Қызыл жебе
қызметімізді қауіпсіз атқара алмаймыз. Егер Рысқұл Жылқайдаров
әскери сотқа берілсе, онда бұл халық үшін үлгі және басы бұзық
адамдарды ауыздықтау болар еді. 1-қаңтар 1905 жыл», – дей келе
барлық әкімдер қолдарын қойып, мөрлерін басты. Ең бірінші
болып Шамалған болысы Дат арапшалап қол қойды. Содан кейін
Жайылма, Кіші Алматы болысы, Мойынқұм болысы, Қарасу
болысы, Түрген болысы, Іле болысы, Түстік Балқаш, Тауқұм
Балқаш, Ұзынағаш, Құрам, Батыс Қастек, Тау-Жалайыр, Арасан,
не керек, қырық бір управитель тізілді.
Қызды-қыздымен Тұқымбай да бармағын басып қалды.
Рысқұлда кегі кеткендіктен емес, болыстардың тізімінде жүргенді
үлкен ырым етіп, ішінен: «Е, әруақ, қолда, қолда, қолда!» – деп
үш қайталады.
V
Қырық бір болыс қол қойған арызбен Верный уезінің
начальнигі Георгий Александрович Сорокин әскери губернатор
фон Таубенің қабылдауына келген. «Рысқұл ісі» деп аталатын
жағдай фон Таубеге жете таныс. Вице-губернатор Осташкин
мырза егжей-тегжейлі түсіндірген. Қазір уезд начальнигінің атына
жазылған арыз алдына келгенде, «Рысқұл ісінің» өзі ойлағаннан
әлдеқайда күрделірек екенін сезді. «Менен гөрі надан болыстар
көреген болмаса нетті. Шынында, Рысқұл жалғыз Саймасайға
ғана оқ атқан жоқ қой».
Губернатор фон Таубе бұл ойын оязға сездірмеуге тырысты:
– Әрине, управительдердің қаупі орынды. Мен де солай
ойлаймын, Георгий Александрович. Рысқұл қатаң жазаланбаса,
басқа бұзықтар да бас көтеруі әбден мүмкін ғой. Ішкі Ресейдегі
жағдай анау. Кешегі «Қанды жексенбіден» кейін бүлік өршіп
барады. Сол бүлік біздің аймағымыздан да шығып кетпеуіне кім
кепіл. Алдын алу керек. Мына управительдер ақылсыз адамдар
емес. Олардың адал қызметшілер екенін осыдан-ақ аңғаруға
болады. Бірақ... Георгий Александрович, әскери сот Жетісу
губерниясына таралмаған ғой. Мұны сіз білесіз. Сондықтан бұл
мәселені шешу сіздің де, менің де қолымнан келмейді. Әскери
сотпен соттау үшін тек Түркістан генерал-губернаторының
126
Қызыл жебе
рұқсаты, бәлкім, тіпті Ресей империясының әскери министрінің
рұқсаты керек болар, – деп фон Таубе креслоға шалқая берді.
Кресло тұсында императордың үлкен суреті ілулі тұр.
Николай II қылыштың қынабына таянып алған. Мұрты едірейіп,
көзі бедірейіп, қай қырынан келсең де өзіңе тік қарайды. Жарты
құдай осы. Бәлкім, құдайдан ары болмаса, бері емес. Ұлан-байтақ
империяның жекедара монархы.
Губернатор фон Таубе патшаға еліктейтін. Шашын да
соныкіндей қырықтырып, мұртын да солай бастыратын. Тіпті
қажеті болмаса да беліне қылыш асынады. Креслодан шалқая
бере сол қылыштың сабына таянып отырады. Бірақ осынша
айбынымен кішкентай бір «киргиздің» ісін өзі шеше алмауы
оязды қапаландырады.
– Ташкент пен Петербурды мазаламай-ақ өзіміз ғана ың-
шыңсыз тындыра салмаймыз ба? – деп қалды ояз.
– Жоқ, Георгий Александрович, ойланбай айтасыз.
Рысқұлдың басын ала салу оңай. Одан ештеңе өнбейді.
Әңгіме сол жазаны жұртқа жария етуде. Ал жария ету үшін
жоғарыдағыдай санкция керек. Мәселенің өте маңызды екенін
айтып мен генерал-губернаторға хат жазайын. Жауабы қалай
болады іс солай шешіледі. Келістік қой, Георгий Александрович.
– Әңгіме осымен аяқталғанын аңғарған ояз орнынан жылдам
тұрып, губернаторға басын иді.
– Сау тұрыңыз, Георгий Александрович, – деді губернатор
креслодан тұрмастан қолын созып.
Ояз шығып кеткен соң, қоңырау қағып, адъютантқа:
– Осташкин мырза кірсін, – деді.
Вице-губернатор кіріп келіп:
– Слушаю Вас, – деп қалшиып тұрып қалды.
– Михаил Захарович, енді «Рысқұл ісімен» тікелей сіз
айналысасыз. Менің атымнан генерал-губернаторға хат
дайындаңыз. Рысқұл Жылқайдаровқа әскери сот үкімін шығарып,
16-статьямен соттауға болар ма екен деп істің мән-жайын түгел
баяндап жазыңыз. Болыстардың арызы туралы да айтыңыз. Хат
дайын болған соң маған қол қоюға әкеліңіз.
– Құп болады! – деді вице-губернатор Осташкин.
127
Достарыңызбен бөлісу: |