Қорытынды портрет – ұсақ детальдарға көңіл бөлінбейді, жалпы көз
жүгіртіп қана өте шығады.
Портрет-штрих – кейіпкердің келбетін екі-үш мінездік белгілері арқылы
суреттейді.
Портрет мазмұнына қарай:
Мінездемелік портрет – кейіпкердің мінезі жөнінде жан-жақты, толық
мәлімет беріледі.
Типтік портрет – кейіпкердің қандай да бір әлеуметтік тобы (әлеуметтік-
типтік портрет) немесе ұлты (этникалық портрет) жөнінде мәлімет беретін
белгілерді қамтиды.
Шарждалған портрет, яғни дәл келтіру – кейіпкердің жалпы нормадан
ауытқып, көзге ұрып тұратын ерекше белгілеріне тоқталу [84].
Новелладағы портреттік детальдың ерекшелігі кейіпкер белгісінің бірер
белгісі ғана беріліп, сараң сипатталады. Әрине, бұл оның жанрлық ерекшелігіне
байланысты екені даусыз. Зерттеушілер портреттік детальдың бірнеше түрін
74
көрсеткенімен, оның бәрі бірдей новелла жанрында кездесе бермеуі мүмкін.
Мәселен, көбіне өсу, даму, тынымсыз іс-әрекет үстінде көрінетін динамикалық
портрет новеллада мүлде кездеспейді деуге болады. Новеллада көбінесе
даралық, жұптық портреттік детальдар мен портрет-штрих үлгілері кездеседі.
Новелладағы портреттік детальдың негізгі қызметі – кейіпкер бейнесін жете
тануға жол ашады. Б.Майлин – адам портретін даралап өрнектеуге шебер. Жыл
сайын мүриті Қалдыбайды ертіп, елі бай Төрттөбеге барып, қыдырып, қайыр
садақасын алып, бірер ай жүріп оралғанда қалыңнан алған малдай шұбыртып,
30-40 қараны айдап қайтатын «Зәкіржан молда» оқиғасын автор новелла
обьектісі етіп алады. Елдің көзінше жайнамазын жайып, тәсбиғын ұстап,
шариғат соғып, жұмақ-тамұқты жыр қылып, пайғамбарлардың тарихын айтып,
хадисін оқитын осы екі алаяқ еліне қайтқанда жол бойы керісіп, боқтасып,
ұрсысумен, елден жиған малды бөлісе алмай таласумен болады. Олардың адам
болмысын, дүниеқұмарлығын автор бірнеше портреттік детальдар арқылы
әдемі келтіреді: «Зәкіржан молданың ұзын тұмсығы қусырыла түседі. Қалдыбай
мұртын тікірейтіп, көзін қылиландырып, Зәкіржанның бетіне қарайды. Беті
кенет сұрғылданып, езуі жыбырлап, ашуға тығылғаннан Зәкіржан сөйлей алмай
тұтығып қалады» [97,347]. Оңашада бір-бірін ит етінен ары жек көріп, құтыла
алмай отырған бұл екеуі – ел көзінде сәлдені қатарлай орап, көзді жұмып,
мүлгіп, жұмақ-тамұқты жыр қылып, хадис соғатын Зәкіржанның қасы мен
қабағына қарап, айтқанын аяқ ұшымен орындап, құманға жүгіріп, жайнамазын
жайып, тәсбиғын қолына ұстататын Қалдыбай. Бірақ екеуі де құдайдан безген
арсыз, имансыз, аяр жандар. Көксегендері – байлық, қымбат дүние, қыдырып
көңіл көтеру. Махамбет ақын айтқандай, бұл екіжүзді айыр құйрық шаяндар
Аршалының бойында Әлімбайдың қыстауын күзетіп отырған Қоңқа деген
кедейдің жалғыз қалған әйелі Қалампыр мен қаршадай қызы Қанышты қорлап,
зорлап, жылатып кетеді. Біреудің тағдырын тұралатып кеткен осы әрекеттерін
өздері тек түн қызығына балап, тойлауға кіріседі. Новелла табиғатына сәйкес
оқиға сұмдықпен аяқталады. Төрттөбе елінің шалдары мен шүйделі жуандары
соңдарынан лек-легімен шұбырып, құрметінде жүретін, тіпті, ынтасы құрып,
елжіреп жүрген қариялар тіпті кемсеңдеп жылап та алатын бұл екеуі бар
өздерінің ынсапсыздығы мен нәпсіқұмарлығынан абыройдан айырылады.
Новелла финалында бұл құрмет жоқ, өздерінің әрекетіне орай автор арақ,
шошқа, ит деталін енгізеді. «Маңдайынан сорғалаған терді сүртейін деп
қалтасынан орамал алғанда, ащы шектей шұбатылып тәсбиғы да шығып,
рюмкедегі араққа малынды. «Астағыпырылда» деп күбірлеп, молда тәсбиғын
қалтасына қайта тықты» [97,350]; «мал сияқты осқырып қашпай, шошқалар
Зәкіржан молданы жағалап, әлденеге – тұмсықтарымен түрткілесіп кетіп жатты.
Тамақтан торыққан қызыл төбет сұғанақтық істеп, молданың құсығын
жалаймын деп сүйреңдеген қызыл тілін абайсызда молданың аузына да тигізіп
алды» [97,350]. Артық сөз жоқ, мұсылман қазақ халқы үшін шошқа мен арақтан
жиіркенішті, харам нәрсе де, ұғым да жоқ. Оқырманға бәрі түсінікті. Түсінікті
етіп тұрған әрине деталь. Кеше құдайды айтып отырған арам аузы бүгін араққа
былғанғаны аз, оны тіпті шошқа мен ит жалап кетеді. Автор талантында шек
75
жоқ. Екеуінің ойы да, пиғылы да, әрекеті де арам болғандықтан харам
нәрселермен шендестіре береді. Автор жасаған Зәкіржан мен Қалдыбай
портреттерінің характерологиялық, эмоциялық-логикалық мәні терең.
Автор портреттік детальдарды эстетикалық идеалына сай ала отырып,
образдың толыққанды кейпін беруді мақсат етеді. «Әбділдә төре»
новелласындағы жан баласына, тіпті қол астындағы хатшысына қайырымы жоқ
төренің маңызды бейнесін: «Әбділдә қабағын кіржитіп шатынап сала берді.
Хатшының сөзін шала тыңдап, үстелінде жатқан газетті, қағаздарды
аударыстырды, қалтасынан күміс сауытты шығарып, шылымын тартты.
Мұржадан шыққан түтіндей, екі танауынан түтінді будақтатып отырған»
күйінде танимыз. Портреттік деталь Әбділдә төренің ең бір нақты, ерекше
сипатын қысқа беру арқылы ұтымды шыққан. Хатшысы сөйлегенде қабығын
түйіп, шатынап отырған бір-ақ сәтін беру арқылы оның дөрекі, парықсыз,
өзінен шені кішілерді менсінбейтін өркөкіректігін жарқыратып ашып отыр. Өзі
партия мүшесі, «ескі әдеттермен күресу керек; әйел теңдігін жарыққа шығару
керек» деп өңешін керіп, күре тамырын білеулендіріп, талай жиылыста сөз
сөйлегенімен, өз әйелінің отбасында ешқандай рөлі жоқ екенін автор екі түрлі
ситуацияда деталь арқылы ашық көрсетеді. Біріншісі – Әбділдә қаладан
келгенде әйелі онымен амандасуға да бата алмай: «белдемшесі белінде, екі
шелек сүтті көтеріп, бие ағытып келе жатқан келіншегі жанынан өте берді.
Амандасуға енесінен ұялды. Көзі жаутаңдап, сағынған адамша қайта-қайта
қарап қана өтті» [97,203] десе; екіншісі – Әбділдә жеңгесі Маржанды
әмеңгерлік жолмен әйелдікке алар кезде де бір ауыз қарсы пікір білдіре
алмайды: «төсегінің үстінде келіншегі солқылдап жылап жатыр еді. Келіншек
басын көтерді. Әбділдәға қарады. Көз жанары толған жас, сөз айта алмады»
[97,205]. Міне, ел басқарып, елге жаңа заңды үйретіп, әйел теңдігі жөнінде
өрекпіп ақыл айтып жүрген жанның әйелінің сиқын автор шағын деталь
арқылы толық таныта білген. Шындығында жеңгесін әмеңгерлік жолмен алды
деген аты ғана еді. Күйеуін тірі күнінде-ақ менсінбеген ажарлы, кербез, ашық
мінезді жеңгесі әуел бастан Әбділдәға көңілін білдіріп, қылмыңдап жүретін.
«Құралайдың қашуына мылтықтың басуы» дөп келіп, күйеуі өліп жесір қалады.
Төренің жеңгесіне үйленуге өзінің де іштей ынтық екендігін автор тағы бір
детальмен әдемі, әсерлі жеткізеді: «Таза ауаға шыққан соң Әбділдәнің көңілі
тасқындап, жүрегі алып-ұшып, сықсиған көзі өзінен-өзі күлкіге бейімделіп бара
жатқан тәрізденді. Көтеріліп отырып өлең айтты. Дауысы барылдап әлдеқайда
кеткен секілденді» [97, 202]. Әйеліме обал болды деген жанның ішкі күйзелісі
жоқ, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ күйде келеді. Бірақ, әрине «көп асқанға бір
тосқан» Маржанның күлкісі ішін өртеп, құшағынан сиқырланып шыға алмай
қалған «ыслабый» Әбділдәні пара алып, ақша жегені, екі әйел алғаны үшін
төреліктен алып, түрмеге салады.
Осы орайда «Адамның қасиетін ашуға талпынған жазушы қашан да өз
геройының мінез-бейнесіне кіріп алып, оның жан түкпіріндегі ең аяулы дірілін
басып, қуанышы мен мұңын, күдігі мен қайшылығын, ойы мен арманын, өз-
өзімен не жан-жақынымен сырласушы бәрі-бәрісін суреттеуге тырысады»
76
[14,188] деген Ш.Елеукенов пікірі ойға оралады. Шағын новеллада сықсиған
көзі өзінен-өзі күлкіге бейімделіп бара жатқан Әбділдә төре; көзі жаутаңдап,
сағынған әрі сағы сынған Кәмеш; ажарлы, кербез, ашық мінезді жеңгесі
Маржанды бір-екі портреттік детальмен сыртқы келбетін ғана емес, автор
мінез-болмысын да анық таныта алған. Әбділдәнің «қатыны Кәмеш дейтін қара
сұрлау адам. Ажары қатыңқы, нәзік. Сөзге шебер емес, мінезі өте ауыр. Өзі
теңдес әйелдер сампылдап сөйлеп жатқанда ол үн-түнсіз жұмысын істей
береді... Маржан Әбділдәмен әзілдесіп отырып, бір ретте: «Инеліктей қатырып
осы шіркінді қайдан алдың?!» дегенде де айтып салған» [97,202]. Көп сөзге
жоқ, өзіне керек емес нәрсеге араласпайтын, өзі тұйық әрі нәзік әйелдің
арықтығын автор Маржанның сөзін енгізу арқылы толықтырып жібереді. Өзі де
толық сипаттап беруге болар еді. Бірақ, осы бір ауыз сөзді кіріктіру арқылы
Маржанның да мінез-құлқын танытып өтеді. Яғни, Маржан ойын еркін, ашық
айта алатын әрі өз шаруасына тындырымды, өзгенің дүниесіне көзін сүзбейтін
момын әйелді менсінбейтін бейбастақтығын айқындап өтеді.
Б.Майлиннің тағы бір сүбелі новелласы – «Қанды кек» деп аталады. Шағын
новелладан халқымыздың ауыр да азапты тіршілігі көрініс тауып, құл мен
күңге тиесілі ит-өмірдің қиындығы, олардың басыбайлы құл болумен қатар,
материалдық, моральдық тұрғыдан тәуелділігі де айқын білінеді. Патшаның
қазақтан солдат алатыны жөнінде хабар тарап, ауыл астаң-кестең болды:
кемсеңдеп кемпір-шал жылады; қанын тартып сұрланып, сең соққан балықтай
мең-зең болып жастар қалды. Бүкіл ауыл дағдарды. Халықты уайымға батырған
бұл мәселені шешу үшін Жарықбас бастаған жастар жиналып, кеңес құрып,
Ыбырай болысты өлтіруге шешім қабылдайды. Болыс болса елдің жайымен
шаруасы да жоқ. «Ыбыраш болыс жастыққа шынтақтай түсіп, жанында жатқан
күміс сауыттан шылымын алып тартты. Шырайы ашық. Бұрынғыдай зілденіп
тұнжырамай, үйде отырғандардың әңгімесіне араласып, шүйіркелесіп отыр.
Төңбектей боп семірген қызыл жүзді Биқасап бәйбіше болысқа оқта-текте күле
қарап, быртиған қолымен болыстың әміркен етігінің қонышын сипап қояды»
[97,331]. Бәйбішенің портреті де болыстың психологиялық келбетіне сайма-сай
келе қалған. Бірақ әрине халық басына зобалаң орнаған шақта болыстың
идиллиясы ұзаққа созылуы мүмкін емес болатын. Көптің көтерілгенін естіген
сәтте есікте жүрген құл емеспін, айылымды жимаймын деп қара халықты
менсінбеген сыңай танытқанымен, іштей қатты қобалжығанын мына бір
детальдан айқын аңғарамыз: «Ыбырай болыс мұны қорықпаған пішінмен
айттым деп ойлады. Бірақ жүзі қуқылданып, тұла бойы түршіккендей болып,
дауысы қалтырап шықты. Толқындаған көңілін басайын дегендей, болыс
шылымға жабысты. Аузынан, мұрнынан көк ала түтінде будақ-будағымен
шығарды. Артында тұрған ақ жастыққа шалқасынан керіле жатып, аз-кем
ойланғандай болды» [97,331].
Аңғал қазақтың кеңпейіл, аңқаулығы бұл туындыда да көрініп қалып
отырады. Олжа түсіру үшін қулардың ойлап тапқан «манапесіне» (патша
жариялады деген манифест) де сеніп қалған күйі: «Дағдарған жүздерге қуаныш
белгісі жүгіріп, күлімдеп сала берді. Дабыра айқаймен ауыл ың-жың болды.
77
Қалтаға қол салынып, салдыраған күмісті сүйінші сұраушының алақанына
басып жатысты. Құдайы деп қолындағы жүзігін суырып берген кемпірлер де
болды» [97,325].
Халық таныған Ыбыраш болыс кім? Ыбыраш жасында орыс мектебінде
оқып, уезге тілмәш болды, еліне келіп жиырма жасында болыстыққа сайланып,
он бес жасында қызмет атқарғанда бетіне жан қаратпаған, жоқтан пәле салып,
дау туғызып, жарлының жалғыз шолағын «айыпқа» деп алып, жетімді
жылатқан, жазықсызды соттатқан қатігез, қаныпезер адам. Оның шектен
шыққан ынсапсыздығын таныту үшін автор төмендегідей детальды енгізеді:
«Алпыс үйлі әжімнің әжетке жарайтын қызын нөкеріне қатарға ұстап, ажары
тәуір әйелді байынан айырып, екі күннің бірінде шырылдатып сатып отырған
Ыбыраш емес пе еді? Ыбырашта дін жоқ» [97,324]. Міне, осы Ыбыраш
болыстың қанды шеңгелінен тағдыры ойран болған есігінде жүрген малайы
Қайрақпай мен анасы Айғаным болатын. Новелланың табиғатын сақтап тұрған
да осы Қайрақпай әрекеті болатын. Бес жасар күнінде болыс босағасына
жатқызып, құлдық таңбасын басқан, өмір бойы есігінде малай болып жүрген,
бір ауыз қарсы сөйлеп көрмеген жетім Қайрақпай қолынан Ыбыраш болыс қаза
табады. Бұрын-соңды бір ауыл ғана емес, қазақ тарихында болмаған құбылыс
еді бұл. Байдың малдан төмен санайтын құлының қолынан өлуі кең байтақ
момын қазақ даласы үшін бұл күтпеген, бұрын-соңды қазақ баласы жасап
көрмеген, естіп көрмеген тосын құбылыс еді бұл. Автордың аталған
туындысының таза новелла екенін дәлелдейтін бірден-бір оқиға да осы
болатын. Ия, Ыбыраштың момын елдің қанын қасықтап ішкен қиянаты шегіне
жетіп, ойламаған жерден Қайрақпайдың қолынан ажал құшады. Бірақ,
болыстың өліміне жан баласы қайғырып, қиналмайды. Керісінше, көптің ішінде
болған мұғалім күнделігіне мынадай жазба түсіреді: «болысты Қайрақпай
сүйретіп алып шықты. Үйден шыққанда жаны шығар деп едім. Шыққан
ыңғайда бірнеше шоқпар қабатынан тиді. Бас сүйегі мылжа-мылжа болды.
Көлдің басына апарған соң Қайрақпай атынан түсіп, қонышынан бір семсерді
суырып алып, болысты жарып жіберді. Адам қарауға бата алмайды екен. Мен
де іштерінде болдым. Іштерінде болғанымның өзі мықты ерлігім деп білемін»
[97,335]. Сан жылдар бойы жаралы жолбарыстай ширыққан жас жігіт жанкешті
әрекетке тәуекел етеді. Ол басын бәйгеге тігуден тайсалмайды. Оның әрекетін
халық қатыгездік, басбұзарлық деп емес, уәдеге берік, намысты деп
қабылдайды. Көзін ашқаннан болыстың босағасындағы малайлықтан өзге
ештеңе көрмеген жігіттің батылдық мінез танытуы, өткір шешім қабылдауы бір
күннің жемісі емес. Көп жылдар бойы іште дерт, ыза боп қайнаған намыстың
ұшқыны. «Көркем туындыдан (ол қай жанрдағы шығарма болмасын) ең
алдымен іздейтініміз – адам, оның қилы тағдыры, қуанышы мен мұңы десек, ол
осындай адамдық тұлғасымен ерекшеленуі үшін әуелі белгілі бір мінезбен
көрініп танылуы қажет. Өйткені мінезсіз характер жоқ» [122,52] деген ғалым
С.Мақпырұлының пікіріне сүйенсек, қалың топтың ішінен өршелене
ерекшеленіп шыққан Қайрақпайды батыл мінезді, қайсар тануымызға болады.
Әрине, оны мұндай әрекетке итермелеген – өмір шындығы екені даусыз.
78
Жамандықпен жағаласып өткен бүкіл өмірінің ащы тәжірибесінен туған шешім
болғасын жігіттің осындай батыл әрекетке барғаны әбден түсінікті. Әкесі өліп,
жесір қалған ажарлы шешесі Айғанымды Ыбырай болыс он қараға сатып, таза
жетім өскен Қайрақпайдың қайраттылығын автор «Екі көзі қанталаған біреу
тілінген жабықтан басын сұқты. Қайрақпайдың басы. Қайрақпай тіл қатпады.
Босағада тұрып, қанталаған көзін Ыбырашқа қадаумен болды. Тістеніп, бойын
ашулы ыза кернеп тұрған сияқты» [97,334] деген портреттік деталь арқылы
суреттейді. Қайрақпайдың бұл сипатынан «шешінген судан тайынбайтынын»
ұғамыз. Осы тұста автор бір ғана деталь-штрихпен Ыбырайдың таза адами
болмысын көз алдымызға әкеліп, жиіркенішті етеді: «Ыбырашта құр сүлде. Не
қыларын білмейді. «Аяғына жығылып, жалынсам ба екен? Құшақтап сүйсем бе
екен?» деп те ойлады» [97,334]. Оқырманның көңілінде ешқандай сауал
қалмайды. Бір ауыз сөйлеммен автор кейіпкердің мінезін ғана емес, ішкі сырын
да жайып салды. Шығарма жазылғанынан бері қанша уақыт өтсе де оқыған
оқырманның ешуақытта Ыбырайды жақтап, қолдап, жаны ашып,
жоқтамайтыны ақиқат. Автор соңғы ірі нүктесін қою үшін де детальды орынды
пайдалана білген. Байқағанымыз автор детальға айтпақ ойын көркем, әсерлі
жеткізу мақсатында жиі жүгініп отырады. Бұл әрине алдағы уақытта
новеллалардың көркемдік деңгейін бағалауға зор мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |