Epub нұсқасын əзірлеген Əйгерім Бегімбет



Pdf көрінісі
Дата27.12.2023
өлшемі321,41 Kb.
#144505
Байланысты:
onqol





Төлен Əбдік
Оң қол
EPUB нұсқасын əзірлеген Əйгерім Бегімбет
Хат-хабарламалар үшін: Gulim90@gmail.com


Дəрігердің əңгімесі
1
Біздің психиатриялық аурухана қаланың батыс жағында, ернеуіне тас
қалаған шағын өзеннің жиегінде болатын. Аурухана ескі еді.
Сылақтары түсіп қалған алабажақ кірпіш дуалының төбесінде əбден
тат басып, шіруге айналған қаңылтыр шатыры бар. Маңайда машина
жүретін көше болмағандықтан, төңірек ертелі-кеш құлаққа ұрғандай
тып-тыныш болып тұрады. Көктем кезінде өзеннің сарқыраған
дыбысын терезені ашып тастап, түнімен естіп шығасың. Тау жақтан
жел соққанда арғы беттегі бақшадан жемістердің қышқылтым иісі
мұрынға келеді. Жаз шыға бала-шағаларымен күнге қыздырынуға
келген қала халқы жағаға сыймай кетеді. Жалпы аурухана, үйінің
ескілігі болмаса, тұрған жері психика дертіне шалдыққандар үшін
таптырмайтын орын.
Сенбі күндері аулада туған-туысқандарымен бірге қыдырып жүрген
ауруларға ашық терезеден жалықпастан қарап отырар едім. Олардың
науқастан азап шеккен жадау жүздері, былайғы жұртқа қорқынышты
болып көрінетін оғаш қылықтары, сөйлеген сөздері жаныма
соншалықты ыстық. Мен оларды жанымдай жақсы көремін. Иə, иə,
жақсы көремін.
Олардың ешкімге ешқандай зияны жоқ. Егер дүниедегі бар
зиянкестікті тексерер болсақ, солардың бəрін жындылар емес, сау
адамдар жасаған ғой.
Біз тəні ауыратындарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре
түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде
əйтеуір өзіміздің аман екенімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй
қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз - ақыл-естен айырылғандарды аяңыз,
соларды сүйіңіз.


Мен сізді бір сенбіде алып барып, аурухана ішін аралатайын. Асықпай
əрқайсысымен жеке-жеке əңгімелесіп көріңізші. Сөзсіз жақсы көріп
кетесіз. Мен тіпті бақылау палатасындағы ең қауіпті аурулармен бірге
ұйықтауға əзірмін. Қорқынышты дейсіз бе? Қорқыныш деген не
тəйірі. Жақсы көру жетіспейді. Жақсы көру арқылы бəрін жеңуге
болады.
Мен сонда істеген біраз жылдың ішінде неше түрлі жəйттерді
басымнан кештім. "Дерт көп, денсаулық біреу" депті ғой бір халық. Не
көп - аурудың түрі көп... Бірақ солардың ішінде бір оқиға есімде
айрықша қалды.
Март айының аяқ кезінде бізге жасы он жетілер шамасындағы бір қыз
түсті. Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін өзі бірнеше рет
қылғындырып 
өлтірмек 
болғанын 
айтты. 
Маңындағылардың
араласуымен аман қалған. Ал қыздың өзі мүлде басқаша баяндайды.
Ол: "Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен
қол, мені өлтіргісі келіп жүр", - деп өзінің оң қолын көрсетеді. Бізде
мұны ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды. Психопатологияның
бір түрі. Яғни бір дененің ішінде екі түрлі "жан иесінің" кезектесіп, не
қатар өмір сүруі. Мұның бəрі мидың шешілмей жатқан жұмбақтары
ғой...
Шешесі қызының киімдерін ұстап тұрып, ұзақ жылады. Қызды
шомылдырып, аурухананың халатын кигізіп, бірден бақылау
палатасына жібердік. Аты Алма екен.
Қыз өте сұлу еді. Шашы иығына түскен, бұйралау кекілі бар. Қатты
азап шеккеннен екі қабағының арасына жалғыз сызық - тік əжім
түскен. Бірақ бой басы таза, өзін-өзі күте алатын секілді.
Біздің бөлімшеге келгеннен кейін мен Алманы жеке бақылауға алдым.
Тұйық. Ешкімге қосылмайды. Үнемі қорқыныш үстінде жүретіні
көрініп тұр. Бір ғажабы, қыздың жүріс-тұрысынан, сөзінен сырқат
белгісі байқалмайды. Бірақ ұстамасы өте қатерлі екен. Оң қол
шынында да өз бетінше ақылға сыймайтын əрекеттер жасайды. Оны ең
алғаш кезекшілікте отырған түні көрдім. 


2
Сағат түнгі үш шамасында ашық тұрған Алманың палатасынан
шыңғырған дыбыс шықты. Əлдеқалай шылдырлаған телефонның
трубкасын көтеруге үлгірмей, тұра жүгірдім. Мен палатаға кіргенде
Алма кереуетте жатыр екен. Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып
алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болды. Сестра екеуміз оң
қолға қатар жармастық. Қолын қайырып, кереуеттің астына апарғанда
түрі көкпеңбек болып кеткен Алма көзін ашты. Тұла бойы
қалшылдап, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Мен қолынан, бетінен
сипап, үрейін басуға тырыстым.
- Ештеңе етпейді, Алма, қазір бəрі де басылады, - дедім көзіне түскен
шашын кейін қайырып. - Бұндай əрекеттер жүйкенің шаршауына
байланысты бола беретін құбылыс. Сен қорықпа! Неге сонша
дірілдейсің? Ештеңе де болмайды. Кəне, сабыр ет. Мен сенің жаныңда
əлі ұзақ отырамын. (Көзімнің қырымен оң қолға қарадым. Тағы бір
əрекетке дайындалып жатқандай кереует астында біз қайырып қойған
жерде қимылсыз жатыр.) Сабыр ет, білдің бе?.. Ертең жазылып
шыққаннан кейін, бізді туған күніңе шақырасың. Туған күнің қашан?
Сентябрь! Сентябрь айы жемістің піскен шағы. Біз сенің туған күніңде
мас болғанша лимонад ішеміз. (Алманың түрінен көгерген түс кете
бастады.) Тұра тұр, терлеп кеттің. Сүртейін... Мінеки, осылай. Əлде
мен саған ертек айтып берейін бе? (Алма болмашы жымиды.)
Қалайсың?
Алма басын изеді. Содан кейін үрейленіп, өзінің оң қолына қарады.
- Қорықпа, - дедім, тағы да бір қалыпты, баяу дауыспен, - бұл сенің өз
қолың...
- Жоқ! - деп баж ете қалды Алма. - Жоқ, жоқ! Менікі емес... Жоқ,
жоқ!.. - Алма тағы да терлеп кетті.
Мен Алманың кереует астындағы қолын ұстадым. Қол дір ете қалды.


- Мінеки, ештеңе де жоқ. Қорқатын түк те жоқ... Бұдан былай мен
саған күнде жатарда əңгіме айтып беріп тұрамын. Жарай ма?
- Жарайды, - деді аздап тынышталған Алма.
- Қарашы, қандай əдемі қызсың. Ертең жазылып шыққан соң, біз сені
киноға түсіруге жібереміз...
Алма ептеп көңілдене бастады. Мен оның жанында таң бозарғанша
отырдым.
Сол түннен бастап Алманың науқасы туралы жеке күнделік жүргіздім.
Тіпті өзіме жеке ғылыми объектінің табылғанына қуанғанымды да
жасыра алмаймын. Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде
шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі
өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің
ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын,
адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған
ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап
келген ниет. Науқастың шешесі, иə əкесі, иə əкесінің əкесі бір кезде
өзін-өзі өлтірмек болған. Енді олар əлдебір құпия заңдылықпен
Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ
олардың өздері жоқ. Санасының иесі - қыз өлуге тиісті. Əлгі ниет
қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып
қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді. Ұстама үш-
төрт күнде бір, кейде тіпті күн сайын болып тұрады. Алма үрей мен
шала ұйқыдан мүлде жүдеп кетті. Біз енді оң қолды кереуетке байлап
тастайтын болдық. Бұл алғашқы кезде жақсы нəтиже берді. Алма бір
аптадай тамаша ұйықтап жүрді. Бірақ оң қол басқа бір қулық ойлап
тапты. Ол Алманың көзі ілінісімен байлаудан жұлқынып, дамылсыз
ырғап, оята бастайды. Ұйқысыздықтан азап шеккен Алма
галлюцинацияға ұшырады. Енді оң қолды байлаудан босатып, тек
түнгі сағат үш пен бестің арасында бұрынғыша күзетіп отыратын
болдық. 


3
Шынымызды айтсақ, күзеткеннен басқа ештеме бітірмедік. Ешқандай
дəріден де, электротерапиядан да (қайта электротерапия жағдайды
қиындатып жіберді) əсер болмады.
Сенбі күні сағат тоғыздан бастап Алманың шешесі мен ағасы келеді.
- Құлыным, - дейді анадайдан шешесі, - қалайсың, құлыным?
Алма үнсіз басын изейді.
Шешесі үйден əкелген тағамдары мен жемістерін сөмкесінен шығара
бастайды.
- Керегі жоқ, - дейді Алма басын шайқап. - Тамақтың керегі жоқ.
Содан кейін ораулы жемісті алып, отырғыштың үстіне қояды. Шешесі
мен ағасы Алманың түріне қарап біраз отырады.
- Құлыным, - дейді шешесі орамалымен көзін сүртіп.
Сосын өткен түні үйге қонақтар келгенін, олардың Алма жататын
палатаның номерін сұрап алғанын, алдағы сенбіде келіп қалулары
мүмкін екенін əңгіме қылады. Алма үндемейді. Шешесі Алманың бір
құрбысының телевизордан тақпақ оқығанын айтады. Алма қабағын
шытады. Шешесі қызының түріне үнсіз барлай қарап, қабақ шытуын
дерттен болып отырған құбылыс деп өзінше ұғып, жым болды. Олар
үйлерінде болып жатқан əрбір қызық оқиғаның Алмаға шаншудай
қадалатынын түсінбейтін.
Жандарына мен келемін. Шешесі, бүкіл бəледен құтқаратын құдірет
менің қолымда тұрғандай, маған сұраулы, жалынышты көзбен қарай
береді. Мен Алманың шашын сипаймын:


- Алма ертең-ақ жазылып шығады, - деймін сенімді, көтеріңкі
дауыспен. - Сіздер бекерге қайғыра бермеңіздер. Бізде дерті асқынып
кеткен аурулар да жатыр. Оның жанында Алманікі ойыншық қой...
Қызы мүлде жазылып шыққандай, шешесі есі шығып қуанып, қайта-
қайта орамалын алып, көзін сүртеді.
- Айтқаның келсін, айналайын, - дейді даусы қалтырап. - Бағың
ашылсын! Бақытың жансын, айналайын!..
Содан кейін бір айтқан сөзін əлденеше қайталап, Алманың сүт
кенжесі екенін, көзінің қарашығындай аялап, тəрбиелегенін, үйде де,
түзде де тірі пендеге қақтырып көрмегенін, ал енді мына дерт
ешқайсысының тұқымында болып көрмеген сұмдық екенін айтып,
мұңын шағады. Олар Алманың көңілін қайтіп аулау керек екенін біле
алмай, бір-біріне жалтақтап қараумен түске дейінгі уақытты өткізеді
де, аһылай-үһілей, көздерінің жастарын сығып, үйлеріне қайтады.
Алма ештемеге селт етпеген күйі мелшиіп қала берді.
Дүниедегі ең қиын зат жалғыздық қой. Төңірегіңде іштегі қайғың мен
қуанышыңды өзіңмен бөлісе алатын жан серік адамдар барда тірліктің
де, өлімнің де бір мағынасы болуы хақ. Бұдан рас, өлімнің салмағы
жеңілдеп кетпейді. Өлім қашан да қорқынышты. Бірақ сенің өлімнен
қашып, тіршілікке ынтығуыңның өзі сол тіршіліктің мағынасы барын
дəлелдейді. Ал жер бетінде бүкіл тіршілік атаулы жойылып, əлемде
жалғыз қалған бір сəтіңді елестетіп көрші. Мұндайда өлім
қорқынышты емес, керісінше, тірлігің қорқынышты болмақ. Алма
бойындағы рухани жалғыздық та осыған ұқсас бірдеңе еді. Мен
Алманың жал¬ғыздықтан құлазыған көңіліне қалай да олай жалғыз
қарасын болып енгім келді. Ойға алған мақсатыма берілгенім сонша,
күн сайын түнгі кезекшілікті бір өзім атқарып жүрдім. Мен қатерлі
ұстаманың қай мезгілде болатынын жақсы білетінмін, сондықтан
дəл осы уақытта Алманың қасында болып, оң қолын бақылап, кейде
тіпті тас қылып ұстап отыратынмын. Бірде ұйықтап жатқан
Алманың жанында кітап оқып отырғанмын. Кенет төңіректе əлдебір
қимылдың болғанын сездім де, басымды көтеріп алдым. Сол кезде
мен оң қолдың кеуде бойымен алқымға қарай жылан секілді ақырын


жылжып бара жатқанын көрдім. Бұл шынында да өте қорқынышты
көрініс еді. Алманы оятып алмауға тырысып, барынша еппен қолды
қыса ұстап, кереуетке бастым. Қол бір-екі жұлқынды да, қайтып
қарсыласпады. Алма оянып кетті. Маған əлдекімді ажырата алмай
отырғандай, түйіле қарап біраз жатты. Сосын жұп-жұмсақ
алақанымен менің қолымды сипап жатып, қайтадан көзін жұмды.
Бірақ көп ұзамай шошып оянды. Үрейлене шыңғырған Алманы əрең
дегенде тоқтаттым.
- Не болды? Неге шошыдың?
- Түс көрдім, - деді ол дірілдеген үнмен.
- Қандай түс?..
- Қылғындырды... - деді даусы одан сайын дірілдеп.
Мен тіксініп қалдым. Егер оң қол түсінде қылғындыра бастаса, оған
менің еш қайраным жоқ еді. Тек Алманың қорқынышын басу үшін:
- Ол əншейін көп ойланғаннан болатын түстер ғой, - дей бердім. - Мен
тірі болсам, сені аман сақтап қаламын. Түсінемісің?! Мен сені күзетіп
күні-түні отыруға бармын... Тек сен бүйтіп қорықпа. Маған сен...
Алма менің мойнымнан құшақтап, жылап қоя берді. Кішкентай балаша
көз жасына малшынған бет-аузын бетіме үйкеді. Аузыма көз жасының
кермек дəмі келді... 


4
Жалпы менің өзім де сол кезде болмашы шалық дертіне шалдыққан
болуым ғажап емес... Алмаға деген өзімнің құпия көңілімді тіпті қазір
де толық дəлелдеп бере алмаймын. Бар білетінім - Алма рухани
жалғыз болатын. Ал оны тұңғыш түсінген менмін. Ол жалғыздықтан
қашып, маған тығылды. Бірақ оған кім болса да бəрібір еді. Əйтеуір
біреуге тығылу қажет болды... Мен Алманың оң қолын алақаныма
салып, сəби еріндері түріліп, ұйықтап жатқан түріне қалғып-шұлғып
қарап отыруға əбден дағдыланып алдым.
Менің күн сайын өз еркіммен түнгі кезекшілікте қалып, диванға
жатып, көз шырымымды алып жүргенімді жұрт өзінше ұқты. Ақыры
жолдастарымның арасында мен туралы "ешкімге айтпай,
кандидаттық диссертация жазып жүр" деген лақап тарап кетті. Тегінде
өзі емдеп жүрген жындылардың біреуімен құпиялас, сырлас екен
деген ойға ешқайсысының батылы жетпеген болу керек.
Мен бір рет түнгі кезекшілікке бара алмай қалдым. Келесі күні Алма
сол қолымен білегімнен сипап отырып:
- Сіз болмасаңыз мен əлдеқашан өліп қалар едім, - деді сыбырлап. -
Сіз неге келмедіңіз, түнде қатты приступ болды.
- Кешір, келе алмадым...
- Сіз ылғи кешкілік менің жанымда боласыз... Қашан қыдырасыз?.. -
Алма халатының түймесін шұқылай бастады. - Қызыңыз бар шығар...
Сізге қыдыру керек қой...
Оның бұл сөзі маған мүлде ұнамады.
- Менің қызым жоқ, сондықтан кешке ешқайда қыдырмаймын, - дедім
бетіне тура қарап.


Алманың жүзінен бұрынғы айықпас азап белгісі жоғалып, əлдеқалай
өзімшіл шаттық, еркіндік, адамды имендіретін тергеуші көзқарас
пайда болыпты. Мен дəл осы көзқарасты, кімнен екені белгісіз, бірақ
дəл осы көзқарасты көптен күтіп жүргенімді сездім.
- Кеше бір ұлы ақынның кітабын оқыдым, - деді Алма бас жағындағы
тумбочкаға қарап (кітап сол тумбочканың ішінде болу керек). Содан
кейін жасөспірімдерге тəн аңқаулықпен тебірене: - Соның ішінде
"Дауыл" деген өлең бар екен, - деді кəдімгідей қатуланып. - Кеменің
діңгегі қирап, рулі сынған, желкені жыртылған. Көкжиекке батып бара
жатқан күнмен бірге кеме де теңізге батып барады. Жұрттың бəрі
жанталасып, өлім дұғасын оқуда. Əркім өзінің жақын көретін
адамдарымен құшақтасып, қоштасып жатыр. Тек бір адам ғана
өлімнен қорқуды да, қашуды да ойламайды. Ол тек: "Шіркін, осындай
өлер сəтте құшақтасып қоштасатын адамның болғаны қандай бақыт", -
дейді ішінен күбірлеп. (Алма өзімен бірге менің де таңқалғанымды
тілеп, бетіме қарады.) Қараңызшы, өлім аузында тұрған ең бақытсыз
жандар да енді біреу үшін соншалық бақытты болып көрінеді. Өйткені
олардың өлер сəтте қоштасатын жақындары бар. Сіз мені түсініп
тұрсыз ба?..
Мен үндемедім. Алманың осынша сап-сау адамша сөйлеген сөздері
менің зəремді ұшырды.
- Көмектесіңізші, - деді ол кенет жалынышты үнмен. - Сыртқа шығып,
көшемен жүргім келеді. Қыдырғым келеді...
Не дерімді білмедім, өйткені ол менен дəрігерлік көмек сұрап тұрған
жоқ еді. Рас, психиатриялық ауруханада жатқан адамдарда мұндай
тілектер көп болады. Бірақ оларға айтатын жауабымды Алмаға айта
алмас едім.
- Бəрібір қайтып келем ғой, - деді Алма тағы да білегімді сипап.
- Жарайды, ойланайын, - деп қалдым. Осы сөзден-ақ өзімнің тұзаққа
ілінуге таяп қалғанымды білдім. Алманың үмітпен, жалынышпен
қараған көздеріне көзім түскенде тұзақ мойныма біржолата іліккен
еді. Осы сəтте мені таңғажайып бір тəуекел сезім биледі.


- Аяғыңа нешінші размер киесің? - дедім өз сөзіме өзім онша мəн
бермеген болып.
- Отыз алты...
- Көйлектен?
- Қырық алты, - деді Алма таңырқай түсіп... 


5
Мен сол күнгі жұмысты да, түнгі кезекшілікті де қалың ойдың
құшағында жүріп өткіздім. Шынында да менің бұл ойымды дені сау
адамның ойы деп айту қиын еді. Алайда көз алдыма өз қиялымнан
туған суреттерге құныққаным сонша, бұл пиғылымның дұрыс-
бұрысын талдауға тіпті уақытым болған жоқ. Алманы түнде қалаға
алып шығып қыдыртатынымды, оның қалай мəз болып қуанатынын
көз алдыма елестеткенде сол қуаныш өз бойыма тарағандай жүрегім
өрекпіп, басылмай қойды. Мен тірі жанға тіс жаруға болмайтын өз
құпияма өзім елтіп, есім кетті. Ұйқыдан түс кезінде оянып, апыл-
ғұпыл шайымды ішіп, магазин аралауға шықтым. Бірінші барған аяқ
киім магазинінен сатушы əйелдің ақылымен 36-размерлі, үстінде
доғасы бар ақ туфли алдым. Одан көйлек сататын магазиндерді
жағалап, ұзақ жүрдім. Көйлектерді қараған кезде жақсысын табуға
тырысып, жанымды салғаным сонша, борша-борша болып терлеп
кеттім. Жақсы мен жаманды айыру тап мен ойлағандай оп-оңай нəрсе
болмай шықты. Ұстаған көйлектерімді ойша қалаған адамыма кигізіп,
көз алдыма елестетуге суреткерлік қабілетім жетпеді.
Ақыры шеткері магазиндердің бірінде əйелдер көйлегіне тұрған
қалың кезектің үстінен түстім. Бұл бір сырмасы желкесіне салынған,
етегі делдиіңкі, көкшіл түсті, жылтыраған, шетелдік көйлек екен.
Тұрған елдің көптігіне қарап, жаман болмас деп ойладым. Бірақ мен
жете бергенде көйлек бітіп қалды. Шашын қап-қара қылып бояп алған,
ұлты белгісіз, ажарлы сатушы əйел қанша жалынсам да, "бітіп
қалдыдан" басқа сөз айтпады.Сонда да табиғатымда жоқ бір
өлермендікпен сатушының қыр соңынан қалмадым. "Ертең үйлену
тойым еді, тойға арнап көйлек тіктіре алмай қалдық, ендігі үмітім осы
ғана", - деп зуылдатқан кезімде өзімді-өзім танымай қалдым.
Өлермендіктің пайдасы тиді. Халықтың бəрі тарап біткенде үстіне 5
сом қосып, сатушыдан 46 размерлі бір көйлек алдым.
Қас қарая сатып алған заттарымды, өзімнің күнге киетін қара
көзілдірігімді сумкама салып, ауруханаға келдім.


- Неге боп-бозсың, ауырып тұрған жоқсың ба? - деді бірінші көрген
сестра.
- Жоқ... Əншейін болар... Тыныштық па? - дедім қызмет бабында
сөйлеген түр білдіріп.
- Тыныштық.
Мен ауруларға рецепт жазылған кітапшаны аударып отырып, көзімнің
қырымен сестраны аңдудамын. Сестра шымылдықпен қоршалған
процедура кабинетіне кіргенде сумкамды ала сала, жүгіре басып,
Алманың бөлмесіне кіріп кеттім.
Алма төсегінде кітап оқып отыр екен, менің түріме үрейлене, əрі
таңырқай қарады.
- Мə, тез киін, - дедім, сумканы алдына тастай беріп. - Мен үш рет
қатты жөтелгенде бөлмеңнен шық та, төмен түсе бер. Ұқтың ба? Тез!
Мен бөлмеден жылдам шығып, орныма келіп, бұрынғыша рецепт
кітапшасын алып, беталды ақтара бастадым. Сағатыма қарап қоямын.
"Неше минутта киініп болуы мүмкін" деймін ішімнен дегбірсізденіп.
"Екі туфли - "бір, екі", көйлек - "үш, төрт, бес", жарайды, "алты",
көзілдірік - "жеті" - бітті ғой... Киініп болды ғой... Жарайды, тағы
азғантай уақыт. "Бір, екі..." Бес минут өтті. Мен процедура кабинетіне
кірдім. Сестра ине қайнатып тұр екен. Барымша қатты үш рет
жөтелдім. Сестра таң қалып, бетіме бажырая қарады.
- Апай, - дедім жанына тақай түсіп. - Бір үлкен шаруам болып тұр...
Қызыма барушы едім... Екі-үш сағатта ораламын. Аяқ астынан ештеңе
бола қоймас... Алманың есігін ашпаңыз мен келгенше... ұйықтап
жатыр...
Сестра жер ортаға келсе де əлі қартая қоймаған, күлімдеген көзінен
жастықтың қызығынан кезінде құр қалмаған адамның нышаны
байқалатын əйел еді.


- Өз еркіңде ғой, - деді өткен бір қызығы есіне түскендей жымыңдап. -
Маған несіне айтасың?.. 


