Әдеби KZ Бір мың үш жүз қырық екінші жылы Батудың ұрпағы Алтын Орданы ісләм
дініне бағындырған Өзбек хан өлді. Содан кейін Дәшті Қыпшақ жеріндегі осы
ханның атымен атала бастаған Өзбек ордасының тағына бір мың төрт жүз жиырма
жетінші жылы Әбілқайыр ие болды. Бұл Жошының бесінші ұлы Сайбаннан тараған
Дәулет-Шайхы сұлтанның баласы. Қазір оның Мөңке жолы деп отырғаны жоғарғы
айтылған Мөңке ханның қанды оқиғасы. Расында да бұл қанды оқиға Шыңғыс
ұрпақтарына белгілі сара жолға айналған.
Әбілқайыр теріс бұрылып түсті. «Мөңкеден кейін де бұл қанды жанжал
өршелене түскен жоқ па еді? Иә, сөйтті ғой».
Мөңке өлгеннен кейін Шыңғыстан туған төрт ұл ұрпағы төрт дара болып кетеді.
«Талас тек Шыңғыстан туған төрт ұл ұрпақтарының арасында болып қойды ма?
Жошыдан туған балаларының арасының өзі де сан алуан қанды оқиғаларға
айналған жоқ па?» Әбілқайыр ауыр күрсінді. «Иә, Шыңғысханнан кейін бүкіл
әлемге аты шыққан Жошының ұлы Батухан мен Төленің балалары Құбылай мен
Құлағу болды...
Батухан мен Құлағу бірігіп, Үгедей мен Жағатайдың ұрпақтарына қарсы шықты.
Бірақ өздерінің арасы немен бітті? Екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма? Егер
әлем тоқты болса, бұл екеуі көкжал қасқырлар еді ғой, таласпай-тартыспай қос
арлан қалай қисын орталарындағы жылы-жұмсақ бағланды? Түбі екеуінің жолы
екі бөлінуге тура келді емес пе...»
Әбілқайыр тағы күрсінді. Кенет оның көз алдында, дәл бүгінгідей, сонау бір
бабалар жыр қылған қанды оқиғалар елестей жөнелді.
Бір мың екі жүз отыз бесінші жылы, яғни Мешін жылы, Қарақұрымға
бағынышты елге жар салып Үгедей бүкіл Шыңғыс ұрпағын жиды. Осы құрылтайда
бүкіл Батысты жаулап алу мәселесі шешілді.
Міне, Батысқа қарай лек-лек боп монғол әскері аттанып бара жатыр. Бұны елу
жылдық жаугершілік өмірінде жеңілуді білмеген Сүбітай баһадур мен жиырма
сегіз жасар Батухан басқарып келеді... Бұлардың мінгендері кәкір-шүкір тай-тұяқ