49
Орыс хан Алтын Орда тағы жолындағы күреске белсене қатысты. Ол хан
болып нығайып алған соң ішкі феодалдық қырқысты жойып, Алтын Орданы
өзіне бағындыруға әрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы
Еділ бойына жорық жасайды. 1374-1375 жж. Сарай-Беркені, Қажы-Тарханды
(Астрахань) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың
уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды және бұл кезде Ақ Орданың өзіне
Әмір Темір тарапынан қауіп төнгендіктен Орыс хан Сырдария бойындағы өз
иелігіне қайтып оралады. Ол өзінің қайтар жолында Алтын Орданы жаулау
кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы әулетінің бірі Маңғыстау аймағының
билеушісі Түй-Қожаны өлтіреді. Оның баласы Тоқтамыс Әмір Темірге барып
паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып, Тоқтамысты көп әскермен Ақ
Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374-1375) сәтсіз аяқталды,
Ақ Орда әскерлері оның әскерлерін талқандады. Бұл соғыста Орыс ханның
баласы Құтлық Бұқа қаза болды. Әмір Темірден жаңадан әскер алған
Тоқтамыстың екінші жорығы да Орыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда
әскерлерінен жеңілді, тек төртінші жорығынан кейін ғана Тоқтамыс Ақ Орда
тағына отырды. Темір басқыншылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы
Орыс ханға түседі. Ұрыс барысында Орыс хан қаза тапты. Тоқтамыс Орыстың
баласы Темір-Мәлікті (1376-1379 жж.) 1379 жылы жеңіп, Ақ Орда билеушісі
болды.
Ақ Орданың әскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Орданы
алды. Сөйтіп, ол бір мезгіл (1380-1395 жж.) Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан
болды. ХІҮ ғасырдың 80-жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын Орда жерін
түгел бағындырып, Әмір темірге қарсы шықты. Осы кезде Әмір Темір мен
Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды. 1395 жылы
Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Әмір Темір
Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады.
ХІҮ ғ. аяғы – ХҮ ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі
қырқыстар кезінде Ақ Орда әлсіреп кетті. Ақ Орданың әлсіреу себептері: Әмір
Темірдің тонаушылық жорықтары және ішкі тартыстар.
1423-1428 жж. Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ
Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтірді. Ақ Орданың соңғы ханы Барақ
Самарқанның билеушісі Темірдің немересі Ұлықбекті жеңіп, Сырдарияның
бойындағы көптеген қалаларды өзіне қаратады. Бірақ ол көп ұзамай қаза
табады, сосын Ақ Орданың жеріндегі билік Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың
қолына көшеді.
Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тәуелсіз болған,
сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының әулеттік жөн-
жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі ХІҮ-ХҮ ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ
пен Түркістан жеріндегі этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың
бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды. Кейін Ақ Орда мемлекеті
Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: