7.2. Ортағасырлық түркі өркениетінің ерекшеліктері
Жылқының өркениеттер қалыптасуындағы рөлін тек К. Ясперс пен А.
Вебер сияқты Батыс ғалымдары ғана емес, біздің отандық зерттеушілер де
баса көрсетті. М.С. Орынбеков бұл мәселені тиянақты қарастырады:
«Жылқыға табынушылық жылқына мүрдемен бірге жерлеудің әркелкі
140
жағдайларынан айқын көрінеді. Құрбандыққа шалынған жылқы мүрденің аяқ
жағына көмілген. Жылқыға деген көзқарас әртүрлі болғаны соншалық, сақтар
жайлаған аймақтардың әрқайсысында жерлеу салттары әртүрлі болды.
Сондықтан да археологиялық қабаларда жылқы әбзелдеріне қарап, мүрденің
жерлену уақытын, марқұмның тайпалық тегі мен дәрежесін айқындауға
болады. Жүген, ауыздық, құйысқан, айылбас, ат әбзелдері ұмытылып бара
жатқан жылқының адамдар ұғымындағы орнын көрсетеді. Геродот
айтқандай, олардың жалғыз табынатыны-күн. Олар жылқыны күнге
құрбандыққа шалады. Бұл құрбандық шалудың мәні: ең жүйрік, ең ұшқыр
тәңірге ең жүйрік жануарды құрбандыққа шалу керек дегенді білдіреді.
Әйткенмен, бұл тек сақтардың ғана ерекшеліктері емес еді. Күн мен
жылқыны теңестіру көптеген халықтарда кездеседі. Ригведа мен Авестада
күн тәріздес доңғалақты арбаны сүйреген ат бейнеленген. Сақ қолөнерінің
негізгі ерекшелігі Оңтүстік Сібірде, Қазақстан мен Орта Азия аумағында
кездесетін тағы аңды бейнелеу болды. Оның мәні мынада еді: осы тотемнің
элементтері әр тайпаның шығу тегін көрсетеді».
Көшпенділер мен егіншілер арасындағы ғасырлар бойғы бітіспес
жаулық жайлы идеологиялық догманы, сонау біздің дәуірімізге дейінгі ІІ
ғасырда көшпенділердің солтүстіктен Бактрияға баса-көктеп кіріп,
мемлекетті құлатып және өздері оларға ене бастауы да жоққа шығарады.
Алғашында олар бөлшектенген мемлекеттің бөліктерін басқарушы болды, ал
кейіннен жан-жаққа шашыраған елді, көшпенділер династиясын біртұтас ел
етіп, ұлы Күшан империясын құрды. Ал күшандар болса Қытай деректері
бойынша-хюсюнилер, усунилер, ушандар. Уақыт өте абориген мен
жатжұртттықты ешкім ажырата алмайтындай болған еді, өйткені өзара
ассимиляция жүріп, көшпенділерді жергілікті отырықшы мәдениетке енгізді,
шаруашылықтардың бірін-бірі өзара толықтыруы жүріп жатты .
Мәдениет тарихына арналған батыстық, дәл айтсақ-тек батыстық емес,
әдебиетте мәдени ауысулар Еуропа, Қытай; Үнді, Парсыдан «варвар»
көшпелілерге тарады деген пікір үстемдік танытқан. Бірақ Ұлы Жібек жолы
бойындағы мәдени ауысулар кері бағыттың болғанын да дәлелдеп береді.
Отандық әдебиетте бұл мәселеге К. Байпақов пен М. Орынбеков ерекше
көңіл бөледі. Мысалы, тек жылқының бойынан далалық және егіншілік
мәдениеттердің бір-біріне ықпалын көруге болатын еді.
М. Орынбековтың деректері бойынша, ежелден-ақ «усунилерден
алынған аттар жақсы, олардың атауы-аспан аттары» деп саналатын,
Қазақстан даласына елшілікке жіберілген чиновник Қытай императорына
Таюань елінде мықты соғыс аттары бар, олар аспан аттарының тұқымы,
өйткені «қанды термен терлейді» деп хабарлаған. Аңыз бойынша таудың аяқ
жетпес шыңдарында адам ұстатпайтын жылқылар жайылады. Сонда тау
етектеріне биелерді айдап әкеліп, қалдырып кетеді, сол айғырлар биелермен
шағылысып қанды термен терлейтін құлындар туады. Оларды аспан
жылқысы деп атаған.