6
Мен Алма шығып үлгірмеді ме екен деген күдікпен тағы да сестраны
таң қалдырып, мелшиіп бостан-босқа біраз тұрдым. Сонан соң əлде де
уақытты өткізе түсу үшін, сестраны таң-тамаша қалдырып:
- Рақмет, - деген сөзді (не үшін айтқанымды білсем, бұйырмасын)
ежелеп, əрең айтып болдым да, бұрылып, кабинеттен шықтым. Төмен
түссем, басқыштың бұрышында шашын омырауына түсіріп, қара
көзілдірік киген Алма төмен түсуге бата алмай тұр екен. Мен Алманың
қолтығынан ұстаған күйі басымды кекірейте ұстап, шығар есікке
беттедім. Артымыздан:
- Мынаның бір өзі кірмеп пе еді, қызы қай жақтан кіріп кеткен? - деген
сөзді екеуміз де естідік.
Сыртқа шыққанда август айының түнгі самалы тынысты кеңейтіп,
еркіндікке, оңашаға шақырғандай қуанышты, əуей сезім əкелді. Мен
көзімнің қиығымен ұрланып, Алмаға қарай бердім.
Талдырмаш денесіне көкшіл көйлек құйып қойғандай жараса қалыпты.
Бет-жүзін жабыңқырай түскен қап-қара шаштары мен көзілдірігі əйел
пішініне қалыптасып үлгірмеген шыбықтай əсем тұлғасына түн ішінде
ерекше бір құпия түр беріп тұр.
- Көйлегің дұрыс па? - дедім дұрыс екенін көріп келе жатсам да. Алма
бетіне түскен шашын кейін қарай сілкіп тастады да, баланың
мақтаныш білдіргеніндей бір түрмен бойын керіп, маған қарап
жымиып қойды. Содан кейін еңкейіп, аяғының басына қарады:
- Ептеп қысады, - деді.
- Отыз алтыншы размер ғой, - деп ақталдым мен.
Троллейбусқа отырдық. Таныс біреудің көзіне түспес үшін, Алманы
көлегейлеп, теріс қарап тұрдым.


- Сенің туысқандарыңның бірі көріп қалса, масқара боламыз, - дедім
құлағына сыбырлап. Мен оның туысқандарын былай қойғанда,
басқалардың да көргенін қаламадым.
- Жарайды, - деді Алма. Бірақ түрінен онша мəн бергендік
байқалмады. Тіпті осыдан бəлендей масқара ештеңе көрмей тұрғаны
сезіліп тұр.
Паркке келіп түстік. Мен қараңғы бұрыштармен жүрмек болып едім,
Алма ашық алаңмен өтуді қалады.
Жолдың екі жағына өскен алқызыл гүлдер кешкі сəулемен құлпырып,
діріл қағады. Жазғы сахнадан шуылдаған оркестр үні келді. Алма
көңілдене бастады. Менің қолымды жұп-жұмсақ алақанымен қысып-
қысып қойды. Кинотеатрдың тұсынан өте бергенде:
- Киноға кірейік, - деді тоқтай қалып.
Жүрегім зырқ ете қалды. Бірақ Алманың алдында қорқынышымды
сездіргім келмеді.
- Кірсек, кірейік, - дедім жан-жағыма алақтап.
Киноға билет аларда да, кірерде де, залға еніп отырғаннан кейін де
менің көзім əлдебіреулер көріп отырған жоқ па деген күдіктен арыла
алмай, айналаға жалтақтаумен болды.
Ақыры кино басталды. Адамның ішін пыстыратын, əрі талай рет
қойылған ескі фильм екен. Адамдар да аз жиналыпты. Мен киноны
көрмедім десем де болғандай. Қаракөлеңкеде экранға сүзіле қарап,
қимылсыз отырған Алмадан екі көзімді ала алмадым.
Мен оның көзіне қараған сайын, бүкіл қиялымда жүрген сұлулықтан
Алманың əлдеқайда артық екенін сездім. 


7
Айтып беруге келмейтін, ең бір құпия, беймəлім əсер - сұлулық əсері.
Біз өзіміздің бүкіл моралімізді адамның тəн сұлулығынан жан
сұлулығын жоғары қоюға негіздесек те, өмірде сол тəн сұлулығымен
бетпе-бет келіп қалған кезде өзіміздің əлгі қағидамызды қалай бұзып
кеткенімізді білмей қаламыз. Өз еркімізбен ақылы аз болса да сұлу
əйелдерге үйленуге дайынбыз, бірақ ақылға бай, көріксіз əйелдерге
жолағымыз келмейді. Санамызды жабайы инстинкт секілді бір əуей
күш жеңіп кетеді. Біз ең осал жерінен қолға түсіп, тырп ете алмай
қалған аңға ұқсаймыз. Ендеше сұлулықтың əлі де зерттелмеген немесе
біле тұрып, айтқымыз келмейтін бір сырлары болуы мүмкін...
Мен Алманың тізесінің үстінде тұрған қолынан (сол қолынан)
ұстадым. Жүрексінгеннен алақаным терлеп кетті. Алма жымиып,
қолымды құп-құрғақ, жұп-жұмсақ алақанымен қысып қойды да, менің
түрімде кісі таңқаларлық бірдеңе бардай баданадай көздерін кең ашып,
аңтарыла қарады.
Кинодан шықтық. Алма көңілденіп, сөйлей бастады.
- Кинода неге ылғи сұлу əйелдер ойнайтынына түсінбеймін? - деді
қолын жайып. - Сұлу емес əйелдер жұртқа үлгі бола алмай ма?
Олардың бойынан жақсы қасиеттер табуға болмай ма?
- Жақсылықтың терең тамыры сұлулықта, өйткені тіршілік тəннен
басталады. Ал сұлу адамдардың ақылсыз, жаман болып шығуы -
диспропорция, өмірдің күрделілігінен, қиындығынан алғашқы тепе-
теңдіктің жиі-жиі бұзылуы...
- Балмұздақ жегім келеді, - деді ол менің сөзімнің аяғын күтпей.
Балмұздақ кездеспеді. Екеуміз қаракөлеңкеге қойылған, арқалығы жоқ,
жайдақ орындыққа отырдық.
- Маған гүл жұлып берші, - деді кенет бетіме тесіле қарап.


Мен оның осынша қисынсыз талабын қалай ұғарымды білмей,
дағдарып қалдым.
- Қазір, - дедім де, қорқып тұрғаныма қарамастан, орнымнан тұрып,
гүл алаңына беттедім. Бұл біздің үлкен қателігіміз болды. Алақандай
болып, қауыз ашқан қып-қызыл гүлдердің екі талын жұлып алып,
жиекке шыққанымда:
- Бері, бері жүріңіз, - деп саусағымен іліп тартып тұрған, портфелі бар,
қалқанқұлақ милиционерді көрдім.
Мен жалтақтап Алма отырған жаққа қарай бердім.
- Бері дедім ғой мен сізге! Əлде тағы біреулеріңіз бар ма?
- Жо-жоқ, - дедім зəрем ұшып.
- Бөлімшеге!
- Сіз неге көріп тұрып, ысқырмайсыз, - дедім мен ыза болып. - Сіз
əдейі жұлсын деп тұрсыз. Өйткені сізге біреуді ұстау керек...
Милиционер бір сəт аңтарылып, жауап бере алмай қалды. Содан кейін
мені əдейі сайқымазақтықпен айтып тұр деп ойлаған болуы керек,
тақай бере жеңімнен ұстады да, дөрекілеу жұлқып қалып, бөлімше
тұрған жақты иегімен көрсетті. Бөлімше ішіне кіргенде аздап есімді
жидым. "Көп болса штрафын төлеп құтылармын" дедім ішімнен,
юстициядан білетін азғантай заңдарымды есіме түсіріп.
- Кəне, документіңіз, - деді телефонның құлағында отыр¬ған егделеуі
мені көргенге қуанышты жандай көңілдене дауыстап.
Осы кезде бөлмеге Алма кіріп келді. Мен инфаркт болуға сəл қалдым.
"Бітті енді" дедім ішімнен үміт атаулыдан күдерімді үзіп. Бір сəттің
ішінде өзімнің дəрігерлік атқа сай емес, қылмысты əрекеттеріммен
бүкіл ауруханаға, дəрігерлерге, қыздың ата-анасына, қала берді бүкіл
қала халқына əйгі болған масқара күйімді елестетіп үлгірдім.


Бірақ Алманың келуі жағдайды мүлде өзгертіп жіберді. Алманың
сұлулығы отырғандардың бəріне бірден апиын сорғандай əсер етті.
Телефон құлағында отырған егде милиционер де, мені ертіп келген
қалқанқұлақ та, формасыз, жай киінген жас жігіт те ызғарлы жүздерін
жылытып, мүлде өзіміз секілді қас-қабағы түсінікті, ет-сүйектен
жаралған, кəдімгі адам қалпына келді. Бəрінің көздерінен "иə,
отырыңыз, шаруаңызды айтыңыз, көмекке біз дайын" деген секілді құп
ниет сезілді.
Алма өз үстемдігін жақсы сезінетін, кəдімгі тəжірибелі сұлу
бикештердей маңайына жымия көз тастап, менің қасыма келді де,
қолымен шашымнан сипай ұстап:
- Мен кінəлімін, ағай, - деді милиционерге. - Мен əдейі жұмсап едім,
гүл жұлып бер деп...
- Неге? - деді қалқанқұлақ қатаң дауыспен, бірақ түрі жымиып, əшейін
əзіл екенін білдіріп тұр.
- Əдейі, - деді Алма қайталап, - əдейі, мені сүйе ме екен деп...
Менің бойымды ток соғып өткендей болды.
- Оһо, - деді телефон құлағында отырған егделеу милиционер, -
мінеки, қазіргі жастар... Қандай ашық мінез!..
- Жігітті солай сынауға бола ма? - деді формасыз жігіт. - Бұл қоғамдық
тəртіпті бұзу... Жігітті басқа жерде сынау қажет.
- Кешіріңіз, - деді Алма мені сол қолымен қапсыра құшақтап. - Бір
жолға кешіріңіздер... Əйтпесе, жарайды, мені-ақ айыптаңыздар...
- Жарайды. Қыздың алдында жігіттің беделін түсірмей-ақ қояйық.
Милиционерлер де тасбауыр жандар емес, айналайын. Бəріміз де жігіт
болып көргенбіз. Мə! - Егде милиционер маған паспортымды ұсынды.
- Рақмет!


Сыртқа шыққаннан кейін парктің қақпасына жеткенше бір-бірімізге
тіл қатысқан жоқпыз.
- Гүл жұлып берейін бе? - дедім тоқтай қалып, ыза болып тұрғанымды
жасыра алмай.
Алма қолымды алып, жұп-жұмсақ қолтығына қысты.
- Болады енді, - деді ілгері тартып, - маған ештеңенің қажеті жоқ. 


8
Таксимен қайттық. Əлдеқалай көше шамдары сөніп қалды. Ай ақ
бұлттардың ар жағымен зымырап барады. Аурухананың ауласындағы
отырғыштардың тұсына келгенде Алма алға оза берген мені тоқтатып,
өзіне бұрды да, мойнымнан құшақтай алды. Мен ерніме жұп-жұмсақ,
дымқыл еріннің тигенін сездім. Құдай-ау, не деген жұп-жұмсақ, нəзік
ерін. Мен Алманың талдырмаш денесін құшақтап, бауырыма бастым.
Содан кейін сəбиді иіскегендей, жұп-жұмсақ бет-аузына бетімді
үйкеп, демін жұттым. Əлде бір жан қиюға болғандай рухани
тазалықты сезетін секілдімін. Бірақ ол Алманың бойынан тапқан
тазалығым ба, өз бойымның тазаруын сезгенім бе - ол арасын толық
айырмадым.
Ішке кірдік. Алма тең жартысын қара көзілдірік жапқан бетін
шашымен бүркей түсіп, мені қолтықтап алды. Екінші қабатқа кірер
есіктің алдында Алманы тоқтаттым да, өзім ішке ендім. Сестра
процедура кабинетінде жоқ екен.
- Тез бөлмеңе бар, - деп сыбырладым Алмаға есікті қайта ашып.
Алма бөлмесіне кіріп кетті. Іле сестра да келді.
- Сен бе едің, - деді маған жымиып.
- Өзгеріс жоқ па?
- Жоқ.
- Мен Алманың палатасында отырамын, - дедім халатымды киіп
жатып, - бүгін приступ болуы мүмкін.
Сосын ғылыми күнделігімді алдым да, сестраға көз қылып, түк
байланысы жоқ, түсініксіз сөздермен толтыра бастадым. Сестра
дəрігерлік жұмысқа жан-тəнімен берілген менің қазіргі түріме сүйсіне
қарады.


Мен палатаға кіргенде Алма киімін ауыстырып, төсегіне жатып
үлгірген екен. Ортақ құпиялары бар балалардың бір-біріне көз ым
жасап, күле беретіні секілді, мені көрген бетте Алма көзімен «əлгі
есіңде ме» дегендей, мойнын ішіне тыға жымиып, күліп жібермес
үшін қолымен аузын басты.
Күнделікті əдетіммен кереуетінің жиегіне отырып, қолынан ұстадым.
Ол да күндегі əдетінше құп-құрғақ, жұмсақ алақанымен қолымды
қысты. Мүлде емін-еркін. Мен оның көзқарасынан, бүкіл болмысынан
ескен ғажайып жылы ағынды жаныммен сезіп, балқып тұрдым.
- Ұйықта.
- Сен ше?
- Мен сені күзетіп отырамын... таң атқанша... Өмір бойы...
Алма көзін жұмды. Дем алысының жиілігіне қарап, көңіліндегі
толқуды сездім.
Менің ойларым сан-саққа бөлінді. Маған мынау өзім күнде көріп,
көзқашты болған күнделікті тіршілік аяқ астынан өзгеріп кеткен
секілді немесе осы тіршілікке өзім тұңғыш тап болып тұрған
тəріздімін. Бірақ мен өмірге мəн беретін, сəн беретін біздің өзіміздің
жеке бақытымыз екенін, бізге сырттан ешқандай сəуле келмейтінін,
тіршілікке, маңайға сəуле төгіп, жылу шашатын адамдардың өздері
екенін кейінірек түсіндім. Өзімнің ішкі жан-дүнием əдемі сəулелер
шығара бастап еді, мені қоршаған бүкіл қауым, орта, тіршілік
құлпырып сала берді.
Алманың науқасын есіме алдым. Оны емдеу мəселесі дəрігерлік
міндет қалпынан табан астында өзгеріп, енді тек өзім үшін жанын
сақтап қалу деген төтенше шешімге ұласып кетті.
Бір қызығы, сол түн оң қол ешқандай əрекет жасаған жоқ.
Алма менің көз алдымда жорта ұйықтап жатқандай, көзі сəл ашылған
күйі таң атқанша тырп етпеді. 


9
Түстен кейін жұмысқа меңгеруші келді. Жасы қырықтарға келген,
мінезі шадырлау, арық, көсе кісі болатын. Менің ұйқыдан қажыған
түрімді көріп:
- Немене, əлі түнгі кезекшілікті ешкімге бермей жүрсің бе? - деді.
Оның сөзі сұрақтан көрі менің ісімді құптайтын ризашылық секілді
бірдеңеге ұқсайды. Сондықтан мен:
- Сəламатсыз ба? - дегеннен басқа ештеңе айтпадым.
- Фанатизм жоқ жерде ұлылық та жоқ, - деп көсемсіді ол.
- Сізбен сөйлесетін маңызды бір шаруа болып тұр.
- Қандай шаруа?
- Айрықша бақылаудағы Бірімжанова Алманың жағдайы өте ауыр.
Тезірек амал жасау керек.
- Қалай, қалай? - деді меңгеруші көздерін жыпылықтатып орындыққа
отыра беріп.
- Қазір ауру кризис үстінде. Қызды қатерлі приступтан құтқару үшін,
оң қолдың саусақтарын, болмаса тіпті тұтастай өзін операциямен алып
тастау қажет...
Мен өзімнің бұл пікірімді меңгерушіге бұдан бұрын да айтқан
болатынмын. Сондықтан ол бұл ойдың өзіне жаңалық емес екенін
білдіріп, кіржиіп жауап бермей, біраз отырып:
- Ол былай ғой... - дей бергенде:
- Жоқ! - дедім тағы да сол өзіме беймəлім өлермендікпен.


Ол менің бетіме таңырқай қарады. Содан кейін жүзімнен əлде бір
маңызды бірдеңе ұққандай болып, үндемей қалды.
- Мен, мінеки, бірнеше ай бойы қатарынан көз жазбай бақылап
келемін, - дедім жүрегім дүрсілдеп, дегбірімнің қашып тұрғанын
сездірмеуге тырысып. - Басқа ешқандай амал қалған жоқ... Егер олай
жасамасақ, осы екі-үш күннің ішінде қыздың өзін-өзі өлтіріп
тынатынына кепіл боламын... (Меңгерушіге əсер ету үшін, осы сөзді
айтуын айтсам да, бойымның əлденеге дір ете қалғанын, əлгі сөзді
бекер айтқанымды түсіндім. Кейде адам тағдырына кездейсоқ, қапияда
санаңнан тыс айтылған сөздердің əміршілік ететіні бар ғой.)
Түсінемісіз, басқа ешқандай амал жоқ... - Меңгерушінің үндемей
қалғанынан сөзімнің құлаққа кіре бастағанын сездім.
- Сіз операциядан кейін қызды құлан-таза жазылып кетеді деп
ойлайсыз ба? - деді маған көзінің қиығымен қарап.
- Мен олай деп үзілді-кесілді айта алмаймын. Бірақ біз ең алдымен
адамды бүгінгі ажалдан алып қалуымыз керек. Ертеңгісін содан кейін
көреміз. Сіз маған сеніңіз. Мен аурудың қасында күні-түні болып,
азабын қатар көріп келе жатқан адаммын...
Меңгерушінің кіржиген жүзі жұмсара бастады.
- Ата-анасының келісімінсіз бəрібір ештеңе істей алмаймыз, - деді
сонда да келісе қоймай.
- Ата-анасы емес, алдымен өзінің келісімі керек. Əрі-беріден соң қалай
болса да жасау қажет. Өйткені аурудың жағдайын олардан гөрі біз,
оның ішінде мен жақсы білемін.
- Жарайды, - деді меңгеруші маған тура қарап. - бірақ ертең обходта
өзім қарап шығамын. Содан кейін кеңесейік...
Жүрегім лүпілдеп қоя берді. Мен сол сəтте-ақ ертеңгі обходқа дейін
операцияға Алманы қалай көндірерімді, меңгерушінің алдында қалай
болып көрініп, сұрақтарға қалай жауап беру керек екенін үйрететінімді
елестетіп шықтым.


Бірақ оған бұл жайды қазір айтқым келмеді. Түнгі ұйқысына кесел
болар деп ойладым. Ертең ертерек кіріп, бəрін түсіндірем...
Аурулар тыныш мезгілден кейін, сағат 5 шамасында сыртқа серуенге
шықты. Мен Алманы беседканың ішінде кітап оқып отырған жерінен
таптым. Бетіме қарап күлді.
- Көзің қызарып кетіпті ғой.
- Əшейін ғой...
- Бар да ұйықта.
- Ештеңе етпейді...
- Ештеңе етпейді емес, ұйықтайсың! Сен не, менің тілімді алмайсың
ба?
Мен Алманың бетіне қарадым. Тағы да оның жанарынан ескен жанға
жайлы, ғажайып, жылы ағынды сезіп тұрмын.
- Неге алмайын, - дедім маңайдағыларға естірте күліп. - Қашан
алмадым.
- Ендеше бар да ұйықта, - деді Алма түсін қайтарып. - Бүгін
жақсымын, ештеңе етпейді. Үйіңе бар. Таңертең келесің ғой...
- Таңертең айтатын бір маңызды шаруа бар.
- Иə, таңертең айтарсың.
Мен Алманың бөлмесіне барып, киім салынған сумкамды алдым. 


10
Кешкілік ұзақ уақыт ұйықтай алмадым. Меңгерушінің көне қалғанына
таң қалдым."Өзін-өзі өлтіріп тынатынына кепіл боламын" деген сөз
есіме түсті. Бəлкім осы сөз əсер еткен болар. Əйтпесе кесіп алса, қан
шықпайтын кесір адам ғой...
Алманы алдымен оң қолының саусақтары жоқ күйінде, одан кейін
тұтас бір қолы жоқ күйінде көз алдыма елестеттім. Түк те жоқ.
Керемет сұлу. Қыстыгүні пальтосымен жүргенде тіпті білінбейді.
Протез салдырамыз. Сол қолымен жазып үйренеді... Жоқ-жоқ! Тіпті
ешқандай протез салдырмаймыз. Сол жалғыз қолымен-ақ бүкіл
халықтың көзінше көшеде жүруге болады. Оны жасыруға болмайды...
Соңғы шешім өзіме қатты ұнады. Дəл солай жүру менің жүрегімді
шынайы таза сезімге, жылылыққа бөлейтін секілді.
Өмірдегі сəттілік өте сирек нəрсе. Ол жұрттың бəріне бірдей жете
бермейді. Бірақ ең үлкен жалғыз сəттіліктен кейін, қалған сəтсіздіктің
бəріне де төзуге болады. Қиыншылықты жеңудің ең бір үлкен құралы -
төзім. Төзе білсең, барлық азап атаулының жүзі мұқалып, майырылып,
өтпей қалады. Мəселен, біреу мойныңа 10 кг тас байлап қойса, 20 кг
тас байланбағанына шүкіршілік қылып, жаңағы күйіңді бақытты халге
айналдырып жіберуге болар ма еді. Əрине, болады. Сондықтан қазір
қандай ауыр жағдайдан да əлгі жолмен құтылып кетуге болады. Ол
үшін тек тіршілік керек. Тірлік керек... Қол деген немене?.. Қол деген
түк емес...
Рас, дүниенің бəрі адамның қолымен жасалады... Бірақ, зұлымдық та
адамның қолымен жасалмай ма?.. Зұлымдық жасайтын қолды тез кесіп
тастамаса, болмайды... Тез... кесіп тастау керек... Тез...
Мен таңертең ерте ояндым. Кешегі оқиғаны, түнгі ойларымды еске
алғанда ұйқым бірден шайдай ашылды. Таңертеңгі асымды шала-
пұла ішіп, ауруханаға келдім. Сыртқы қақпаның күзетшісі əлі ұйықтап
жатқан болар деп ойлап, қағуға оқталып едім, бірақ ашық екен. Есік


алдында əлдеқандай машина тұр. Ішке кіріп, екінші қабатқа
көтерілгенде қызметке менен де бұрын келген əлдекімдердің
дабырласқан дауыстарын естідім. Мен шкафтан халатымды алып
кидім. Əлдеқайдан меңгерушінің қарлыққан даусы шығады. Бұл неге
ерте келген?! Шошып қалдым. Жоқ, түк те жоқ. Обходқа дейін бəрібір
араламайды... Оған дейін үлгіремін ғой... Пердемен бөлінген
кабинеттен сестра əйел шығып, телефонға жармасты. Мені көріп,
басын изеді.
- Анда бардың ба? - деді телефон номерін айналдырып жатып.
- Қайда?
Сестра менің бетіме таңырқай қарады да, трубкасын қоя салып:
- Ана қыз өліп қалды ғой,- деді ақырын ғана.
Жүрегім аузыма тығылды. Демім бітіп, жағамды ағыттым. Əлгі сөзді
естіген сəтте көңілімнің түкпірінде осы жаманатты білгендей, осылай
боларын сезгендей бір түйсік пайда болды. "Біліп ем ғой, осылай
боларын сездім ғой... Сездім ғой..." "Өзін-өзі (япыр-ау) өлтіріп
тынатынына (ұйып қалған шекемді ұстадым) кепіл боламын..." (Мен
екем ғой өлтірген... Мен ғой...) Бөлменің ішіне қалай кіргенім есімде
жоқ. Үш-төрт дəрігер бар екен.
Төсекте шалқасынан жатқан Алманы көрдім. Аузынан тілі шығып,
көзінің қарашығы төңкеріліп кеткен. Түрінен қатты қиналғаны көрініп
тұр.
Жақындап келіп, білегін ұстадым. Суып кетіпті. Тамағында көкпеңбек
қолдың ізі. Оң қолы кеудесінде жатыр. Өлгеннен кейін ажыратқан болу
керек.
"...Кепіл боламын... кепіл боламын... өлтіріп тынатыны..."
"Айттым ба? - дейді біреу ішімнен. - Айтқаным келді ме?.." Мен
жыламауға тырыстым. Есірік күйде:


- Болды енді, холодильникке апару керек, - дедім дауыстап, не айтып
тұрғаныма өзім түсінбей.
Кешке өлікті ата-анасы алып кетті. Келесі күні жерлеуге қатынастым... 


11
Ол əңгімесін аяқтап, сигарет тұтатты.
- Сыра ішіңіз, - дедім ұзақ үнсіздіктен кейін. Сөзді басқа бірдемеге
аударғым келді. Бірақ ауа райының ыстығынан да, газет бетіндегі саяси
хабардан да, қарсы бетте отырған бикештердің түр-сипатынан да
əңгіме өрбімеді.
- Сырасы ескілеу екен, - дедім, түсіп қалған этикетканың жазуына
үңіліп.
Ол үндеген жоқ.
Ашық кафе ішінде сыра іздеушілер қаптап кетті.
- Рұқсат етіңіз, - деді даяшы қыз лангет пен шанышқы, пышақтарды
алдымызға қойып жатып. Содан кейін сыралардың аузын ашты.
Мен өзімнің пышақ ұстап тұрған оң қолыма үрейлене қарадым.

Document Outline

  • Оң қол
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7
  • 8
  • 9
  • 10
  • 11


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет