Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


 Қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құруға бағыт



Pdf көрінісі
бет67/76
Дата27.11.2023
өлшемі1,99 Mb.
#129183
түріЛекция
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

3. Қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құруға бағыт
ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда 
түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.1985 жылы на-
урыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хат-
шы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сəуір айында 
өзінің “қайта құру” бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының 
жаңа басшылығының жариялаған əлеуметтік-экономикалық 
қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның 
алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформа-
тор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Оның алғашқы төрт 
жылында (1985—1989 жж.) жеделдету тұжырымдамасын жүзеге 
асыруға бағытталған бірқатар нəтижесіз бастамалар басталды. 
Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-
жабдықтарды, техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. 
Бұл идеяны ұсынушылар — академик-экономист А.Г. Аганбегян 
жəне т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны 
азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып 
алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай 
құрал-жабдық жəне машина жасаудың азаматтық салаларының 
құрал-саймандарының 90% əлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге 
мүмкіндік əперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге 
алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық 
революцияның жетістіктерін ендіру ауылшаруашылық өндірісін 
жеделдетеді деп есептеді. 
Бірақ та, іс жүзінде, жеке меншіктің, нарықтық қатынастың
толық-қанды ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға ай-
налдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы зауыттар мен 
фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталан-
дырмады. Өйткені тауардың жетіспеушілігі оның сапасына деген 
сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да зауыттар мен фабри-
калар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге 
бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. 
Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асы-
рылмай, зауыттар мен фабрикалар алаңында, темір жол станцияла-
ры мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты. 
Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл ша-
руашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырыл-
мауының басты себебі — меншікке байланысты болды. Мемлекеттік 
колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, 
жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін 
қабылдауға дəрменсіз болды. Жалға беру əдістерін енгізу ең-
беккерлердің қаржы мен еңбек нəтижелерін иемдену, табылған та-
бысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен 
еңбек нəтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерле-
рінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады.
Маскүнемдікпен жəне тəртіпсіздікпен күрес қайта құрудың 
алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол 
жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті 
азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. 
Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру 
мақсатында 1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты. 
Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған ауған жанжалын 
тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз əскерін 
Ауғанстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. 
Ауғанстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын əкеліп 
отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Ре-
спубликадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-дейі қаза тауып, 
393-і мүгедек болып, 22-сі хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер 
Одағының əлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы 
жақсарды. Бірақта, КСРО əлі де болса бұрынғысынша орасан мол 
армия мен əскери-өнеркəсіп кешенін ұстап отырды. 1987 жылдан ба-
стап ядролық сынақты қайтадан бастады. 
«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мəселесін де одан əрі 
шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі 
сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, 
жершілдік жəне т. б. көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын 


312
313
алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, əлеуметтік-экономикалық жəне 
кадр мəселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы 
барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мəні өзгеріп, 
сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр 
мəселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының 
айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде 
тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды 
рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан 
Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген бас-
шы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет 
етті. Осыдан келіп, аса маңызды мəселелерді шешуде принципсіздік, 
тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған 
жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан 
істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. 
ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына 
шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ респу-
бликада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы жəне басқа да 
мəдени-əлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. 
Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сай-
ын 75 пəтер салынса, Қазақстанда тек — 69, Одақта əрбір 10 мың 
адамға 404 дəрігерден келсе, мұнда тек 352 дəрігерден келді. 1987 
жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 
53% ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске 
түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомстволық мүдде 
қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жа-
сады. Соның нəтижесінде көптеген аумақ, су мен ауа бассейндері 
ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап 
шегуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының 
жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары 
деңгейге жетті. Əсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарын-
да экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында 
көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті. 
Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып 
өткен Қазақстан Компартиясы ХVІ съезінде жасаған баяндама-
сында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып 
істеген Н.Ə.Назарбаев жəне съезде шығып сөйлеген басқа да делегат-
тар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген 
күрделі жəне маңызды мəселелерді партия комитеттерінің уақ-
тылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, 
өзекті мəселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып 
отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді. 
Алғашқыда Орталық басшылығын Қазақстанның шикізаттық 
даму бағыты мен оның Д.А. Қонаев бастаған басшылығы 
қанағаттандырды. Бірақ та «қайта құруға» сай жүзеге асыры-
ла бастаған косметикалық реформалар республика басшылығын 
ауыстыруды қажет етті. Қазақстанның жоғарғы билік органда-
рына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса түсті. Оларды 
қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тари-
хи жағдайы, оның салт-дəстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 
1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық 
Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде 
айрықша көзге түсті. Пленум мəжілісі небəрі 18 минутқа созыл-
ды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы 
Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мəскеу жіберген Г.В. 
Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен 
үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ 
жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші 
күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пле-
нум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы жəне сту-
дент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған 
ұрандарының арасында “Əр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек” 
деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс 
халқы өкілдерінен болуы мүмкін екендігі айтылды. Алаңда бо-
лып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. 
Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік 
құрылысқа қарсы астыртын əрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайым-
дау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы 
кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен 
милиция жəне əскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге 
қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық 
көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін алаңға əкелінген бірнеше өрт 
сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың ба-
рысында Е.Сыпатаев жəне С.Савицкий деген азаматтар қаза тапты. 
Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. 
Алматыға басқа жерлерден арнайы əскери бөлімдер əкелінді. Бейбіт 
шеруді басып-жаншу кезінде тəртіп сақтау органдары заңдылықты 
өрескел бұзып темір таяқтарды, сапер күректерін, иттерді пайда-
ланды. Жастарды прокурордың шешімінсіз түрмеде ұстап, партия 
органдары құқық қорғау органдарына айыптау қорытындыларын 
тезірек шығару жөнінде қысым жасады. 
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті “Қазақ рес-
публикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационал-


314
315
дық жəне патриоттық тəрбие беру жұмысы туралы” арнайы қаулы 
қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы 
ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім 
қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы еш уақытта ұлтшыл болып 
көрген емес еді. Мəселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан ар-
найы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия тексерді. Оның 
барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демо-
кратия жəне жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін 
көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың 
болғандығы ашып көрсетілді. 
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің 
түрі ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа 
халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған бола-
тын. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік 
құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың жəне 
орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол 
экстремистік (Экстремист — шектен шыққан көзқарасты жақтаушы) 
пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Өмір 
сүріп тұрған жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деп айыптауға дейін 
барды. 
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сот-
талды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомол-
дан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне 
əртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі 
істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау жəне Көлік 
министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу 
орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. 
Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін Г.В. Колбиннің 
саясатының қатаң жəне валюнтаристік бағытына жол берілді. 
Басшылық жүйесінде үлкен кадрлық тазалау жүзеге асырылды, 
мəдениет пен баспасөзге бақылау күшейді, жоғары оқу орындары-
на студенттер Қазақстандағы ұлттардың алатын проценттік үлесіне 
сай қабылдана бастады. Орталыққа жіберілетін фондыларды азайту 
нəтижесінде қол жеткен өзгерістерге жалған сипаттама берілді. 
Осылайша «қайта құрудың» алғашқы кезеңінің нəтижелері эко-
но-миканы жəне қоғамдық-саяси өмірді жоғарыдан жүзеге асырыл-
ған жеңіл-желпі шаралармен реформалау мүмкін еместігін айдан-
анық көрсетті. 1988 жылдан бастап Коммунистік партия тарапына 
сындар айтылып, жаңа қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. 1987 
жылы тамызда тұңғыш тəуелсіз ұйым — əлеуметтік-экологиялық 
«инициатива» бірлестігі құрылып, ол өзінің алдына соғысқа қарсы 
тұру, экологияны, бейбітшілікті қорғау, қоғамды демократиялан-
дыру мақсатын қойды. Жұмысшы қозғалысы да елеулі саяси күшке 
айналды. Оның қатарында Қарағанды көмір бассейнінің шахтерла-
ры ерекше рөл атқарды. 1989 жылы Жаңаөзендегі оқиға əлеуметтік-
экономикалық саладағы көкейтесті мəселелерді көтерді. 
Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында 
бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда 
болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық 
жариялап отырды. Əсіресе, республикада орын алған əлеуметтік 
жəне ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның 
арқасында халықтың азаматтық жəне ұлттық сана-сезімі едəуір өсті. 
Қоғамда орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мəдени-
тұрмыстық, үй-жай жөнінде əлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның 
қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара 
халықтың саяси-əлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті. 
Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта 
даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя 
бастады, бұл мəселелер жаңа қырынан көрініс тапты.
Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан əрі 
тереңдеп өрістеуі кеңестердің қызметінен айқын көріне баста-
ды. “Барлық өкімет Кеңестерге берілсін!” деген ұран жандан-
ды. Бұл мəселені бастапқы кезде кеңестерге партия басшылығын 
күшейту арқылы шешу үшін күш салынды, бірақ одан ештеңе 
шықпады. Өйткені, компартияның қызметінде елеулі кемшіліктер 
мен тоқыраушылық орын алды. Алайда, осыған қарамастан, 1987 
жылғы шілде айында алғаш рет Қазақстанда жергілікті кеңестерге 
халық депутаттарын сайлау округтер бойынша көп мандатты 
негізде іске асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандат-
ты округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 
адам ұсынылды. Оның 1701-і депутат болып сайланып, қалғандары 
резерв ретінде қалдырылды. 185 ауылдық жəне селолық кеңестерге 
6291 депутат сайланды, ал 1928 адам резервке кіргізілді. Жаңа сай-
лау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері арасын-
да КСРО Ғылым Академиясы əлеуметтану институтының зерттеуі 
жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тəртіпті 
мақұлдады. Өйткені, көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа 
кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға қолдары жетті, 
ал кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің 
бағдарламаларын анықтауға, онымен еңбекшілерді жан-жақты 
таныстыруға мүмкіндік алды. 


316
317
1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ 
партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне рефор-
ма жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мəселе — халық 
депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде 
қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне 
сəйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта 
құру жоспарланды. Ол 1988 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған 
“КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы” жəне 
“КСРО халық депутаттарын сайлау” жөніндегі заңдарда өзінің шы-
найы көрінісін тапты. 
Толғағы жеткен мəселелерді өзі шешуге республиканың құқылы 
болуы Қазақстанның өткен кезеңінде жіберілген ағаттықтарын 
түзетуге мүмкіндік туғызды. 1988 жылы Қазақстан Компартия-
сы Орталық Комитетінің қаулысымен 30—40-жылдары жəне 
50-жылдардың бас кезінде сотталған жəне жазаға ұшыраған 
халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. 
Əсіресе Шəкəрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, 
Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дула-
товтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық ара-
сында зор қолдауға ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес 
арысы 1988 жылы ресми ақталды.
«Қайта құрудың» екінші кезеңі 1989 ж. көктемдегі сайлауға бай-
ланысты басталды. Сайлау науқаны кезінде нарықтық экономикаға 
жəне меншікке көшу үшін, ұлттық республикалар мен аймақтардың 
құқығын кеңейту үшін белсенді күрес басталды. Демократиялық 
процестердің даму барысында көрнекті рөл атқарған 1989 ж. наурыз 
айында өткен КСРО халық депутаттарының І съезі болды. Осы съез-
де Г.В. Колбин одақтық халық бақылау комитетінің төрағасы болып 
тағайындалып, Мəскеуге кетті. Оның орнына осы жылғы шілдеде 
Н.Ə. Назарбаев сайланды. 
Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. 
Мұның айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық 
қозғалыс болды. 1989 ж. ақпандағы республика жұртшылығының 
жиынында тұңғыш «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы са-
лынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О.Сүлейменов басқарды. 
Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан халқы тарапынан қолдау тауып, осы 
жылдың 6 тамызында Семей облысы Қарауыл ауылында өткен 
жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне 
ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі жөнінде 
үндеу қабылдады. Одақтық үкімет Семей полигонындағы жары-
лысты азайтуға мəжбүр болып, 1989 ж. полигонда жоспарланған 
18 жарылыстың 11-ін тоқтатты. «Невада-Семей» қозғалысының 
бастамасы бойынша 1990 ж. мамырда Алматыда əлемдегі барлық 
антиядролық қозғалыстардың барлық ядролық державаларда 
қаруды сынауды толық тоқтату жолындағы күш-жігерін біріктіру 
мақсатында «Дүние жүзінің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» 
деген халықаралық конгресс өтті. 
Елдегі жүріп жатқан саяси реформаның екінші кезеңі — ре-
спубликаларды, өлкелерді, облыстарды, қалаларды, аудандар мен 
округтерді басқарудың жаңа жүйесін құру еді. Ондағы негізгі 
мақсат — бұқара халық өкілдері органдарының рөлін тек орталықта 
ғана емес, сондай-ақ жергілікті жерлерде де көтеру болатын. Оны 
тəжірибе жүзінде іске асыру үшін партия комитеттерінің бірінші 
хатшылары халық депутаттары Кеңесінің төрағаларына ұсынылды. 
Бірақ мұндай өзгеріс барлық жерлерде бірдей міндетті еместігі ай-
тылды. Міне, осының нəтижесінде 1990 жылғы жергілікті кеңестер 
сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 қалалық жəне 
аудандық Кеңестерге кандидаттар бөлек-бөлек сайланды. 
Жаңа тəртіпке сəйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы 
Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компар-
тиясы Орталық Комитетінің 1- хатшысы Н.Ə.Назарбаев Қазақ КСР 
Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-
ақ орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік 
қызмет енгізілді. Сөйтіп, 1990 жылғы 24 сəуірде Қазақ КСР Жоғарғы 
Кеңесі Н.Ə. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп 
сайлады. Н.Ə.Назарбаевтың президент болып сайлануы республи-
када саяси-экономикалық мəселелерді шешуде жаңа идеялардың 
өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда 
елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын 
басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді. 
Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17—18 желтоқсанда Алматы-
да болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру 
жөнінде арнайы комиссия құрды. 
Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің 
заң шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші 
шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сəуір) жетекші 
орын алды. 1990—1991 жж. қабылданған республика заңдарында 
əрбір адамның бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін 
көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. 
Қалыптасқан жағдайдың талаптарына сай республика заңдарын 


318
319
жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам бол-
ды. Заңдар Қазақстанның саяси жəне экономикалық егемендігін 
іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді 
топтастыруға бағытталды. Олар азаматтардың құқықтарын едəуір 
кеңейтіп, республикада тұрып жатқан барлық ұлттар өкілдерінің 
талап-тілегіне жауап беретін еді. Республика парламентінің қазақ 
тіліне мемлекеттік тіл дəрежесін берген “Қазақ КСР-нің тіл туралы 
заңын” 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы зор оқиға болды. 
Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара 
халық арасында əртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің 
ашық айтылуына жəне бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың 
еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан 
социал-демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алды-
на қойған басты мақсаты — республикалық парламент сайлауына 
қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу 
еді. Сондай-ақ, партия қоғамдағы жеке меншікті мойындады жəне 
өзінің қызметінде кəсіпкерлікті қолдап отыруды көздеді. 
1990 жылы Қазақстанда “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты. 
Оның басты мақсаты — Қазақстанның мемлекеттік тəуелсіздігін, 
заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, əлеуметтік 
əділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада “Алаш”, 
“Желтоқсан”, т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қа-
зақстанда көппартиялық жүйенің қалыптаса бастағанын көрсетті. 
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70—80- жылдары қоғамдық-
саяси өмірдегі жəне əлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс 
құбылыстар одан əрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше 
шиеленісе түсті. Сол кездегі күшпен ұстап тұрған кеңестік 
тоталитарлық жүйенің құлдырауы жағдайында басқаша болуы 
мүмкін де емес еді. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық 
өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді “жаңарту” əрекеттері 
ешқандай оң нəтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең 
дағдарыстан құтқара алмады жəне құтқара да алмайтын еді. 
Керісінше, кеңестік əкімшіл-əміршіл жүйе тоқырауға ұшырап, 
қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан əрі тереңдей 
түсті. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет