Әлеуметтік құрылымдағы негізгі топтардың сипаттамасы
Жастар - демографиялық топ. Бірақта оларды тек қана жас жағынан
ажырататын топ ретінде шектеуге болмайды. Жастар ерекше әлеуметтік
топ. Олардың әлеуметтік белгілері, өзіндік өмір салты, психологиясы,
идеологиясы бар. Жастардың алда болашағы бар, қоғамдағы, өмірдегі
процестерді өзінше түсінеді, жүріп жатқан реформалар туралы олардың
ерекше ой-пікірлері бар. Қысқаша айтқанда олардың әлеуметтік, рухани
белгілері, ерекшеліктері толып жатыр. Сондықтанда, біз жастарды
әлеуметтік топ ретінде қарастырамыз.
Әйелдер - демографиялық топқа жатады. Бұл мәселе жөнінде шыққан
кітаптар, жазылған еңбектер аз емес. Бірақ та, әйелдер де әлеуметтік
жағынан алғанда ерекше топ. Олардың, әлеуметтік ерекшеліктері туралы
көп айтуға болады. Мысалы, әйелдердің қоғамдағы әлеуметтік
жағдайы, тұрмысы, құқығы, денсаулығы, қоғамды, мемлекетті
басқарудағы орны, саяси-қоғамдық ісі, еңбекке қатынасы, білім деңгейі,
мамандығы, рухани өмірі, отбасындағы, бала тәрбиелеудегі ролі, т. б.
Осы айтылған белгілердің бәрінде демографиялық емес, әлеуметтік
белгілер, әлеуметтік көріністер. Сондықтанда, осы топтың әлеуметтік
ерекшеліктерінің көбірек екендігін айта келіп, біз оны жеке бір ерекше
топ ретінде қарастырамыз.
Әлеуметтік құрылымға кіретін келесі топ қала және ауыл
тұрғындары. Бұл мәселені жеке қарастыруға болады.
Әлеуметтік құрылымға сословие, каста деген топтар да кіреді. Олар
адамдардың шыққан тобы, бірлестігі, жиынтығы. Тарихи жағынан
алғанда сословиелер таптардан бұрын пайда болды, бірақта таптық қоғамда
олар таптармен бірге қоғамда орын алып жатты. Сословиелік
құралымдардың кейбір қалдықтары бірқатар елдерде әлі күнге дейін
орын алады. Сословие дегеніміз заңдармен құқықтық түрде, не болмаса
дәстүрлер, әдет-ғұрып арқылы бекітілген және осыған байланысты
ұрпақтан ұрпаққа қарай, беріліп отыратын, әлеуметтік топтың құқығы
мен міндеттері.
Европада IV ғасырдан XIV ғасырға дейін негізгі стратификациялық
топтар сословиелер болған. Мысалы, Францияда сословие деп әр
дәрежедегі страталарды атаған. XVIII ғасырдың аяғында, Француз
революциясының қарсаңында, бұл елде үш сословие болғаны тарихқа
белгілі. Олар дворяндар, діни сословие және үшінші сословие деп
аталатын қалың бұқарадан тұратын топтар болған. Бұл жайда айта
кететініміз, тек қана дворяндар, яғни ең жоғарғы сословиеге
жататындар өзінің нәсілдік, ұрпақтық құқығын сақтай алатындығы.
Мысалы, әкесі дворян болса, баласы да, туған-туыстары да осы
сословиеге міндетті түрде жататын. Ал қалған сословиелердің сословие
деп аталғанымен де ондай құқығы болмаған. Сословиелік әлеуметтік
құрылым орта ғасырларда көпшілік елдерде орын алған. Мысалы,
Ресейде үш сословие орын алған. Олар дворяндар, діни сословие,
шаруалар. Соңынан бұл елде басқа да сословиелер пайда бола
бастаған. Сословиелік құрылым қазақ даласында да орын алған. Қазақ
жерінде хан, сұлтан, төрелер, одан кейін қожалар сословиесі болған.
Бұл сословиелер үстемдік еткен, елді басқарған және олардың статусы
атадан балаға көшіп отырған. Әдет-ғұрып, дәстүр бойынша,
Шыңғысханнан бастап тек қана соның тұқымдары хан, сұлтан болуға,
таққа таласуға мүмкіндік алатынды. Бұл ең жоғарғы сословие. Бұларда
европалық, азиялық елдердегідей сословиелік белгілер мен құқықтар орын
алған. Қазақ даласында көпке дейін сақталып келген әліде қалдықтары
бар сословие қожалар деп аталады. Қожа әрі сословие, әрі ру ретінде
қалыптасқан. Сословие ретінде қожалар (көпшілігі) діни, миссионерлік
іспен айналысқан, олардың статусы өте жоғары болған. Қожалардың
ісі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берген. Ал ру ретінде қожалар
қазақтардың ру жүйесіне кірмеген. Сондықтан олар қазақтардың руы
деп қарастырылмайды. Қысқаша айтқанда, қазақ даласындағы
сословиелер ру дәрежесінде берілген, бірақ та олардың жоғарғы
лауазымы хан, сұлтан, қожа деген сословиелік статусқа байланысты
болған. Ал Европаны алсақ, онда рулық белгі сословиелерде
көрсетілмеген. Қазақтың қалың бұқарасы шаруалар, байлар, кедейлер,
орта шаруадағы адамдар жоғарыда айтылған сословиелерге кіре алмаған,
бұлар төменгі сословиені құраған. Бірақ та, осы бұқара халық, өзіде әр-
түрлі, осы күнгі терминмен айтқанда, страттарға бөлінген. Халықтың
өзіндік әлеуметтік құрылымы орын алған. Олар жоғарғы топ, орта топ,
кедей топтар.
Әрбір сословиенің өзіндік ішкі құрылымы болады. Оның ішінде
түрлі атақтар, дәрежелер, рангалар бар. Ол мәселені біз бұл жерде талдап
жатпаймыз. Сословиелік жүйе 5 мың жылдай қоғамда орын алған. XVIII
ғасырға дейін дүние жүзінде бұл жүйеден күшті әлеуметтік құрылымда,
жүйе болмаған. Ал соңғы 150 жылдың ішінде бұл жүйе бүкіл дүние
жүзінде құрып кетті десе де болады. Бірақ та, кейбір Европа елдерінде,
мысалы ҰҰлы Британияда, Азия елдерінің кейбіреулерінде осы жүйенің
қалдықтары осы күнге дейін кездеседі.
Каста дегеніміз социологияда әлеуметтік топ ретінде қаралады. Бұл да
страта, әлеуметтік стратификацияның белгілі бір өткен тарихта орын
алған элементі. Кейбір елдерде касталық құрылым өте маңызды орын
алған, бірақ та онда қоғамдар өте қатал, жабық, деспотиялық қоғамдардың
қатарына кіреді. Касталық құрылым көп елдерде болмаған. Бұл тарихта
сирек кездесетін құрылымдардың, жүйелердің бірі. Зерттеушілердің айтуы
бойынша осындай касталық жүйе Индияда және Африканың кейбір
елдерінде орын алған, әлі күнге дейін сол елдерде кездеседі. Бірақта
«каста» деген ұғымның мазмұнын кейбір зерттеушілер кеңірек
түсіндіріп, касталық XX ғасырда біраз елдерде орын алған дейді. Осы
ғалымдардың түсіндіруінде тоталитарлық режимдердің бәріндеде касталар
болды дегенді айтады. Олай болғанда каста дегеніміз белгілі дәрежесі,
әлеуметтік статусы, рангасы бар жабық топ болады. Шын өзінің
классикалық мәнінде каста /нәсіл/ әлеуметтік топ, ал ол топқа жату
адамның шығу тегіне байланысты. Ол өзінің кастасының шеңберінен
шықпайды, сол кастада дүниеге келеді, үйленеді, тұрмыс құрады,
сонымен дүниеден кетеді. Бұл Кастаның өзіндік кәсібі, өмір салты,
өмірге көзқарасы, психологиясы, әдет-ғұрпы, дәстүрі болуы тиіс.
Әлеуметтік құрылымды қарастыратын қазіргі кезеңдегі теориялардың
бірі әлеуметтік стратификация деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |