Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет2/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

КАРОНМЕН КҮРЕС 
Балуан Шолақтың бағы ел үстінде құстай ұшты. Тоқсанбайдың асынан кейін, 
«Көксеңгірдің Көктөбесін» жайлаған ауылдар оны бірінен соң бірі шақырып, қолдан -
қолға тигізбеді. 
Балуандық, әншілік, ақындық, серілік, ойыншылдық Балуан Шолақтың бір басынан 
табылады. Оның, барған ауылы ұлы думанға айналды. Жиналған жұрт оның тал бойынан 
мін тапқан жоқ. 
— «Сегіз қырлы» дейтін жігіт осындай - ақ болар, — десті жұрт. 
Мін таппаған жұртқа Балуан Шолақтың еркелеп айтқан өлеңі мынау еді: 
«Атандым Нұрмағамбет — Балуан. Шолақ, 
Бір қолым үсіп кетіп болды молақ. 
Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын, 
Жалғыз - ақ тал бойымда мінім сол - ақ!» 
Жайлаудағы елдің жайнаған гүліндей көз құмарын тарқатып серуенде жүрген Балуан 
Шолақтың құлағына бір күні сыбыс естілді: 
«Көкшетау қаласына біртүрлі балуандар кепті дейді, бәрі де аждаһадай кереметтер 
дейді, оларға адам пар келетін емес дейді!..» 
Күндеген кейбіреулер Балуан Шолаққа «күшті болсаң Көкшетауға барып солармен 
күрес!» деп шаптады. 
Ерегіске жаны құмар Балуан Шолақ —«ендеше кеттім, Көкшетауға,—деді достарына, 
— еретіндерің жүріңдер!». 
Жігіттер Балуан Шолақты жалғыз, өлсе жіберсін бе? Бір топ адаммен ол Көкшетауға 
жүріп кетті. 
Көкшетау қаласына оның өмірінде бірінші келуі еді. Бұқпа тауының етегіне салынған 
Көкшетау қаласының теріскей жағында, көлемі кең шалқар көлі бар. Көл таудың бір 
бүйірін құрсаулап айналып кетеді. Нақ сол таудың көлмен астасатын жеріндегі бір қазақ 
үйіне, Балуан Шолақ бастаған жігіттер кеп түсті. 
Мезгіл күз еді. Бірақ көп жылдың күзінде кездесетін ол араның жауын - шашыны биыл 
жоқ, — қара сұр бұлт бұрынғы жылдардағы дағдысымен торланып келеді де, күн түске 
тарта масайрап, әдемі қоңыр салқын болады да тұрады. 


Сол күннің ертеңі — сентябрьдің бірінде, Көкшетауда жәрмеңке ашылады, оған жан -
жақтағы елдерден қаптаған халық келеді. 
Балуан Шолақ пен оның достары пәтер үйлеріне базардан қымыз алдырып сусындады 
да, салт атпен қаланың көшелерін аралады. Бір көшемен келе жатқан олардың көзі жалпақ 
тақтайға жапсырған, әлдекімдердің жалаңаш суреттерін қаз - қатар басқан қағазға түсті. 
— Жүріңдер, жігіттер, көрейік!.. 
Келсе, бәрі де бұқадай күжірейген кереметтер! Орталарында бетін жаба басына қара 
киген біреу тұр. Қағаздың астындағы жазуды хат білетін біреуі оқып көрсе, күресетін 
балуандар екен. 
— Бұлар цирк аталатын үйде күреседі екен, — деді жазуды оқыған. 
— Қайдағы үй ол? 
— Көрген жоқпыз. 
— Іздейік, ендеше! 
Олар сұрастырып жүріп тауып алды: кенеп жапқан түрі кигіз үй тәрізді, бірақ іші кең 
— кем дегенде мың кісі сиярлық. 
Бұлар барғанда, үйдің қасындағы тақтай үйшіктің алдында көп кісі тұр екен. 
— Неғып тұрсыңдар?—деген сұрауға: 
— Билет сатып алғалы тұрмыз! — деп жауап берді олар. 
— Неменеге? 
— Шеттен келген балуандар күреседі екен, соларды көреміз. 
Күресін көрсеткенге ақша ала ма, олар? 
— Алады дейді. 
— Күшін көпке сатып көрсеткен не қылған балуандар?!.. 
Нұрмағамбет пен жолдастары, кісі басына елу тиыннан билет алып, кешке көппен 
бірге цирктің үйіне кеп отырды. Ең алдымен ат ойыны болды. Балуан Шолақ делебесі 
қозып, «өзім де ойнайм ба?» деп қопаңдап қояды. Аттар сұлу. «Шіркін, жазық дала боп, 
мына аттарды көсілтер ме еді?—деді Шолақ, — тар жерде ойнап, аттың бауырын 
жаздырмай қор қылуларын қарашы». 


... Күрес басталды. Балуандар парадпен цирктің ортасын айналды. Бәрі де денелі. 
Бірақ, басына қара маска киген адамның денесі өзгесінен өзгеше. Тұлғасы аумаған Түйе 
балуан. 
Француз күресінің приемдары Балуан Шолаққа ұнаған жоқ. Арқасы қозып отыр, 
тәсілдерін қарап отыр. 
Қара маска киген балуан атаулының бәрін жықты. Жұрт оған қол шапалақтап, жер 
тепкілеп, циркты басына көтерді. Осы кезде Балуан Шолақ шыдамай барьерден қарғып 
түсті де, одыраң - одыраң етіп ортада тайраңдап жүрген қара маскаға барып қолынан 
ұстады. 
Тоқсанбайдың асынан кейін Балуан Шолақтың денесі бұрынғыдан әлдеқайда толғанын 
балуанның достары қара масканың қасына барғанда байқады: Балуан Шолақтың қара 
маскадан қарны ғана жіңішке, басқа денесі бірдей. 
— Күресемісің? — деді қара маска оған. 
— Күресем! 
«Уақыт бітті... Ертең...» деген цирк бастығының сөзін жиналған жұрт тыңдамай 
«күрессін» деп шулап кетті. 
Балуан Шолақтың тұлғасын көріп сескенген Қара маска көптің көңілін қимай, 
«залогпен күресем» деді. Онысы сылтаумен құтылу еді. 
— Неше сом?—деді Балуан Шолақ. 
— Жетпіс бес сом! (Жетпіс бес сом ол кезде үш аттың құны). 
Балуан Шолақтың жігіттері қалталарынан ақшаны суырды да берді. 
— Сен қазақша күресем деп ойлама, — деді цирк бастығы, — бұл французша күрес, — 
екі жауырынның арасын жерге тигізбей, жыққанға есептелмейді. 
— Маған сонысы керек. Жауырынның ортасы түгіл, қыр арқасын жерге тұтас тигізіп 
берейін. 
Балуан Шолақ цирктің киімін киіп шықты. 
Сүзетін бұқадай екі балуан аңдысып жақындаған кезде, Балуан Шолақтың жалаңаш 
денесінің бұлшық еттері түйін - түйін боп бүлкілдеп, желді күні толқынданған теңіздің 
беті сияқтанып кетті. 
Қара маска күрескен адамның мойнын аңдып, алқымын қысқан қалпымен арқалап 
шалқасынан жығатынын Балуан Шолақ мана байқаған. Сол тәсілін істегісі кеп, Қара маска 
ыңғайлана бергенде, жалт беріп бұрылған Балуан Шолақтың қусырған құшағы мойнына 


тұзақтай түсіп кеп кетті. Ол «һауп!» деп арқалай жөнелді де, үйіріп, иығынан асыра, 
шалқасынан алып кеп ұрды. 
Қара маскадан жығылған адам, белін қайқайтып шалқасынан иіле қалуын Балуан 
Шолақ мана байқаған. Сол қимылды істей ме деп қауіптенген Балуан Шолақ, Қара 
масканы баса қоюға ыңғайланып еді, орнынан қозғалмаған ол, «баспа» дегендей басын 
шайқады. 
Күрестіріп жүрген адам сол сәтте ысқырып қалды да, жығылған Балуанның басынан 
маскасын сыпырды: әдемі кескінді, ақшыл сары өңді жігіт екен. Жігіт қозғалмастан бетін 
тыржитып, «мертіктім» — деді. 
Қара масканы носилкаға салып екі - үш балуан алып кетті. Күрестің нәтижесі 
жарияланды. 
— Күреске қатынасқандар: дүние жүзінің чемпионы, ағылшын балуаны «Қара маска» 
мен қазақ аулынан келген халық балуаны Балуан Шолақ... Олар француз күресінің 
әдісімен арпалысты. Күрес бір жарым минутқа созылып, халық балуаны — Балуан 
Шолақтың пайдасына шешілді. «Қара маска» ның бұрын ешкім шешпеген маскасын 
Балуан Шолақ шешті. 75 сом залог Балуан Шолақтың пайдасында. «Қара масқа» ның 
фамилиясы — Карон. 
— Байқаусызда жықты... 
— Айламен жықты, — деген шулар циркты басына көтерді. 
— Балуан Шолақ күшінің көптігін кір көтеріп көрсетсін, — десті шулаған жұрт. 
— Бүгін осы да жетер, ертең көтерер, — деген сөзді Балуан Шолақтың өзі қабылдаған 
жоқ. 
— «Қапыда жықты» — деген сөзді артып жүрем бе? — деді ол, — көтерем кірін. 
— Неше пұт көтересің? — деп сұрады одан. 
— Әлгі мен жыққан балуан қанша көтерді екен? 
— Қырық пұтты. 
— Маған елуін сал! 
Балуан Шолақ тізесі мен шынтағына салмағын сала шөкесінен отырды. Жалпақ 
қайыспен матастырып, бір балуан оның мойнына: он пұттықтан төрт гирді, алты пұт бір 
гирді, бес пұт бір гирді, барлығы елу бір пұт гирді артты. 
Гирлер артылып болған кезде, шөкесінен жер тіреп отырған Балуан Шолақтың екі 
қолының жіліктері жас талдай солқылдаған сияқтанды. 


— Жөн бере гөр! — деп тіледі оның достары, — атан түйе көтере алмайтын жүкті 
артты. 
Балуан Шолақ әуелі қолын жерден алып, тізерлеп отырып денесін жазды. Содан кейін 
оң тізесін көтеріп, оң аяғын табанына басты. Содан кейін мойнындағы гирлерді 
матастырған қайыстан екі қолымен қапсыра ұстап, «һауп» деп тұрып кетті де, аяғын 
алшаңдата басып, цирктің аренасын жағалап жүрді. 
— Болды!.. Жетті!.. Түсір!.. — десті жұрт. 
Балуан Шолақ ерегіскендей, көтерген гирлерді арқасымен біраз айналдырып, 
бытыратып жан - жаққа ұшырып жіберді. 
— Жаса! Көп жаса, Балуан Шолақ!—десті жұрт шуласып. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет