Қызыл жебе
бейкүнә мақұлық қаны сорғалап жүріп-жүріп, жетіп жығылған
жері осы болған екен. Жүні жиди бастапты.
Сол қансырап өлген тағы арқардың халі өз басына келгендей
таң кешті бүгін Рысқұл.
«Не де болса түрмеде, айдауда шірімей, сол арқардың жолын
беріп, қайран Жабағылының бір тал аршасының түбінде қалсам,
бірақ оған дейін...».
Ол «оған дейін» істейтін ісіне тағатсыз асығулы.
«Бір түп аршаның түбінде қалсам» – деген арман. Күңіреніп
жел жылар, арша басы суылдар. Күзге қарай қураған қылқандары
түсіп, мұның кебінсіз қалған жүзін жасырар. Аршаның иісі сіңіп,
қылқанына көмілген сүйек мың жылға дейін шірімес. Қоқанның
ханы Шералының қанды қолымен соғыста мерт болған батыр
бабасы Әлімбекті қазақтар текке аршаға орап көмбеген ғой.
Киелі адамдар жер қойнына киелі кебін киіп кіреді.
Бір шоқ аршаның түбінде қызыл құмырсқаның илеуі болар.
Рысқұлдың бет-аузына қызыл құмырсқа құжынап, аймалар.
Қызыл құмырсқа шаққан дене шірімес. Сарқыраманың сарыны
күңіренер, биікте ұлар шулар; шәйқурайдың басында: «Қап, бұл
қалай? Қап, қап, бұл қалай?» – деп сары төс көгілдір шымшық
шырылдар.
Әттең, өлгеннен кейін де адам соны сезіп жатса. Сонау биікте,
қалықтап кетпей жүрген жез қанат қыранға қарап жатып, көзіңнен
жасың парлап ақса, сондай «ақ өлім» кешуге Рысқұл дән риза.
Бірақ пешенедегі жазуды оқып көрген ешкім жоқ. Жұмыр
басты пенденің демі қашан, қай жерде таусылары белгісіз.
Адамның басы – Алланың добы деген. Қайда тебеді – солай
домалайды.
Тауға да, тасқа да, абақтының мылқау қабырғасына да соғылған
басы қайда қаларын Рысқұл болжап болмас. Ал әзір әрекет керек,
әрекет...
* * *
Қапырық күн қаза болып, қараңғы түсіп, ел ұйқыға кетті-ау
дегенде, Рысқұл ата-бабасының, Домалақ анасының әруағына
сыйынып, қатерлі қимылға кірісті. Әуелі екі шұқып, бір қарап,
есік жаққа алаңдаумен болды. Есіктің көздей тесігін қарауыл
66
Қызыл жебе
сығалайтын әдеті бар. Сансыз пышақтың басын киіз қалпағымен
орай ұстап, іргенің қам қышын үңгілей берді. Зәк тұтқан, өмірі
күн түспей ыза тартқан қам қыш бөркемік жіліктің басындай
үгітіліп жүре берді.
Борпылдақ, топырақтан ескі ұраның зәгіндей ылғалды иіс
сезіледі. Бір кезде Рысқұл ыңқ-ыңқ еткен дыбыстан шошып,
тосын тоқтады.Тың тыңдады. Ешкім жоқ. Сөйтсе, өзінің демі
екен. Есікке қарайлауды ұмытып, үңгі ісіне жан-тәнімен беріліп
кеткен.
Қазылған топырақ едәуір үйіліп қалыпты. Қарауыл түн
ортасында бір қарап өтетіні бар. Кейде құлыпты ашып, ішке
кіріп келеді. Қолында сөлеңдеген шырағданы болады. Дәл қазір
мына қызыл қырманның үстінен түссе, қуырдақтың көкесін түйе
сойғанда көргендей боласың.
Ол үйме топырақты еденге жайып, үстіне қамыс марданды
төсеп тастады.
Ну қамыстың арасында сыбдыры білінбейтін жолбарыстың
жұмсақ жүрісімен бір-бір басып, есікке барып тың тыңдады.
Құдайдың бір құдіреті: қарауылға да жан берген. Ол да қалжырап,
қалғып кететін кезі болады. Дәлізде дыбыс жоқ. Жым-жырт.
Түрме емес, тылсым тұтқан көр сияқты. Тыныштық.
Рысқұл іргеге қайта оралып, қабырғаны қары талғанша
қақырата берді. Бір азабы – уақыттың қай мезгіл екенін тап
басып тани алмады. Таң атпай тұрып үлгерсе. О, шіркін, далаға
бір шықса, тағысын тағы көрер еді де.
Қолдан құйған жалпақ қыш бір кезде қатая бастады, топырақ
ақ керіш тартты. Соған қарап, Рысқұл қабырғаның жұқарғанын
аңғарды. Қыштың сыртқы жағы қатты, себебі күн өтеді, құрғақ.
Жүрегі тарс етіп жарылып, жаны жаһаннамға кеткендей
болды. Қарауыл есіктің құлпын бұрап ашып тұр екен. Рысқұл
дереу үңірейген тесікке жотасын беріп, аяғын мардан қамысқа
созып жіберіп, жаман шекпенін жамылып қорылдады да қалды.
Қарауыл сықсима шырағданын сүйретіп алдына ұстап,
асықпай, абайлап кірді. Шырағданды көтеріп, іргедегі Рысқұлды
көрді.
|