақ өгізінің
мұрны пысылдап, анда-санда сауыс құйрығымен екі
етегін қамшылап, қойын қаптатып келе жатқан қойшыны»
көргенде пойыз ішіндегі лирикалық кейіпкер «айшылықты
алты басқан алып қараға олар да бір кезде мінер ме екен»
деп арман етеді. Пойыз сияқты жаңа заман белгісін олар
да көріп, жасымаса екен, келешекке ұмтылса екен деп
үміттенеді. Суреттеменің соңы үлкен леппен, үмітті жол-
дармен аяқталады:
«– Біз енді оқимыз... Біз де тұрмысымызды өзіміз
түзетеміз, – дейді қазақтың жалшысы.
– Айтқаның келсін! – деймін де жалшымен әңгімеге
кірісемін.
186
Орал былай қалады» /41.Б.161-163/.
Ел тіршілігін сыпаттай келе, қаламгер жаңа уақыт үніне
құлақ салады. Суреттемеден келешекке мол үміт артқан
қазақтың көңіл ауаны танылады.
«Жанрларды саралау, жанр молдығы өмір-болмысты,
тыныс-тіршілікті бүкіл бітімімен, даму тенденциясы-
мен шебер ашып көрсетуге септігін тигізеді. Жанрлар-
ды түрлендіре қолдану нәтижесінде барлық шындық
тұтастай, жан-жақты ашылады» /344/ деген байлам
бар публицистика теориясында. Олай болатын бол-
са, осы тұрғыдан алып қарағанда қазақтың ұлттық
демократиялық баспасөзін қалыптастыру барысында
Жүсіпбек Аймауытұлы 1920–1929 жылдардағы газет, жур-
нал беттерінде қазақ көсемсөзінің жанрын, түрін, форма-
сын байытуға ұмтылып, әр жанрға өзіндік ерекшеліктер
енгізуге ниет етіп, тар соқпақтан шығып, тың сүрлеуге
жол ашты.
«Жапырақтар» деген натуралдық суреттемесінен
(«Қазақ тілі» газеті, 1926, 9-январь) де көсемсөзшінің
кестесі нақысты, тілі шырайлы сөз өрнегін көреміз. Те-
резе алдындағы тар шарбақтың ішіндегі екеуі егіз, бірі
дара ағаштың түйіскен бастарындағы құшақтасқан
жапырақтардың қимыл-қозғалысын, судырын, суы-
лын суреттеген автор сол арқылы адам көңіл-күйінің
иірімдерін көрсеткен. Мұнда да нәзік үміт бар, мұнда да
көңіл түкпіріндегі алаң мен қуаныш сезіледі.
Жапырақтарды суреттей отырып көсемсөз иесі қазақ
жеткіншектері жетілсе екен, жапырақша жайқалса екен
деген тілегін аллегориялық тәсілмен шебер береді.
Қандай жанрда болсын Аймауытұлының тың жосын,
жаңа леппен жазуға ұмтылады. «Байқамаған адам
жапырақтар суылдағанға бәрі бірдей қозғалып тұр екен
деп ойлап қалатын. Сығалап қарай бастасаң, ол ойың
187
бекер болып шығады» деп жазады ол, публицистің
аңғарымпаздығына еріксіз тәнті боласың. Мәселен, ав-
тор былай деп жазады: «жел жақтағы жапырақтардың
кейбір шоғы да желге қасқайып, кеудесін төсеп тұрғанын
көресіз. Мұнда не сыр бар десеңіз, қайыспайтын
қажырлы бұтаққа жуантық сабағымен жабысады екен.
Бұлар желге қырын келмей, жонын беріп, біріне бірі иін
тіресіп, селбесіп, берік қабысады екен». Расында да,
бір қараған кісі аңдай қоймайтын сурет. «Төңіректегі
әлемнен хабар естілсе, адамның құлағы селт етеді,
ағаштың жапырағы селтеңдейді: жапырақ – ағаштың
құлағы» деп түйін жасайды қаламгер. Оның айтуынша,
жапырақтар «адамша сытырлап, үн қосып, ұрандасып
шуласады». Оның солмауын, жайқальш өсе беруін, су-
ылдап үн қосуын тілейді. «Мен жапырақтарды сүйемін,
– дейді автор, – Жапырақсыз жаз бола ма? Бар үмітің –
жапырақта».
Мағжан Жұмабайұлының «Балапан қанат қақты» ата-
латын шағын ғана аллегориялық туындысында /345/
осындай реңк, осындай көңіл-күй, мұң мен күдік ара-
ласа шоқтанған үміт бар. Жүсіпбектің «Жапырақтар»
суреттемесі ілгеріректе жазылған осы шығармадағы үмітті
жандырып, оған сенім ұялатып, келешекке деген үлкен
ұмтылысты көрсететіндігі байқалады.
Сонымен бірге «уыз қымыздың майда, ақшыл көбігіндей
буалдыр, шарбы бұлтттар», «жапырақта ай сәулесіне та-
надай жалтырап, көбелектің қанатындай желбіреп» не-
месе «арба астындағы шыбын қаққан бұзаудың құлағы
тәрізденіп әрең-әрең, анда-санда бір селбеңдеп, қыбырлаған,
ең төменгі бұтақтағы жапырақтар...» деген сәтті теңеулерді
де келтіре кеткен орынды.
«Жапырақтар» суреттемесіндегі жел суылы, жапырақ
сыбдыры, т.с.с. табиғаттағы өзгеше көріністер және осыған
188
ұқсас сурет бояулары Жүсекеңнің «Ақбілек» романындағы
Ақбілектің Қарамұрттан қашып, қалың орманға кіріп
кетіп, адасып жүргендегі кейбір суреттерге ұқсас екендігін
айта кету керек /346/. Тек ондағы Ақбілектің көңіл-күйі
үміт пен қорқыныш араласқан дегбірсіз, алағызған сыпат-
та екендігі болмаса, ондағы жапырақ, жел, түн баласы,
ай сәулесі, қараңғылық және т.б. суреттер «Жапырақтар»
суреттемесімен сабақтасып, астасып жатыр. Әсілі,
қаламгердің адам сезімін табиғат көрінісімен, қоршаған
ортамен нәзік қиюластырып, шебер жымдастырып,
психологиялық иірімдермен оқушыға ұсына білуі сезім
тереңдігінің, сөз ұсталығының тағы бір белгісін танытса
керек.
Аймауытұлының тағы бір ерекше көсемсөз шығармасы
– «Лениншіл жас» журналының 1926 жылғы 1-2 санының
«Шаруашылық бөлімінде» басылған «Боранды болжағыш
әулие (Барометр)» деп аталатын туындысы. Жанрлық
ерекшелігін екшейтұғын болсақ, аталған шығарманың
проблемалық очеркке жататындығын аңдауға бола-
ды, үйткен себебі, онда «жаңа мен ескі, прогрессивтік
идеялар мен консервативтік идеялардың және олармен
бірқатар характерлердің бетпе-бет келуін» /342.Б.200/
анық бағамдай аламыз. Әсіресе публицистің қыстың көзі
қырауда, сақылдаған сары аязда ауа райын болжаған халық
танымының түтеген боранның аяқасты пайда болуын көп
жағдайда біле алмай қалатынын өзінің бала кезінде көрген-
білгенімен орайластыра, жүйелі түрде әңгімелей отырып,
кейіннен барометр атты аспаптың бар екенін естігенін,
оны көп қылып шығарып, шаруа қамы үшін іске асы-
ру керектігін сөз етуі дер уағында қозғалған проблема
екенін қадап айтқан ләзім. Мұнда прогрессивтік ойлардың,
өмірлік мәні бар, әсіресе екі-үш күн дамылсыз соққан алай-
түлей бораннан жұтқа ұшырап жатқан елдің тіршілігіне
189
қажет мәселелердің қозғалуы көсемсөз шығармасының
проблемалық очеркке жататынын көрсетеді.
«Боранды болжағыш әулие» очеркінің қалай, қай кез-
де жазылғандығы жөнінде ғалым Бейсенбай Кенжебаев
қызғылықты естелік қалдырғанын да айтпай кетуге бол-
мас: «...Ертеңіне Жүсіпбек редакцияға келді. Үлкен бөлмеде
отырған төрт-бес кісінің бәрімен қол беріп, амандасып
шықты. Жай-күй сұрасты:
– «Жігіт келсін іске!» деген ғой, кәне, мен істей отыра-
тын жұмыстарың бар ма? – деді.
– Дәл қазір істей қоятын жұмыс жоқ. Қайтқаныңызша
бізге лайықты бірер әңгіме, мақала жазып берсеңіз, оң бо-
лар еді, – дедім мен.
– Е, әңгіме ме, қазір! – деп Әуеш отырған столдың
бір бұрышына барып отырып бірдеңе жаза бастады.
...Біраздан соң қасына барып қарадым. Шынында да ой-
ланып, шұғылданып жазып отыр екен. Бір кезде «Бо-
ранды болжағыш әулие» атты шағын әңгімені қолыма
ұстатты»/347/.
Бұл орайда Аймауытұлының шығарма жаза білу
машығындағы екі үлкен қасиетін біле аламыз: әуелі
Жүсіпбектің баспасөз сияқты жеделділікті талап ететін,
күрделі салада шұғыл, оперативті жазатын, таптырмас жур-
налист екендігі аңғарылса, екіншіден, көркем очерк тәрізді
аса үлкен жауапкершілікті жүктейтін, публицистикалық
шығарманы аз уақытта жоғары деңгейде жазып шыққан
дарын иесінің тағы бір айрықша қыры көрінеді.
«Проблемалық очерктің образды түрде басталуы
міндетті болып саналады»/342.С201/ деген тұжырымды
«Боранды болжағыш әулие» очеркі нақпа-нақ
куәландыра алады. Былайша басталады: «Есімде бар.
Бала күнім. Жер сіреу қар. Ызбарланып аспанның ажары
бір кірмейді. Мұнартып сазарады да тұрады. Күн шықса,
190
күнмен бірге шаңыт шығады. Найза бойы көтерілгенше
күнді шаңыт басып, шеңгелімнен жібермеймін деген-
дей, аспанға өрмелеп барып қалады. Кейде күн ербиген
екі құлағымен тұрады.
– Құлақтануы жаман, тағы бір боран болмай қайтер
дейсің, – деп қарт әкем күшеніп кейіп қалды»/41.Б.89-92/.
«Егер көркем образды шартты түрде бейне-суреттеме
деп атайтұғын болсақ, онда өзінде көркем образ бен ой
жүйесінің публицистикалық логикасы астасып жатқан
көркем-публицистикалық образды образ-анализ ретінде
ұсынуға болады»/348/ деген пікір де осынау очеркке
қатысты пайыммен үндесіп жатыр. Және Аймауытұлы
проблемалық очеркін бірінші жақтан, өз атынан жазады.
Шығарма өзегі етіп өзінің бала кезіндегі қырдағы ауыл
тұрмысын, қыстаудағы ел халін, тебінге шыққан мал-
ды, ұлыған боранды, жұтқа ұшыраған халықты жаза от-
ырса да, автордың өзі бас кейіпкер ретінде танылады.
Көркем-публицистикалық жанрдағы бұл тәсіл ежелден бар
екендігін белгілі болса да, бұл мәселені арнайы зерттеген,
«публицистикадағы автор образы – біздің ғылымдағы терең
зерттеле қоймаған тақырып» деп білген В.Здоровега «автор
– публицистиканың айрықша кейіпкері» /339.С.1І0/ деген
тұжырымын алға тартады. Расында да, Аймауытұлының
өзі айрықша кейіпкер ретінде очерктің бас-аяғын
жұмырландыра, жымдастыра ұстап тұрған өзіндік образ
екендігін аңғармау мүмкін емес.
Сонымен қатар суреткердің очеркті жазу барысын-
да қыстыкүнгі мал тебінін суреттеуі де шынайы әрі
қызғылықты. Жалпы, қыр суретін, ел тіршілігін бейне-
леуде Жүсіпбектің өзіндік стилі, терең танымы дарала-
на түсетіндігін баса айта кеткен жөн. «...Адырдың бауы-
рына жеткен соң қойлар үйір-үйір ұйлығып, жерді тесіп
191
жіберетіндей, құйтымдай аяқтарын шылтыңдатып, қарды
бұрқыратып, қадалып тебе бастады, – деп суреттейді ав-
тор, – Сиыр көденің басын шалып, аузына түк түсіре алмай,
жүйткіп олай да, бұлай да кетеді. Біз айғайлап жүгіріп, қарға
малтығып, жығылып, кейін жүріп қойға таман қайырамыз.
Қойдың арасы қора, пана, жылы; оларда ұйым бар, олар-
да еңбек бар. Олардың қар теуіп, қаужаңдап бетеге, жау-
ылша, жусанды аршып, аузы шөмеңдеп жегені де қызық.
Қарағың келеді. Сиырда пана да жоқ, ұйым да, еңбек те
жоқ... қойдың аршып кеткен кейбір көделеріне көмейі тола-
ды: қойдың сарқытын сиырып жалайды...»
Қаламгердің ақтүтек боранды бейнелеп жазуы да
ерекше. Бұл жерде Аймауытұлының суреттеген бора-
ны Әуезовтің «Абай жолындағы» Абайдың Шыңғыстау
ішінде адасқан қарлы дауылына әсте ұқсамайтынын,
көсемсөзшінің өзгерек, өзіне тән стильде жеткізгенін
көруге болады: «...Сиырға біз де жеттік, боран да түтеп
кетті. Жел құтырды. Алай-түлей. Түк көрінбейді. Етектен
кірген жел тұла бойды кеуледі, ауызды ашып айғайласақ,
боран қақалтып, дауысты шығармайды. Анда-санда бір
сиыр қараң етіп қалады. Ағам екеуміз бір-бірімізді көре
алмай қаламыз. Жел өзімізді ықтырып, домалатып бара-
ды. Қар топаны қаптады, біз топанның ортасында қалдық.
Сиыр қайда, жанымызбен қайғы болдық... Аяғымыздың
астын сығалап, жол іздедік. Әлден уақта жолдың шиыр
болған қары тәрізді көлденең сорап ұшырады. Сораптың
кей жерін кесе қар басып, кей жері көрініп қалады».
Проблемалық түйінге жеткенше, оның төңірегінде
өзінің ұсынысын айтқанша автор ел тұрмысын, мал тебінін,
соққан боранды, өлген малды, қамыққан елді шын сы-
рын айтып, шырайлы тілімен жатық жеткізеді. Оқушысын
жалықтырмайды. Мұнымен бірге сол замандағы кісілердің
192
ауа райын бағып отырғандығы және айтқан болжамдары
шындықтан алыс кетпейтіндігі елең еткізерлік: «...Біз үйде
асық ойнап отыр едік, әкем тысқа шығып келді де:
– Темірқазықтан бір ұшпа бұлт шықты. Тоқымдай-
ақ бұлт. Бірақ түсі жаман. Тастаңдар асықты. Малға
барыңдар! – деді». Әйткенмен борасын жүріп, кей кез-
де тым шұғыл, алай-түлей көтерілетін боранды болжау
оңайға түспесе керек. Биенің екі-үш сауымынан кейін
боран ашылып, ығып кеткен малдың соңынан кеткен ел
қырдағы сиырдың жарымынан астамы боранға ұшып,
адасып өлгенін көреді. Мұны көрген бала Жүсіпбек:
«...Боран боларын күні бұрын білетін амал болса, мал-
дан бүйтіп қапыда айырылмас едік-ау» деп ойға кетеді.
«Бірақ қайыпты әулие болжайды, жай пенде білмейді
деп иман келтіріп, боранды болжаудың амалын таба ал-
май қаламын» деген, соған сенген бала көңілі есейген
соң өзгереді: «...Содан кейін ержетіп, қалаға барып оқу
оқыдым. «Пизике» деген кітапта «барометр» деген бір
аспап жайын оқытушымыз әңгіме қылды. Күннің райын
қалай құбылатынын күні бұрын көрсетіп тұратын осы-
нау аспаптың қандай екенін айтып көсемсөз иесі қалың
оқырманға түсінікті етіп жеткізеді. Мал бағып, шаруа
істеп отырған нағыз қазақ сықылды елдің қолы екенін
айтады. «Осы аспапты қазақ ауылы сатып алса, несі
кетеді? Бір қараның құнына да тұрмайтын шығар» деп
ұсыныс жасайды автор. «Егін салсаң да, орсаң да, шөп
шапсаң да, мал бақсаң да, жол жүрсең де, қи ойсаң да,
кір жусаң да, қора қаласаң да, қысқасы – не істесең де,
күннің ашық, бүркеу боларын күні бұрын біліп отырса»
деген ойын білдіреді.
Публицистика
зерттеушісі
Б.Стрельцовтың:
«Проблема-лық очеркте автордың жеке ролі белсенді
түрде және айқын болады. Ол оқушыларға түйінді
193
мәселенің шешімін бірге ойласып табу үшін оларға
ұсыныс жасағандай тікелей әңгімеге көшеді»/342.С.201/
деген пайымы мен пікірі дәл осы «Боранды болжағыш
әулие» проблемалық очеркіне қатысты айтылғандай
көрінеді. Үйткені Аймауытұлы очерк соңында түйінді
мәселені шешуге ұсыныс жасап, оны: «...Барометр көп
болып табыла ма екен? Құны не екен? Шаруаның қамын
жеуші. ...Каперетіп ұйымдары барометрді топтап алып,
елге неге сатып таратпайды екен? Мұным қиял ма?
Өмірге пайдалы іс не? Байқаңыздаршы!» деп аяқтайды.
Көсемсөзші сол замандағы қазақтың шаруа қамы үшін
аса зәру аспаптың елге керек екендігін айтып, күрделі,
өзекті мәселені қозғайды. Және оны жай айта салмаған,
проблемалық, көркем очерктің тамаша, жоғары деңгейдегі
үлгісін жазып шыққан. Публицист шеберлігінің анық уәжі,
айқын мысалы осыдан да байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |