Қызыл жебе
– Барма, Қызыл Жебе құсатып бізді де ұстап алады. Сояды, –
деді Оразбақ дір-дір етіп.
Аспанда бұлт сейіліп, күннің көзі көрінді. Кеше жауған қар
жіпсіп ери бастады. Алтыбақанның белағашында қалған қардың
тамшысы аяқтарынан асулы тұрған тұтқындардың қанталап
ісінген беттеріне тырс-тырс тама бастады.
Аппақ қудай басы қалтаңдап, Үсіп бір-бір басып барып,
приставқа дірілдеген қолын жайып:
– Төре, садағаң болайын төре! Ана сорлылардың өті аузына
құйылып кететін болды. Босатсаңшы, екі дүниеде жамандық
көрмегір! – деп жалынды.
– Әй, қалтырауық ит, көрмеймісің, төре баладан жауап алып
тұр ғой. Кет былай! – деп Таубай старшын Үсіпті кеудесінен
итеріп-итеріп жіберді.
Пристав Үсіпке көкала шапыраш көзімен ызғарлана бір
қарады да, байғұстың басының дамылсыз қалтаңдағанын көріп
мырс етті.
Талғар таудың, қар басқан басы жарқырап, асыл ақықпен
күптеп тастағандай сәулеттене түсіпті. Сайдың қабағындағы
ағаштардың бұтағынан жалп-жалп етіп, үлпілдек мақта ұшқандай,
жерге қар түсіп жатыр. Бұл кеш келген қыстың алғашқы қары еді.
Болыстың басын жалмай келді. Мына панасыз ауылға суығымен
бірге сұмдығын ала келді. Артынша күн ашылып кетіп, еріп
жатқаны мынау. Ақторғын жамылып, сызылып тұрған ағаштар
қайтадан қарайып, сидиған қолдарын аспанға қайта созып,
құдайдан жақсылық тілегендей үнсіз, телміріп тұр. Бастарына
қара шапан жамылып, беттерінен қан аралас жас сорғалаған
қатындар да қазір жапырақсыз сидиған сиықсыз ағаштар тәрізді;
отын орып, тезек теріп күстенген өмірі әтір, сабын көрмеген, өмірі
таза сақина салынбаған саусақтарын көкке жайып, тәңірден, бір
ғана тәңірден медет тілеп, мына өз жерінен мекен таппаған, қайда
барса да, қуғын көрген, әлденендей қарғысқа ұшыраған ауылға
келін болып түскендеріне, талайсыз тағдырына налығандай,
құйқаңды шымырлатып, толассыз боздады.
Тонға ораған соң баланың бойы жылынайын деді. Өзін
ажалдан алып қалған, қала берді тон беріп бойын жылытқан
106
Қызыл жебе
төренің рахымына риза болғандай, приставтың жүзіне енді
тіксінбей қарады. Пристав та мұны сезіп:
– Кәне, балақай, айта ғой. Қайда әкең сенің? Айтсаң,
мыналарды босатамын, – деп жұмсақ сөйледі.
Тұрардың көзі алтыбақан жаққа бұрылып еді, жылыған бойы
қайтадан мұздап қоя берді. Қорғанның аузынан бұрқырап қанды
көбік шығып тұр екен. Мұны Тұрардан басқалар да байқап қалып
азынауық айқай аңырақай дауылдай қайта қаптады.
– О, алла, уа тәңірі, қуат бере гөр біз сияқты ғаріпке! Есіл
ерлердің жанын салауат қыл! – деп Ахат інілерінің иманын үйіре
бастады.
Қорғанның сақау қатыны басындағы шапанын жұлып тастап,
омырауы жыртылған көйлекшең күйінде алтыбақан жаққа атыла
қарғып, ақыл-естен адасқан адамша екі көзі шатынап, мылтықты
солдаттарға шапшыды. Кеудесіне мылтық тіреген солдаттың
бетіне қолын салып жіберіп, мұрнының үстін сыдыра орып түсті.
Солдаттың бетінен қан сау ете қалды. Екінші солдат есі кеткен
әйелді бұрымынан тұтамдап ұстап алып, шиіріп лақтырғанда,
ана байғұс лайсаң жерге етпетінен құлап түсті.
Тұрар шыдай алмай шыңғырып жіберді.
– Көкем келеді, көп кешікпей келеді. Өзі келеді. Қазір келеді.
Босатыңыз, мырза, босатыңыз! – деп шыр-шыр етті. – Әне, келді,
қараңыз!
Пристав бала көрсеткен жаққа жалт бұрылып еді, Рысқұлдың
жертөлесінің алдында тұрған Шолақ Шабдарды көрді. Қос
тұлымшағы сексиген титтей қыз бала есіктің көзінде ербиіп
жылайды. Шолақ Шабдар сол сәбидің жылағанын үнсіз тыңдап,
мойны салбырап, сұлқ тұрып қалыпты.
– Өзі қайда? – Пристав еріксіз белінен қару іздегендей жалпақ
қайыс белдігін сипалай берді. Қанша жан бар, соншасы Шолақ
Шабдарға сұқтана, сұрана қарап, содан бір жәрдем күткендей,
күңіренген азалы үн де пышақ кескендей сап тыйылды.
– Өзі қайда? Іздеңдер! – деп бұйырды пристав солдаттарға.
Шолақ Шабдар шаң-шұң дауыс шыққан жаққа құлағын
тікшитіп, баданадай көздерін қадап бір қарады да, қайтадан
107
Достарыңызбен бөлісу: |