82
Қызыл жебе
Омар тыжырынып, мыңқ етті. Бірақ ештеңе айтқан жоқ.
Құлан иектеніп таң атып келе жатты. Талғардың шыңдары
жарқырап, тағы бір таң атқанын әлемге айқайлап айтқысы келіп
тұрғандай, алқымы кеуіп бара жатты. Алдағы күннің не боларын,
Рысқұлдың қайда жасырынып жүргенін сол заңғар Талғар
білетін сияқты.
Ахат көзі жасаурап, таңғы салқыннан жаурап,
Талғардың апайтөсіне тесіле, телміре қарады. Бірақ Талғар
дәмелендіргенмен, тіл қатпады.
* * *
Албандағы қызылбөрік еліне Саймасай «күйеу бала» болып,
Алатаудың інжу-маржаннан
таққан алқасы сияқты әдемі
Көлсайдың алқымында жатқан Саты ауылына келіп түскелі екі
күн болған.
* * *
Мезгіл қысқа қарай бет бұрған кез. Қыс түсіп, қар басып қалса
Талғар мен Албан арасындағы Тау-Шелек арқылы асатын жол
қиындап қалады. Сол себепті де болыс қалыңдыққа қар түспей
тұрып барып, нақсүйері Нүкетай сұлуды алып қайту сапарына
шыққан.
Албан – мейман келсе мелдектеп, берекесі кіре түсетін
қонақжай ел. Ал мынадай атақты күйеу
келгенде риза қылып
жіберейік деп барынша шабылған. Қарағай мен шыршаның
ну орманы сыңсыған Саты шатқалының іші той-думаннан
масаттанған. Көлсайдан құлайтын күркіреуік өзені түйедей
тастарға арс-арс соғып, содан сонау көк аспанға қарай уыс-уыс
ақ маржаннан шашу шашылып жатқандай.
Нүкетай сұлу – дүниенің дүрия жамылған жәннаты Көлсайды
жайлаған Мұқыш байдың қызы. Бай мен бай құда болса –
арасында тайпалған жорға жүрер дегендей, Саймасай күйеу
болғанда,
Мұқыш қайыната қатынасы, сөз жүйесі жарасқан.
Әйтпесе, «күйеу бала» мен қайыната жас жағынан шамалас.
Екеуі де пайғамбар жасын игерген жандар.
Албан, Суан, Дулат бір анадан – домалақ анадан тараған ел.
Ертедегі бір аңыз айтады: ағайынды үшеуі енші бөліскенде
үлкен үйге ие болып қалған Дулатқа бір тай артық кетіпті.