ІС-ӘРЕКЕТ МЕЗГІЛДЕРІНІҢ БЕРІЛУІ ЖӘНЕ ФУНКЦИОНАЛДЫ
ГРАММАТИКА
Б.С.Әбдуова, ф.ғ.к., доцент
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ., Қазақстан
/Materialy VI mezinarodni vedecko- prakticka konference “Zpravy vedecke ideje – 2011”,
27.10. 2011 – 05. 11. 2011. Прага, 2011/
Аннотация. Темпоральность относится к тому типу объективно-субъективных
синтаксических категорий, которые определяют и структурируют текст как
коммуникативно-смысловую единицу. Отражая, с одной стороны, мир вещей, их
положение во времени объективном, с другой стороны, темпоральная картина мира
(«кусочек действительности» который оказывается запечатленным в высказывании),
осознается и устанавливается говорящим и отражает его (говорящего) позицию во
временном течении событий.
Кілт сөздер: өріс, мағына, тілдік түлға, функционалды семантика.
Функционалды-семантикалық құрылым тілдік фактілерді сипаттауда “мазмұннан
формаға қарайғы” бағытты көздей отырып, грамматика құрылымын айқындайтын
“формадан
мазмұнға қарайғы” бағытпен бірлікте қаралады. Осы сипатына орай бұл
зерттеулерді құрылымдық-функционалды грамматика терминімен атау қалыптасқан.
Белгілі зерттеуші А.В.Бондарконың тұжырымындауынша, темпоралдылық –
функционалды-семантикалық құрылым, мұнда шақтардың грамматикасына қоса
синтаксистік құрылымдардың, лексикалық бірліктердің түрлі деңгейдегі комбинациясы
қамтылады: «Категория темпоральности является двусторонним единством темпоральной
семантики и системы разноуревных средств ее выражения в языке, то есть
функционально-семантическая категория» [1, 8]. Басқа да орыс ғалымдары осындай
қорытындыға келісе отырып, мынадай тұжырым жасайды:
«Темпоральность относится к тому типу объективно-субъективных синтаксических
категорий, которые определяют и структурируют текст как коммуникативно-смысловую
единицу. Отражая, с одной стороны, мир вещей, их положение во времени объективном, с
другой стороны, темпоральная картина мира («кусочек действительности» который
оказывается запечатленным в высказывании), осознается и устанавливается говорящим и
отражает его (говорящего) позицию во временном течении событий»[2, 19].
Қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, И.Е. Маманов, А.Ысқақов,
М.Балақаев, Т.Қордабаев, И.Қ. Ұйықбаев, Ә.Төлеуов, Ә.Қайдар, Н.Оралбай, З.Күзекова
сияқты ғалымдардың еңбектерінен темпоралдылықтың түрлі көріністері мен жеке
категория ретіндегі ерекшеліктері туралы деректерді кездестіреміз. Алайда бұл
зерттеулердің ішінде тек З.С.Күзекованың монографиясында ғана «темпоралды
категория» деген термин кездеседі, қалған еңбектерде уақыт пен мезгілге, шақтарға,
етістік көріністеріне қатысты талдаулар беріледі [3].
Функционалды-семантикалық өріс концепциясына негізделген зерттеулер қазақ тіл
білімінде де соңғы кездері қарқынды жүргізіліп келеді. Олардың көшбасында
М.М.Копыленко, З.К.Ахметжанова еңбектері тұрады. Мәселен, М.М.Копыленко орыс
және қазақ тілдеріндегі сан категориясын функционалды-семантикалық аспектіде қараса,
З.К.Ахметжанова тәуелдік, қимылдың өту сипаты, компоративтік категорияларын орыс
тілі деректерімен салғастыра зерттеді [4].
Темпоралдылық етістіктің шақ категориясымен тығыз байланысты болады. Себебі,
етістіктің шақ категориясы темпоралдылықтың функционалды семантикалық өрісінің
негізгі мағыналық ядросын құрайды. Шақ категориясы – етістіктің басты қасиеті. Бұнда
болатын формалардың басым көпшілігі – іс-әрекеттің әр түрлі шақта болуы. Cондықтан
да ондай формалардың құбылыс сырын, мағыналық ерекшелігін қарастыру – шаққа тән
қасиет. Шақ категориясы белгілі бір формалар арқылы беріледі. Ондағы қимылдың, жай-
күйдің өзі белгілі бір уақытта, мерзімде болатыны, болғандығы, не болып жатқандығы сол
етістік бойынан аңғарылады. Лингвистика мұндай етістіктің берілу жолын ашық рай деп
те атайды. Істің сөйлеп тұрған уақыттан бұрын, не соң, не сол кезде істелуін, не
істелмеуіне қарай етістіктер белгілі бір жақта, шақта тұрады. Бұл – етістік
категориясының басқа сөз таптарынан негізгі бір ерекшелігі. Тыңдап отыр, тыңдамақшы,
айтты етістіктерінде субъектімен, мезгілмен және басқа жағдайларға қарай, күрделі
(тыңдап отыр, көтеріліп келе жатыр), дара етістікте де (айтты) шақ көрінісі байқалады.
Осындай етістіктердің шақ көріністері белгілі бір морфемалар арқылы беріледі де (айт-
ты), содан кейін қимыл есім жағдайына қарай жіктеледі.
Іс-әрекеттің ұзақтығының, созылыңқылығының берілуі қанша уақыт? сұрағына
жауап бере отырып, мынадай мезгілдік қатынастарды қамтиды: минут, сағат – осы
минут бойы, осы сағат бойы, бес сағат, екі сағат бойы; күн, түн, кеш, таң – күні бойы,
түні бойы, кеш бойы, сәскеге дейін, күнімен, түнімен; апта күндері: сейсенбі, жұма –
бүкіл сейсенбі, бүкіл жұма; апта – апта бойы, бүкіл апта, екінші апта; ай, сәуір – ай бойы,
бүкіл сәуір; қыс, көктем, жаз, күз – қыс бойы, көктем бойы, жаз бойы, бүкіл күз;
жыл, өмір, ғасыр – жыл бойы, бүкіл жыл, бірінші жыл, ұзақ жыл, өмір бойы, бүкіл өмір,
ғасырлар бойы; екі, үш, төрт – соңғы үш жылда, бүкіл сабақ, барлық каникулда, т.б.
Мысалы, түн баласына көз ілмеу (түні бойы ұйықтамау), бүкіл өмірін сарп ету, кешке
дейін жұмыста болу, бір апта бойы сабаққа қатыспау, т.б. оралымдар мезгілді білдірудің
созылыңқы түрі арқылы іс-әрекеттің мөлшерін нақтылай түседі.
Іс-әрекеттің басталу сәті мен аяқталуының берілуі қай уақыттан бері? және қай
уақытқа дейін? сұрақтарын қамтиды. Мысалы, күзден бері, қысқа қарай, жаз шығысымен,
сабақ аяқталысымен, бір көргеннен, т.б. сөз тіркестері іс-әрекеттің басталу сәтінен хабар
берсе, қысқа қарай, соғымға дайін, қар түскенге дейін, алғашқы қоңырауға дейін, ет
піскенге дейін, той басталғанша, құдалар келгенше, жеңіске жеткенше, тапсырма
аяқталғанша, жаңбыр басылғанша, т.б. оралымдар белгілі бір әрекеттің уақытына
параллель түзіліс жасай алады.
Қай уақыттан қай уақытқа дейін? Қай сағаттан қай сағатқа дейін? Қай
күннен қай күнге дейін? Қай уақыт? сұрақтары да іс-ірекеттің басталуы мен аяқталуын
нақтылайды: таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін, қырық бірінші жылдан қырық бесінші
жылға дейін, таңнан қара кешке дейін, т.б.
Іс-әрекеттің басталу сәті мезгілдік ұғымды білдіретін сөзге шығыс септігі және
бері көмекші сөзінің тіркесуімен беріледі. Мысалы: Мен күз ден бері туыстарымда
тұрамын. Мен спортпен өткен жылдан бері айналысамын.
Бастапқы мезгілдік шекті білдіру конструкциясы мезгіл ұғымды сөз заттанған
етістікке көмектес септігінің жалғануымен беріледі. Мысалы: Көктем келісімен күн
жылына бастады. Қызметкерлерге үстеме жалақы қосылысымен азық-түлікке бағалар
өсті.
Мезгілдік ұғымды білдіретін сөздер + септеулік сөз конструкциясы әрекеттің
біртіндеп өзгеруін білдіреді. Күн сайын жыли бастады. Жыл сайын елдегі жағдай
жақсарып келеді.
Іс-әрекеттің аяқталуын білдіретін құрылым барыс септігіндегі мезгіл ұғымды сөзге
дейін септеулегінің тіркесуімен беріледі. Біз таңға дейін отырдық. Біз кешке шейін
айтыстық.
Уақыттың шек мезгіл ұғымды сөздермен берілмейтін конструкцияларда шығыс
септікті сөз + барыс септікті сөз қолданылады: Біз таңнан таңға дейін жұмыс істейміз.
Студенттер сессиядан сессияға дейін көңілді өмір сүреді.
Әлде-бір іс-әрекеттің басталатынының, бірнеше уақыт өтіп кеткенінің берілуі
қашан? қанша уақыттан кейін? сұрақтарын қамтиды: бір сағаттан кейін, бірнеше жыл
кейін, үш жыл өткен соң, екі күн өткеннен кейін, бір минуттан соң, т.б. Кейін, соң
септеуліктерінің қолдануында шығыс септік жалғауының тұруы міндетті:
Екі күннен кейін балалар бір кішкене қалаға жетті. Үш сағаттан соң, қонақтардың
алды тарқай бастады.
Соң, кейін септеуліктері оқиғаны, процесті, мекемені білдіретін сөзден кейін де
қолданылады: таңғы астан кейін (соң), жұмыстан кейін (соң) демалыстан кейін (соң),
сабақтан кейін (соң) әңгімеден кейін, сапардан кейін, концерттен кейін, университеттен
кейін, мектептен кейін, тарқағаннан кейін (соң және т.б.).
Іс-әрекеттің нәтижесіне жету үшін қажетті мерзім, уақыттың берілуі
қанша уақытта? сұрағын қамтиды: үш сағат жиырма минутта, уақыттың осы кезеңінде,
өткен тоқсанның ішінде, бір сәтте, ес біліп, етек жапқалы, жарты сағатта, бас-аяғы бір
тәулікте, қас пен көз арасында, ғасырлар бойында, жүз жылда, т.б.
Іс-әрекет нәтижесі сақталатын мезгілдің берілуі Қанша уақытқа? Қанша мезгілге?
Қай уақытқа? сұрақтарын қамтиды: келу - төрт айға келу, кету - үш жылға кету, беру -
кітапты екі күнге беру, алу - демалысты бірнеше аптаға алу, қалдыру - баланы бес
минутқа қалдыру, орналастыру – қонақты тәуір үйге бір тәулікке орналастыру, қою –
музыканы бір минутқа қою, кешігу - жарты сағатқа кешігу, кідіру - жарты күнге кідіру,
т.б.
Жоспарланған әрекет мезгілінің берілуі қанша уақытқа? қай уақытқа? сұрақтарын
қамтиды: сағат екіге белгілеу (кездесу мағынасын білдіреді), басқа күнге ауыстыру,
таксиді таңғы 6-ға шақыру (тапсырыс беру мағынасын көрсетеді), 3-ші наурызға билет алу
(қажеттілікті көрсетеді), т.б.
Оқиғадан бұрынғы, алдында болған мезгілдің берілуі Қашан? Қай уақытқа дейін?
Неге дейін? Ненің алдында? Ненің қарсаңында? сұрақтарына жауап береді: мектепке
дейін, мереке алдында, жаңа жыл қарсаңында, күн шығарда, таң алдында, ел орынға
қонарда, т.б. Бұл конструкция бір әрекеттің басқа әрекеттен бұрын болғандығын білдіреді.
Оқиғалар, іс-қимылдар аралығындағы мезгілдің берілуі қашан? Қанша уақытта?
Неге дейін? Қанша уақыттан кейін? Неден кейін? сұрақтарына жауап береді.
Бір іс-әрекетті екінші іс-әрекеттен бөліп көрсететін конструкцияда өткен шақ
есімше + соң + мезгіл мәнді құрылым қолданылады: Біз стадионға ойын басталып
кеткен соң, бес минуттан кейін келдік. Басқаша айтсақ, ойын басталып кетті, бес минут
өтті, бз стадионға келдік. Бір іс-әрекетті екінші іс-әрекеттен бөліп көрсететін
конструкцияның бірі – бұрынырақ, кейінірек сияқты салыстыру мағыналы сөздерімен
келген құрылым. Мысалы: Олар бізге қарағанда, мұнда екі күн бұрынырақ/кейінірек
келген. Осы конструкция жас ерекшелігін айтқанда да қолданылады: Ағам әпкемнен екі
жас үлкенірек (жасырақ, кішірек).
Осыдан + бұрын сияқты мезгілдік конструкция алдында, бұрын болған іс-әрекеттің
мезгілін білдіреді, өткендегі мен қазіргі іс-әрекет арасындағы қанша уақыт бар екенін
айтады. Мысалы: Осыдан екі жүз-үш жүз бұрын қазіргі батыс жасыл желекті аймақ
болған. Біз мұнда екі күн бұрын ғана келгенбіз.
Қайталанатын іс-әрекет мезгілінің берілуі сайын және сағаттап, апталап, жылдап
сөздері арқылы беріліп, қайталанатын іс-әрекеттің ұзақтығын күшейту мағынасын
білдіру үшін де қолданылады: тоқсан сайын, сағат сайын, күніне бір рет, жылына үш рет,
т.б.
