80
Қызыл жебе
үйлерді
шолып көрейік, – деді старшын. – Бұл кірме иттердің
ұңғыл-шұңғылы көп болады.
Шығып бара жатып, Таубай Тұрардың құлағын тағы бір бұрап
қалды. Бала тістеніп, үн шығарған жоқ. Екі көзі Таубайдың
өңменінен өте тесірейіп қарады да қалды. Таубай көзіне көз
тігуге шыдай алмай шыға жөнелді.
Тау-Шілмембет ауылы сол түні асты-үстіне шығып,
қиямет
күйзеліс кешті. Ең сұмдығы сол: шабарман Ахат ақсақалды
жейде-дамбалшаң жалаң аяқ далаға дірдектетіп сүйреп алып
шығып, аппақ сақалынан лақ құсатып ұстап тұрып:
– Кәне, қақбас, інің қайда, қаныпезер, қашқын ініңді қайда
тығып қойдың!? – деп алқымынан алғаны батып кетті.
Шыныбек шыдай алмай:
– Әй, әкеңнің аузын... қоя бер қартты! – деп шабарманның
қолын қағып жіберді.
Қатын-қалаш, бала-шаға ұлардай шулап, таң қылаң берген,
табиғаттың толғанып, күнді күтіп тебіренген шағында, жоқ-жұқа
кедей ауылда дауыл тұрғандай алай-түлей жағдай болды.
– Қап, маңқа ит, сені ме! – болыстың оң қолы боржық Таубай
Шыныбекті жалаңбастан
тартып кеп жібергенде, Қорған ұста
шыдай алмай, шабарманның қолынан жұлып алып, күмістеген
тобылғы сабын шырпы сындырғандай қақ бөліп, аулаққа
лақтырып жіберді. Мынау дүлей күшті
көрген Таубайдың сесі
қайтайын деді.
– Айналайын, ақылың бар азамат едің ғой, неге қинайсың
жазықсыз жандарды? Рысқұлды біз көрген жоқпыз. Көзіміз
шықсын, көрсек, – деп тіл қатты Ахат.
– Ол қарақшы патшаның түрмесін
тесіп шығып, қашып
кетіпті. Осы ауылға келмегенде – қайда кетеді? Жер жұтып
қойды ма? Білесіңдер сендер. Айтқызамын бәрібір. Әлі өздерің
келіп, аяққа жығылып айтарсыңдар. Өздерің-ақ ұстап бересіңдер.
Сондай халге жеткізбесем, Таубай атым өшсін,
жер басып
жүрмей-ақ қояйын.
Ахатты айнала Шыныбек, Молдабек, Қорған, Үсіп тұр. Омар
қосылмады. Омар өз үйінің есігінен баспалап қарайды. Омар
үрейлі.