Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет25/123
Дата28.07.2023
өлшемі1,34 Mb.
#104870
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   123
Байланысты:
1. Қызыл жебе - I кітап Шерхан Мұртаза (8 сынып)

Қызыл жебе
– Иә, анау болыстың Қалдыбек деген баласы айтты ғой, 
бағана біз Солдатсай жаққа бүлдірген тере барғанда. Біз Қызыл 
Жебені түнде сойып алдық деді. Өтірік десеңіз, өзінен сұраңыз. 
Тұрар болса: «Мен Қызыл Жебемін, Қызыл Жебемін», – деп 
мақтанады ылғи. Мақтаншақ өзі. Е, Қызыл Жебе болсаң соямыз 
дегенім рас. Ойнап әншейін. Әйтпесе, шындап соймаймыз ғой.
Үлкендер үрпиісіп бір-біріне қарады.
– Оразбақ, айналайын, болыстың ол баласы байғұс есі 
ауысқандау ғой. Жәй сандырақтап жүр де. Сен енді Қызыл 
Жебені соямыз деп айқайлаушы болма. Мақұл ма, айналайын?
– Мақұл, ата, айтпаймын. Тұрарды да қуаламаймын. Ол 
өзі де жылап жүр. Көкесін абақтыға қамап тастапты ғой, – деп 
саңқылдады бейуайым Оразбақ.
– Бара ғой, айналайын. Тұрарға тимеңдер, – деді Ахат ауыр 
күрсініп.
Үлкендер ұрса ма деп қорқыңқырап келген бала, бұлайша 
оңай құтылғанына қуанып, үйден ата кеп жөнелді.
Отырғандар қатты ойда қалды. «Қызыл Жебе ұрланыпты» 
деген хабар бұларға да жеткен. Ал енді, жылқының төресі 
сойылыпты деген сұмдық суық сөз рас па, сандырақ па? Бұрынғы 
салмақ, аз болғандай, иыққа тағы бір зіл қара тас құлады. 
Омыраулап, одыраңдап отыратын Омардың өзі еңсесі түсіп кетті. 
Саймасайдың сарсаңына Тұқымбайдың тозағы қосылмаса несі, 
– деген соқыр уайым миларын шағып, шекелерін солқылдатып 
отырған тәрізді.
Енді бұлар Рысқұл орыстың жылқысын алды деген жалаға да 
тоба қылғандай. Ал егер Қызыл Жебенің бәлесі жұқса қайтеміз 
деген уайым үрейге ұласып бара жатқандай.
– Иә, жаратқан алла, жар бола гөр! – деді Ахат қисық есіктен 
қиғаш көрінген далаға жасаураған қызыл жиек көзін қадап. 
Далада жарығы ырсиған келі мен сынып қалған жартыкеш келсап 
жатыр екен. – Қарасу ішсек те, қайғысыз қыл, жаратқан. – Ахат 
қолымен жер тіреп орнынан көтеріле берді. Мәжіліс жабылды.
* * *
Сұрай-сұрай Меккені де табады дейді. Сол айтпақшы, Ахат 
пен Молдабек сұрай-сұрай Алматының абақтысын да тапты. 


52
Қызыл жебе 
Басқаны білмесе де жұрт түрмені біледі екен. Әуелі Ахат пен 
Молдабек базарға барды. Ал базар не сұрасаң да табылатын жер.
Тұрардың қаланы, базарды тұңғыш көруі еді. Молдабектің 
артына мінгескен бала жалтақтап жан-жағына қарай берді. Түрме 
дегеннің не екенін білмейтін сәби абақты осы екен деп қалың 
жұрттың арасынан өзінің көкесін іздейді.
Тау-тау болып үйіліп жатқан асқабақ, қауын-қарбыз, қап-қап 
бидай, арба-арба пішен, жағалай толы алма, алқоры, алмұрт, 
ағаш аяқ қораз кәмпит... Тәттіні көргенде бала әкесін де бір 
сәт ұмытып, қызыл қораз кәмпитке аңсары ауды. Молдабек 
тәтесіне айтайын десе батпайды. Молдабек өзі біліп, алып 
бермес. Артында жәрбиіп мінгесіп отырған баланың кішкентай 
кеудесінде не армандар жатқанынан тәтесі бейхабар. Ол үшін 
Тұрар әзір мұрынбоқ көп баланың бірі ғана.
Жалбырақ қас көзін жауып тұрса да әр нәрсені Ахат қарт 
аңғарғыш. Аттың үстінде тұрып, қойынына қолын сұғып, іш 
қалтасынан ескірген қоқан әмиянын алып, кәмпит сатушы 
дүнгенге:
– Әй, шүршіт, ана тәттіңнің он шақтысын берші, – деді.
– Е, ақсақал, мен мұсылманмын, неге шүршіт дейсіз? – деді 
сатушы дүнген кәмпиттерді қағазға орап жатып.
– Ал мұсылман болсаң, бізге жөн сілтеп жібер: Рысқұл жатқан 
абақты қайда? Қалай барамыз? – деді Ахат енді түсін жылытып. 
Оның ойынша қалада, Рысқұлды білмейтін адам жоқ сияқты 
және Рысқұлдың түрмеде жатқаны бүкіл әлемге әйгілі сияқты.
Көзінің алды күлкілдеген қара дүнген күннің ыстығында 
үстіне мақталы шапан, басына тозығы жеткен сеңсең бөрік киген 
жалбыр қас қартқа таңырқай қарап:
– Рысқұлыңызды қайдам, ал түрме Тәшкен көшесінде, – деп 
қолымен терістік тұсты нұсқап жөн сілтеп жіберді.
Базардан былай шыға бере, Ахат қоржынға қол созып, ораулы 
қағаздан бір қызыл қораз кәмпитті алып, Тұрарға ұсынды. 
Баланың Ахат атасына деген ризалық сезімі сөзден емес, көзден 
көрінгені сонша, қартың шыдай алмай:
– Мә, қызталақ, бәрінен сен олжалы болдың, – деп тағы бір 
кәмпит берді.


53


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   123




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет