VII. Тақтұяқтылар отряды. Бұл отрядқа қазірде 3 тұқымдас (жылқы, тапир, мүйізтұмсықтар) жатса,
Қазақстанда тек жылқы тұқымдасына жататын түр кездеседі.
Жылқылар тұқымдасы. Тұқымдастың өкілдері ашық далада тіршілік етуге бейімделген. Африкада
және Азияда таралған. Жабайы жылқылар үй жылқыларының тегі. Қазақстанда
бұл тұқымдасқа жататын 1 түр – құлан тіршілік етеді.
Құлан – Equus nemionus Pallas, 1775 Республикамызда жойылып кеткен құландарды жерсіндіру 1953 жылы
басталды. Сол жылы Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына Түрікменстаннан
әкеліп, 8 құлан жіберілді. 1982 жылдан бастап құландарды Қапшағай мемлекеттік
қорық-аңшылық шаруашылығына жерсіндіру жұмысы қолға алынды. Ал 1986
жылы Бетпақдаланың оңтүстік-шығысында Андысай шағын қорығына жіберілді.
Бұл аталған аудандарда құлан жақсы өніп-өсуде. Өткен ғасырда шипалы дәмді еті
үшін кәсіптік жолмен ауланатын аңдардың бірі болатын. Оның бауыры көз
ауруларын емдеуге, ал майлары қияқ, туберкулез ауруларын емдеуге
пайдаланылған. Сол кезде қазақтар қысқа азық ретінде құлан етін көптеп
дайындайтын болған. Қазірде бұл аса бағалы аңның саны бүкіл дүние жүзінде
азайып кетті. Сондықтан да құлан халықаралық және Қазақстанның «Қызыл
кітабына» енгізіліп, қорғауға алынған. Қазақстанда келешекте Үстіртте, Еділ-
Жайық өзендері аралығында, Бетпақдала мен Балқаш көлі маңында құландар
қайта толатын болады (Бекенов және т.б., 1995).
VIII. Ескекаяқтылар отряды – Pinni-Pedia illiger, 1811 Ескекаяқтылар уақытының көпшілігін суда өткізеді. Олар демалу, шағылысу,
бала туу және түлеу үшін жағаға шығады.
Бұл отрядқа Итбалықтар тұқымдасы – Phocidae Gray, 1821 жатады. Бұл
тұқымдасқа жататын аңдардың суда тіршілік етуіне байланысты дене
құрылымында сол ортаға бейімделген терісі болады. Итбалықтың дене тұрқы 1,2
м-ден 6,5 м-ге дейін, салмағы 50-60 кг-нан 2-3,5 т-ға дейін болады. Қазақстанда
оның бір-ақ түрі - Каспий итбалығы ғана кездеседі.
Каспий теңізінде мекендейтін итбалықтың жалпы саны шамамен 500-600
мыңдай. Каспий итбалығы кәсіптік маңызы бар аң, XVIII-XIX ғасырларда жыл
сайын 160 мыңға жуық итбалық терісі дайындалған. Олардың майлары пайдалы.
Олардың терілерінен әйелдердің ішектері, бас киімдері тігіледі. Майын және
белогын медицинада және парфюмерияда кеңінен қолданады. Итбалықтың майын
былғары жасау, сабын қайнату, кейде медициналық «балық» майын жасау үшін
пайдаланады.