94
Қызыл жебе
«Атасына нәлет, мен қу жанымды қуырдақ қылып қашып-
пысып күнелтермін-ау. Қатын-бала не болады? Аз үй Сәлік-Сары
не болады? Нағыз қуырдақ солар болмай ма?».
Құбыладан ызғырық ескек жел шығып,
тырбық тал, бұта
басын бұлғақтатты. Бұта басын жел шайқағанда, жүні қобыраған
шымшық бірге ырғатылады. Қанатын жел кеулейді. Шымшық
тырнағын бұтаққа қадай түсіп тырмысады. Не көрсем де, мына
қураған жапырақтармен бірге көремін деп қасарысып отырған
сияқты. Әйтпесе ұшып кетіп, ықтасын табуына болады.
Рысқұл бағжиып, әлгі бұтаға көпке дейін қарап қалды.
«Атасына нәлет, шымшық құрлы жоқпын ба? Жоғарғы Таласы
да, төменгі Таласы да бар болсын. Ер басына күн туса, бұта түбі
үй болар, қашып-пысқанша алысып өлемін!».
Ол хош иісті көк пішеннің арасында
ала бөтен қоңырайып
тұрған атқұлақтың сояуын суырып алып, саусағымен шарт
сындырып лақтырып жіберді.
Көк тәңірге жалынышты қол созған шоқыларды қайтадан
бұлт қаптады. Шоқылардың арызына аспан ақ боранмен жауап
бергендей,
жел қатайып, қар жапалақтап жауа бастады. Бұта
басындағы шымшықтың қос қанатын қобыратып, жел кеулей
түсті. Рысқұл жерден берданканы көтеріп алып, шекпеннің
жеңімен дүмін сүрткіледі.
«Әттең, осындай мылтық Шыныбекте болса, Қорғанда болса,
Молдабекте болса... Қарауымда қарулы жүз сарбаз болса... Бірақ
жүз адам кімді қиратар? Станицадағы Қара Иван да қосылар ма
еді? Кім біледі?». Ол әйтеуір жолыққан сайын ақ патшаның әке-
бабасын, тұқым-тұқиянын түк қалдырмай сыбап отырады. Қара
Иван да Рысқұл сияқты осыдан отыз жыл бұрын Ресейден ауып
келген. Бір тоқымдай жер іздеп, күн көрістің қамы – ата-мекенін
тастап, жел аударған қаңбақтай домалап, жеткен жері осы Талғар.
Бетінде шешектен
қалған қалың қорасан дағы бар, қоңырқай
кісі. Содан да оны қазақтар Қара Иван атап кеткен. Онымен
Рысқұл тамыр. Аңшылықтың арқасында танысқан. Бірде үш-
төрт қырғауыл сыйлап мына мылтықты сол Қара Иваннан алған.
Сөйтіп, бұрынғы ескі шиті мылтықты тастаған.