Қызыл жебе
– Ну, чертенок, айда пошел, – деді қарауыл оны мылтықтың
дүмімен нұқып.
– Көке! – деп шырылдады Тұрар.
Сонда ол енді бірер айдан кейін дәл осы түрмеде көкесімен
бірге бір камерада айлар бойы отырарын сезген жоқ. Алда не
күтіп тұрғанын бала қайдан білсін...
***
Қайтар жолда базардың тұсынан өтіп бара жатып, Ахат аттың
басын тартты.
– Рысқұлдың аманатын орындайық. Әлгі Петерборына хат
жазайық. Мына базардан біреу табылар, – деді Молдабекке.
Базарды жағалап жүріп, бастырмалы дүкенде мата сатып
тұрған татарды көріп, Ахат:
– Шырағым, мұсылман баласы екенсің, ақыңды берейін, бізге
бір хат жазып берші, – деді. Саудагер татар біраз бәлденіп тұрды
да, «ақысын берейін» деген соң көнді. Қолына қағаз, қалам алған
саудагерге Ахат:
– Жаз, – деді, – Петербордағы досым Метрейге. Жаздың ба?
«Құрметті Метрей! Дені-қарның сау ма? Келін, бала-шаға, мал-
жан аман ба? Ақ патшаның ауылы аман ба.? Патша ағзаммен
ұшырасып тұрасың ба? Рысқұл тамырыңды ұмытпаған боларсың?
Саған азды-көпті қызмет қылып едім. Қиналсаң, хат жаз деп едің.
Көмектесем, қол ұшын берем деп едің. Міне, менің басыма күн
туды. Мені Саймасай болыс жазықсыздан-жазықсыз абақтыға
жаптырды. – Жаздың ба? – деп Ахат саусағымен қағазды нұқып
көрсетті.
– Қазір абақтыдамын. Ауылдағы қатын-баланың халі
мүшкіл. Ағайындарым да азапқа батты. Болыс күн көрсетпейді.
Салық салып, тышқақ лағымызға дейін тартып алды. Құрметті
Метрей! Осы мүшкіл халімізді ақ патшаға айт. Бір шаһарда
тұрасыңдар ғой. Ол кісіні көріп тұратын шығарсың. Қой, Тау-
Шілмембетке тиме десін болысқа. Рысқұлды түрмеден босат
десін. Тау-Шілмембеттің малын қайтарып бер, десін болысқа.
Құрметті Метрей тамыр! Некәлей патшаға айт: Тау-Шілмембетке
Түлкібас жеріндегі Майлыкент болысына қайтуға рұқсат етсін.
Майлыкент болысы Дауылбайға ұрыссын: жиырма үй Сәлік-
56
Қызыл жебе
Сарыны қудалама деп. Біздің Қарақойын мен Кемербастаудың
суын ішуге рұқсат ет десін Дауылбай болысқа. Құрметті Метрей
тамыр, осыны ұмытпай айт патшаға.
– Е, ақсақал, сөзді көбейтіп жібердіңіз ғой,– деп саудагер
татар кегжие бастады.
– Болды өзі де. Жаз, шырағым, құдай тілеуіңді бергір. –
Құрметті Метрей тамыр! Хош! Алла-құдай сақтасын сені! Хат
жазушы Шымыр-Шілмембет Жылқайдарұлы Рысқұл. 1904 жыл,
Мизам айы».
– Адресі қайда? – саудагер татар. Ахат Рысқұл берген, іріп
тұрған қағазды абайлап бүктеуін жазып, саудагердің алдына
қойды.
– «Санкт-Петербург. Улица» ... деп ар жағын оқи алмай
татар тоқтап қалды. Дәл бүктеуі қырқылып кеткен. Көшенің аты
өшіп қалыпты. «Дмитриеву С.В.» деген жазуы көмескі көрінеді.
Саудагер татар басын көп қатырып тұрмай, адресті шала-пұла
жазып, хатты Ахаттың қолына берді. – Анау көшенің арғы бетінде
пошта бар. Соған апарып өткізіңіз, – деді.
* * *
Рысқұл Алматының түрмесіне түскелі үш айдан асып барады.
Жеке камера болатын. Жай жабайы там қыш еді. Кім біледі,
барымташы, жылқы ұрысы, «жабайы киргиз» қашып қайда
барар деді ме, жоқ әлде тас камералар бос болмады ма, әйтеуір
Рысқұлды анайылау мал қора құралпы бір үйге әкеліп тыққан.
Оның да жалғыз терезесі темір болатын. Есігі берік.
Шілде шығып, қыркүйек кіріп, шөптің буыны қатып қалған
кез. Рысқұлды бір мезгіл қораға тыныстауға шығарады. Екі
мезгіл дәретханаға алып барады. Түрме мен қораның түкпірінде
тұрған дәретхана үйшігіне дейін жүз метр шамалы. Соған барар
жолдың бойында сыртқы дуалды қуалай қаулап өскен қарасора
бар. Кезінде орып тастауға ешкім құнттамаған қарасора сорлы
жоңышқа емес, не отын болып жарытпас, содан шаң қауып, гүлі
түсіп қурап, құдай қарғап қауқиып тұрғаны.
Рысқұл желкесінен мылтық кезеген айдауылмен ары-бері
өткенде, неге екенін өзі де түсінбей, сол қауға қарай ықтай береді.
Өмір бойы далада, тау-тастың, табиғаттың жөргегінде өскеннен
|