58
Қызыл жебе
Айдауыл аяғы талғанша қаққан қазықтай қозғалмай тұрады,
ақыры шыдамы таусылған
соң ұятты былай жиып қойып,
сықырлауық есіктің саңылауынан сығалап:
– Өліп қалдың ба? Әлде шұқырға құлап кеттің бе? Шық уақыт
бітті алдақашан! – деп ақырады.
– Е, алла, мұндайды көрсеткеніңе де шүкір, – дейді тұтқын
айдауылдың жынын қоздыра түсіп. – Мына менен гөрі сен
сорлының көрген күнің де, адам басына бермей-ақ қоятын
тіршілік-ау, – деп қояды айдауылға.
Бір күні кешкі дәреттен қайтып келе жатып,
қарауытқан
қаудың қасынан өте бергенде, әдетінше жолдан шығыңқырап,
қияс басқанда оң аяғының тұмсығы әлденеге тірелгендей болды.
Еңкейіп қарамай, тек көзінің қиығын салып еді, үшкір бірдеңенің
ұшы қылтиып жатыр екен. Тоқтамай, сыр бермей өтіп кетті.
Келесі күні таңертеңгі дәретке бара жатып, кешегі қылтиғанды
сол аяғының тұмсығымен тағы бір түртіп өтті. Жерге кіріп
жатқан темір екен. Қайтар жолда тағы бір түртіп өтті. Істік темір
босаңқырап қалды.
Сәл еңкейсе қолмен суырып-ақ алатын нәрсе.
Амал нешік,
еңкеюге жол жоқ. Еңкеймек тұрғай, сәл бұрылсаң айдауыл
секем алып қалады. Еңгезердей шомбал палуан жалт беріп, бір
ұрып құлатып, құтылып кете ме деп қорқатын да шығар, әйтеуір
Рысқұлдың әрбір адымы аңдулы.
«Батыр – бір оқтық» деген осы. Әйтпесе мына жапырағы
түскен сасыр сояудай немені бір сүйкеуден қалдырмай, қашып
кетер еді... Сидиған қурайдай болса да айдауылдың мылтығы бар
да, амал жоқ.
Әйтеуір әлгі темірді тағы бір түртіп босатып кеткеніне де көңіл
тоқ. Тіршілік болса ертең тағы күн бар, үміт алда. Тұтқынның
тұтқасы – үміт. Үміт үзілген күні тұтқын – шын тұтқын. Ал
Рысқұлдың бүткіл өмірі жақсылықты алдан күтумен өтулі.
Түнімен есінен сол бір істік темір кетпей қойған. Жер бетіне
шығып жатқаны, шамасы, сынық сүйем құралпы. Былқылдап
қалғанына
қарағанда, жасырынып жатқаны және бір сынық
сүйем бар шығар.