Фразеологимдердегі мезгілдік мағынаның берілуі. Қазақ тілінде мезгіл, уақыт
ұғымдары көптеген мақал-мәтелдерде, тұрақты тіркестерде бар. Тез, шапшаңдық
мағынасындағы мезгілді білдіретін фразеологизмдер: ә дегенше, әні-міні дегенше, әп-
сәттің арасында, дем арасында, көзді ашып- жұмғанша, қас қағымда, ойда жоқта, сол
бойда;
Іс - әрекеттің кенеттен болу мезгілінің берілуі: Аяқ астынан, жоқ жерден, күтпеген
жерден, ойламаған жерден;
Мезгілдің ұзақтығының берілуі: ертеден қара кешке дейін, күн ұзақ, ұзынды күн;
Тәуліктік уақыттың берілуі: кешкі уақыт, ымырт, ақ пен қызылдың арасында, апақ–
сапақта, екі кештің арасында, ел орынға отыра, қас қарайғанда, қызыл іңірде, іңір
қараңғылығында;
Қараңғы түн: ай қараңғысында, жеті қараңғыда;
Таң ату: ала таңда, құлқын сәріде, таң алагеуімде, таң ата, таң бозарғанда,таң қылаң
бергенде, таң сазарып атқанда, таң сәріде, таң сыз бергенде.
Заттардың, құбылыс іс-әрекеттің мезгілге қатысын тіл арқылы білдіруді біз
лингвистикалық аспектіге (темпоральность) жатқызамыз. Уақыт категориясының
лингвистикалық аспектісінің грамматикалық (морфология, синтаксистік), лексикалық,
контекстуалдық түрлері болады. Морфологиялық түрі етістіктің шақ категориясы арқылы
көрінеді. Іс-әрекет, қимыл қозғалыс үнемі мезгілге қатысты. Сондықтан етістікті өзге сөз
таптарынан ерекшелендіретін ең негізгі грамматикалық категориясы да осы – шақ
категориясы. Тіліміздегі зат, құбылыс, сын, сапа, сан атаулары және т.б. сөздер де мезгілге
қатысты. Бірақ олардың уақытқа қатысы дәуірмен, қоғаммен тікелей байланысты болып
келеді. Ал, іс-әрекет, қимыл-қозғалыс – динамикалық тұрғыда үнемі жүзеге асып
отыратын құбылыс.
Тіл білімі ғылымында шақтың мазмұны адамның сөйлеп тұрған, яғни хабарлау
кезеңіне байланысты айқындалады. Етістік шақ категориясы - өте күрделі грамматикалық
категория. Қазіргі қазақ тілінде етістіктің үш шағы айқындалған. Олар - өткен шақ, осы
шақ және келер шақ. Қ.Жұбанов «Күрделі және көмекші етістіктер туралы
ескертпелерінде» дәл сөйлеу үстінде болып жатқан іс-әрекет, жай-күйді білдіретін
етістіктің осы шағына ғылыми талдау жасайды. Ол алғаш рет нақ осы шақ жасаушы
тұлғалардың ортақ грамматикалық белгілері мен түрлену ерекшеліктерін саралап
көрсетеді [5]. Мезгілдік қатынастардағы семантикалық аспектілері ашу үшін етістіктің
шақтарын ғана емес, іс-әрекет, жай-күйді танытудағы темпоралдылықты жалпы
функционалды бағытта қарастыру қажеттілігі туындайды.
Өріс құрайтын тілдік бірліктер «мағынадан
тұлғаға» және «тұлғадан
мағынаға»
қарай зерттелгенімен, олардың функциясының басты рөл атқаруы өрістің функционалды-
семантикалық деп аталуына негіз болған. Функционалды-семантикалық өріс құрылымы
мен мазмұны бар «бірлік» болып табылады. Ол, бір жағынан, ұғымдық категориялармен
байланысып жатса, екінші жағынан, тілдік жүйемен байланысты болады, тілдік жүйеге
жатады. Өйткені ортақ мақсатта жұмсалу үшін бірігетін түрлі тіл деңгейі құралдарының
топтамасы осы жүйеден «алынады». Сөйлеуші белгілі бір ақпаратты немесе мазмұнды
жеткізу үшін тілдік жүйеден дайын, өзіне қажетті тілдік бірліктерді сөйлеу жағдаятына,
мақсатына сай таңдап алып, оларды белгілі бір тәсілмен ұйымдастырады. Сөйтіп, тілдік
бірліктердің жалпы семантикасы арқылы мазмұн тыңдаушыға жеткізіледі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Бондарко А.В., Беляева Е.И., т.б. Теория функциональной грамматики. Темпоральность.
Модальность. -Ленинград: Наука, 1990. – 263 с.
2. Гулыга Е.В., Шендельс Е.И. Грамматико-лексические поле в современном немецком
языке. –Москва, 1969. – 184 с.
3. Күзекова З.С. Қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері. -Алматы:
ЛЭМ, 2005, – 392 б.
4.Ахметжанова З.К. Функционально-семантические поля русского и казахского языков. –
Алма-Ата: Наука, 1989. – 108 с.
5. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 1966, -360 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |