ШЫНЫ ОСЫ
Адам сəні барлық шақта
Абырой, бірлік ынтымақта.
Шында ғана тұрақтылық,
Күйе жұқпас көңіл аққа.
Менде ағайын, жақын жоқ па,
Зая қылар барды жоққа.
Қылдан тайса, қылтың етіп,
Нысана ғып байлар оққа.
Көңілденсе көзге мақтап,
Жамандайтын сырттан мықтап.
Өзі мықты, өзі білгіш.
Қолдағанын қалмақ сақтап.
Ашуланса пəле жаппақ,
Аузын алсаң, алмақ ақтап.
Көпірме сөз кесіледі,
Іркілмей-ақ бойға шақтап.
Болыссызға кінə тақпақ,
Бар мініңді іздеп таппақ.
Жақынына опасыз жан,
Кенелтпекші кімді жақтап.
Туысқанға өтпейді кек,
Кінəласса болғаны тек.
Ағайын боп бал жаласпақ,
"Түбі бірге түтпейді" деп.
Мұндай жақын кімге қымбат,
Кімге адамдық опа қылмақ.
Бұзылғалы сабындай-ақ,
Толқымалы болса сынап.
Өзіме өзім қойдым сұрақ,
Жауабымда шыннан шырақ.
Адал жолдас, жаны туыс,
Маңымда жоқ, бəрі жырақ.
1918
М...ҒА
Жұмыр бас, дөңгелек бет, орта бойлы,
Толық шеке сыпаттар терең ойды.
Тік иық, шын бұраң бел, қардай еті,
Сұлу сымбат көркіне көңілім тойды.
Кең біткен, жазық келген ақша маңдай,
Иілген қара сүрме қасы қандай!
Қарақаттай мөлдіреп күлім көзі,
Қараса жанар төгіп жаққан шамдай,
Ақша бет төмпесінде, алқызыл түс,
Меруерт көз шағылған тізулі тіс.
Ақ бұғағы аққудың жамсауындай.
Жаратқан жаратылыс тамаша іс,
Маңдайдан тіктеп түскен пісте мұрын,
Оймақтай қызыл сырлы жұқа ерін.
Ақ мамық, қызыл шие, қара нəркес –
Үш түрмен келтіріп тұр беттің нұрын.
Жібектей майда қара шашы ұзын,
Түр мен сымбат еріткен жүрек сырын.
Оқу, білім, ақыл мен əсем тұлға
Бірдей келген көрдім мен қазақ қызын.
* * *
Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын,
Ақ анар, жұпар иіс, мамық қойын.
Мінезді, сөзге епті, əңгіме ұста,
Өмірдің қыздыратын жастық тойын.
Сүйріктей ақ білекті, шебер саусақ,
Ақ шаңқан балапандай тұрған жусап.
Жаратылыс мақтаны - сұлу қызды
Көрген сайын құмарың артар сусап.
Ақ уыз - дене көркі, тік қос алма,
Магниттей тартқызған көрген жанға.
Əзірге көргенмен де, кептің бірі,
Мендік боп, мені сүйсең арман бар ма!
Дəл осы көзім көрген қыздың жайы,
Жігіттің жібек арқан еркетайы.
Күлімдеп қара көзден сəуле түссе,
Секілді жер құлпыртқан көкек айы.
Бұл жазған мақтау емес, жаным саған,
Он есе артық көріндің одан маған.
"Өмірде бар қызықты бірге көрсек"
Дейтұғын көңілімде бар бір арман.
Сол ойды көрсетпекпін, бетін ашып,
Əдепті сүю жеңіп, кетті асып.
Өзімсініп өзгеден қызғанамын,
Алабұртқан жастықпен көңілім тасып.
Осыған не айтар екен сүйген сəулем?
Мендей о да сүйер деп көңілім сенген.
Еркінді басқа біреу билеп кетсе,
Болам да қарттың бірі көңілі сенген.
Шын айтқан ақ жүректен ағытпа сөз.
Ой талғап, жүрек таңдап, танытқан кез.
Жас көңіл асығады жай тапқанша,
Жетсе екен мендік болған қуаныш тез.
1918
|