Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ


Алаш Орда ұраншыларының бірі



Pdf көрінісі
бет5/14
Дата22.12.2016
өлшемі3,94 Mb.
#201
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Алаш Орда ұраншыларының бірі
Бұл  кезде  Жүсіпбек  Аймауытұлы  мұғалімдер  семина-
риясының III класында оқып жүр еді /137.42-п/, деректер-
ге қарағанда ол облыстық земстводан жылына 350 сом сти-
пендия алып тұрған /137.2,13-пп/.
Сол,  1918  жылы  Алаш  қаласында  2  жылдық  қазақ 
педкурстері  ашылады  /137.9-п/.  Ауылдық  жерлерге  деп 
қазақ  мұғалімдерін  даярлайтын  қысқа  мерзімді  бұл  пед-
курстерге меңгеруші болып Мәнен Тұрғанбай сайланады 
/137.16-п/.
Құжаттарға  зер  салсақ,  М.Тұрғанбайдың  атына  1919 
жылы  Жүсіпбек  орыс  тілінде  мынадай  мәтіндегі  өтініш 
жазған:  «Жазғы  қысқа  мерзімді  курстерге  мұғалімдікке 
1-майдағы  шақыртуларыңызға  орай  өзімнің  келісімімді 
беремін.  Юсупбек  Аймауытов.  1919  ж.,  6-май  /137.22-
п/».  Жүсіпбекті  бекітуді  сұрап,  бұл  өтінішке  қосып, 
М.Тұрғанбай  Семей  облыстық  земство  басқармасындағы 
халық  ағарту  бөліміне  өтініш  түсірген  /137.21-п/.  6-майда 
осы бөлімнің меңгерушісі Жүсіпбекті жазғы педкурстерге 
мұғалім етіп бекітеді /137.23-п/.
Айта кету керек, М.Тұрғанбайдың өтініші қазақ тілінде 

79
жазылған, одан соң орыс тіліне аударылған /137.46-п/. Бұл 
орыс  тілін  өте  жақсы  білсе  де,  қазақ  зиялыларының  ана 
тіліне айрықша құрмет көрсеткендігін аңғартады.
Ж.Аймауытұлы  төмендегі  пәндерден  сабақ  беріпті: 
«Екі курске орыс тілінде – 159 сағат; қайталау курстеріне 
әдебиеттен  –  24  сағат;  саяси  және  экономикалық  геогра-
фия  -  42  сағат  /137.74-п/».  Алғашқы  айларда  ол  бірнеше 
педагогикалық кеңеске хатшы да болыпты /137.66 -п/.
7-июньде  курс  меңгерушісі  М.Тұрғанбай  оқу  бөліміне 
орыс тілінде өтініш түсіріпті: «4-июльдегі берген 289 /5302 
хабарларыңызға орай мынаны мәлімдеймін: ән сабағынан 
беруге  оқытушы  Юсупбек  Аймауытов  кандидат  болып 
отыр, курстегі I және II кластарға ғана ән сабағынан бер-
мек,  оқу  барысында  10  сағат  қана  рұқсат  етсеңіз,  15-нен 
бастамақ»  /137.113~п/.  Сүйтіп,  ән  сабағынан  Жүсіпбек 
оқытушы болып тағайындалады /137.114-п./.
Әйткенмен оны ән сабағынан оқытушы етіп тағайындаған 
облыстық  басқарма  кейін  еңбекақысын  мезгілінде  берме-
ген сияқты. Осыған орай Қазақ комитеті облыстық земство 
басқармасына төмендегі нұсқада қатынас қағаз жіберіпті:
«Семей облыстық земство басқармасына.
Ән-күй пәнінен берген он сабағына еңбекақысын сұраған 
мұғалім  Аймауытовтың  арызын  және  қысқа  мерзімді 
педкурстардың меңгерушісі М.Тұрғанбаевтың осы жылдың 
29-авгусінде жазылған 326-нөмірлі қатынас қағазын жібере 
отырып, бөлімшеміз облыстық басқармадан әр сабағының 
бір  сағатына  20  сом  есеп  бойынша,  ән  пәнінен  берген  10 
сабағына  Аймауытовқа  бар-болғаны  200  сом  еңбекақы 
беруін сұрайды»/137.139-п/.
Осы  орайда  шынында  да  мұғалімдердің  еңбекақысы 
уақтылы  төленбегенін  білдік.  Мәселен,  сол  жылғы 
7-июньде  Жүсіпбек  бастаған  С.Мұстафин,  А.Күзембаев, 

80
А.Иманбеков,  Н.Күзембаев  деген  курс  мұғалімдері  зем-
ство  басқармасына  әр  сағатқа  20  сомнан  өздеріне  тиесілі 
еңбекақыларын беруді сұраған өтініш жазыпты /137.90-п/.
Сол  жылғы  4-июньде  мұғалімдер  тізімі  жасалғанда 
Жүсіпбек  Аймауытұлы  өзінің  отбасында  5  жан  бар  деп 
көрсетіпті. Бұл анықтамаға Мәнен Тұрғанбай, іс жүргізуші 
Ыдырыс Мұстамбаев қол қойған /138/.
Осы тұстағы «Сарыарқа» газетінде, «Абай» журналын-
да жарық көрген мақалаларын оқи келе, Аймауытұлының 
қоғамдық-саяси  көзқарасын,  әлеуметтік  дүниетанымын 
аңдауға  болады.  Оның  мақалаларынан  әдебиетті, 
ғылымды  жан-тәнімен  сүйетін,  жоғары  талғам  иесін 
көреміз. Бірқатар мақалаларынан алаштың бостандығын 
аңсаған  биік  рухты  сезе  отырып,  жас  Жүсіпбектің  ұлт 
тәуелсіздігі,  ел  болашағы  үшін  басын  бәйгеге  тіккен 
Ә.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов,  М.Дулатов  сияқты 
қайраткер ағаларының ісін ілгерілетуге атсалысқан.
Алаш  Орда  қозғалысы  мен  Алаш  Орда  үкіметінің  ба-
сылымдарында  журналистік  қызмет  атқарған  Жүсіпбек 
Аймауытұлы  олардың  мұратын  жақтап,  алты  алашына 
Алаш  Орда  идеологиясының  жетуін  көздеді,  яғни  импе-
рия  құрамындағы  біртұтас  ұлт  автономиясын  құру  идея-
сын жақтады. 
Бұл  тұрғыдан  алғанда  ол,  біріншіден,  Алаш  Орда 
қозғалысы  ұраншыларының  бірі  болды,  яки  Алаш  Орда 
идеологиясының  халыққа  ықпал  етуі  үшін  үлкен  үлес 
қосқан ірі публицист, қажырлы журналист болды;
екіншіден,  ұлтты  сүю  тәрбиеден,  оқудан  болатынына 
баса  назар  аударған  педагогтік,  гуманистік  көзқарастағы 
қаламгер болды;
үшіншіден,  «Абай»  ғылыми-танымдық,  әдеби  жур-
налына  редактор  болып,  күш-қайратын  соған  жұмсай 

81
жүріп,  тапсыз  ұлт  әдебиеті  мен  тәуелсіз  ұлт  баспасөзін 
қалыптастыруға үлесін қосты;
төртіншіден,  Жүсіпбек  Аймауытұлы  алғаш  рет  қалың 
елге әуелі көсемсөзші ретінде танылды, мұның өзінен оның 
қайраткер-қаламгер дәрежесіне көтерілуіне белгілі бір сы-
патта Алаш Орда қозғалысының әсер еткенін аңғаруға бо-
лады.
Қазақ  баспасөзінің  тарихында  Жүсіпбек  Аймауытұлы 
Алаш  Орданың  қызметін  қалың  елге  таныстырған  ірі 
көсемсөзші болып қала бермек.

82
ІІ бөлім
сОвет өкІметІ кезІндегІ 
көсемсөз шығАрмАшылығы
Жүсіпбек және «Қазақ тілі» газеті
Ресей тарихында азамат соғысы жылдары деп аталатын 
тұста (1918-1919 жылдар) Батыс Сібірді және қазақ жерінің 
әуелі күнбатысын, кейін терістігін билеген Колчак үкіметі 
де алаш жұртына аз ауыртпалық әкелген жоқ.
1919 жылдың 14-ноябрінде большевик әскері Колчактың 
қолын талқандап, Омбыны, 29-ноябрде Павлодарды алды. 
1-декабрь  күні  Семей  қаласындағы  жергілікті  гарнизон 
көтерілісінен  соң  өкімет  билігі  қызыл  армияның  қолына 
көшті /139/. Сүйтіп, «совет өкіметі екінші рет орнады» /140/. 
Қылышынан  қан  тамған  Колчак  та  шетқақпай  еткен 
Алаш  Орда  Мәскеудегі  совет  өкіметімен  жасалған  жаңа 
келісім  бойынша  өзінің  туын  түсіріп,  Орда  болса,  тарап 
кетуі  тиіс  болатын.  Тарихтың  басқа  арнаға  түсіп  бара 
жатқанын,  мұрат  асыл  болса  да,  мүмкіндіктің  жоғын 
көрген, қару мен күштің ғана дегені жүретінін байқаған 
Алаш Орда қайраткерлері Мәскеудің (бұл жердегі Мәскеу 
–  большевик  көсемдері  Ленин,  Сталин,  Троцкий)  тала-
бына  еріксіз  көнеді.  Көнуге  тура  келеді.  Бүкілресейлік 
құрылтай болмай қалды, оны болдырмай, өзге топтар мен 
партиялардың қалың әскерін қирата жеңіп, жапырып келе 
жатқан большевиктер армиясы Ресей империясына толық 

83
үстемдік  ететініне  көздері  жеткен  соң  совет  өкіметімен 
амалсыз  ымыра  жасалған.  Империямен  ендігі  күрес  со-
вет өкіметінің қол астында тек оқу-ағарту саласында ғана 
жүргізілмек екенін жақсы түсінген. 
Семей губревкомы мен советтік атқару комитетінің үні 
болып 1919 жылдың 4-декабрінен Семей қаласында «Қазақ 
тілі» газеті шыға бастады. Бұрынғы Сібір үкіметі сияқты 
совет өкіметі де орнай салысымен ең әуелі баспасөзді уы-
сында  ұстайды.  Семей  қаласында  баспаханалар  көбейіп, 
оларға  реттік  сандар  қойыла  бастайды.  Алаш  Орданың 
облыстық кеңесінің баспаханасы 1-нші, бұрынғы «Союз-
банк»  баспаханасы  2-нші,  бұрынғы  «Труд»  баспаханасы 
3-нші реттік нөмірлерге ие болады. Енді бұлар тек совет 
газеттерін шығара бастайды /141/.
1919  жылы  мұғалімдер  семинариясын  бітірген 
Жүсіпбектің облыстық комитеттің бекітуімен совет өкіметі 
орнағанша  қаладағы  қысқа  мерзімді  педагогикалық  кур-
старда сабақ беріп жүргенін жоғарыда айттық /142/.
Сол жылдың 18-декабрінде губревком құрамында Алаш 
(Жаңа Семей) қаласының ревкомы құрылды /143/.
Жүсіпбек  Аймауытұлы  губаткомның  23-декабрьдегі 
№4  бұйрығы  бойынша  қазақ  нұсқаушылар  бөлімшесінің 
меңгерушісі  қызметіне  кіріседі  /144/,  25-декабрьден 
губревкомға  мүше  болады  /145/.  Ал  бұдан  бір  күн  бұрын 
жат  жұрттықтар  («бұратана»)  бөлімі  бойынша  жалпы 
бөлімшенің меңгерушісі болып бірге оқыған замандас інісі 
Мұхтар Әуезов тағайындалған еді /145/.
Бұл  мәліметті  «Колчак  үкіметі  Семейде  құлағаннан 
кейін  губерниялық  төңкеріс  комитетінің  қазақ 
бөлімшесінің  меңгерушісі  болдым  және  «Кедей  таңы» 
газетінің редакторы болып тағайындалдым»/146/ деп өзі 
де растайды Жүсіпбек Аймауытұлы ОГПУ тергеушісіне 
берген  жауабында.  Өкінішке  қарай,  «Кедей  таңы» 
газетін Алматы, Семей, Ташкенттің ешбір архивінен не-

84
месе  кітапханалардың  сирек  кітаптар  мен  қолжазбалар 
бөлімінен  ұшырастыра  алмадық.  Тегі,  соған  қарағанда, 
бірнеше саны ғана шығып тоқтаса керек. Үйткені сол кез-
де губерния көлеміндегі бірден-бір газет «Қазақ тілі» еді. 
Бұл белгілі басылым алғашында жетісіне бір, кейінірек 
жетісіне 3 реттен 2500 тиражбен шығып тұрған/147/.
«Азамат соғысы аяқталғанымен қазақтарды соғыс ком-
мунизм саясатының қиыншылықтары күтіп тұр еді. 1920 
жылдың  көктемінде  бүкіл  өңірде  астықты,  малды,  киім-
кешекті  күштеп  тәркілеу  басталды.  Жеңіске  қолы  жет-
кеннен соң большевиктер қазақтарға советтік үстемдіктің   
«сабақтарын»      үйрете      бастады»/148/      деп  жазады  осы 
кезең жөнінде тарихшы Марта Олкотт.
1920 жылдьщ 28-январында Ж.Аймауытұлы өз өтініші 
бойынша  А.Белослюдов  басқарған  губерниялық  оқу 
бөліміне іссапармен барыпты /149/. Бұл кезде ол коммунистік 
партияға өткен болатын /150/.
Осы  жерде  тоқтала  кету  керек:  Жүсіпбекке  де,  басқа 
қазақ азаматтарына да «пролетариат диктатурасы» деп та-
лап қойған, не нәрсеге болсын, тап көзқарасымен қарайтын, 
сыңарезу  большевиктермен  бірге  жұмыс  істеу  қиын  еді. 
Үйткен  себебі,  орыс  философы  Н.Бердяев  айтқандай, 
«большевизм  орыс  отаршылығының  үшінші  көрінісі  бо-
лып  табылды»  /151/.  «Бұрын  орыс  шовинизмі  жыртқыш 
сипаттағы ұлтшылдық болатын. Қазір ол «төңкерісшіл шо-
винизм» түрінде көрінуде» /152/ деп кейінірек М.Шоқай да 
тарихи тұрғыда әділ бағасын берген.
Солармен  қызметтес  болып,  қоян-қолтық  араласып 
жүрген  бұрынғы  Алаш  Орда  мүшелері  мүйіздеуді  көп 
көреді.  Ақыры,  архив  құжаттары  көрсетіп  отырғандай, 
1920  жылдың  13-мартында  Сібір  ревкомына  қараған  Се-
мей  губерниясының  қызметкері  Жүсіпбек  Аймауытұлы, 
Әлімхан  Ермеков,  Мұхтар  Әуезов  Қазақстан  ревкомы-

85
на  (Кирревком),  Сібір  ревкомына  және  Қазақстан  ревко-
мы Орталық атқару комитетінің (КирЦИК) мүшесі Ахмет 
Байтұрсыновқа  хат  жолдайды  /153/.  Онда  олар  жергілікті 
жерде  (бұл  жерде  Семей  қаласы)  бұрынғы  саяси  қызметі 
үшін қазақ оқығандарын қуғындауды қойдыруды талап ет-
кен.
Бұл  факті  Лениннің  өзі  қол  қойған,  «бұрынғы  Алаш 
Орда  үкіметінің  мүшелерін  совет  қызметіне  жіберетін 
уақыт  жетті  деп  саналады  және  оларды  бұрынғы  саяси 
істері  үшін  қудалауға  мүлдем  тыйым  салынады»  деген 
ВЦИК-тің белгілі қаулысы /154/ шықса да, жергілікті орыс 
совет басшылары оған мән бере қоймайтынын аңғартса ке-
рек.
Күн тәртібіндегі ушығып тұрған көптеген мәселелерге 
байланысты  1920  жылдың  сентябрь  айында  Қазақ 
Автономиялық  Республикасының  астанасы  Орынбор-
да жалпықазақ съезі өткізілмек болып шешіліп, қатысуға 
Семей  губревкомы  да  дайындалады.  Губревком  26-июль-
де өткен мәжілісінде даярлық үшін әуелі уездік съездерді 
өткізуді бекітіп, Жүсіпбек Аймауытұлына жатжұрттықтар 
(инородцы) бөлімшесін бөлім етіп қайта құру ісі тапсыры-
лады /155/.
Сол  жылы,  яғни  1920  жылдың  26-авгусінде  Ресей 
Федерациясы  құрамындағы  Қазақ  автономиялық  ССР-і 
қүрылады.  «Бірақ  Семей  губерниясы,  әлі  де  болса,  Сібір 
ревкомына  қарап  қалған  еді.  Ә.Бөкейханов,  Ә.Ермеков 
сияқты  алаш  зиялыларының  бұл  губернияны  Қазақ  ре-
спубликасына  қосып  алу  мәселесі  де  оңай  шешілмеген 
болатын»  /156/.  Семей  губерниясына  ол  кезде,    қазіргі 
территориялық  өлшеммен  алсақ,  Павлодар,  Шығыс 
Қазақстан облыстарының жерлері кіретін. 
Губревкомның 10-сентябрьдегі мәжілісінде М.Әуезовтің 
білім  алуын  жалғастыру  үшін  қызметінен  босатуын 

