ШЫҒАМЫН ТІРІ БОЛСАМ АДАМ БОЛЫП
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп, надан болып.
Мен - балаң жарық күннен сəуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін.
Болмасам толған айдай балқып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.
1913
ТҮСІМДЕ
Басын да жаназаның қызғыш көрдім,
Сырты - қой, іші - қасқыр бұзғыш көрдім.
Жұрт көзінше сүзіліп, түсін бұзып,
Тəсбиқ деп кез жарым тас тізгіш көрдім.
Бір жол сия дəру деп езгіш көрдім.
Қияменен жер-көкті сезгіш көрдім.
Алғысын ұжмақ, қарғысын дозақ қылып,
Көзінен көз айырса безгіш көрдім.
Жəне де бір тайпа аңды көрдім.
У да шу, айғай-ұйғай даңды көрдім.
Бірі іреп, бірі сойып, бірі тартып,
Əуліккен ынтымақсыз жанды көрдім.
Тағы да бір лаулаған отты көрдім.
Қап-қара хисабы жоқ топты көрдім.
Мас болған дау-жанжалмен əлгі аңдарға,
Ұсынған əр тараптан оқты көрдім.
Аңдардың мұнан ешбір хабары жоқ,
Көз салып жан жағына бағары жоқ.
Қыран көз қиядағы ақ сұңқарың,
Қырғидай тым болмаса санары жоқ.
Бір уақыт анық көріп оттың шетін,
Қашарға бұлар қойды енді бетін.
Қашқанмен қарсы алдында жар мен су тұр,
Болды енді сорлылардың ісі шетін.
Білмейді тұрарын да, қашарын да,
Қайтсе аман еркіндікпен жасарын да.
Қарсақ көрсе қорқады жолбарыс деп,
Білмейді қалай қарай басарын да.
Жəне де түсінбейді айтқан сөзге,
Өзінше бұлардың да пікірі өзге.
Егер де отырықшы бола қалсақ,
Деп айтар "ұсталдық қой көрер көзге"
Аңдар тұр от пен судың арасында,
Сахараның əр жердегі даласында.
Əрнешік ғаріптердің ісі мүшкіл,
Я, Рахман, өзің бір жөн табасың да.
1913
БҰЛАР КІМ?
Бұлар кім үсті-басын мұнар жапқан,
Жалқаулық бір-бірінде алты батпан.
Аяғын алға қарай бір баспайды,
Жолына құрылғандай алмас қақпан.
Өзара жанжалдасып қанға батқан,
Ішінде түрлі пітіне толып жатқан.
Басқаны өз қарнынан ойламайды,
Мал берсе, ары түгіл жанын сатқан.
"А, Құдай, бере көр!" деп тыныш жатқан,
Тағдырға барлық ісін үйіп артқан.
Өзі жатып құдайды жұмсамаса,
"Кəпір болды" дейтұғын молда тапқан.
Жау болып бірін-бірі күнде шапқан,
Жасы, қарты - бəрі де бəле баққан.
Соқырға жан-тəнімен басын ұрып,
Көздісін көмір қылып отқа жаққан.
Ауруы оңалмастай түрі жаман,
Түсінтер бұларды айтып қандай адам.
Екенін дұрыс-бұрыс біле алмаймын,
Береді былай жауап біреу маған:
- "Көрінген сіздің көзге нашар жандар, -
Болады жалқау, надан мұсылмандар.
Ұжмақтан ай мен күндей хорды күтіп,
Басқаға кең дүниені ұсынғандар.
Бұлардың түрік еді арғы заты,
Жиһанды тітіреткен салтанаты.
Бұл күнде азып-тозып күлкі болған,
Бұл ар да сол түріктің жұрағаты".
1913
|