Әдеби KZ мал тұңғиық шыңырауларға қарай домалай жөнелді... Қаншама әскер апатқа
ұшырады. Өстіп, өлдім-талдым дегенде әйтеуір қыс түсе, Мұхамед-Шайбани
қалған әскерімен Қорасанға жетті. Азып-тозған, әбден жүдеген әскеріне енді ол
елдеріне қайтуға рұқсат етті. Аштықтан көздері үңірейген, үстеріндегі киімдерінің
жұлма-жұлмасы шыққан бір кездегі мұздай боп қару-жарақтанған айбарлы әскер,
енді кенет қайыршы секілденіп, сонау Иран мен Ирактың шекарасынан Түркістан
өлкесіне дейін шұбатыла босты.
Бұл бір ғажайып көрініс еді. Мұхамед-Шайбани лашкері келе жатыр десе,
бұрын жылаған бала уанатын қаһарлы, айбарлы әскер енді қатын ұрып алатындай
тобырға айналды. Олар өз елдеріне жеткенше күн көру үшін, топ-топқа бөлініп,
жолдағы бейбіт жатқан дихтарды тонай жүрді. Көптеген жұрт енді өз әскерінен өзі
қашты. Халықты үрей биледі.
Дәл осы кезде өзге хандардың демеуімен Иранның әміршісі Шах-Ысмайыл
Қорасанға жорық салды. Бұл кездегі өзінің астанасы Гератқа әскерсіз жеткен
Мұхамед-Шайбани, енді бұл арада қалуы — құр үйде отырып өлуі екенін сезіп,
«жауынгерлер Мервке жиналсын» деп жан-жағына хабаршыларды шаптырды.
Бірақ әбден азған-тозған, шаршаған әскер жинала қоймады. Өзі Мервке келген
шақта, соңынан Шах-Ысмайыл да қуып жетті. Амал жоқ, жиналған бар әмір,
баһадур, сұлтандарымен ұрысқа шығуға тура келді. «Тарихи Рашидида»: «Кім де
кім өзгеге ажал азабының шербетін қанша ішкізсе, өзі де сол удан соншалық
ішеді» деп айтқандай, оның да өлім ыдысы лықылдап толған еді. Осы айқаста
атасы Әбілқайырдың жасына жетпеген, бүкіл Орта Азияны жаулап алған, атақты
Мұхамед-Шайбани хан жекпе-жекте жас жолбарыс Шах-Ысмайылдың қолынан
қаза тапты. Соңғы он жылдың ішінде елінің шетіне сан келіп, талай рет тыныш
жатқан жұртты қан қақсатқан ұлы жиһангер батыр ханның бас сүйегінен Шах-
Ысмайыл шарап ішетін ыдыс істетті.
Бұл уақытта Қасым хан ордасы әбден күшейіп алған-ды. Бүкіл Дәшті
Қыпшақтың көп рулары ер жүрек әміршісін ту етіп көтеріп, маңына жинала түскен.