Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


Сілтемелер және ескертпелер



Pdf көрінісі
бет120/122
Дата19.09.2023
өлшемі2,12 Mb.
#108500
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   122
Байланысты:
фольклор

Сілтемелер және ескертпелер: 
 
 
1. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-т., 1-кітап. Алматы, 1960. 
2. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. Алматы, 1958. 205-б. 
3. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-т., 1-кітап, Алматы, 1960. 571-573-б. 
4. Ел қазынасы – ескі сөз. В.В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілері. Алматы, 1994. 64-б. 
5. Қазақ ертегілері. 2-т. Алматы, 1962. 87-б. 
6. Dede Korkut kitabı. Prof. Dr. Muharrem Ergin. 23 Baskı. İstanbul, 2001. 21-б. 


293 
НАУРЫЗБАЙ – ҚАНШАЙЫМ 
«Айман-Шолпанға» қарағанда бұл шығарманың балладалық сипаты 
басымырақ. Мұнда эпика мен лирика, тарих іздері мен қиял элементтері бар, 
ал, бұлар баллада тектес лиро-эпикалық жырға тән. Осылармен бірге 
балладаға хас ерекшеліктер де жоқ емес: шығарма қызық оқиғалы, сюжет 
эпикалық пафоспен баяндалып келіп, күрт үзіледі, негізгі оқиға төтенше 
жағдаймен бітіп, трагедиямен аяқталады. Сөйтіп, «Наурызбай-Қаншайым» 
жыры тыңдаушысын (яки оқырманын) мұңлы күйде қалдырады. Жырда 
бірнеше тарихи адамдар, атап айтқанда, Кенесары хан мен Наурызбай, 
Ағыбай сияқты атақты батырлар бейнеленеді, бірақ олар өмірдегідей, я 
болмаса тарихи эпостағыдай сыртқы жаулармен шайқасып жүрген жоқ, олар 
Наурызбайдың мүддесін қорғап, оның тағдырына араласады. Ал, жырда 
баяндалатын оқиға тарихта болмаған, яғни сюжет ойдан алынған, сол себепті 
мұндағы ағыны қатты Үшбурыл өзені, Түбек, Арал деген жерлер қиялдан 
туған, олар тылсымға толы, үрейлі болып көрсетіледі де, жырға біршама 
ғажайыптық бедер береді. Ал, мұндай жәйттер балладаға мүлде жат емес, 
өйткені, баллада – «өткеннің ерлік істерін, қыз бен жігіттің қайғылы 
махаббатын, аруақ, жын-шайтан араласқан үрейлі оқиғаларды, т.б. жырға 
қосатын елгезек жанр» [1]. 
«Наурызбай-Қаншайым» 
жырының 
сюжеті 
жай 
ғана 
ойдан 
шығарылмаған, тақыр жерден тумаған, мұнда ертеден келе жатқан, бүкіл 
эпосымыз бен ертегімізде баяндалатын сюжет пайдаланылған. Ол сюжет – 
жігіттің ерлікпен үйленуі. Ежелгі ертегіде кейіпкер айдаһардан, немесе басқа 
бір дұшпаннан құтқарып, қызға үйленсе, қаһармандық эпоста батыр өз 
сүйгенін қалмақты, яки басқа жауды жеңіп алады. Ал, мына жырда ерлікпен 
үйлену сюжеті сәл өзгеріп, қаһармандықтан гөрі лирикалық бағытта 
баяндалған, бірақ соған қарамастан бұрынғы эпосқа тән классикалық 
композицияны сақтаған: батырдың бабасын, ата-анасын таныстыру, оның 
ерекше тууы, жастай ерлік жасауы, қалыңдық іздеп шығуы, қыздың еліне 
келуі, оның әкесімен (басқа біреумен) шекісуі, қызға үйленуі, сол жерде біраз 
уақыт мекен етуі, еліне қайтуы, келгенде (кейде) төтенше жағдайға тап 
болуы (елін дұшпанның шауып кетуі), т.с.с. Олай болса, ХІХ ғасырдағы 
тарихи есімдерді бейнелейтін шын оқиға деп қабылданған жыр ертеден келе 
жатқан фольклорлық дәстүрге сәйкес жасалған деп айтуға негіз бар. 
Ойымызды дәлелдейік. 
Жырдың басталуы – дәстүрлі пролог бойынша: Абылай «мұсылманға 
хан болып өтеді», Түркістанға бата қылып қойылады. Оның қалмақ әйелінен 
Қасым хан ерекше, қан шеңгелдеп, екі көзін қызартып, ашып, туады. Қасым 
хан өлген соң Кенесары хан болады.
Міне, бұрынғы эпостағыдай Наурызбайдың ата-тегі туралы баяндалып, 
олардың идеалды образы жасалады. Енді дәстүр бойынша болашақ батыр да 
ерекше жағдайда тууға тиіс: әулиенің қолдауымен, немесе күшті аңның 
(тотемнің) етінен, әйтпесе, күн сәулесінен, яки гүлден, т.б. Кейін кейіпкерлер 


294 
әкесі өлген күні дүниеге келеді, бұл – ғажайып туудың өзгерген түрі. 
Енді осы мотив айтылмыш жырда басқа формада көрінеді: Наурызбай 
басқа әйелден туады. «Наурызбай бір анадан қалған екен, қолына Кенесары 
алған екен, Науанның өзгесінен жасы кіші, жанына жолдас-жора алған екен», 
– деп айтады жыр. Бұдан байқайтынымыз – Наурызбай жастай анасынан 
айрылған, яғни жартылай жетім, жас жағынан бәрінен кіші, яғни кенже бала, 
өзге әйелден туған, яғни шешесі жағынан алғанда – бөтен. Міне, осылардың 
бәрі Наурызбайдың дүниеге келуінің өзі – айрықша еді, ендеше оның 
ғұмыры да айрықша болады дегізеді. Оның дәріптелуі, бір жағынан, қазақ 
салтынан туындайды. Кенже бала қазақ ұғымында – қара шаңырақ иесі, сол 
себепті ертегіде, эпоста ол мейлінше идеалды бейне. Екінші жағынан, қазақ 
болмысында жетімді, жесірді қаңғыртпаған, әке-шешесіз қалған баланы 
туыстары қамқорлыққа алған, сондықтан да қазақ фольклорында жетім мен 
өгей шеше образы бірен-саран ғана. Үшіншіден, қазақтың полигамиялық 
отбасында бір әкеден туған балалар – аға, іні есептеліп, олар бір-бірін 
бөтенсінбейді. Сол себепті де Кенесары жастай қалған інісі Наурызбайды өз 
қолына алады, жанында ұстайды. Мінеки, Наурызбайдың идеалды, мінсіз 
адам болуының алғышарты – осылар. Бұларды бұрынғы ғажайып туу 
мотивінің жаңа дәуірдегі өзгерген түрлері деп айта аламыз. 
Дәстүрлі эпостың сюжетінде болашақ батыр ерте жастан ерлік көрсетеді: 
аң аулайды, жабайы бір күшті аңды өлтіреді немесе біреумен күш сынасады, 
кездескен дұшпанмен соғысады, т.с.с. Наурызбай да сондай. Ол қырық 
жігітті қасына ертіп, сауық-сайран құрады, «келуші-кетушінің жолын 
тосады». Он жеті жасында сауыт-сайманын, қару-жарағын асынып, 
«алабұртып жүреді». Бір күні «шарап ішіп, көңілі тасып» отырып, қасындағы 
қырық жігітке: «Қайраты менен асқан адам бар ма, Бар болса, іркілместен 
айтып бергін!» – дейді. Жігіттердің біреуі ондай адам бар. Олар – Алшын, 
Жаппастағы Тілеуқабақ байдың Әли, Мұса атты екі баласы, олар әрі мерген, 
әрі баһадүр, әрі бай деп»; «Тақсыр-ау, сол жылқыны бір алмасаң, бұл сөзің 
құр мақтанның қай жағында?» – деп, Наурызбайдың намысына тиеді. 
Жырдың осы эпизоды екі міндет атқарып тұр. Бірі – жас батырдың үйден 
шығуы, яғни өз мықтылығын көрсету үшін жортуылға шығуы. Екіншісі – 
осы жорықта батыр өзінің қаһармандығын көрсетуі. Осының екеуі де ескі 
эпоста бар. Бұрынғы батыр да өзінің күшін сынау үшін немесе өзіне әйел 
іздеу мақсатында жолға шығады. Мұны ғылымда «үйден аттану» («отлучка 
из дома») дейді. Осыған сәйкес Наурызбай да үйден аттанады. Оның аттану 
себебі – намыстануы. Алайда, ол бірден аттанбайды, алдымен ағасынан бата 
алуға тиіс, әйтпесе жолы болмайды. Кенесары ағасы ә дегеннен келіспейді, 
әлі жассың дейді. Сөйтіп, фольклор заңына сәйкес «тыйым» салынады, ал, 
тыйымды бұзған кісі пәлеге ұшырайды. Осыны ескерген жыршы бұл 
жағдайды басқаша шешеді. Наурызбай ағасына ауыр сөз айтады. 
(«Қатыныңша қаңтарып тізгіндейсіз, Абұйырды қимайсыз, сірә, маған»). 
Осыдан кейін Кенесары рұқсат береді де, Ағыбайды басшы етіп, қырық 
жігітті қосып, Наурызбайды жылап тұрып аттандырады. (Кенесары жырда 
екі-үш жерде осылай жұмсарып, көзіне жас алады, тіпті, мінәжат қылып, 


295 
зарланып, еңірейді. Бұл жырдың лирикалық қырын күшейту үшін 
қолданылған тәрізді). Сонымен, Наурызбай үйден аттанып кетті. 
Эпостың поэтикасы бойынша бұл жолда неше түрлі қиындық пен 
кедергілер болуға тиіс. Бұл жырда да солай. Алғашқы қиындық – алыс жол, 
белгісіз ел. Екінші кедергі – «жүктей тасты көтеріп, ағып жатқан Үшбурыл 
өзені. Үшінші қауіп – тылсымға толы түбек, үрей тудыратын бейуақыт, 
қараңғылық («Ай қараңғы, күн бұлт, қалың түбек, Болжай алмай келеді ой 
мен қырды»). Осылардың бәрінен аман-есен өтеді. Алыс жолды «жиырма 
күн-түнімен» жүріп өтеді, Үшбурыл өзенін бірінші болып Наурызбайдың өзі 
өтеді, қалың түбектен де шығады. 
Қиындықтардан өткеннен кейін эпостың батыры қыздың еліне келуі 
керек, көбінесе ол танылмай, тіпті, басқа кейіпте келеді. Мұндай жағдайды 
Наурызбай да бастан кешіреді. Ол қараңғы түнде ән салып отырған қызға 
кездеседі. Екеуі өлеңмен қағысып, бірін-бірі сынайды, өзді-өзін 
таныстырады. Жөн сұрасып, біліскеннен кейін Науан іздеп келе жатқан 
Тілеуқабақ байдың елі осы екеніне көзі жетеді. Таныса, сөйлесе келе 
Қаншайым қыздан байдың жылқысы қайда жатқанын, өткелдің қай тұста 
екенін сұрап алады. Не керек, сол жерде қызбен қол алысып, серттеседі. 
Осыдан бастап Қаншайым Наурызбайдың қалыңдығына айналады. Енді не 
істеу керек? 
Енді байырғы эпостағыдай қызды алу үшін зорлықшыл жаумен, я 
болмаса болашақ қайын атасымен, немесе оның балаларымен шайқасу керек. 
Қаншайым қыздың айтуымен Наурызбай үш жарым мың жылқыны айдап 
әкетеді. Қыз еліне барып, Әли мен Мұса деген екі ағасын жұмсайды. 
Наурызбай ол екеуінің басын жарып, аттарын алып кетеді, сөйтіп, болашақ 
екі қайын ағасын жеңеді де, қыздың көңілін түгелімен өзіне аударады. 
Ағаларының жағдайын көрген Қаншайым Наурызбайды қуып жетіп, оның 
ханзадалығын сынау арқылы жылқысын түгел қайтарып алады. Қыз: 
«Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, өзімді ал!» – деп, Наурызбайға уәде береді. Екінші 
сөзбен айтқанда, қызды алуға Наурызбайдың толық хақысы бар: ол қайын 
жұртынан қай жағынан да артық екенін дәлелдеді, күшпен жеңді, шауып 
алған малын қайтарды, қыздың уәдесін алды. 
Осы жерден бастап «Наурызбай-Қаншайым» жыры басқа арнаға түседі. 
Батырлық эпоста батыр қызға дереу үйленеді де, сол жерде аз уақыт тұрады, 
содан соң еліне келіп, ұлан-асыр той жасайды. Бұлар айтылмыш шығармада 
да бар, бірақ сәл өзгеше, яғни Наурызбай бірден үйленбейді. Ол 
Кенесарының ордасына қайтып келеді, ағасы інісінің қалыңдық тапқанына 
қуанып, той жасайды (оның жылқыны қайтарып бергенін құп көреді, 
ханзадалығын көрсетті деп ұғады). Жырдың ендігі бөлігі романдық эпостың 
үлгісінде: Төлеген құсап Наурызбай да қызды алуға қайтадан қайын жұртына 
баруға тиіс. Ол да уәделескен уақытында, «ел жайлаудан қайтқан кезде» 
Қаншайымға бармақ, ағасынан Ағыбай арқылы рұқсатын алады, тек 
Кенесары: «Қыстамай, қайтып келіңдер!» – деген шарт қояды. Ағасының 
батасын алып, Наурызбай жолға шығады, бірақ ол Төлеген секілді жалғыз 
емес. Оның қасында Ағыбай бастаған қырық жігіт бар және олар құдалық 


296 
жолына деген көп дүние алған. Сән-салтанатпен сауық құрып, олар қыздың 
елінің шетіне келіп жетеді. 
Ендігі оқиға қаһармандық эпос пен ғашықтық жырдың сарынында 
өрбиді. Қыздың елінде үлкен той болады. Классикалық эпостағыдай, екі 
жақтың ғұрыптық ойын-тартыстары өткізіледі. Бәйгеде де, балуан күресте де, 
жамбы атуда да, айтыста да Наурызбай жағы басым түседі. Құда болатын екі 
рудың тартысы – ежелгі заманнан келе жатқан салт, ол фольклорда, әсіресе, 
эпоста әсірелене көрсетіледі де, кейіпкердің қалыңдықты алу үшін орындауға 
тиісті шарттарға айналады. «Наурызбай-Қаншайым» жырында айтылмыш 
дәстүр өте кең әрі әдемі бейнеленген. Жалпы, Наурызбайдың қыз 
ауылындағы істері түгелімен дерлік қазақтың үйлену салтын көрсету болып 
шыққан. Оларды тізбелеп жатпай, сюжетінің өрбуіне оралсақ, мұнда тағы да 
эпостық жәйтті көреміз. Ол – күйеу жігіттің үйленгеннен кейін қайын 
жұртында біраз мекен етуі. Наурызбай тойды қызықтап, Қаншайымның 
елінде бір ай жатып қалады. Кенесарыға берген уәдесі еске түсіп, дереу 
қайтпақ болады. Алайда, қыздың Әли, Мұса деген екі ағасы тағы жиырма екі 
күн ұстап қалып, тойды одан әрі жалғастырады. Мұнда да қазақтың құдалық 
салты, кәдесі тәптіштеп баяндалады, байлардың дәулеті, сән-салтанаты 
әңгімеленеді. Қойшы, әйтеуір, межелі күн бітіп, Наурызбай жас келіншегін 
алып, жолдастарымен еліне аман-есен жетеді. Ағасы ұлан-асыр той жасап, 
мұндайда жасалатын ырым-жоралғының бәрін үлкен салтанатпен 
орындайды. Дәстүрлі эпос осымен бітеді. 
Ал, «Наурызбай-Қаншайым» жыры олай тәмамдалмайды, трагедиямен 
аяқталады. Сұлулығына елдің бәрі таңырқаған Қаншайым өзінің қайын ағасы 
Кенесарының көзі тиіп, қайтыс болады. Наурызбай қатты қайғырады, жылап 
тұрып, қырық жігітке өзінің жайын айтады: «Ойлайсыздар, қырық жігіт, Бір 
қатынға қайғырып, Мұнша неге солды деп. Мен ойлаймын ісімнің Ырымы 
жаман болды деп... Қауіп қылып қатты қорқамын... Өмірім де менің қысқа 
деп». Айтса айтқандай, «онан соң тоғыз-ақ жыл өмір сүріп, жиырма бес 
жасында қаза жетті», – делінеді жырда. Міне, осы финал «Наурызбай-
Қаншайым» жырына балладалық сипат беріп тұр. Қаншайымның өлімі 
жырдың сюжетін күрт үзіп, оқиғасын кілт тоқтатып тастаған. Одан кейін 
ешқандай оқиға баяндалмайды да, суреттелмейді. Тіпті, Кенесары өзіне, 
жолдастарына тоқтау айтып, «Мақұл көрсе Кенекем, қазаққа Қоқан қас дейді. 
Соған таман жетелік!» – деп ұрысқа шақырса да, сюжет әрі қарай 
дамымайды. Тек жыршы өмір туралы, оның өткінші екенін ескертіп 
толғайды да, Наурызбайдың қайтыс болғанын хабарлайды. Демек негізгі 
оқиға бітті, ол екі өліммен аяқталды. Шығарманың бұлай төтенше 
жағдаймен, кенеттен аяқталуы – балладалық яки лиро-эпикалық жырда жиі 
болатын жәйт. Оның үстіне бұл жырдағы оқиғалар әрі лирикалық, әрі 
эпикалық сарында баяндалады, сондықтан да ол лиро-эпикалық делініп отыр. 
Әрине, мұның өзі де белгілі дәрежеде шартты, өйткені, фольклор жанрлары 
бір-бірімен тығыз байланыста дамып, біртұтас жүйе болғандықтан олардың 
ара-жігін дәл ажырату қиын.
«Наурызбай-Қаншайым» жыры – сөз өнеріне жататын көркем шығарма. 


297 
Оның образдар жүйесі, тіл кестесі, көркемдеуіш құралдары мен бейнелеуіш 
амал-тәсілдері жалпы фольклор поэтикасының аясында қалыптасқан. Сол 
себепті тарихи адамдардың бейнесі, олардың мінезі, іс-қимылдары 
фольклорлық қалыпта бейнеленеді, халықтың этикалық, эстетикалық 
ұғымына, түсінігіне және талап-тілегіне сай суреттеледі. Соған байланысты 
кейіпкерлер дәріптеледі, мінсіз адамдар болып көрсетіледі. Осындай кейіпте, 
әсіресе, Кенесары, Наурызбай және ойдан қосылған Қаншайым, Әли, Мұса, 
Күлнарайым, Толбала, т.б. 
Жырда Кенесарының алғаш көрінуі – Наурызбайдың алыс сапарға 
рұқсат сұрап келетін эпизод. Хан інісінің әлі жас екенін ескеріп, рұқсат 
етпейді. Осының өзі Кенесарының қандай адам екенін байқатады. Ол өте 
сабырлы, алды-артын ойлап, сақтық танытады. Наурызбайды алыс жолға 
жіберуге қауіптенеді, өйткені, оның алабұртқан мінезін біледі, бірдеңеге 
ұрынып қала ма деп ойлайды. Демек, Кенесары – Наурызбайдың ақылшысы, 
қамқоршысы, тәрбиешісі. Інісіне деген оның сезімі айрықша, оның көңілін 
қалдырмау үшін Кенесары шалғайдағы Тілеуқабақ елін іздеуге Наурызбайға 
батасын береді, соның өзінде де оған бас-көз болсын деп Ағыбайды қосып 
жібереді. Сөйтіп, ол алғашқы райынан қайтады, яғни Кенесары қажет болса 
жұмсақ та бола алады. Оның бұл қасиеті шығармада бірнеше рет байқалады, 
тіпті, кейде сезімге ерік беріп, жылап та алады. Екінші сөзбен айтқанда, 
Кенесары жырда қатал әмірші емес, кәдімгі жұмыр басты адам ретінде де 
бейнеленген, оған қуану да, ренжу де, күлу де, жылау да жат емес. Мәселен, 
Наурызбайдың сапарға шығу талабынан қайтпайтынын көрген Кенесары 
«Жібермесем, қайғылы болады-ау деп, Жастығын уайым қылып еңіреді», – 
дейді жыр. Ол-ол ма, Кенесары «патихасын беріп жылағанда» кәнігі батагөй 
ақсақал құсап, ұзақ толғайды, інісін Құдайға тапсырып, жүз жиырма төрт 
мың пайғамбарды, отыз үш мың сахабаларды, төрт шариярды, басқа да 
бірталай әулие-пірлерді көмекке шақырады. Бірақ осының өзінде де 
Кенесары өзінің кемеңгер басшы екенін де көрсетеді. Бата беріп болған соң 
ол Ағыбайға: «Бізді баққан дұшпан көп, бейқам болмай, берік бол!», – деп 
тапсырады. Оның осы сөзі көп нәрсені аңғартады. Біріншіден, заманның 
тынышсыздығы, елді қоршаған жаудың көптігі, екіншіден, Кенесары – 
халықтың қамын ойлаушы хан екендігі. Аңдыған дұшпан көп екенін білген 
ол үнемі сақтықта жүреді, басқаларды да ескертіп отырады. Қайын жұртына 
кеткен Наурызбай кешіккенде ол қатты қайғырады, дұшпандар қолынан қаза 
болды ма деп те ойлайды. Көңілі тынбай, ақыры, Наурызбайды іздеуге алты 
жігітті жұмсайды. Осындай аумалы-төкпелі уақытта өмір сүргендіктен 
Кенесары әрбір жақсылыққа мән береді, қуанады. Алғаш сапарында інісі 
Наурызбай қалыңдық тауып келгеніне қатты қуанып, үлкен той жасайды, ал, 
оның барымталаған жылқыны қыздың уәжді сөзіне бола қайтарып бергенін 
хан тұқымына лайық іс деп бағалайды, құп көреді. 
Орайы келгенде айтатын бір нәрсе – Кенесарының өзін ұстауы, жүріс-
тұрысы, сөзі мен ісі – бәрі ханға лайық. Ол жырда жиі көрінбейді, тек бір 
маңызды, тағдырлы сәттерде ғана іске араласады немесе ақыл береді, ал, 
керек кезде жанындағы батырлармен ақылдасып, кеңес жасайды. Кенесары – 


298 
өте кең мінезді, мырза, жомарт болып көрсетіледі. Тегі, ол ерекше қасиетке 
де ие. Оның назары тым ауыр әрі қауіпті. Бүкіл назарын салып қарап еді, 
Қаншайым мерт болды. Жырда оның батырлығы, жаумен шайқасы 
көрінбейді. Мұның себебін лиро-эпикалық жанрдың табиғатынан іздеген 
жөн, бірақ соған қарамастан Кенесарының идеал бейнесі жасалған. 
Наурызбай әр сипатта бейнеленген. Әлбетте, ол – ең алдымен, батыр. 
Сонымен бірге ол – албырт жас жігіт, қыздың ғашығы және күйеу бала. Ең 
бастысы, ол – Абылай ханның ұрпағы, Кенесары ханның інісі. Осының өзі-ақ 
оның ерекшелігін айғақтайды. Не істесе де оған бәрі кешірімді, сыйымды. 
Ерте жасынан қырық жігітті серік етіп, далада емін-еркін ойнап-күліп қана 
қоймай, келуші-кетушінің жолын тосып, оларды үркітіп жүреді. Оның бұл 
«тентектігін» ағасы да, басқа жұрт та сөкпейді. Осы кезеңде ол әрі мақтаншақ 
мінез де көрсетеді: бір күні «шарап ішіп, көңілі тасып» отырады да, 
қасындағы қырық жігітке «қайраты менен артық адам бар ма?» – деп 
мақтанады. «Бар» – дегенді естіп, намыстанады, сол адамды іздеуге шығады. 
Міне, осыдан әрі қарай Наурызбайдың алабұртқан жастығы бітеді де, ол 
ендігі жерде өзін ханзада әрі батыр ретінде көрсетеді. Оның ештеңеден 
тайсалмайтын ержүрек жігіт екендігі алғаш рет тасқыны қатты Үшбурыл 
өзеніне келгенде көрінеді. Жанындағы қырық жігіттің зәресі ұшып, 
ешқайсысы суға түсуге батпайды. Мұны көрген Наурызбай Қызыр, Ілиясқа 
сиынып, өзенге түседі де, аман-есен арғы бетке өтіп шығады. Жас батырдың 
еш нәрседен қорықпайтыны екінші рет қайталанатын тұсы – қараңғы түнде, 
тылсымға толы, белгісіз түбекте ол жалғыз келіп, қызға жолығады. Енді 
Наурызбай аса тапқыр, сөзге ұста ақын болып шығады. Қаншайым қызбен 
өлеңдетіп танысқан ол небір ұтқыр, көркем ой айтып, қызды тәнті етеді. 
Қызбен айтысқандағы Наурызбай өзіне-өзі сенімді, тіпті, өркөкірек, өзін 
жоғары ұстап, қызды әрі менсінбей, әрі шабына тиіп сөйлейді, кейде қуақы 
боп қыршаңқы сөздерді қолданады. Мұнысымен ол қызды әрі сынап 
көрмекші. Мысалы, Наурызбайдың сөздері мынадай болып келеді: «Жігітке 
қыз қарғысы майдай жағар», «Ауруым әсте менің басылмайды өзіңді ат 
көтіне бір салмастан», «Мәніссіз сөз айтады қыз ақымағы», т.б. Қыздың 
сөздерінен оның ақылдылығын, парасаттылығын аңғарған Наурызбай оған 
жылы сөзді де аямайды: «Жауабың сөзге тәуір көрінеді, жарқыным, жөніңді 
айтшы, сен кім едің», «Кем емес еш пендеден парасатың», «Есімнен, жаным, 
сені шығармаймын», т.т. Осындай сөзбен қақтығысу Наурызбай мен 
Қаншайым арасында тағы бірнеше рет болады. Екеуі де сөзді бағалайды, 
сөзбен мәселелерін шешеді, уәжді сөзге тоқтайды. Сөз сайысы олардың 
бірін-бірі толығырақ білуге, сөйтіп, сезімдерін оятуға, соңында екі жастың 
қосылуына әкеледі. Сөз құдіреті жырда ерлікпен, күшпен пара-пар, тіпті, 
олардан да артық. 
Наурызбай өзінің ерлігін бірнеше мәрте дәлелдейді: артынан қуып 
келген Әли мен Мұсаның басын жарады, бірақ Қаншайымға берген уәдесі 
бойынша өлтірмейді. Қаншайым сөзден жеңіп, ханзада жылқыны түнде 
ұрламай, ерлермен шайқасып, тартып алғаны жөн дегенде, мақұл көріп, қол 
жинап кел деп, Қаншайымды еліне жібереді де, өзі жалғыз тосып тұрады. 


299 
Наурызбайға қарсы ешкім бата алмай, қыз өзі келеді батырға. Екеуінің 
арасында тағы да сөзбен ақыл мен парасаттылық сайысы басталады. 
Осы сәттен бастап, Наурызбайдың ханзадалығы, бекзаттылығы нақты 
көрініс береді. Олжа сұрап келген Қаншайымға сөзінің дәлелді болғанын, 
оның батыл әрі ақылды екенін аңғарған Наурызбай бүкіл жылқыны қайтарып 
беріп, өзінің бекзаттылығын, тектілігін танытады. Төре бола тұрып, қара 
халықтың әдет-ғұрпынан аттамайды. Қайын жұртына ұрын келгенде де, 
кейін той кезінде де, тойдан соң да күйеу балаға тиісті ізеттілік сақтайды, 
қажетті кәденің бәрін атқарады. Осы тұста ол ағасына ұқсап үлкен мырзалық 
көрсетеді. Қайын атасына, қайын ағаларына, Қаншайымның жеңгелеріне, 
қасындағы қыз-келіншектерге сый-сияпатты аямайды, бәрін риза қылады. 
Сондай-ақ қыз аулындағы тойда болған айтысты да, күресті де әділ шешіп, 
өзін салиқалы төреші ретінде көрсетеді. Айтыста қыза-қыза келіп, қырық 
жігітке әдейі тіл тигізген сақау ақын Толбала қыздың қарсыласы Қасымға 
қосылсам деген тілегін орындайды, ал, күресте бірін-бірі ала алмай жүрген 
Ағыбай мен Баят екеуін тең түсті деп, тағы бір көпшілікке жаққан шешім 
қабылдайды. 
Наурызбай жас жігітке тән іңкәрлік сезімінен де ада емес. Қаншайыммен 
танысқан сәтте Наурызбай пәлендей бір сезімге түспейді, тек жолдас болуды 
ұсынады. Ал, елінен жауды қуар ер таппай, өзі жалғыз келген қыздың олжа 
сұрап: «Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, өзімді ал!» – дегенінен кейін Наурызбайда 
қызға бозбалалықпен қызығу секілді сезім пайда болады: «Ханыша, 
қараңғыда Сізді көрдім, Өзіңді көргеннен соң көңіл бөлдім. Уағдаң шын 
ақиқат болсын десең, Еңкейіп, ат үстінен қолың бергін!» – дейді. Қаншайым 
қолын береді. Осы мезетте екеуінде де махаббат отының ұшқыны тұтанады: 
«Бірінің бірі қолын ұстаған соң, Пара-пар екеуінің бойлары еріді», – дейді 
жыр. Бұдан былайғы жерде Наурызбай Қаншайымды ұмыта алмайтын халде 
болады. Уағдалы күз болғанда ол Ағыбайға «Ойымнан шығар емес 
Ханышайым», – деп, ағасынан қыздың аулына баруға рұқсат сұрауды 
тапсырады. Қаншайымға деген іңкәрлігі бірте-бірте ұлғайып, енді
Наурызбай ғашық болады. Ұрын келіп, Қаншайыммен жолыққаннан кейінгі 
жағдайды жыршы былайша суреттейді: «Екеуі бір-біріне болды ғашық, 
Шықпайды жанабынан қадам басып!». 
«Батыр – аңғал келеді» деген халық сөзі бар. Сонымен бірге батыр 
сезімтал да болады екен. Мұны Наурызбай бейнесінен байқауға болады. 
Қанша жаужүрек, бірбеткей болғанмен, ол қарапайым адамша қайғыра да, 
егіле де алады. Қаншайымның кенеттен қайтыс болуы оны кәдімгідей 
есеңгіретіп тастайды: «Дүниеге қарамайды назар салып, Ер Науан Ханышаны 
ойлап, қайғыланып. Күй тартып, бойы қызып, сөйлеп кетті, Көзінен батыр 
Науан жасы тамып». Бірақ ол жасымайды, керісінше, бойын тез жиып алып, 
өзінің қандай ауыртпалықты болса да ерше қабылдап, ерше көтере алатынын 
байқатып, қырық жолдасына қарата өзінің хал-жайы, Қаншайым және тағдыр 
туралы толғау айтады да, жігіттерді Қоқанмен, басқа дұшпандармен күреске 
шақырады. Бұл тұста да Наурызбай өзін хан тұқымы, жаужүрек батыр, өр 
мінезді ер екенін көрсетеді. 


300 
Жырдағы басты кейіпкердің бірі – Қаншайым. Ол үш сипатта көрінеді: 
өзіне лайық жар іздеген бойжеткен, Наурызбайдың қалыңдығы және 
келіншегі. Өзінің теңіне қосылуды ойлаған қызды Наурызбаймен алғаш 
кездесетін түнде айтқан өлеңінен және Наурызбаймен тілдесіп, танысар 
сәттегі сөздерінен көреміз. Және оның айттырып қойған біреуі бар екенін, 
бірақ оған көңілі толмайтынын аңдаймыз. Қыз өз жағдайын өлеңге қосып: 
«Қояды әркім теке өз лағын, Жарымды аз тоқтайын өлеңдетіп», – дейді. 
Соған қарағанда, қыз – біреудің қалыңдығы, бірақ оны менсінбейді. Ал, 
«Далада иттей ұлып біз отырмыз, Әлдекім ермек қып жүр қарағымды», – 
деген сөзінен қыз ол жігітке күдікпен қарайтынын аңғаруға болады. Осы 
сөздерін естіген Наурызбай: «Біреумен талабы бар кетсең нетті, Мал берген 
жаманыңнан кем бола ма?» – дейді. Оған дереу қыз былай деп жауап береді: 
«Жанымды кейіп тұрған кейітпеші, Айырылып қалқасынан мендей болғыр!». 
Демек қыз – ұнатқан жігітінен айрылған, бірақ қалыңмал төлеген жұрттың 
жесірі. Ендеше, оны әмеңгерлікпен бір «жаманға» қоспақ, қыз соған ренжулі: 
«Ей, жігіт, ақын болсаң, бері келші, Дертімді ішімдегі келіп білші», – деп 
Наурызбайға мұңын шаға сөйлейді. Қыздың дертті екенін, оны алатын 
адамның тең еместігін кейінірек оның Күлнарайым атты жеңгесінің 
Наурызбайларға жұмбақтап айтқанынан анық білеміз. Және қыз – Тама 
руының жесірі екені де кейін белгілі болады.
Сонымен, алғашқы кездесуден Қаншайымның өзіне лайық жарды 
аңсайтын қыз екенін көреміз және өзімен тілдесіп тұрған жігітке іш тартып 
сөйлеп, онымен танысуға кет әрі емес екенін, тіпті, ұнатып қалғанын 
байқаймыз: «Кіші жүз бұл жердегі мағлұм еді, кім еді даусы ажарлы қоя 
берген?» – деп, жігітке оң баға бере сөйлейді. Қыз өте сезімтал, аңғарғыш 
ақын әрі ақылды, зерек. Наурызбайдың кім екенін білгеннен соң, оған әдемі 
сұрақ қояды: «Патшаға бүйтіп жүру лазым ба, түн қатып, түсің қашып, неғып 
жүрсіз?» – дейді. Осыдан-ақ қыздың әр нәрсенің жөнін жақсы түсінетін, 
ақсүйек хан тұқымы қалай жүріп-тұратынын, қалай өзін ұстауға тиісті екенін 
білетін адам екендігі көрініп тұрған жоқ па?! Оның осы қасиеті кейінірек 
бірнеше мәрте білінеді. Мәселен, Наурызбай жылқыны айдап бара жатқанда, 
оған ерлікпен емес, түнде ұрлықпен алып кетіп барасың деп батырды 
намысына тиіп, тоқтатады. Ал, Наурызбай бозбалалық істегісі келгенде, 
Қаншайым: «Далада құл мен күңдей жатқаныңды, тақсыр-ау, өз бойыңа мін 
көрмесең?» – деп, райынан қайтарады. 
Қаншайым – өте ақылды, әрі тапқыр, әрі тәуекелшіл батыр қыз. Іздеп 
келген жылқыны Наурызбай таппай қоймайтынына көзі жетіп, ол жылқының 
Бетпақтың ар жағында жатқанын өзі айтады да, жігіттен өзін олжалас 
жолдасым деп айтып, қол беріп кетуін талап етеді. Тапқырлығы мен 
тәуекелшілдігінің арқасында Қаншайым әкесінің жылқысын түгелімен 
Наурызбайдан «олжамды бер» деп, қайтарып алады. Осы тұста ол тағы бір 
қырынан танылады: баяғының батырларынша жалғыз өзі жылқыны айырып 
алу үшін әкесінен бата алып, Наурызбайлардың соңынан қуады. Яғни 
барымталанған жылқыны алып қалатын сәттерде Қаншайым ескі эпостағы 
батыр қыз (алып әйел) сипатында бейнеленеді (Қарлыға, Дариға, т.б.). 


301 
Жырдың өзінде де оған: «Ханыша өзі құйын мерген екен», – деген мінездеме 
беріледі. Демек Қаншайым бойында көне фольклордағы кейіпкерлердің де 
белгілері бар. Және батырлығы мен мергендігі оның қыз кезіндегі тірліктері 
болып көрсетіледі. Ал, Наурызбаймен уағдаласып, оның қалыңдығына 
айналғанда Қаншайым басқа қасиеттермен ерекшеленеді. 
Қалыңдық болған Қаншайым ендігі жерде Наурызбайды сүйетін, оны 
тосып, уайымдайтын, оны өзіне жар етуді ойлайтын қыз болып жүреді. Күзде 
қайтып келемін деп кеткен Наурызбайды «Қаншайым жүреді екен күн-түн 
ойлап, Бір жаққа қарайды екен әр күн бойлап», – делінеді жырда. Ол 
мазасызданып, батырдың кешіккеніне себеп іздейді: «Ер еді екі талай арсы-
күрсі, Бір жаққа кетті ме екен тағдыр айдап?» деп те ойлайды. Тағаты 
таусылған қыз қасына серіктерін ертіп, Наурызбай келген баяғы Үшбурыл 
өзеніне барып, оның жолын тосады. Сарыла күткен жігіті келгенін көріп, екі 
ағасын барып, қарсы алуға жұмсайды. Ал, Наурызбай ұрын келген күйеуге 
қатысты әдет-ғұрыптың бәрін атқарып, Қаншайымның бұрынғы қайын 
жұрты саналған Тамаларға қалыңмалын қайтарып, яғни қалыңдығының 
басын біржола босатып алып, қыздың аулына келгенде Қаншайым үлде мен 
бүлдеге оранып, Наурызбайдың ордасына өзі келеді. Келген қызды сынайын 
деп, Наурызбай оның қолын алмай, жүзіне назар салмай қояды. Осы мезетте 
Қаншайым үлкен сабырлық танытып, парасатты сөздер айтады, оның қалай 
бұл елге келгенін, танысқанын, күйеу болғанын түгел рет-ретімен баян етеді 
және өзінің Наурызбайды сүйетінін, сүйгендіктен тиетінін жасырмайды: 
«Әуелі түнде көргенде, Бойым балқып, мас болып, Жауабыңа сүріндім», – 
деп, алғашқы кездесуде-ақ ғашық болғанын мәлімдейді. Қаншайым өзін 
кішірейте сөйлеп, Наурызбайды «айналайын, сұлтаным», «төрем» деп 
көтермелеп, мақтайды, сөйтіп, сыннан өтіп, Наурызбайды риза етеді. 
Үлкен тоймен ұзатылған Қаншайым хан ордасына келін болып түседі. 
Екі жас өте бақытты, бір-бірін шын сүйеді. «Қаншайым ер Науанды 
балқытады, махаббат назбен қарап, хадден асып», – деп суреттейді жыршы 
екеуі қосылғаннан кейінгі жағдайларын. Жас келіннің сұлулығына жұрт 
таңданып, қайран қалады. Кенесары да келінінің нұр жүзіне таң қалып, назар 
салады. Оған көңілі толып, аспандағы Шолпанға теңеп, «Перизат, 
хорлығайын нұр қызы екен», – деген баға береді. Алайда, оның бұл мақтауы 
мен назары Қаншайымға оқ болып тиеді. Сөйтіп, ол өзін сүйікті әйел ретінде 
толық көрсете алмай, жарық дүниемен қоштасады. Оның кенеттен қайтыс 
болуы тыңдаушыны да, оқырманды да өкініш сезімге бөлейді.
«Наурызбай-Қаншайым» жырының бұлай аяқталуы – баллада жанрына 
тән белгінің бірі. Оқиға кілт үзіліп, сюжет күрт тоқтағаны да, яғни күтпеген 
жағдаймен бітуі де – баллада үшін әдеткі тәсіл. Соның нәтижесінде бүкіл 
шығарма драмаланған сипатқа ие болады. Мұны біз трагедиялық шешім 
болмаса да, «Айман-Шолпаннан» да аңғарамыз. Мұнда да оқиға күтпеген 
жағдаймен тәмамдалады, бірақ оның бүкіл өрбу жолы драмаланған, Көтібар 
мен Айман тартысы жырдың соңына дейін немен тынатыны белгісіз болып 
келеді де, күрт өзгеріске түседі, күтпеген шешіммен тоқтайды. Осындай 
жағдай «Ерназар-Бекет» («Бекет батыр») жырында да кездеседі [2].


302 
Қорыта айтқанда, аталған шығармалар қазақ фольклорында эпикалық 
жанрдың жаңа түрі пайда болғанын айғақтайды. Оның табиғатында 
қаһармандық эпостың, тарихи жырдың әрі ғашықтық эпостың белгілері бар. 
Басқаша айтқанда, жаңа жанр тақыр жерде пайда болған жоқ, ол бұрынғы 
жанрларға сүйенді, олардан көп нәрсе алды және өзінің қалыптасу 
барысында басқа да жанрлардан әртүрлі амал-тәсілдерді қабылдады, сөйтіп, 
жалпы фольклорлық поэтикаға енді. Соның арқасында көне мотивтер мен 
нанымдарды да көркемдеуіш құралы етіп пайдаланды, ескі мен жаңаны 
шебер ұштастырды. Сөйтіп, көркем фольклор жанрына, яғни сөз өнеріне 
айналды. Оны «Айман-Шолпан», «Наурызбай-Қаншайым», «Ерназар-Бекет» 
жырларынан көруге болады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   122




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет