Әдеби KZ тұсы тұтасқан қалқан темір, келте сауыт, жеңдері мен шалбарлары ғана
шынжырдан тоқыған... Бәрінің қолдарында шойын шоқпар, ер басына іле салған
темір табанды қайың сойыл. Жақындап келе жатқан батырларды олар сол
түнерген қалыптарында, мызғымай күтіп тұр. Жайшылықта түсі суық, долы
Бұрындық ашуланғанда, қаһары бетіне жан қаратпайтын аяздай тіпті ызбарлана
қалатын. Бұ жолы да бет-әлпеті сондай еді. Екі бетінің түгі шығып, қара
күреңденіп, ісініп, көзі қанталап кеткен.
Бұрындықтың осынау ызбарлы сұсы жеңді ме, батырлар тақа таямай сойыл
жетпес жерге келіп тоқтады.
— Ассалаумағаликом, Бұрындық хан, — деді олар жамыраса амандасып.
Балалары «аликомассалам» деп еріндерін жыбырлатты. Бұрындық сәлемді
алған жоқ.
— Бері тая, Қасым, — деді ол оң қолына ұстап тұрған шоқпарын сәл оңтайлап,
— айтатын құпиям бар.
Түр-келбеті — Қасым таяса, қара шойын шоқпарымен салып қалатындай. Егер
бұзау бас қара шоқпарды Бұрындық секілді алып күш ұрса, адамның несі қалады.
Темір балғамен тақтайға шегені соққандай біржолата жерге кіргізіп жіберері хақ.
Ал Бұрындықтан мұндай қылықты күтуге болады. Ол ашу үстінде қандай
қылмыстан болса да бас тартпайды. Ойындағысы орындалса бітті, өліп кетуге бар.
Бұ жағынан Бұрындық ашу үстінде өзін-өзі шағып өлтіретін бүйі тәрізді, алды-
артына қарамайды. Ханның мұндай мінезіне қанық қазақ батырлары аттарын
тебініп қап, Қасымды қорғай алға шыға берді. Бұны көрген Бұрындық ақырып
жіберді.
— Қайт кейін, кілең қарашы! Хандар арасында қара қазақ тұрмас! Тая бері,
Қасым, сөйлесетін сөзім бар!
Бұрындықтың даусы тым қаһарлы шықты, батырлар іркіліп қалды. Қасым
оларға:
— Кейін шегініңдер, — деді. — Өзім сөйлесейін.