РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ
Елеуова А.С.
ф.ғ.к.
Аяулым Арыстангалиқызы А.,
«Қазақ филологиясы» ББ 4-курс студенті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
Атырау, Қазақстан
Аңдатпа.
Рахымжан Отарбаев өзімен бірге қазақ әдебиетіне шығармаларының
жаңашылдығымен келген қаламгер. Оның қалам тербеп жазған әр туындысында жаңа леп
еседі. Мақалада Р.Отарбаев шығарамаларындағы тіл көркемдігі, ой ұшқырлығы, нәзіктік пен
қатаңдық қатар үндесіп келіп, үйлесім тапқан композициялық иірімдер шағын көлемді
прозалары негізінде талданып беріледі.
Түйін сөздер:
Проза, Р.Отарбаев әңгімелері, жаңаша көзқарас, «Американың ұлттық
байлығы» әңгімесі, «Тәркі дүние» әңгімесі, «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесі.
А.Байтұрсынұлы: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2)
қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі - аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып
ойлау, қиял ісі - меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне
ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі- түю, талғау. Тілдің міндеті - ақылдың аңдауын
53
аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау.
Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді
жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде,
көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік
керек», — деп жазады. Бұл аталған негіздердің түгелдей халқының дарабоз жазушысына
айналып үлгерген Рахымжан Отарбаевтың бойынан табылуы қаламгер қолынан өмірге
жаңаша қырлы, өзекті һәм әсерлі кесек туындыларды әкеледі. Автор шығармашылығының
ерекшелігі – жаңашылдығында. Қазақ әдебиетіне жаңа заманмен бірге жаңа лепте, жаңа
идеямен жұлдызы жарық жазушы келді. Р.Отарбаев ана тілін шебер ширата білген: әр
оралымын орып, биіктігіне көтеріліп, сай-саласын толтырып, нақышын келтіре суреттейді.
Оның қай туындысын алып қарасақ та, тақырып мазмұны кең ашылып, оқырман түйсігіне
жетеді. Артықшылығы сол көңілді баурап алар жеңіл ирония да, зілді кекесінмен әжуалау да
табылады. Жазушының шығармашылық шеберлігін көрсету үшін оның барлық
туындыларын жіпке тізіп, талдап- таразылау шарт емес. Мейіріңді қандыратын бұлақ
суының қасиетін білу үшін дәмін татып көру де жеткілікті. Сондықтан да біз бүгінгі
баяндауымызда жазушының шығармашылығындағы бірнеше туындысына ғана тоқталып,
Отарбаев әлемінің тереңіне бойлап, ой таразылауға ниет етіп отырмыз.
Рахымжан Отарбаев проза, драма жанрларында қалам тербегені белгілі. Әсіресе оның
әңгімелерінің орны бөлек, новеллаларын оқи отырып бұған көзіміз жете түседі. Себебі
көлеміне қарап, әңгіме жазуды оңай іс деп бағалау дұрыс емес. Шағын оқиға барысында әр
кейіпкердің психологииялық келбетін ашып, мінез-құлқын бере білу; аз сөзбен-ақ қоғамдық
мәселені қозғап, тағылым аларлықтай ой тастау-әңгіме жазған күннің өзінде көлденең
жүрген көк аттыға іліне бермейтін дүние. Ал Р.Отарбаев болса қисынын тауып, шығармаға
жан бітіре бейнелейді. Сондай әңгімелерінің бірі «Американың ұлттық байлығы». Аты
аталған астары алты батпан әңгімесінде негізгі нысан етіп аңшыны алады. Аңға шығайын
деп отырған кезінде бір досы келеді. «Америкада өндіріс орындары, зауыттар қаптап, жер
жетпегендіктен шибөрілерді Африка мен Азияға, соның ішінде Қазақстанға да әкеліп
тастаған»,- деп соғады. Осы кезде аңшының далада кетіп бара жатып бір тайыншаны екі
шибөрі талап жатқанын көріп, оның үстіне «малымызды ит-құс қырып жатыр» деген арыз-
армандарын есіткенде, екеуін атып, тайыншаны арашалап алғаны ойына сап ете қалады.
Африкадағы зәңгілер шибөрілерді қуып жүріп өлтіріп, артынан Америка оларды
жазалағанын мысалға келтіреді. «Ендігі кезек бізге де келуі мүмкін» деген кезде, аңғал қазақ
қатты сасып қалады. Бұдан ары қарай әңгіме желісі күрделене түседі. Атып алған шибөрінің
біреуінің терісін илеп, құндыздай жарқыратып, қаладағы балдызына жіберткен. Балдызы
пальтосының жағасына жарқыратып тағып алып, елдің көзіне көрсетіп, жай жүріп қоймай,
айналасындағыларға мақтанышпен айтып, тапсырыс та алып алады. Сол екі арада әйелі
қалада интернатта жатқан екі баласына кеткенде, екінші шибөрінің терісін алып кетіп, жаға
тіктіртіп алғаны есіне түсіп, абдырап, ойы одан сайын сан-саққа кетеді. Диалог кезінде әлгі
досы бұны одан әрі үрейлендіріп, аспанда ұшып жүрген ғарыш кемелері арқылы «сенің
шибөріні атып жүргеніңді көріп қалса, арты үлкен халықаралық жанжалға ұласуы мүмкін»,-
дейді. Кейіпкеріміздің қорқынышы ұлғаяды, психологиялық тұрғыдан үлкен күйзеліске
түседі. Қылмыс жасаған адамдай қиналады. Барар жер, басар тау таппайды. Қатты күйзелген
аңшы ақыр сонында ашынады. «шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы
болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін? Өкпесіне тебер өгейімін бе? Бұ дүниеде жиғаным,
о дүниеде иманым бұйырмай кететіндей сұрауым жоқ па? Оң қол қиянатқа жүгірсе, сол қол
арашаға ұмтылмас па?.. Бұл ел ме әлде ашық-тесік жатқан малқора ма?..» Осылайша
аяқталған әңгімеде өмір сүріп отырған ортамыздың, заманымыздың, бүгінгі күніміздің үлкен
мәселелерін жазушы астарлап, сарказммен, юмормен жеткізеді. Қоғамның болмысына сырт
көзбен, кең көңілмен, жайдары қалыппен қарап, өз кемшілігіңізді өзіңіз көріп отырғандай
миықтан бір күліп қарайсыз. Оның артынан үлкен ой қозғалады.
«Тәркі дүние» атты туындысында да «Американың ұлттық байлығы» дегендегі
сияқты ұлттық жайттарды сөз етеді, тіпті қазақтың халықаралық кеңістіктегі орнына
54
қатысты мәселелерді айтады. Шағын әңгіме болса да дүниетанымдағы, идеологиядағы
догмаларды бұзған жаңашыл, төңкерісшіл тұлғалардың трагедиясы жатқан сияқты бұл
жерде.
«Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесі бойында тазалықты, пәктікті, аңғалдықты сақтай
білген Дидардың өмірінен көрініс табады. Ешкімге қол жаймай, өз күнін өзі көруге ұмтылып
жүрген Дидар күнде напақасын табу үшін базарға қарай жол тартатын. Қайнап жатқан
тіршілігі жалғасқан қаланың беткеұстар базарында шалбар саудалаушы еді. Жанталасы
басым алқын-жұлқын беймаза өмір иіні түскен, жүдеу бас ауыл баласын қақпақылдап үйіріп
әкеткен. Десе де, қалтаға құйылған тиынның сыңғыры жиылып кеп бұйра бас, ақсары өңді,
ашаң жігіттің пәтер жалдауына да, назқоңыр нәпақасына да, Жарбай ауылындағы жалғыз
шешесіне де жетіп-артылатын. Шалының қарашаңырағын жықпаймын деп төрттағандап
отырған кейуананы айына бір барып сүйсіндіріп, ас-суын қамдап кететін... Арлы-берлі кезген
жұрты көп сыңсыған базардағы оймақтай орнынан айырылып қалмауды ойлап, зәре-құты
ұшатын Дәуреннің базар қожасының қармағына ілінуі бар тіршілігін бұзып кетті. Дүниеге
арбала бастаған кейіпкер қақпанға қалай түсіп қалғанын өзі де байқамай қалады. Әңгіме
базардың кіреберісіндегі су сататын, екі қасының ортасында тарыдай меңі бар Әлима қызбен
арасындағы қарым-қатынас арқылы қыза түседі. Соны көруге қалың нөпірдің арасынан
асығып жетуші еді ғой. Жүзіне сәбилік пәктік ұялап, сыңғыр етіп күліп жіберетін. Су ішкісі
келмесе де сол сыңғыр етіп, құлағын қуантар кәусар дыбысты іздейтін. Күзгесалым той
жасап, Жарбайдағы жалғыз шешені қолға көшіріп алуға ниеттеніпи жүрген. Кейін не болды?
Базар қожайыны мен оның қызылшырайлы еркекшора қызы екеуі жаңа гүлдеген алма
ағашын бұршақ ұрғандай болғаны-ай! Байлық пен барлық не істетпейді?! Мамыражай
дүниені тып-типыл еткен қара дауылдай көк көз қожайын мен еркекшора қыз дегеніне жетті.
Әлиманы о дүниеге аттандырып, Дәуренді тырп еткізбей бұйдалап алды. Сөйтіп, қаламгер
қазіргі өмірімізде, қоғамда орын алып отырған осындай келеңсіз жайтты әшкерелейді. «Дәл
неке қияр сәтте аспанға көтеріліп кеткен ақ нұр Дәурен басқа жан баласына көрінбей, судағы
бейнедей сырғанап кеп Сырғалы екеуінің ортасына түсе берген. Бұл жолы мұңайып та,
кінәлап та қарамады. Тұнжыр тартқан жанарында баяғы үміт оты өшіп, үрей мен мазасыздық
шүпілдеп тұрды», – дейді автор. Ақ нұр боп аспанға көтерілген бейкүнә Әлиманың ақ
періштесі ғой. Дүниені уысында ұстап, байлыққа мастанғандар үшін адалдық, жан тазалығы,
кіршіксіз махаббат, пәктік деген қасиетті ұғымдардың құны көк тиын екен. Тып-типыл ғып,
таптап жүре берді. Жазушы тағы да: «... бір шөкім ақ көбелек... қалт-құлт, қалт-құлт ұшып
байыз табар емес. Көз алды бұлдырап, ақ гүлдер жауып кетті... Ес-түзсіз талып құлаған...
Содан бері түсінде ақ көбелектердің соңынан қуып діңкелеп, аңқасы кеуіп оянады» дейді.
Басқа амалы бар ма?! Сағымға айналған аппақ армандар-ай деп жаның жаншыла сен де
күрсінесің. Қолына келгенін қонышынан басатын қу заманға налисың...
Рахымжан Отарбаевтың кез келген туындысын алып, зер салып қарар болсақ,
қазақтың болмысы, мінезі, әлемдік мәселелерге қазақы көзқарас үндесіп келіп шешімін
табатындай. Жаңашылдығының бір сарыны да осында жатыр. Бейбіт заманда өмір сүріп
жатсақ та, іштен құртатын кесапат көп. Қоғамды дүрбелеңге салып, ойнақтатып қойған
мәселелерге жауабымыз дайын: «заманы бұзылды» не «адамы бұзылған». Қалай айтсақ та,
кімге кінә артсақ та, одан мәселе шешіліп кетпесі анық. Десе де, сол маңызды мәселелердің
бірсыпырасы «қазіргі адам» дүниетанымына, құндылығына келіп тіреледі. Р.Отарбаев
әңгімелерінде де басты қозғалатын тақырыптар легі осымен байланысты. Оның
тақырыптарды аша білген шеберлігінің бір қыры өз болмысында жатыр десем, қате болмас.
Рахымжан Отарбаев дара жолын салып, қолтаңбасын қалдырып кеткен. Адамгершілікті,
рухани құндылықты басқасынан жоғары қойған, адамдықтың биік сатысы сол деп білген. Өзі
түсіне білгендіктен де, туындыларындағы идеяны көркем аша білген. Оның көксегені де сол
бола-тұғын. Автор ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықты тақырыбына өзек етеді.
Қорыта келгенде жоғарыда келтіргеніміз бірер мысал ғана. Ал оның
шығармашылығына толық үңілер болсақ... тұңғиығына батып, шыға алмай қалардаймыз
және ол туралы айтып, тауысып біте алмаспыз. Туындыларының даралығы да осында.
55
Әдебиет сыншыларынан оң баға алған, «прозаның Мақатаевы» атанған Отарбаев «Қазақ
әдебиетінің бүгінгі әңгімелері қандай болмақ?» деген сұрақтың жауабын өз шығармалары
арқылы көрсетіп бергені хақ.
Рахымжан Отарбаевтың суреткерлік әлемі өз алдына бөлек тұрған мұнара сияқты.
Қараған сайын көзің алысты көреді, талмайды, келешекті көрсем деген үмітке жетелейді.
Оның көркем шығармаларының басты мақсаты – адам мен қоғам, болашақ. Осы үш өзек
оның әр туындысын оқыған жанның санасына рухтың дәнін себеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Отарбаев Р. Таңдамалы шығармалар жинағы. - Алматы : Өлке, 2006 . 1- том.
2. Отарбаев, Р. Қ. Американың ұлттық байлығы: әңгімелер жинағы / Р. Қ. Отарбаев //
Періштелер ұйықтамайды = Ангелы не спят . –Алматы, 2014.
Достарыңызбен бөлісу: |