Құндылықтар – баянды, мызғымас негізгі ішкі қағидаттар мен стандарттар. Түйінді
құндылықтар өте тұрақты болып келеді, ал өзгерсе өте баяу, әрі ұзақ
уақыт бойы өзгереді. Түйінді құндылықтар біздің өмір, өзіміз және бізді
қоршаған адамдар, жалпы адамдардың әлеуеті және қоршаған адамдардың
әлеуеті туралы көзқарасымыздың қалыптасуына негіз болады. Сондай-ақ
құндылықтар дегеніміз біздің сенетін дүниеміз, олар біздің қоршаған ортаға
деген қарым-қатынасымызды және мінез-құлқымызды анықтайды.
Метатану – «Таным туралы таным» деп анықталады және өзінің ойлау қабілеттерін
түйсінудің айрықша түрі. Мысалы, метатануға оқушылардың өзіндік оқу
және проблемаларды шешу стратегияларын түйсінуі жатады. алғаш рет
психология ғылымына бұл ұғымды Джон Флэйвелл енгізген болатын (J.H.
Flavell, 1976). автордың айтуынша метатанудың маңызды қызметінің бірі
өздерінің танымдық қызметтерінің ерекшеліктері туралы білімдерінің
негізінде оқушыларға танымдық қызметтерін реттеуге мүмкіндік беретін
танымдық қызметті рефлексиялық бақылау болып табылады.
Метатану стратегиялары – білім алушының оқу үдерісін өзіндік бақылауына бағытталған басқару
түріндегі әдістер (мысалы, оқу үдерісін өз бетінше жоспарлай білу, мақсат
қою, өзінің оқу үдерісін бағалап, оның мониторингін жүргізу қабілеті).
Модельдеу – 1. Таным объектілерін олардың шартты модельдері негізінде зерттеу. 2.
Шын мәнінде бар объектілер, үдерістер немесе құбылыстардың модельдерін
құру және зерделеу. Мұндағы мақсат осы құбылыстарды түсіну, сондай-ақ
зерттеушіні қызықтыратын құбылыстарды болжау. Модельдеу адамның
объектілер туралы білімі мен сол объектілер арасындағы қарым-қатынасты
көрсету үшін қолданылады, оқытудағы көрнекі құралдардың бірі.
Мұғалім жүргізетін дамыту жұмысы (МЖДЖ) – мектептерде оқыту мен оқуды жетілдіру тәсілі. Бұл үдеріс барысында
мұғалімдер жекелеп те, бірлесіп те өз тәжірибесін, сондай-ақ өздері жұмыс
істейтін мектеп тәжірибесін жақсарту мақсатында зерттеу қажет болатын
мәселелер мен проблемаларды анықтайды. Мұғалім жүргізетін дамыту
жұмысын зерттеумен шатастыруға болмайды. МжДж бағдарламасы
«мұғалім зерттеуші ретінде» деген ұстанымға емес, «мұғалім оқыту және оқу
іс-тәжірибесін жетілдірудегі көшбасшы ретінде» деген ұстанымға негізделеді.