86
сұраған өтініші қаралады. Оның орнына Қазақ бөлімін (ки-
ротдел)  басқаруға  губревком  мүшесі  Жүсіпбек  уақытша 
тағайындалады /157/. Осы айда өтетін жалпықазақ съезіне 
сайлау өткізу үшін Семей губерниялық сайлау комиссиясы 
құрылып, құрамына   Б.Зорин,   Л.Пиндрик   дегендермен   
бірге Ж.Аймауытұлы да кіреді /158/.
Сол кезде Семей қаласындағы Ленин көшесінің 4-інші 
үйінде  орналасқан  3-нші  мемлекеттік  (бұрынғы  «Труд») 
баспаханадан  басылып  шығатын  «Қазақ  тілі»  газетінің 
тиражы 1920 жылы 3 мыңға жеткен /159/. Алғашқы санда-
рында «Шығарушы: Жазушылар ұйымы» деп көрсетілетін 
осы  басылымға  1920  жылдың  жаз  айларында  Мәнен 
Тұрғанбай  редакторлық  етеді.  Қазан  айында  Жүсіпбек 
Аймауытұлы  редактор  болады.  Газет  бір  ғана  парақ  бо-
лып  шыққан  сол  жылы.  Азғана  нөмірі  сақталғандықтан 
шығар,  Аймауытұлының  нақты  өз  атынан  берілген 
дүниелерін кездестіре алмадық.
Әйтсе  де,  Жүсіпбек  редакторы  болған  нөмірлерден 
оның жазу мәнеріне ұқсайтын, «Басқармадан» деп берілген 
шағын мәтіндерді көруге болады. Мәселен, «Кедей сөзінің» 
ілгешегіне  жауап»  деген  дүниесінде  «Басқарма»  Омбы-
да шығатын «Кедей сөзі» газетінің әйел теңдігі мәселесін 
көтерген «Қазақ тілінің» материалына тиіскен сөзіне, орын-
сыз сынына «Қазақ тілі» «қазақ әйелінің әлі жетілмегендігін 
де, өз бетімен жол таба алмайтындығын да, кейде қыз бо-
лып  ағасына  не  туысқаны  жазатынын  да  біледі.  Басы-
на  бостандық алған  қызды  да,  қорғалап  қолтықта  қалған 
қызды да, өнеге алсын, не сақтансын деген мақсатпен баса-
ды»/160/ деп жауап қайтарады.
Редактор  Аймауытұлы  РОСТА-дан  «Қызылдар  май-
даны» айдарымен «Врангель бөліне бастады», «Күнбатыс 
майданы» және т.с.с. тақырыпта хабарлар ұйымдастырған 
/161/. Бұл ретте «жергілікті жағдайда газет материалдарын 

87
ұйымдастырушы  РОСТА  мен  газеттер  біртұтас  көрінеді 
деуге болады» /162/.
1920 жылдың октябрь айында Жүсіпбек Қазақ Орталық 
атқару комитетінің (КирЦИК) мүшесі және Халық ағарту 
комиссарының  орынбасары  болып  сайланады  /16З/. 
19-октябрь  күні  Қазақ  өлкелік  партбюросы  мәжілісінде 
Смағұл  Сәдуақасовтың  ұсынысымен  қазақ  тілінде  газет 
шығару мәселесі қаралып, оны шығару үшін редакцияның 
алқа  құрамына  С.Сәдуақасов,  С.Сейфуллинмен  бірге 
Жүсіпбек  те  сайланады  /164/.  Бұларға  үш  күннің  ішінде 
газетті  шығару,  пайдалану  және  тарату  жоспарын  жасап 
әкелу тапсырылған екен. Смағұл Сәдуақасовтың ұсынысы 
бойынша,  расында  да,  біраз  уақыттан  соң  «Еңбек  туы», 
кейінірек «Өртең» газеттерінің алғашқы нөмірлері жарыққа 
шыға бастайды.
Бұдан  кейін  он  шақты  күн  өткен  соң  Жүсіпбек 
Аймауытұлы  Халық  ағарту  кеңесінің  1-ноябрьде  болған 
мәжілісіне қатысады. Онда Ахмет Байтұрсыновпен және 
Акулов  дегенмен  бірге  Халық  ағарту  комиссариатының 
алқа мүшесі болып сайланады /165/. Бірақ бір ай толмай, 
25-ноябрьде орнына Буянов деген тағайындалады да /166/, 
Аймауытұлы Семейге қайта оралады. Жүсекеңнің Семей-
ге не үшін қайта қайтқанын қазір тап басып айту қиын. 
Әйткенмен  отбасының  жағдайына  орай  қайтып  оралуы 
мүмкін-ау  деп  топшылауға  болады.  Үйткені  бұл  кез-
де  кіші  ұлы  Жанақ  дүниеге  келген  болатын,  үлкен  ұлы 
Бектұр төрт жаста еді.
Жүсекеңнің  үлкен  ұлы  Бектұр  ақсақалды  өзім  көрдім, 
әңгімесін тыңдадым. Біршама естеліктер айтып еді. Солар-
дан үзінді келтірейін:
  «Семей  қаласында  әкемiздiң  бiрiншi  әйелi  Вера  Вол-
ковадан  1916  жылы  тудым.  Шешем  менiң  атымды  Вик-
тор,  ал  1920  жылы  туған  iнiмдi  Евгений  деп  атаған 

88
екен,  кейін  ажырасып  кетіпті,  біз  әкеміздің  қолында 
қалыппыз, – деп еске алады Бектұр ақсақал Аймауытов, –  
1924  жылдың  21-январында  әкемнiң  туған  жиенi  Мәруа 
Жаров  менi  Баян-Ауладан  Орынборға  әкеме  алып  келедi. 
Әкем бұл кезде Евгения Сермұхамедовамен отасқан бола-
тын.  ...Бiрде  Орынборда  әкем  екеумiз  келе  жатқанда  мы-
надай жағдай болды. Көшеде бiр ғимараттың жанында бiр 
топ қазақтың жап-жас қыздары жиналып қалған екен. Әкем 
олардың  жандарына  барып,  жағдайларын  бiлiп  қайтты. 
Мәселенiң одан әрі қалай болғанын бiлмеймiн, әкем менi 
ауланың  iшiне  қалдырып,  өзi  оқу  орнының  басшылары-
мен  сөйлесуге  кетiп  қалды.  Бiр  уақытта  менiң  жаныма 
бойшаң, етжеңдi әйел келiп: «Сен Аймауытовсың ба?» деп 
сұраудың астына алды. Бала көңiлiм не дейiн, «иә, Айма-
уытовпын» дедiм. Сол-ақ екен әлгi әйел жедел басып алға 
кетiп қалды. Әкем келген соң болған жағдайды сол күйiнде 
айтып бердiм. Әкем сәл ойланып тұрды да, «мен оның кiм 
екенiн  бiлемiн»  деп  абдырап  қалды.  Сол  күнi  түн  орта-
сында  әкем  менi  ұйқыдан  оятты  да,  бiз  темiржол  вокза-
лына жаяу тартып кеттiк. Вокзалға екi жарым сағат жаяу 
жүрiппiз.  Әкем  екеумiзге  Ташкентке  билет  алды  да,  сол 
күнi жүрiп кеттiк. Осы күнге дейiн оның себеп-салдарын 
бiлмеймiн, әсілі, әкем чекистерден (ГПУ-ден) қашса керек. 
Ал әлгi әйел солардың жансызы болған сияқты. 
Ташкент  қаласында  әкеме  ауыл  шаруашылығы  техни-
кумы директорының келiп: «Жүсiпбек, Орынборда сен пси-
хологиядан  сабақ  бердiң,  маған  психолог  керек  емес,  сен 
менiң балаларыма ауыл тiлшiсiнiң қызметi жөнiнде дәрiс 
оқысаң, дұрыс болар едi» дегенi есiмде қалыпты.
...1926-1928  жылдары  Шымкент  қаласында  тұрдық. 
1928 жылы Қызылорда қаласына көшiп келiп, Карл Маркс 
көшесiндегi 45-үйде тұрдық. Әкем бiрден газетке жұмысқа 
орналасты.  Осында  Ахмет  Байтұрсынов  атамды,  Мұхтар 

89
Әуезовтi, Иса Байзақовты көрдiм. Ахмет атам өте балажан 
болатын,  менi  тiзесiне  алып  отыратын.  Өте  биiк,  көркем 
кiсi едi. Бiздiң үйдiң iшi Мiржақып Дулатовтың үй-iшiмен 
жақсы араласатын. Әлi есiмде, әкем 1925 жылы жазда менi 
Мiржақып  ағайдың  отбасымен  бiрге  Торғай,  Қостанай 
өңiрлерiне демалысқа жiбердi. Торғайдың меңiреу, кең да-
ласында адасып кетiп, кешкiсiн өрiстен қайтқан сиырларға 
ерiп ауылға келгенiм де есiмде. Мiржақып ағайдың қызы 
Гүлнәр  Дулатова  екеумiз  Орынборда  қазақ  тәжiрибе-үлгi 
мектебiнде қатар оқыдық. Мектепте орысша оқып, 70 жыл 
сары орыстың арасында жүрсем де, қазақша жақсы бiлем. 
...Қызылордадағы  Карл  Маркс  көшесінiң  аяқ  шенiнде 
Ахмет  ағайдың  үйi  тұрды.  Бiр  күнi  әкем  екеумiз  Ахмет 
атамның үйiне қонаққа бардық. Үйде бiршама кiсiлер бол-
ды.  Бiр  кезде  әбден  қызып  алған  Ғаббас  Тоғжанов  менiң 
әкеме  жазықсыздан-жазықсыз  тиiсiп,  «контрреволюцио-
нер» деп отырғандардың шырқын бұзғаны есiмде қалыпты.  
Қорыққанымнан айқай салып, жылап жiбергенiм де есiмде. 
Ахмет атам қарулы, iрi кiсi ғой, шыдамы таусылса керек, 
бiр кезде Ғаббас ағаны желкесiнен алып, жұлқып түсіргені 
–  күнi кешегiдей көз алдымда тұр. Бiз түн iшiнде қонақтан 
көңiлсiз қайттық. Жолай Мiржақып ағайдың үйiне соғып, 
қорада тiгулi тұрған киiз үйдiң iшiнде түнеп шықтық. 
...Әкем 1929 жылы Қызылордада тұтқындалды. Мен ол 
кезде 13 жастамын. Бала болсам да, есiмде қалыпты, мек-
тептен үйге келсем, үй-iшi абыр-сабыр, қағаз-кiтаптар ша-
шылып  жатыр.  Бiрдеңе  iздеген  сияқты,  тiнту  жүргiзiлiп, 
артынша әкемдi алып кетiптi. Әкемдi алдымен Алматыға, 
содан соң Мәскеуге әкетiптi. 
...Әкем  жайшылықта  қолына  домбырасын  алғанда: 
«балам,  не  ойнап  берейiн?»  деушi  едi.  Мен  болсам: 
«Торайғырды»  деп  жауап  беретiнмiн.  Ол  жымиып  күледi 
де, «Торайғырды» тартып беретiн. Әкем «Қызыл бидайды» 

90
да, «Балқадишаны» да, «Қараторғайды» да, «Дударайды» 
да тамаша ойнайтын, мен мәз болатынмын. «Қызыл бидай» 
мен «Қара торғайды» ол өзi шығарған». 
«Еңбек туы» газетін шығарған кез
Хош, сонымен, 1920 жылға қайтып оралайық. Жүсіпбек 
30-ноябрьде Семей губревкомы мүшелігінен шығып /167/, 
9-декабрьде  қызметін  Ыдырыс  Мұстамбаевқа  тапсырып 
/168/, сол күні губатком төрағасы Жигарев қол қойған, жол 
жүргенде ерекше құқық беретін «468. В 7413362» нөмірлі 
мандатпен жол ақшасын алып /169/, Орынборға қарай қайта 
шұғыл  жүріп    кетеді.      Мандаттың  түпнұсқасын  келтіре 
кетсек, артық болмайды:
«9/ХІІ. МАНДАТ 468. В 7413362
Предъявитель сего, тов. Аймаутов постановлением Се-
мисполкома  откомандировывается  в  распоряжение  КИР-
ЦИКа и направляется к месту нового служения в г.Оренбург.
При передвижении тов. Аймаутова все советские и об-
щественные учреждения и организации обязаны оказывать 
ему всяческое содействие. Тов. Аймаутов имеет право про-
езда  в  штабных  и  международных  вагонах.  Изложенное 
подписями приложением печати удостоверяется.
Тов. Аймаутов получил аванс в сумме десяти тысяч, ко-
торый по прибытии его на место, подлежит возвращению 
губисполкома.
Предгубисполкома Жигарев,
Секретарь Матвеев»
Соңына Аймауытұлының қолы қойылған.
Жоғарыда  айтып  кеткеніміздей,  Орынборда  «Еңбек 
туы»  газетінің  (бүгінгі  «Егемен  Қазақстан»)  алғашқы 
нөмірі  КирЦИК  пен  РКП(б)  облыстық  бюросының  үні 
ретінде  1920  жылдың  13-ноябрінде  шығады.  Алғашқы 
сандарында 
С.Сәдуақасовтың, 
М.Тұрғанбайдың, 

91
С.Сейфуллиннің,  Ғ.Айсариннің  мақалалары  жариялан-
ған. Газет алғашында жетісіне үш рет шығуға талпын-
ғанымен,  арасына  жиырма  шақты  күн  аралатып,  1920 
жылы бар-жоғы үш-ақ саны жарық көреді. Басты себеп 
қаржы тапшылығы болса керек.
Үшінші  санында  Жүсіпбек  Аймауытұлының  «Жастар 
кім?» деген мақаласы басылады /170/. Совет өкіметі алғашқы 
кезде өзінің билік орындарында оқығандарға, зиялыларға 
зәру болса да, кейінгі жастарға сеніп, оларды өз мүддесінде 
тәрбиелеуге баса назар аударған. Осы себептен болса керек, 
оқығандар ішінде «ескішіл», «жаңашыл» деп бөлінген екі 
түрлі пікірдегі жастардың бар екені сезіле бастаған. Міне, 
осы құбылысқа  Аймауытұлы өзінің мақаласында кеңінен 
тоқталып,  оларды  өзара  мәмілеге  келтіруге  тырысады, 
жікшілдіктің  неден  туатынын,  тамыры  қайда  жатқанын 
аңғартады, жаңа өкіметке керек жастардың бойынан ұлтын 
сүйген асыл қасиет көргісі келетінін айтады.
«Бұрынғы  оқығандарға  жастар  сын  тағатын.  Не  деп? 
«Ескішілсіңдер, 
байшылсыңдар, 
баққұмарсыңдар... 
қазақты бойларыңа аса үйір қыламын деп жаман мінездерін 
де бойларыңа сіңіріп алдыңдар; ылғи әдіспен жүремін деп 
көзге  көрінерлік  берекелі  іс  шығара  алмадыңдар»  деп. 
Бұрынғы оқығандарды халық іс жүзінде көрді. Жастардың 
жоғарыдағы ісі өтірік пе, шын ба, өздері байқар. Жалғыз-
ақ бұ жерде айтқым келеді. Бұрынғы оқығандардың бой-
ында, ісінде міндері болса, ол үшін мүлде айыптауға бол-
майды»  деп  жаза  отырып  Жүсіпбек  «жастың  мақсұты 
–  әділдік»  деп  әділ  болуға  шақырады.  «Жастардың 
көбінесе  ісіне  кіріскені  соңғы  төңкерістен  бері  қарай. 
Аз  уақытта  жастардың  өндіріп  істегені  болмаса  да,    ке-
лешекте  адал  қызмет  қылуына,  көздеген  мақсұтынан, 
тұтынған жолынан таймай, халықты түзу бастауына үміт 
туғызады» деп жазады одан әрі. Адал, өжет жастың үлгісі 

92
ретінде  Сұлтанмахмұт  Торайғыровты  атайды:  «Кешегі 
өткен  Сұлтанмахмұт  жас  біткенге  бас  еді.  Ақжүректік, 
әділдік, турашылдық, ерлікте Махмұт сынды жігітті қай 
дұшпаны  кемітер?!».  Жастарды  ұлт  ісіне,  елді  көркейту 
қызметіне  үндеген  Жүсіпбектің  бұл  мақаласы  –  сол 
тұстағы  әлеуметтік  өзекті  мәселелердің  бірін  қозғаған, 
мерзімінде жазылған дүние.
Қазақ  автономиялы  республикасы  Орталық  атқару 
комитетінің 1920 жылдың 2-декабріндегі мәжілісінде Қазақ 
мемлекеттік баспасы жанынан қазақ тілінде оқулықтар дай-
ындайтын, бес кісіден тұратын редакциялық алқа құрылып, 
оған  Ә.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов,  Х.Болғанбаев, 
С.Сәдуақасовпен бірге Жүсіпбек те кіреді /171/.
Көп  ұзамай,  1921  жылдың  31-январында  Аймауытұлы 
халық  ағарту  комиссариатының  алқа  мәжілісінде  халық 
ағарту  комиссары  Ахмет  Байтұрсыновтың  орынбаса-
ры  болып  екінші  рет  тағайындалады  /172/.  Партия-совет 
қайраткері ретінде ол қазақ жастарын арнаулы курстар мен 
мектептерге шақыру жұмыстарына араласады /173/.
Арада жиырма күн өткеннен кейін, 21-февральда Қазақ 
коммунистік  партиясы  бюросының  (Кирпартбюроның) 
шешімімен  ол  Смағұл  Сәдуақасовтың  орнына  «Еңбек 
туы»  газетінің  редакторы  болып  бекітіледі  /174/. 
Сүйтіп,  әйгілі  қаламгер,  ұлт  көсемсөзінің  иесі  Жүсіпбек 
Аймауытұлы бүгінгі «Егемен Қазақстанның» ең алғашқы 
редакторларының  бірі  болады.  Бірақ  орны  толмас  бір 
өкініш:  ол  басқарған  бес-алты  айдағы  «Еңбек  туының» 
тігінділері  архивтерде,  арнаулы  қорларда  сақталмапты. 
Күндердің күнінде табылып қалар деген үміт жоқ емес.
Совет  дәуіріндегі  Қазақ  республикасының  алғашқы 
газеттерін  ғана  емес,  тұңғыш  журналдарын  шығаруға 
да  Жүсекеңнің  атсалысқанын  архив  құжаттары  дәлелдеп 
отыр.  Мәселен,  Қазақ  ғылыми  комиссиясының  (төрағасы 

93
И.Тоқтыбаев)  Оқу  комиссариатына  1921  жылдың  1-мар-
тында жіберген №74 хабарламасында «Шолпан» деп атала-
тын саяси-экономикалық және ғылыми-әдеби журналдың 
алғашқы саны 15-мартта шығатыны, оны шығармақ болған 
қызметкерлердің  ішінде  А.Байтұрсынов,  Б.Сәрсенов, 
Х.Болғанбаев,  А.Бірімжанов,  М.Саматов,  Е.Омаров, 
С.Сәдуақасов,  Б.Күлеев,  С.Сейфуллинмен  қатар  Жүсіпбек 
Аймауытұлының бар екені айтылады /175/. Бірақ бұл жур-
нал белгісіз себептермен шықпай қалыпты.
Сол жылы жазғытұрым, 24-мартта қаламгер «Еңбек 
туының»  редакторы  міндетінен  босатуды  сұрап 
Кирпартбюроға  өтініш  жазған  /176/.  Бірақ  өтініштің 
өзінің  мәтіні  сақталмаған,  сондықтан  оның  не  себепті 
босатуды сұрағанын анықтау мүмкін болмады. Алайда 
өтінішке  қол  қойылмайды:  күнде  шығуға  тиіс  «Еңбек 
туын»  техникалық  мүмкіндіктері  болмағандықтан 
апталық  етіп,  «Беднота»  газетіне  ұқсатып  шығаруға 
және үгіт бөліміне газет техникасын тәртіпке келтіруді 
тапсырып  Кирпартбюро  қаулы  қабылдайды.  «Еңбек 
туының»  жауапты  редакторы  болып  жолдас  Аймауы-
тов  бекітілсін»  деп  ұйғарым  жасайды  /176/.  Бұл  жер-
де  белгілі  көсемсөзшіге  компартия  мүшесі  ретінде 
тәртіпке бағыну талап етілгенін де аңғаруға болады.
Дегенмен 
Алаш 
Орда 
үкіметінің 
бұрынғы 
қызметкерлеріне  ол  жылдары  жаңа  өкімет  тарапынан 
ешқандай сенім артылмайтын. Оны Мәскеуге жөнелтілген 
жеделхаттарында  «Алаш  Орда  үкіметі  мүшелерін 
Қазревкомға  жібермейтіндерін»  растап,  1921  жылдың 
8-июнінде  Қазоблбюро  төрағасы  Пестковскийдің  қолы 
қойылып, қабылданған қаулы да /177/ дәлелдейді.
Большевиктер өкіметі әу бастан бәрін тек өз қалауынша 
жасауға  ұмтылған,  үйткені  «совет  жаулаушылығының 
алғашқы  қадамдарынан  бастап  қазақ  даласындағы  саяси 

94
өкіметтің барлық органдары Мәскеудің қарамағында бол-
ды» /178/.
1921  жылдың  8-июлінде  халық  ағарту  комиссарының 
орынбасары Жүсіпбек Аймауытұлы /179/ Қазобком төралқа 
мәжілісі қаулысымен бір жарым ай еңбек демалысын алып 
/180/ елге кетеді.
Сол кезде Семейде жүріп ол «Қазақ тілі» газетіне «Бияш» 
деген мақаласын /181/ жариялайды (Мәнен Тұрғанбаймен 
бірге). Бияш – Алаш Орданың көрнекті қайраткері Биахмет 
Сәрсенов еді.
«Өткен  июльдің  17-інде  Орынбор  қаласында 
Қазақстан  Оқу  комиссариатының  басқарма  мүшесі  Би-
Ахмет  Шегедекұлы  Сәрсенов  оба  ауруынан  қаза  бол-
ды»  деп  басталған  көлемді  қазанама-мақалада  ав-
тор  Б.Сәрсеновтің  өмірбаянына  шолу  жасап,  оның 
қазаққа  сіңірген  еңбегіне  тоқталған.  Төңкеріске  дейінгі 
әлеуметтік және оқытушылық қызметін айтып, «әлеумет 
ісіне  қатысқандықтан  айыпталып,  Калшак  тұсында, 
соңғы совет үкіметі тұсында абақтыға да жатып шықты» 
деп жазады. «Бияш қиын-қыстау, қияға салатын, дәнекер 
болатын, өзгеше жаралған жан еді. Ондай кісі қазақтан 
кем  шығады.  Бияштың  орны  үңірейіп  қалды»  деп 
айрықша  баға  береді  Жүсіпбек.  Сегіз  қырлы,  бір  сыр-
лы Бияштың өжеттігіне, алғырлығына, ұлтшылдығына, 
адалдығына,  мейірімділігіне  жеке-жеке  аялдап,  «оқу 
комиссариатының  қандай  ісі  болсын  бір  өзі  басқарып 
бара жатыр еді. Хәкімшілік жұмыста арқасы босағандай 
болып, Ахаң (Ахмет) Бияшқа сеніп отырушы еді» дейді.
Архивтік деректер де растап отырғандай, халық ағарту 
комиссариатында  /182/  басшылық  қызметте  жүрген 
Биахметті өзі де сонда қызмет істейтін Жүсіпбек өте жақсы 
білген. 1909 жылы мұғалімдер семинариясын бітірген, 1920 
жылдың 12-майынан сол комиссариатта әлеуметтік тәрбие 

95
секторын  /183/  және  қазақ  мектептері  бөлімін  басқарған 
/184/ Б.Сәрсенов шын мәнінде А.Байтұрсыновтың оң қолы 
болған. Оның замандастары арасында қадірлі болғанының, 
еліне еңбегі сіңген шын қайраткер екенінің мысалы ретінде 
өлген соң көп ұзамай Орынбор қаласындағы балалар үйіне 
Б.Сәрсеновтің  есімі берілгенін /185/ де айтуға болады.
Жалпы,  халық  ағарту  комиссариаты  20-жылдардың 
басында  қазақ  зиялыларын  шоғырландырған,  Ахаң 
(Байтұрсынов) басқарған үлкен орта еді. Мұнда А.Кенжеев, 
Х.Болғанбаев,  Е.Омаров,  Б.Күлеев  және  тағы  басқа  ел 
таныған азаматтар қызмет еткен.
Комиссар  А.Байтұрсыновтың  Б.Сәрсенов  сияқты 
орынбасары  болған  Жүсіпбек  алқа  мүшесіне  еніп  /186/, 
көркемөнер секторының төрағасы қызметін атқарған /187/. 
Бұл  сектордың  құрамында  кәсіпқой  театр,  фото-кино, 
академиялық, музыкалық және т.с.с. тоғыз бөлім болған.
А.Затаевич  академиялық  бөлімшенің  меңгерушісі  бо-
лып  қызмет  етіпті.  Халқымыздың  ән-күйін  тұңғыш  рет 
жинаған  бұл  кісі  «Жиырма  бес»,  «Угай-ай»,  «Әупілдек» 
сияқты  28  ән  мен  «Азаматқожа»  күйін  тамаша  әнші  – 
Жүсіпбектің  аузынан  сол  кезде  жазып  алса  керек.  Негізі 
«Қызыл  бидай»,  «Қазағым,  қақтықпа»,  «Арғы  атам  –  ер 
түрік» сықылды әндерді дүниеге әкелген Аймауытұлының 
/188/ әншілік өнері – жеке зерттеуді талап ететін дүние.
Сол,  халық  ағарту  комиссариатында  қызметте  жүріп 
Жүсіпбектің  ҚазЦИК-тің  шаруашылық  басқармасында  іс 
жүргізуші  болып  жұмыс  істейтін  /189/  болашақ,  екінші 
әйелі Евгения Сермұхамедовамен осы кезде танысқан бол-
са керек.
1921 жылдың 8-июлінде бір жарым айға еңбек демалы-
сын алған Жүсекең, бір қызығы, арада бір ай өткен соң, 10-ав-
густа Семей губерниялық оқу бөліміне меңгеруші болып 
Әбікей Сәтбаевпен бірге бір күнде қызметке тұрған /190/. 

96
Барлығы  13  адам  жұмыс  істеген  ГубОНО-да  қазақтардан 
бұлармен  бірге  Қ.Мұздыбаев  жұмыс  істепті.  Ә.Сәтбаев 
кейінірек  қазақ  бөлімін  басқарып  /191/,  губерниялық  оқу 
бөлімінің меңгерушісі болады /192/.
1929 жылғы тергеу мәліметтерінде Аймауытұлы мұны 
растай отырып, «Қазақ тілі» газетінің шығарушыларының 
бірі болғанын қадап айтады /193/.
Жүсіпбектің  Қазақстан  Орталық  атқару  комитетінің 
(КирЦИК)  іс  қағаздарында  сақталған  1921  жылдың 
12-октябрінде ашылған жеке ісінде де керекті мәліметтер 
бар. Сол күні ол КирЦИК-тің қаулысымен (сырттай болса 
керек) оқу комиссариатында жаңа қызметке тағайындалады 
/194/.
Ал 1922 жылдың 10-январында КирЦИК-тің 3-январьдағы 
№9  қатынас  қағазына  халық  ағарту  комиссариатының 
әкімшілік  басқармасы  Жүсіпбек  Аймауытұлының  8-июль 
күні бір жарым айға демалыс алып елге кеткенін, содан әлі 
оралмағанын айтып жауап береді /194.2-п/. 24-январьда сол 
басқарма оның Семейде «Қазақ тілі» газетінің жауапты ре-
дакторы болып қызмет ететінін айтып КирЦИК-ке тағы бір 
жауап жіберіпті /194.4-п/.
Орынборда Жүсіпбекті іздестіру мәселесі біразға созыл-
са керек, КирЦИК-тің 1922 жылғы 21-мартындағы мына бір 
хаттамасы соны  аңғартады.  Толығырақ келтірейік: 
«Қазақ  Орталық  атқару  комитеті  мәжілісінің 
№44  хаттамасының  көшірмесі.  КЦИК-тің  мүшесі 
Ж.Аймауытовтың іс-әрекетіне орай түскен арыз бойынша 
наркомюстің 8-марттағы №1008 қорытындысы тыңдалды. 
Баяндамашы  –  Әуезов.  Қаулы  етілді:  Арызды  Семей  гу-
берниясы  аса  маңызды  істер  жөніндегі  тергеушіге  беріп, 
осы  арызға  байланысты  алдын-ала  тергеу  ісі  жүргізілсін 
және барлық тергеу материалдары КЦИК-ке осы бойынша 
мәселені шешу үшін жеткізілсін»/194.5-п/. 

97
Жүсіпбектің Орынбордағы жақсы қызметін тастап, Се-
мейде  жаңа  қызметке  орналасуы  –  оның  жеке  өмірінің, 
өз  шаңырағының  мәселелеріне  орай  шұғыл  шешім 
тапқан  жағдай  болуы  мүмкін.  Не  болса  да,  бұл  қаламгер 
өмірбаянындағы  әзірге  белгісіз  қалып  отырған,  қалтарыс 
беттердің бірі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет