Сатылханова гульмира алихановна



Pdf көрінісі
бет47/66
Дата07.01.2022
өлшемі1,74 Mb.
#17302
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   66
Байланысты:
Satylkhanova Disser

жанұшырып  шырылдап  соғып  тұр»  деген  детальды  пайдалану  арқылы 
суреткер ана мен баланың жай-күйін дәл бере білген. 
Қ.Мүсіреповтің  «Қызғаныш»  новелласындағы  «Әлгінде  ғана  ақ  бантигі 
желкілдеп, алма беті балбыраған балдырғанның жүзі солғын тартты. Томсырая 
тұнжырап,  әңгімеге  құлақ  салып  тұр»  [156]  деген  психологиялық  деталь 
арқылы  автор  кішкентай  қыздың  әкесіне  деген  сағынышын,  махаббатын 
көрсетеді. Ауырып қайтыс болған Есжан есімді жігіттің артында Айнұр есімді 
әйелі, кішкентай екі қызы қалады. Жексенбі күні олар әкесінің бейітіне баруға 
жиналып  жатқанда  анасына  бейтаныс  бір  «дяденька»  звондап  оларды  киноға, 


121 
 
паркке  шақырады.  Мұны  естігендегі  тұнығы  лайланғандай  болған  кішкентай 
баланың  эмоциясын  автор  оның  бет-әлпетінде  орын  алған  өзгерістер  арқылы 
жеткізеді.  Қаза  жас  отбасына  оңай  тимегенін  бейіт  басына  келген  сәттегі 
«Айнұр  аяғын  анықтап-ақ  басса  да  шалыныса  береді.  Тұла  бойы  мұздап,  сұп-
суық  тер  денесін  қалшылдатады.  Айнұрдың  онсыз  да  жанын  жеп,  булығып, 
атылатын  саңлау  таппай  тұрған  қасіреті  лықсып  кеткендей  болды.  Оның 
қарашығы  тұнық  қос  жанарынан  жас  тамшылары  зираттың  гүлдеріне 
моншақтап тама берді» [156] деген белі қайысқан табиғи детальдармен береді. 
Дүниеде ажал, өлім барын естіп білсе де, өз басына түсіп, екі баламен жалғыз 
қалғанда суық тастың, суық топырақтың сүйгенін енді қайтып тұрғызбайтынын 
адал жаны қанша түсінсе де, көндіге алмай, қабылдай алмай жүрген күйін осы 
деталь дәл жеткізіп тұр. 
Ғалым,  қаламгер  Т.Рахымжановтың  «Әке  көңілі  атқан  таңдай» 
новелласында  қамкөңіл  қарияны  негізгі  кейіпкер  етіп  алудағы  авторлық 
позициясы – «кәрі кеудеде» бұғып жатқан байлықты, бүгінгі ұрпақ үшін жетісе 
бермейтін кісілік парасатты бағамдап қалуға деген ұмтылысын танып-түсінуге 
де  детальдың  септігі  тиеді.  Мұндағы  кейіпкердің  мінезін  тануға,  жан  сырын 
ұғуға көмектесетін деталь – қара домбыра. Қазақ қазақ боп жаралғалы жанына 
серік  еткен,  жалғыздықта  сырлас  досы  болған  қасиетті  қара  домбырасы. 
Домбыраның  ақсақалға  философиялық,  психологиялық  тұрғыдан  ерекше  қуат 
бергенінің  куәсі  боламыз.  Алапат  соғыста  жалғыз  ұлынан  айрылған  Құтжан 
ақсақал қам көңілді күндері қара домбырасын алып, «Бозінген» күйін тартады. 
Күйді тартқанда көз алдына ботасынан айрылған боз інгеннің тостағандай қара 
көздерінен жас саулап, күн талаурап батып бара жатқан күнбатысқа қарай маң-
маң басып, неше күндей ботасы ембей сыздаған желінінен аппақ сүт саулаған 
інген  елестейді.  Автор  бұл  детальды  бекер  енгізіп  отырған  жоқ.  «Құтжан 
атаның қолында ботасынан айрылған жүрегі жаралы боз інген болып зарлаған 
күй қара домбыраның ішегінен біресе ақыл-есінен жаңылғандай, бет-бағдарсыз 
кетіп  бара  жатқан  аруананың  өксіген  жүрегіндей  қайғының  ащы  запыранын 
төгіп,  біресе  мөлдіреген  бота  көздерінен  қара  жерге  тырс-тырс  тамған  жас 
болып  сорғалап,  біресе  маймақ  аяқ  кішкене  ботасынан  айырған  тас  жүрек 
пенделерге  қарғыс  айтқандай  бебеу  қағады.  Бұл  тұста  кейіпкер  ботасын  іздеп 
зар  илеген  сол  боз  інгеннің  аянышты  тағдырын  өз  тағдырына  ұқсатып,  қара 
домбыра  боз  інгеннің  зарын  емес,  неше  күндер  бойы  сарылып,  төсек  тартып 
жатқанда  көкірегіне  шым-шымдап  жинала  берген  өз  мұңын  айтқандай,  бүгін 
болмаса да, күндердің күнінде кенересінен асып төгілер бар шерінен көкірегін 
босатқанына  іштей  риза  болғандай  екі  көзін  тарс  жұмып  алған.  Күй  айдын 
көлдің  ортасында  қанатымен  су  сабалаған  жаралы  аққудай  сыңсып  барып 
солығын  басқанда  ғана  көзін  ашып,  домбырасын  жұмсақ  бөстектің  үстіне 
тастай  салады»  [116].  Кейіпкердің  жанын  жеген  іштегі  қайғысын  сыртқа 
шығару  үшін  автордың  мың  ойланып,  мың  толғанып  таңдап,  талғап  алған 
ұтымды  деталі  –  қара  домбыра.  Домбыра-деталь  шын  мәнінде  өз  мақсатына 
жеткен, ешқандай диалог та, көркемдегіш құрал-тәсілдер де, дәл осы домбыра 
секілді  жалғыз  баласынан  айрылған  әкенің  зарын  мұншалықты  әсерлі  жеткізе 


122 
 
алмас еді. Егер новелладан осы домбыра-детальды алып тастасақ, туындының 
эмоциялық-экспрессивті  әсері  солғын  тартып  қалатыны  түсінікті.  Бала  – 
адамның бауыр еті, ұл – оның ұрпағын жалғастырушы, қара шаңырағының иесі. 
Ал бұл тұста ақсақал жан дегенде жалғыз баласынан айрылып отыр. Сол сәттегі 
кейіпкердің  ішкі  күйін  де  автор  шебер  жеткізе  білген:  «сол  сәтте  аппақ  қар 
жапқан  мекенін  далада  аңшылардың  «белгі  болсын»  деп  қыр  басына  қадап 
кеткен жалғыз қарақшысындай жәпірейген қара қос төңкеріліп кеткендей, жер-
көк  шыр  көбелек  айналып,  көкірегіндегі  қайғы-запыранын  лоқсып-лоқсып 
құсқысы келген Құтжан есеңгеріп, үн-түнсіз ұзақ отырды. Тек салбырап кеткен 
шақша  басын  көтергенде,  неше  түндер  бойы  ұйқы  көрмей,  қып-қызыл  болып 
кеткен  көздерімен  қара  тасты  жарып  шыққандай  мөп-мөлдір  екі  тамшы  жас 
жерге тамды» [116]. Күйдің жан тербейтін, сезімді аялайтын эстетикалық әсері 
барын автор дәл сипаттап отыр. Детальдың айшықты, көрнекі бірер штрихпен 
адамның жан дүниесін, ішкі толғанысын көз алдымызға елестете алатын жанды 
суреті, құдіретті күші осы.  
Санаға  жетіп,  ішкі  сезім-түйсігіне  әсер  еткен  күй  өнері  қарияны 
төзімділікке,  берік  болуға  әсер  етті.  Өнерге  құмар  жан  өмірге  де  құштар 
болады. Соның дәлелі  – Құтжан ақсақалдың әкесі соғыста қаза тауып, шешесі 
соның күйігін көтере алмай, босанған күні есін жимай жатып, көз жұмған жас 
келіншектің баласын Заңғарымның жалғасы болсын деген ырыммен Асқар деп 
атын қойып, бауырына салып, асырап алуы еді.  
Қ.Әлімнің  «Диірменде»  новелласында  «Жүректен  шыққан  сөз  жүрегіңді 
тебірентеді екен. Мырзаханнның өңі бұзылып, еріні жыбырлап, аузы кемсеңдей 
бастайды.  Бәлкім,  көзіне  көлдей  жас  жиналып  қалар  ма  еді,  әйтеуір  қабағын 
қағып-қағып жіберіп, қайраттана қояды. «Жұрттың бәрі осы Сапардай қолдаса» 
деп  іштей  армандап,  жүдеу  бетіне  қан  жүгіртеді»  деген  психологиялық 
детальдан [157,231] жазушының қиналған жан әлеміндегі психологиялық астар 
мен  бет-әлпетіндегі  өзгерістердің  жымдасып  жатқан  себебін  түсінуге  болады. 
Басына  қиындық  түскен  кезде  демеу  беріп,  қолдау  көрсеткен  Сапар  досына 
ризашылығы да аңғарылады. 
О.Бөкейдің  «Шұғыла»  новелласындағы  «Қолындағы  шашақтап  тастаған 
дырау  бишікті  ысылдатып,  оңды-солды  ысқылайды  бестіні»  деген  детальдар 
Мұқтардың  іс-әрекетінде  үлкен  ашу-ызаның  табы  барын  білдіреді.  Расында 
кейіпкердің  өзі  өмірінде  болған  ең  адал  жанның  қадіріне  жете  алмағаны 
үшіноның сыйлыққа берген қазақы ерін осы кербесті сындырып тастағандығын 
пайдаланып,  бар  ашу-ызасын,  өкпесін,  өкінішін  жануардан  алады.  Ердің 
кейіпкер  өміріндегі  маңыздылығын  «Кербесті  ерді  сындырып  тастағанда, 
Мұқтардың  екі  күндей  дән  татпай,  бүк  түсіп  жатып  қалғаны  әлі  есінде» 
[140,235]  деген  детальдар  қоюландыра  түседі.  Ер  бұл  жерде  заттық  деталь, 
деталь – характер. Мұқтардың ерді ойласа, бойын өртейтін өкініші – Фазылды 
тірі  кезінде  бағалай  алмауы.  Өміріне  қауіп  төнген  сәтте  Фазылдың  өзі  үшін 
жанын бергені, сол кезде барып Фазылдың адамдық тұлғасын кеш танығаны, ол 
өлгеннен кейін көзі болып қалған ерді сақтай алмағаны үшін тағы өкінеді. 


123 
 
«Жасын»  новелласындағы  «Кеше  күн  батпаса  екен  деп  ойлаған,  бірақ  күн 
батып кетті; енді таң атпаса екен деп тіледі, бірақ таң атып-ақ келеді» [140, 263] 
деген  психологиялық  деталь  ертеңгі  күннен  үмітсіз,  айналасындағы  болып 
жатқан  оқиғалардан  шаршаған,  әр  түрлі  жаңалықтарды  ести-ести  әбден 
титықтаған адамның күйінен хабар береді. 
Басты  кейіпкердің  шарасыздығын,  бәрінен  шаршағандығын  танытатын 
психологиялық  детальдар  М.Мағауиннің  «Күтпеген  кездесу»  новелласында  да 
кездеседі.  Сүйгенін  дәлелдеу  үшін  аяғынан  айрылса  да,  махаббатын  дәлелдей 
алмай  пұшайман  болған  жігіттің  жайы:  «Осы  ойымды  сезгендей,  бір  кезде 
сылбыр  қимылмен  маған  қарай  мойнын  бұрды.  Мойнын  бұрды  да,  қорқып 
кетті.  Мүмкін  қорықпауы  да,  қайта  таңырқаған  болар;  әлде  бір  жері  ауырып 
кетті ме. Әйтеуір ыңырану мен ышқынудың аралығындағы бір үн шықты. Боп-
боз еріндері дір-дір етеді, тыныштығын бұзған маған қарғыс айтып жатқандай. 
Алайда, бұл күй ұзаққа созылмады. Ол бері аунап, шалқасынан жатты да, менің 
бетіме  именшектей  қарап,  зорлана  жымиды»  [125,139].  Махаббатта  ой  да,  көз 
де жоқтығы рас екен. Оның жетекшісі соқыр сезім. Мүгедек болған жігіт көзі 
жыпылықтап  жағдайын  білуге  келген  Салахиддинге  үміттене  қарайды.  Тіпті, 
оған  қазір  «Әдия  қамығып  қатты  жылады,  ертең  келіп,  мойныңа  асылып, 
кешірім  сұрайды»  десе  де  сенетіндей  күйде  еді.  Психологиялық  детальды 
пайдалану  арқылы  автор  кейіпкерінің  ішін  өртеген  дертті  оқырманына 
ұғындыра, бойында аяныш сезімін туғыза біледі. Аурухана кереуетінде қызды 
сүйген  жігіт  тәнімен  қоса,  жаны  ауырып  шырқырап  жатса,  Әдиясы 
Салахиддинге көңілін білдіріп, сүймекке талаптанады: «Түкірікпен бе, жаспен 
бе шыланған қондырма кірпіктердің бояуы қап-қара тамшы боп ұшығына тұра 
қалған,  құмарлық  отына  толы,  жартылай  жұмылған  үлкен  қой  көзден, 
зоопарктегі  пілдің  бала-шаға  лақтырған  прәндік,  тоқашты  іліп  алуға 
икемденген  май  тұмсығындай,  менен  әлдене  дәметіп,  бұрынғыдан  да  жаман 
түріліп, аузыма төніп келе жатқан қалың еріннен шошына үркіп, әп-сәтте қолы 
мойныма оратылып үлгерген тоқбөксе, дембелше қыздың құшағынан сытылып 
шықтым  да,  ұрыс  даласын  тастай  қаштым»  [125,144-145].  Салахиддиннің 
Әдияға махаббат елшісі ретінде келіп, көкірегіне махаббат деген қасиетті сезім 
орнаған  Көшімді  бағалау  керектігін,  бойына  сүйе  білу  қабілеті  дарыған  адам 
өзінің  азды-көпті  ғұмырында    жалғыз  рет  қана  сүйе  алатынын,  оның  Әдияны 
беріле,  дүниені  ұмыта,  жан-тәнімен  сүйетінін  айтып,  әлі  өзі  байыбына 
жетпеген,  болашақта  үлкен  сүйіспеншілікке  айналуы  мүмкін  сезім  туралы 
ұғындырмақшы болған әрекетінен түк шықпайды. Жүйкесі мықты, миы толық 
басқа  біреу  асықпай  ойланып  тұрып,  ақыл  табар  еді,  ал  Сәлкен  болса  қыздың 
бұл  әрекетін  көргеннен  жиреніп,  жиіркеніп,  алды-артына  қарамастан  тұра 
қашады.  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет