13
Министрлер Советінің «Қазақ ССР-інде қазақ тілін және басқа ұлт
тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік
программасын» әзірлеу барысында ескерілсе нұр үстіне нұр. Ал қазақша
ойлау, сөйлеу тәртібінің сақталмауы жөнінде біздің институтта ғылыми
зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады.
– Әбдуәли Туғанбайұлы, көптен күткен заң қабылданды. Енді соны
тезірек іске асырудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?
– Тілдерді дамытудың шаралары Қазақ ССР Министрлер Советінің
жаңағы айтқан программасында егжей-тегжейлі сөз болуға тиіс. Осы
программаға байланысты Тіл туралы заңды іске асыруға көмекші бір
қоғамдық ұйым болғаны жөн. Біздіңше, ол республикалық «Қазақ тілі»
қоғамы болмақ. Қоғамның «Қазақ тілі» деген газеті болу керек. Онда тілдерді
насихаттау жұмысы жүргізіліп, ғылыми ой-пікірлер айтылмақ.
Қазірдің
өзінде облыс, аудан, ауыл-селоларда қоғамның бастауыш ұйымдары
ашылуда. Олар жергілікті жердегі ұлт бала бақшалары мен мектептердің,
іс қағаздарының заң қағидаларына сәйкес жұмыс істеуін қадағалауда.
Соларға қоғамдық жәрдемші, бақылаушы болуда. Және біз солар арқылы
жер-жердегі тілдердің жағдайынан хабардар болып тұрамыз, әлеуметтік
зерттеулер жүргіземіз. Қоғамның өзіндік құрылысында әртүрлі секторлар
бар. Тіл мәдениетіне байланысты, жер-су,
қала атауларына байланысты
сек торлар құрылған және этнолингвистикалық, терминологиялық,
информация секторлары бар.
Сондай-ақ, қоғам тіл үйрету, оқыту
методикаларын жасауға
көмектеседі. Мәселен, Прибалтикада тіл үйренудің алты айлық жедел
тәсілмен оқытатын курстары мен жедел төте аударма жасаудың курстары
бар. Осы жағдайдың Қазақстанда да тезірек ашылуына қоғамдағы ғылыми
қызметкерлер көмектесуге тиіс.
Сауда қызметкерлеріне арнап, немесе
медицина, транспорт саласы сияқты әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған,
әрі қалтаға салып жүретін шағын салалық сөздіктер шығару да алдағы
күннің еншісінде. Мұндай кітапшаларды Эстониядағыдай кооперативтер
арқылы тездетіп шығару үшін қоғамның қаржысы болу керек. Әзірше
қоғамға Тіл білімі институты мен Ұйғыртану институты,
Әдебиет және
өнер институты, Жазушылар одағы мен Журна листер одағы, Халыққа
білім беру жөніндегі комитет пен Мәдени қордың Қазақ бөлімшесі және т. т.
қамқорлық жасауда. Алдағы уақытта қамқоршы-спонсорлардың саны арта
түседі деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
«Арай», 1990. 4-5 б. (Сұхбаттасқан Ж.Қалыбаев)