141
Бактрияны көшпенділердің жаулап алуы кезінде Мауераннахрға осы
«аспан» аты әкелінді. Оның барлық артықшылығымен қатар жалғыз-ақ
кемшілігі сол-оны ұрыс даласына мінуге келмейді, жорыққа төзімсіз еді.
Бірақ уақыт өткеннен кейін Ферғана өлкесінде малшылар мен диқандар
бірлесе отырып, жылқының жаңа тұқымы, аспан атындай биік, күшті әрі
төзімді түрі шығарылды. Ферғана жылқысының тұқымы сол уақыттардан
бастап, парсының ауыр атты әскері, катафрактилері үшін кеңінен
пайдаланылды. Осы жылқылардың күші мен төзімділігінің арқасында
ирандықтар Месопотамия мен Арменияны жаулап алды, Кіші Азиядағы Рим
легионын тізе бүктіріп, Сирия мен Каппадокияға қауіп төндірді.
Будандастыруға пайдаланатын жақсы аспан жылқысы тұқымын
әкелген далалықтар мен оған «ауыр жүк жылқысы» тұқымына тән төзімділік
пен жұмысқа бейімділігін қосқан егіншілердің ортақ еңбегінің нәтижесінде,
керемет мықты жорық жылқысы алынған; оларды кейіннен фракийлік және
гот тайпалары пайдаланып, бүкіл Еуропадағы ауыр атты әскерге
пайдаланды, серілер мінетін болды. Бұл көршілес екі мәдениеттің далалық
және отырықшылық мәдениеттің өзара дамуының эволюциялық дамуы бір-
біріне мүлдем қайшы келмей, керісінше, өзара бірін-бірі толықтырып
отырғанының бір мысалы .
Батысшыл көзқарастағы тарихшылардың және философтардың
пікірінше, жалпы көшпелі мәдениеттің, соның ішінде шаруашылық жүргізу
мәдениеті артта қалған еді, соның салдарынан осыларды қабылдаған
көшпенділерде барлық кезде отырықшы елдерде болған, қоғамдық
қатынастарда және соларға тән жеке меншіктік қатынастарда нақ сондай
артта қалды. «Жасалған зерттеулер бойынша керісінше, көшпелілер бірінші
болып ақша қалыбын игеріп дамытты, тұңғыш таптық қоғамға енді, бірімен-
бірі айырбас қатынасын қалыптастырды, содан кейін барып отырықшы
халықтармен бірге оларға меншікті қатынасты қалыптастырды, бірге
дамытты. Бұған икемді көшпелі өмір салты негіз болып, игі ықпал етті. Жеке
меншіктің алғашқы түрі өз аяғымен жүретін мал болды, осыдан барып
мүліктік теңсіздік пайда болып, байлықтың шоғырлануы басталды. ХХ
ғасырға дейін қазақтарда байлық өлшемі ретінде жеке меншіктегі жылқы
саны алынып келді. Осының бәрі ілкі қоғамның алғашқы даму кезеңінде
өздеріне тән шарушылық жүргізу әдістері болған көшпелілер үшін әлемдік
мәдениеттің тарихында прогресшіл құбылыс болды, сондықтан да олардың
орнын
төмендетуге
болмайды
(Орынбеков
М.
Ежелгі
қазақтың
дүниетанымы.-Алматы: Ғылым, 1996.-168 б.).
Түркілік өркениет көшпелілер мен оазистер дихандары арасындағы
мәдени байланыстардың қаншалықты жемісті болғанын көрсетеді. Оның
бойындағы елді мекендерде мал, астық, жүн, былғары, қолөнер бұйымдары
мен сауда жасау кең тарады. Көшпелілердің өздері жіктеліп, бір топтың
өкілдері аграрлық шаруашылықпен айналысса, басқалары керуен жолдары
тұрақтарында қолөнермен және іргелес елдермен керуен саудасы іске
асырды. Этномәдениетте субмәдениеттер қалыптаса бастады. Бұл үдерістің
142
Қазақстан жерін де қамтығаны туралы М. Орынбеков мынадай деректер
келтіреді: «Егіншілік аймақтармен шектес далаларда да, сондай-ақ ішкі дала
аймақтарында да қалалар бой көтерді, оның бір мысалы Сарыарқаға тереңдеп
орналасқан Саудакент қаласы сауда қақпасы болды. Қала тұрғындарын Ұлы
Жібек жолы бойында негізінен соғдылар, түркілер, сириялықтар, таңғұттар
құрады.
Сонда
да,
«халықтың
ұдайы
араласуы
көшпенділердің
отырықшыларға айналуы мен ассимиляциясы, сонымен қатар егіншілердің
малшыларға ауысуы процесі тұрғындардың барлық осы бөліктерінің әлде бір
қауымдастыққа біртіндеп бірігуіне алып келді. Бұл қоғамдастық егіншіліктің
және мал өсірудің, диқан мен малшының ортақ белгілеріне ие болды. Егер
қаланың өзінде Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеті басым болса, оның
айналасында бұрынғы көшпелілер өмір сүрді. Олар өзінің мал өсіру кәсібін
де тастамады және қала маңынан ажырамады. Отырықшы және көшпенді
мәдениеттің көне түріктерде өркендеген күрделі кіндікдестігі мал өсіру мен
егіншіліктің, мал өнімдерін дайындау мен жеміс өсірудің, қолөнер мен бақша
өсірудің, құрылыс пен бағбандықтың бірге қатар өмір сүруіне мүмкіндік
жасады. Қазақтың ата тегінің көпқырлы әлемі мамандандырылған тіршіліктің
әр алуан формаларына негіз салды. Аса дамыған көшпенді шаруашылық
жемісті қызмет істеп отырған егіншілікпен үйлесе отырып, сауда және
қолөнермен толығып, халықтың әртүрлі этникалық топтарының мейлінше
араласуы өзара ықпал етуді және бірігу процестерін күшейтті. Олар озық
дүниетанымдық бағыт-бағдарға ие болды. Этностың неғұрлым басым
бөлігінің ықпалымен түріктерге айналды
Бұлармен қатар, әуелгі Ұлы Жібек жолы мәдениетін жасасқан көне
тайпаларға жазба деректерде көп аталатын қаңлыларды да жатқызуға болады.
Деректемелер былай хабарлайды: ғұндардың Чжичжи (Шөже) шанъюйі
«солтүстіктегі үш елді» бағындырып алғаннан кейін, көп кешікпей, Талас пен
Сырдария өзендерінің аңғарында көшіп жүрген кангюй тайпаларын
ығыстыра бастаған. Жаңа заман шегінде Кангюй ордасының 600 мың жаны,
120 мың жауынгері болған. Шөже шаньюй мұнда Қытайдың ақсүйек
тұқымынан шыққан ұлығы Гу Глді (б.з.б. 48 жылы) өлтірген. Алыс жолда
аязға үсіп, аш-жалаңаштықтан жүдеп-жадап 3000 жауынгер ғана Шу бойына
аман жетеді. Қаңлы жеріне келген соң Шөже шаньюй қаңлы және өз
жасақтарымен үйсінге шабуыл жасайды.
Сөз жоқ, көшпенділік экономиканың экстенсивті типімен байланысты.
Зерттеушілер сондықтан да жыл бойы мал соңында жүрген халықты тағылар
қатарына жатқызуға бейім. Есімі танымал өркениет тарихын зерттеуші А.
Тойнби: «Көшпенділердің тартқан сазайы, шынтуайттап келгенде,
эскимостардан ешбір кем емес. Олар бұғауларын бағындыруға тура келген
табиғи жағдай өздерін даланың қожасы емес, құлы қылды. Эскимостар
сияқты көшпенділер де табиғи жағдайдың, жылдың төрт мезгілінің тұтқыны
болды. Қырмен байланысты жолға қоямын деп жүріп олар өзге әлемнен қол
үзіп қалды. Олар ауық-ауық өз жерін тастап, көрші отырықшы өркениет
иелеріне басып кіріп, көршілерінің қалыпты тірлік ағысын талай мәрте
143
тоқтатып тастап отырды. Шынтуайттап келгенде, бұл көшпенді ырықсыз
бағынатын сыртқы күштердің әсерімен де болатын. Ондай күш екі түрлі:
біріншіден, қырдың ауа-райы өзгеріп, көшпенді одан не қоныс, не өріс таппай
тықыршып, екіншіден, жергілікті отырықшы қоғаммен арада көзге түспес
кеңістік пайда болып бірін-бірі жақындатпауы олардың зығырданын
қайнатып, төтенше қимылға ұрындыратын. Осыдан келіп қырғын қырқыс өзі-
ақ туатын. Сондықтан көшпенділер тарихи оқиғаларға осылай айбарлы
тартылғандықтан оларды тарихы бар қауым деуге болмайды»,-деп ол жазған.
Өркениеттің өзін таза мәдениет деп деп қана танитын да осы Тойнби. Осылай
біз көшпелілер, жабайылар есебінде «тарихы жоқ» халық қатарына біржолата
жатқызылғанымыз қашан. «Тарихы жоқ халықтар» деушілер оларды тұрпайы
қоғам, тағы қоғам, қайдағы бір томаға тұйық ортада қозғалысы жоқ, дамуы
жоқ дәрежесінде санайды. «Ескі және жаңа әлем мемлекеттері ұлан-ғайыр
өзгерістерді бастап кешіп жатты, ал дала, ондағы көшпелі халықтардың өмір
салты мейілінше баяу өзгерді.
Осы тұста белгілі ғалым, археолог Д. Уотли ойына мән бергеніміз де
орынды: «қандай да бір қауым ешқашан бөгденің көмегінсіз толық варварлық
күйінен келесі біз өркениет деп атап жүрген күйге өтпеген және өте алмайды
да, ал бұған біздің сенбеуімізге еш себеп жоқ. Адам жабайы күйден шыққан
жоқ, әрбір қауымдағы өркениетке деген прогресс сол қауымның өз ішінде,
сондықтан олар сол күйден, алыста қалған толық варварлықтан әрқашан ішкі
күштері арқылы шығып отырды, соған қарағанда адамдар ешқашан толық
жетілмеген немесе өздігімен дами алмаған». Д. Уотли бойынша: біріншіден,
жабайылар арасында прогресс бар, екіншіден, ең ірі өркениетті ұлттардан да
алғашқы варварлардың іздерін табуға болады. Шындығында да, алғашқы
адамдар терімшілік, егіншілік және малшылықпен айналысты, жабайы
аңдарды үй жануары етіп қолға үйретті, тіпті қазіргі арнайы дайындықтағы
сарбаздарымыздың соғыс алдында беттеріне қара бояу жағып алуы, алғашқы
қауым адамдарының өлімнен қорғайды деген сенімдерінен қалған. Тарих
бойынша әлемнің әр түкпірлерінде бір-бірімен жарыса өрбіген өркениет
нышандарын еш қиындықсыз анықтауға болады. Алғашқы варварлар
адамдардың бұл атаудан құтылуына негіз болды, қазіргі заман адамдары
өздерін варварлардан алшақтадық дегенімен, ол алғашқы үлгі, адамзаттың
бастапқы күйі. Олар өркениеттің пайда болуына себепші. Сондықтан да біз
оларды «варвар» деп айдарлап, өзімізден алшақтатқанымыз өркениеттілікке
жат. Өйткені олар жабайылықтың емес, нағыз өркениеттіліктің бастамасы
болды.
Ұлы Жібек жолының әлсіреуі көшпелі мәдениетке теріс ықпалын
тигізді. Өйткені, кейбір зерттеушілердің керағар пікірлеріне қарамай,
көшпелілер үшін сұхбат пен мәдени ауысулар тиімді еді. Л.Н. Гумилев атап
өткендей, көшпелі әлемнің қарғыс таңбасы-тайпалық ыдыраушылық екені
хақ. «Жайылым-қонысқа байланысты жанжалдар, барымта-мал айдап кету,
қыз алып қашу, қанды кек тәрізді ұдайы болып жататын жайсыз әрекеттер
бөлшектенудің бұдан да өткен зардабының қасында (көзге ілінбей) қалады:
144
ол-жат тайпалар шапқыншылығына басы бірікпеген тайпалардың
ұйымдасып-қауымдасып қарсы тұруға қабілетінің жетпейтіні. Тайпалар
одағы деп аталатын форма дәйексіз де дәрменсіз болған, әсіресе соғыс
уақытында. Сол себепті де күшті жау көз алартып шыға келгеннен-ақ қуатты
әскери өкіметтің қажеттілігі аса зәру мәселеге айналатын болған, ал ХІІ ғ.
чжурчжендердің тап сондай өкіметі болады».
Ұлы Жібек жолының гүлденген кезінде, түріктер тап осындай хал-
ахуал кезінде, жалпы жұрттың игілігі үшін, дұшпанына «бас идіріп, тізе
бүктіре білген». Бұл жүйе-ел (il) деп аталған. Бірақ бұл жүйенің рақымсыз
қаталдығы-оны халыққа күстәна етіп, тезірек құруына себепші болған, сосын
мұның орнын тайпалар одағы келіп басады, ол-бейбіт уақытта өзін-өзі
басқарып тұратын, ал соғыс жүргізуге арналған күшті өкімет билігі бар одақ
еді. Рулардың мәжілісі-құрылтай-көсемді жариялаған, оны гүрхан-тайпалар
бірлестігінің ханы деп атаған. Бір-бірін жария түрде шектеп отыратын
осындай жағдай екі жақтың да көңілін хош етеді: өкіметке де,
бағынушыларға да ұнайды.
Достарыңызбен бөлісу: |