28
29
Шыңын басып асулар мен асқардың,
Келді кезең елді алға бастар күн,
Ел ертеңі Елбасымыз айтқандай,
Қолында ғой тек білімді жастардың.
«Туған елді көркейту», деп, басты арман,
Осы сөзбен әр күніміз басталған.
Биылғы жыл – Жастар жылы, сол себеп,
Күтіледі үлкен үміт жастардан.
«Қой, жастар күн болды ойланарлық,
Білім, әдет, ақылды ойға аларлық».
Жалғатып Шәкәрімше жырымды осы,
Шабыт мені шаттандырып қойғаны анық.
Ал ендеше, жалындаған жастарым,
Ұмытпайық, өмір деген – қас қағым.
Әрбір ұрпақ қайта жазып шығатын,
Кел, жазалық, бұл дәуірдің дастанын.
От ұшқындап жайнап жүрер жанары,
Ең алдымен ұрпақ болғын саналы.
Барлығымен тату болып әр уақыт,
Еңбек етсең, бағың сонда жанады.
Содан кейін, бақытыңды үрлетпе,
Ұлтжанды бол, намысыңды кірлетпе.
Өзге тілдің барлығын да біліп ал,
Ал, бірақ та, өз тіліңді – құрметте!
Және тағы, білім – көпір өте біл,
Арманыңа мақсат қойып, жете біл.
Кітабыңды серік ет те жаныңа,
Отаныңа адал қызмет ете біл!
Бойыңдағы ашуыңды құрықта,
Иманыңды жүректегі суытпа.
Тарихыңды тамырынан таңбалап,
Қазағың мен Абайыңды ұмытпа.
Тәңір бізге ең жақсыны береді,
Арыстандай айбаттымыз себебі.
Елді ертең гүлдендірер әлі деп,
Мағжан ата біздерге әркез сенеді.
Сондықтан да бар асудан асайық,
Құр мақтанға есірмейік масайып.
Ел ертеңі жарқын болсын десек біз,
Болашаққа – бірге қадам басайық!
Достарыңызбен бөлісу: